Жастар

Әке жолын қуған ұл

Ел тыныштығы мен адам құқын қорғауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор.  Осындай қызметке адал жанның бірі — облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының 1-полиция батальонының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Ержан Қаленов. 

Ержан Ерланұлының бұл қызметте жүргеніне бес жыл толды. Жас та болса өзіне жүктелген міндеттерді асқан жауапкершілікпен орындап, кәсіби шеберлігімен көзге түскен ол бірнеше мәрте құрылым басшылығының мадақтамаларына ие болды. Қазір Ержан Қаленов облыс әкімдігі ғимаратын күзетеді. Әрине, жауапкершілік жүгі салмақты.

Тәулік бойы қырағы әрі қатаң күзетте тұрамыз. Кезекшілігімізді абыроймен атқаруымыз керек. Біздің ең басты міндетіміз — еліміздің тыныштығын, халықтың қауіпсіздігін сақтау, — дейді Е.Қаленов.

Ержан бала күнінен тәртіп сақшысы болуы үшін алдына мақсат қойды, қазір сол мақсатына қол жеткізді десе де болады.

Әйтеке би ауданынан түлеген жас әуелі Есет батыр атындағы облыстық әскери-полиция мектеп-интернатында дәріс алады. Кейін білімін жетілдіру үшін ҚР Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға қабылданады. Кейін жас маман №5514 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтейді.

Өз құзыреті шегінде аталған нысандағы қоғамдық тәртіпті сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Ержан кәсіби біліктілігімен қоса тәжірибесін шыңдауда, ол батальон командирі Ербол Ақбисеновтің еңбегін ерекше айтады.

Ұзақ жыл құқық қорғау саласында еңбек етіп, бүгінде құрметті демалысқа шыққан ардагер Ерлан Қаленовтің бұл саладағы еңбегін әріптестері жақсы біледі. Әке жолын қуған Ерболдың ағасы Нұрбол да осы саланың майталманы. Қазір ол жол- патрульдік полициясында жемісті еңбек етіп жүр.

Жас маманның алға қойған мақсаты айқын, болашаққа нық сеніммен қарайды. Ол ел тыныштығын қорғап, халыққа қамқоршы болу үшін ерінбей еңбек етуді басты міндет санайды.

 Берік САРҚҰЛОВ,

облыстық мамандандырылған

күзет қызметі басқармасы

1-полиция батальонының взвод командирі.  

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button