Жастар

Ізденген адам із қалдырады

Ақтөбедегі «Жазира» халықтық қазақ ұлт аспаптар ансамблінің домбырашысы Айдана Мұхамбетова осылай дейді. Өнерпаз өз сөзінде күйшілік қанша «кірпияз» өнер болса да, оны игеруге болатынын айтады.

А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің өткен жылғы түлегі Айдананың өнер ұжымына қабылданғанына көп уақыт бола қоймаған. Жарты жылдың ішінде өз ортасына сіңісіп кеткен ол бәріне шығармашылыққа, күй өнеріне деген махаббаттың оңды әсер еткенін жеткізді. Әрі бала кезінен домбыра үйірмесіне барғаны, жалпы осы саладан хабардар болуы да өз игілігін тигізген.

— Қазіргі таңда репертуарымызда оннан астам күй, сонша ән бар. Құрамымызда әншілер де өнер көрсетеді. Қоржынымыздағы шығармалардың барлығын үйрендім, бір адамдай білемін деп айта аламын. Қатарға қосылғаныма аз уақыт болса да, осы өнерге деген қызығушылығымның арқасында баршасын меңгеру онша қиын болған жоқ.

Бұл — менің қосымша қызметім. Облыстық халық шығармашылығы үйінің жанынан құрылған ансамбльдің домбырашысы ғана емес, аталған мекеменің әдіскері болып жұмыс істеймін. Негізгі кәсібім сол. Бірақ, ниет болса, бәріне де үлгеруге болады екен, — дейді Айдана.

Композитор, ҚР мәдениет қайраткері Бақтығали Жұмалин жетекшілік ететін ансамбльдің құрамында 8 адам бар. Жер-жерде, әсіресе, ауыл-аймақта гастрольдік сапармен жиі болатын өнер иесі көп концерттің арасынан былтырғы 8 наурызда өткен шараның есінде қалғанын атап өтті. Оның себебі: «Сол кезде Халықаралық әйелдер күніне арналған кештің ұйымдастыру жұмыстары алғаш рет маған жүктелген еді. Әрі өнер көрсетіп, әрі концерттің жұмыстарымен әрі-бері жүргендіктен, бұл күнді ешқашан ұмытпаймын. Әрдайым ерекше жылылықпен, алып-ұшқан көңілмен еске аламын. Қанша айтқанмен, не нәрсенің де тұңғыш болғаны мәңгілікке санада сақталып қалады ғой», — деп ағынан жарылады бойжеткен.

Әр күйді сахнаға дайындап шығару үшін кемінде бір айдың кететінін, оны бойға сіңіру үшін де біршама уақыттың керектігін айтқан Айдана жұмысын өте қызықты деп есептейді. Ылғи жаңа таныстықтар, бұрын-соңды көрмеген мекендер, әртүрлі көңіл күй… Осының барлығынан күш-қуат алатын кейіпкеріміз, әсіресе, Құрманғазының күйлері ойналғанда, ерекше шабыт алатынын және қосты. Оның ойынша, күй арқылы адамның көңілін көтеріп қана қоймай, құлазытуға, тіпті сол арқылы ұмытылмас әсер сыйлауға болады екен. Ең бастысы, оны тыңдаған адам бар жан-тәнімен құлақ түрсе болғаны. Айналып келгенде адамның ниет-мақсаты дұрыс болса, дегеніне  жету анау айтқандай қол жетпес жұмыс емес екенін тілге тиек етті Айдана Мұхамбетова.

— Күн сайын дайындыққа кемінде 2-3 сағатымызды арнаймыз. Әйтпесе, «қолымыз шығып кетеді». Оны кәсіби музыка мамандары ғана түсінеді. Жалпы, әрдайым ізденісте болған адамның түбінде мерейі асқақтатары сөзсіз. Мен осыған сенемін. Осы орайда бұл жағынан елімізге белгілі күйші Асылбек Еңсеповтың шығармашылығын жоғары бағалаймын. Ол сахнаға әр шыққан сайын әртүрлі, бір-біріне мүлде ұқсамайтын туындыларды орындайды. Міне, осыдан-ақ оның сахна сыртында үнемі ізденісте болатынын байқауға болатындай. Мен де сол ағам секілді өз қолтаңбамды қалдырсам деймін. Бұл мақсатта әуелі жоғары білім алуды мақсат етіп отырмын. Алдағы 1-2 жылда Алматыдағы өнер ордаларының біріне құжаттарымды тапсырып, тағы да студент атанбақ ойым бар, — деп ой бөліскен «Жазираның» домбырашысы музыканың өте күрделі сала екенін, сондықтан кейбіреулер секілді өзі күй шығарып, оны өзі тыңдарманға ұсынуға жүрегі дауаламайтынын айтты. Әңгімелесушіміздің сөзінен ұққанымыз, әркім өзінің шама-шарқы жететін кәсіппен айналысқаны жөн. Оны көпшіліктің алдында паш етсең, тіптен абай болуың керек. Себебі, Айдананың айтуынша, сахнада орындаған дүниең арқылы жұртшылықтың талғамын қалыптастыруға болады. Ал елдің басты құндылықтарының біріне атүсті қарау — жауапсыздықтың ең зоры…

Айта кетейік,  қазақ халқының ұлттық музыкасын, дәстүрлі аспаптарды насихаттауға күш салып келе жатқан ансамбль келер жылы 40 жылдығын тойлағалы отыр.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button