ЖастарӘлеумет

Жастар Елбасы үндеуін қолдайды

Жұма күні «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының ғимаратында «Еркін пікір» пікірталас клубының кезекті отырысы өтті.

Басқосуда белсенді жастар мен студенттер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуінің маңыздылығына тоқталып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Жиынға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің әлеуметтік саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі Үмбетхан Сәрсембин мен Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің оқытушысы Бекзат Қаумешов қатысып,  клуб мүшелеріне Елбасы Үндеуіндегі жүзеге асырылғалы отырған Конституциялық реформаның мемлекет пен қоғам үшін маңызы зор екенін, сондай-ақ жаңа өзгерістер мемлекеттің дамуын жаңа сатыға шығаратынын жеткізді.

  • Ата Заңымызға енгізілетін өзгертулер елімізді жарқын болашаққа жетелейтін даңғыл жол болмақ. Еліміздің жаңа демократиялық қоғам құрудағы, «Қазақстан — 2050» стратегиясын іске асырудағы және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімді өкілеттіктерін құрудағы бұл тың бастаманың еліміз үшін маңызы зор, — деді Үмбетхан Сәрсембин.

Шара барысында белсенді жастар жаңа реформаларды тек облыс орталықтарында ғана емес, ауыл, елді мекендерде де насихаттау қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар, пікірталас клубының мүшелері еліміздегі белсенді жастарды депутаттар құрамына қосу туралы өз ұсыныстарын да білдірді.

  • Біз Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуін тыңдадық. Бүгінгі басқосуда біз осы Үндеуде айтылған Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізуге байланысты өз ойымызды білдіріп, сарапшы мамандармен кездесіп отырмыз. Біздің клуб мүшелерінің барлығы Елбасы үндеуін қолдайды.

Менің ойымша, Елбасы Үндеуі —  еліміз үшін маңызды, саяси қадам. Бұл Үндеуде көрсетілген өзгерістер алдағы уақытта жастарға да әсер ететіндігін толықтай түсінеміз. Және осыған байланысты жасотандықтар өз ұсыныстарын да білдіріп жатыр, — деді «Жас отан» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин.

Айта кету керек, бүгінгі күні «Еркін пікір» пікірталас клубының құрамында 40-қа жуық жас бар.                                                                                                                                

Д.ҚАЗИХАН.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button