Әлеумет

Тұрмыс

Қатырма қағаз да кәдеге асады

Шоколадты жеген соң, оның қатырма қағазын лақтырып тастаймыз. Алайда осы кішкентай қағаздың да пайдасы көп. Қатырма қағаздың ондаған пластикалық ұяшығы — тұқым өсіруге таптырмайтын ыдыс. Яғни, дымқыл мақтаға оралған тұқымды ұяшыққа салып, жұқа матамен бетін жауып қойсаңыз, ұяшық дымқылды ұзақ уақыт сақтайды.

Пластмасса ыдысты пайдалана біл

Пластмассадан жасалған ыдыстарды сатып аларда олардың қандай мақсатқа арналғанын білу керек. Мәселен, нан, кәмпит, пе­ченье салатын ыдыс­тарды ойланбастан ала беруіңізге бола­ды. Себебі, олар арнайы санитарлық сынақтан өткізіледі. Алайда  кейбір пластмасса ыдысқа ыстық тағам құйсаңыз балқып, ал суық құйғанда шытынап кетеді. Мұндай жағдайда олардың құрамынан зиянды заттар бөлінуі мүмкін. Егер полиэтилен ыдыстың түбінде «10-60°» деп жазылса, онда оған жоғары температурадағы сұйықтық құймаңыз. Сонымен қатар техникалық мақсатқа арналған пластмасса ыдыстарға қандай да болмасын азық-түлікті сақтауға, құюға немесе салып қоюға  болмайды. Ауылдық жерлерде ондай ыдыстарды кейде шелектің орнына пайдаланады. Бұл астың дәмін бұзып, адам денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін.

Сондай-ақ кейде қамыр илеген және сүт пісірген ыдысты жуу қиынға түсіп жатады. Оларды тез әрі жақсылап тазалау үшін түрлі әдіс қолдануға болады. Яғни, бұндай ыдыстарды алдымен суық, кейін ыстық суға жуады. Сондай-ақ сүт пісірген ыдысқа дереу суық су құйып қойған жөн. Сонда оның ішіне қаспақ қатпай, жақсы жуылады.

Тұздың пайдасы көп

Біз тұзды тек астың дәмін келтіру үшін ғана емес, тұрмыстық жағдайда да пайдаланамыз.  Мәселен, кофенің дәмін келтіру үшін азғантай тұз себуге болады. Ал табадағы май қызып, көпіршіктене бастағанда тұз сеуіп жіберсеңіз, көпіршік тез басылады. Сонымен қатар балық салған ыдыстың иісін кетіру үшін оны тұзды сумен жуған абзал. Егер қол орамалдың  сірі тез кетсін десеңіз, оларды жуудан 2-3 сағат бұрын тұзды суға салып қойыңыз. Сарғайған пердені де алдымен тұзды суға салып қойса, өңі жақсара түседі.

Машина құлпы ашылмаса…

Кейде көлік есігінің құлпы ашылмай қалады. Бұндай кезде кілтті гигие­налық далаппен сүрту ке­рек. Кілтті құлыпқа салып, ақырындап арлы-берлі қозғаса, құлыптың саңылауы майланып тез ашылады. Бұл әдісті тек көлік құлпына емес, барлық құлыптарға да пайдалануға болады.

Сарымсақты сақтай біл

Әр  көкөніс әр түрлі жағдайда  сақталады.  Ал сарымсақты үйде сақтау үшін оның бір басын ерітілген балауызға немесе парафинге батырып алып кептіру керек. Сонда ол ұзақ уақыт бүлінбей әрі негізгі құрамын жақсы сақтап тұрады.

Шаңсорғыштың да шаруасы көп

Кейбір шаңсорғыштың шаң жиналатын бөлігін тазалағанда немесе электр жүйесінен ажыратқанда жел үрлейтін жағынан шаң көтеріледі. Ал оны болдырмау үшін шаңсорғышты бірнеше минут іске қосып, шланганы жел үрлейтін жаққа қосу керек. Сонда қалған-құтқан шаң шаңжинағышқа жиналады.

Шаңсорғышыңыз жұмыс істеуге ыңғайлы әрі электр қуатын аз жұмсасын десеңіз, шаңсорғыштың электр қосатын тетігін шланганың қолға ұстайтын жағына шығарыңыз. Ол үшін шаңсорғыштағы тетіктің орнына розетка бекітіңіз. Шлангадағы электр қосатын тетіктен сол орынға сым тартасыз да, қажет кезде розеткаға қоса саласыз. Электр сымын шлангаға кішкене құрсау жасап немесе бірнеше жерден желімтаспамен орап қойыңыз.

Кір ілетін жіп және леска

Кейбір үйлердің  ваннасында кір жаятын жайма темірдің орнына арнайы жіп ілінеді. Алайда осы жіптің орнына диаметрі  1-1,5 мм лесканы пайдалансаңыз,  біріншіден, берік болады, екіншіден, сырт көзге көп шалына бермейді. Жуынатын бөлменің қабырғасын 3 мм етіп бұрғылап тесіп, оған басы түйінделген лесканы кіргізіп, үстінен ағаштан тығын қағып, бояп жіберсеңіз леска суырылмайды. Екінші жағын да осылай етіп бекітесіз.

