Жастар

Арғын — озат сарбаз

Әскер

Редакциямызға «Айбын» Президенттік полкі» 0112-әскери бөлімінің командирі Т.Сәрсекеевтен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атына ризашылық хаты келіп түсті. Хат мәтіні төмендегідей:

«Құрметті Бердібек Машбекұлы! Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет кызметі Объектілерді қорғау қызметі «Айбын» Президенттік полкі 0112-әскери бөлімінің жеке құрамы Елбасының қауіпсіздігін тікелей қорғайтын және Қазақстан Қарулы Күштерінің алдыңғы қатарлы әскери құрылымы болып табылады. Әр мемлекет үшін сыртқы қорғаныс пен ішкі қауіпсіздік өте маңызды. Әлемде болып жатқан лаңкестік жағдайлар біздің де еліміздің қауіпсіздігін күшейтуді талап етеді. Бұл орайда Елбасының алға қойған нақты тапсырмаларының бірі — жыл сайын әскер қатарына шақырылатын Отан қорғаушыларды сапалы тәрбиелеп, жүректеріне Отанға деген асыл сезімді орнату. Осы мақсатта Мемлекеттік күзет қызметі көктемгі және күзгі шақырылымның үміткерлерін бірінші болып іріктеп, Президент пен ел халқына адал қызмет атқаратын ер-жігіттерді «Айбын» Президенттік полкі 0112-әскери бөлімінің қатарына жасақтайды.

Әр облыстан ерекше іріктеуден өткен сарбаздар бүгінде «Айбын» Президенттік полкі 0112-әскери бөлімінде Отан алдындағы әскери борыштарын адал атқаруда. Қатарымызда адалдығымен, үлгілі әскери тәртібімен, жауынгерлік даярлық сабақтарын үздік меңгеріп жүрген озат сарбаздар бар.

Солардың бірі — қатардағы жауынгер, ақтөбелік Арғын Қуанышбаев. Ол  біздің әскери бөлімге келген күннен бастап, өзінің Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарып келе жатқанын қуанышпен хабарлаймыз.

Жас сарбаз Арғын Қуанышбаев өзінің әскери қызметінің алғашқы күндерінен бастап-ақ әскери өмірдің қыр-сырын үйренуге үлкен ынта білдіріп, Отанға деген жоғары патриоттық сезімімен қарулас достарына үлгі-өнеге бола білді. Лауазымдық міндеттерін атқаруда жауапкершілікпен дұрыс бастамашылық танытып, өзіне сеніп тапсырылған қарудың құрылымын, тактика-техникалық сипаттамасын, қызмет көрсету тәртібін өте жетік меңгергендіктен атыс даярлығында үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына белсене қатысқаны және көрсеткен ынта-жігері, үлгілі әскери тәртібі мен бекетте қырағылық танытқаны үшін бірнеше марапаттары бар.

Арғынның осындай жетістіктерге қол жеткізуінің себебі, ең алдымен, отбасындағы алған өнегелі тәрбиесі, мектеп ұжымының және білім алған оқу ордасының берген сапалы тәлім-тәрбиесінің нәтижесі. Сондай-ақ, жергілікті Қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметкерлерінің іріктеу жұмысын ыждаһаттылықпен өткізуінде.

Сіздерге осындай сарбазды өсіріп-тәрбиелеп, Отан қорғаушылар қатарына жібергендеріңізге алғысымызды білдіреміз».

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button