Жастар

«Сахна салғырттықты «сүймейді»

Жаннұр Таңжарбаева  жақында ғана Қазан қаласында өткен халықаралық байқаудан I орынды жеңіп алды. Ол — облыстық халық шығармашылығы үйі жанынан құрылған «Назерке» халықтық би ұжымының мүшесі.

Мамандығы бойынша дизайнер Жаннұрдың би әлеміне келгеніне он жылдан асқан. Мектептің 4-сыныбында оқып жүргенінде би үйірмесіне барып, сол уақыттан бері осы саланың хас шеберлері — Шара Жиенқұлова, Нұрсұлу Тапалова секілді апаларымдай әйгілі өнер иесі болсам деген арманының жетегімен талай байқауларға қатысқан ол еліне олжасыз оралған емес. Бұның барлығы ең әуелі тәжірибе жинау үшін екенін айтқан жас әңгімесін былай деп сабақтайды:

— Кішкентайымнан теледидардан бишілердің концертін көрсетсе, соған телміріп, мен де сондай болсам ғой деп армандайтынмын. Содан болар, есімді білгеннен ата-анам мені қай салаға бейімдеу керектігі туралы көп ойланған жоқ. Бірден бүгінде өзім қызмет ететін «Назерке» би ансамбліне апарып тапсырды.  Сол 2005 жылдан бері осы өнер түрімен «доспын».

Азды-көпті еңбегім еленіп жатыр. Менің ұғымымда бұл — байқауларда жүлде алып, елге табысты оралуың. Айталық, 2014 жылы өзім өнер көрсететін «Назерке» ансамблімен Санкт-Петербургте ұйымдастырылған дүниежүзілік би байқауында I орын алуымызды үлкен жетістік деп білемін. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 20-ға жуық өнер ұжымының арасынан осындай марапатқа лайық деп танылуымыз — біздің бағымыз. Онда біз «Серпер» биін ұсындық. Сондай-ақ, осы орайда жуырда ғана өзім қатысқан Қазан қаласындағы халықаралық байқауды атап өтсем деймін. Ол жақта мен жеке орындаушы ретінде «Ерке самал» биімен I орынды иемдендім. Ол биді қойған — ансамбль жетекшісі Жаннат Қадырбекқызы.

2004 жылдан бері облыстық халық шығармашылығы үйінің жанынан жұмыс істеп келе жатқан «Назерке» халықтық бишілер ансамблінің репертуарында бүгінде 30-ға жуық бидің түрі бар. Билерінің басым бөлігі халқының тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін өнер ұжымының, әсіресе, «Серпер», «Шашу», «Шабыс», «Өрнек», «Ақбаян» секілді туындылары ақтөбеліктерге жақсы таныс. Халықаралық, республикалық бәйгелерге жиі қатысатын «Назеркенің» бишісі Жаннұр әр биді сахнаға әзірлеу оңай жұмыс емес екенін, әрқайсысын қою барысында барлығының талмай ізденетінін сөз етті. «Жасыратыны жоқ, қазіргі күні бишілер көбейіп кетті. Қайда барсаң да, мың бұралған қыздарды көресің. Ал олардың кәсіби деңгейін саралағанда, кәдімгідей қарның ашады. Неге десеңіз, көпшілігінің жұртшылыққа ұсынған биінің аты затына сай емес. Қимыл-қозғалысы, музыкасы, тіпті киген костюмдері бір-біріне үйлеспей жататын жайттар соңғы уақытта азаймай отыр. Мені қынжылтатыны, әр жерден би «элементтерін» ұрлап алып, мазмұнына тіптен көңіл аудармай, жеке-дара би ұсынатындарға ешкімнің тоқтау салмауы. Оны көрген кішкентай қыздар кімнен үлгі алып, қалай бой түзейді», — деп сөз арасында жанайқайын білдірген жас биші сахнаға  салдыр-салақ дүниелерді шығаруға болмайтынын, әр нәрсенің өз орнын ұмытпау қажеттігін алға тартады.

Республикалық «Гүлдер» ансамблінің бишілерін, жеке орындаушылардан

жерлесіміз Асылым Көлеңкееваның өнері жанына жақын екенін жеткізген Жаннұр қай істің де өз уақыты болатынын жақсы біледі. Мәселен, соңғы 2-3 жылдан бері тойға шығудан үзілді-кесілді бас тартқан оның болашақта шәкірт тәрбиелеуі бек мүмкін. Бұл туралы оның өзі:

— Әрине, өмір бойы билеп жүрмейтінім анық. Сол себепті, іштей ондай жағдайға дайындалып жүргенім рас. Дегенмен, мүмкіндігім болғанша сахнамен қоштаспаймын. Өйткені оның өзіндік рахатын ештеңемен салыстыруға келмейді…  Жасым отыздан асқан соң, кішкентай қыздарға бидің әліппесін үйрететін шығармын деп ойлаймын. Ол үшін де біраз тәжірибе жинауға тиіссің. Әзірге жасым 20-дан енді асты (жылы жымиып). Сондықтан, шыны керек, ол туралы қатты ойланып көрмеппін.

Әрдайым жаңашылдыққа бейім, өнерді шексіз сүйетін жас шығармашылық иесінің сөзінше, оның бос уақыты жоқ. Өйткені, бишіліктен бөлек, ол қыз-келіншектердің бетін әрлеумен айналысады. Шаһардағы сұлулық салондарының бірінде жұмыс істейтін Жаннұр XXI ғасырдың адамы бәріне де үлгеру керек деген пікірде. Әрі бұл — қосымша табыс көзі…

Сөз соңында алдағы ой-жоспарларымен бөліскен жас биші жазға салым Ресей Федерациясының Сочи қаласында шымылдығын түргелі отырған кезекті өнер байқауына қатысқалы отырғанын, бұл күндері соған қызу дайындалып жатқанын айтып өтті.

— Нақты қандай байқау екенін ашып айтпай-ақ қояйын. Бір анығы, Ақтөбедегі «Назерке» би ансамблі сонда бақ сынағалы отыр. Бүгінгі таңда соған жан-жақты әзірленіп, жаңа биімізді дайындау үстіндеміз. Қазақстанның атынан қатысқандықтан, кейін ұялмайтындай етіп өнер көрсетуіміз керек қой…

Мұнымен бірге, бірер аптада жерлестерімізге «Назерке» халықтық би ұжымының есеп беру концертін бергелі отырмыз. Онда бірнеше жаңа биіміз де болады. Мәселен, соның бірі — «Құстар» биі. Бұл күндері сол шығарманың әуені де, киімі де, барлық қимылы да дайын болып, өнер сүйер көрермендерге жол тартқалы тұр, — деп түйіндеді сөзін Жаннұр.

Біз болсақ, Ақтөбедегі санаулы би ұжымдарының бірі — «Назеркенің» қолға алған жұмыстарының сәтті шығуына тілектестігімізді білдіреміз…

  Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button