Аяқ киімді қалай жөндейміз?

Аяқ киіміңіз жыртылып, тігісі сөгіліп немесе өкшесі қисайып кетсе, етікшіге жүгірмей-ақ, өзіңіз жөндеп алуыңызға болады.

Мәселен, әйелдердің аяқ киімінің өкшесі жиі сынып немесе желініп жатады. Ондай кезде алдымен өкшені желімтаспамен орап немесе қаңылтырмен қоршап қою керек. Бұдан соң шұқырына ескі аяқ киімнің пластик ұлтанын немесе капронды балқытып, нығыздап толтырыңыз. Кейін сыртын әдемілеп тегістеп жіберсеңіз, аяқ киімді әлі де біраз уақыт кие аласыз.

Аяқ киімнің резеңке өкшесі желініп, қисайса оны да жөндеуге болады. Эпоксид желіміне темір ұнтағын араластырып өкшенің бұзылған жеріне жағып, жақсылап кептіріңіз. Желінген өкше қалпына келіп, аяқ киіміңіз жаңарып шыға келеді.

Қолшатырдан сөмке тігуге болады

Егер қолшатырыңыз істен шықса, оның матасынан ыңғайлы сөмке, дорба тігіп алуға болады. Матасын сым кергіштерінен сөгіп алып, қалаған формадағы сөмке тігіңіз. Оның матасы су өткізбейтіндіктен, жаңбырлы күні де сөмкеңіздегі заттар құрғақ қалпын сақтайды.

Сырлаудың да сыры бар

Үй сырлағанда өте епті болған жөн. Кейде терезелерді сырлағанда қанша ұқыпты болғанмен, әйнекке бояу тиіп кететіні белгілі. Алайда оны болдырмаудың жолы көп.  Мәселен,  қаңылтырдан, қатты картоннан немесе  басқа материалдан тік бұрыштап қиық кесіп алыңыз да, әйнектің бетіне қойып батыл сырлай беріңіз. Бұлай сырласаңыз бояу әйнекке жұқпайды.

Жаңа ғана боялған есікті немесе терезені жабуға тура келсе, онда жақтаулардың арасына фольга салып жапсаңыз боялған жерлер жабыспайтын болады. Күзде терезе әйнектерінің жақтауларындағы саңылауды бітейтін болсаңыз, онда замазканы ескі еттартқыштан өткізіп алыңыз. Еттартқыштан өткен замазка шиыршықталып, әрі жақтауға жақсы жағылады.

Тұсқағаз қалай түрленеді?

Қабырғаға жапсыратын жай тұсқағазды жуылатын тұсқағазға  айналдыру қиын емес.  Ол үшін қағазға «ПВА» желімін жағып, кепкеннен соң үстіне түссіз ме­бель лагын жағасыз. Сонда тұсқағаздағы өрнектер ашылып, айқындала түседі. Оны желім пайдаланбай-ақ жасауға бола­ды. Бірақ тұсқағазды жапсырған кезде желімді сыртқы бетіне тигізбеу керек. Әйтпесе, лак жағылғанда желім тиген жерлердің өрнектері бұзылып, үйдің сәнін кетіреді.

Кафель сынса…

Кейде қабырғаға  жапсырылған кафель жарылып, сынады. Бұндай кезде сынған кафельді ауыстыруға тура келеді. Кафельді алғанда жанындағыларды бүлдірмеу үшін сынған кафельдің айналасындағы цементті қайрақпен немесе дөңгелек шарық тасымен тереңдетіп ойып шығады. Сосын темір кескіш пен балғаны пайдаланып оңай алуға болады.

Шайнек қағын қалай кетіреміз?

Шайнек қағын оңай кетіру үшін күнделікті колданып жүрген ас содасы мен лимон қышқылын пайдалануға болады. Шайнекке суды орталап құйып, оған 2-3 шай қасық лимон қышқылын салып, жақсылап қайнатады. Бұдан соң шайнекке қайта су құйып, 3-4 ас қасық ас содасын қосады.  Қайнаған соң суды төгіп шайнекті жуып алу керек. Сонда шайнектің ішінде қақ қалмай жарқырап шыға келеді.

Жүннен тоқылған киім созылмас үшін…

Жүннен тоқылған киімді созылып кетпес үшін еппен жуу керек. Егер оның өңі өзгермесін десеңіз, киімді шаяр кезде 10 литр суға 1 ас қасық глицирин қосыңыз. Сонда тоқылған киім түсін де өңін де өзгертпейді. Сондай-ақ жүн киімді жібек маталар сияқты жаюға болмайды. Оны тақтайшаның үстіне созбай кептіреді.

Әзірлеген Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button