Жастар

Жастар жұмылған акция

Таза Қазақстан

Ақтөбеде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Оған «Жасыл ел» жастар жасағының мүшелері мен еріктілер қатысып, Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың бюсті маңайы мен Қаржыгерлер саябағын тазалады.

Экологиялық акцияға 80-ге жуық ерікті қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев cу тасқыны болмаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырғаны белгілі. Бұл жұмыстарға тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тарту маңызды екенін атап өтті. Осы жолы ұйымдастырылған экологиялық акцияға тиегіш техникалары жұмылдырылып, 3 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Ендігі кезекте тасқын су шайған жолдарды ретке келтіру мен тазалық жұмыстарына еріктілерді, «Жасыл ел» еңбек жасағының жастарын, жастар ұйымдарының мүшелерін жұмылдыруды жоспарлап отырмыз. Тасқын судың беті қайтқан соң қаламыздағы ірілі-ұсақты өзендерде «Таза қала — таза жағалау», «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Ардагерлерді ардақтайық» секілді акцияларды ұйымдастырмақпыз, — дейді облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының және «Атамекен» студенттік отрядтарының жастар қоғамдық бірлестігі төрағасы Нұржан Шаңғытбаев.

Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған екі айлық акция сенбі сайын өткізіледі.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button