Әлеумет

Кім қанша алады?

Биыл

Қаңтардың 1-нен бастап зейнетақы мен жәрдемақылар өсті. Нақтырақ айтқанда, зейнетақыға 25 пайыз қосылды. Ал арнайы мемлекеттік жәрдемақылар айлық есептік көрсеткіш көлеміне байланысты көбейді. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері ең төменгі күнкөріс мөлшеріне байланысты артты.

Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың Ақтөбе облыстық филиалының директоры  Қайрат Отаровпен әлеуметтік жәрдемақы, зейнетақы төлеудегі өзгерістер жөнінде тілдескен едік. Сонымен…

Жұртшылық жаңа жылдан көп жаңалық күтетіні рас. Елімізде жыл сайын қай салада болмасын ілгері жылжу бар. Тіпті  әлемдік қаржы дағдарысы да біздің елге айтарлықтай соққы тигізген жоқ. Елімізде зейнетақының да, жәрдемақының да мөлшері жыл сайын артып жатыр. Елбасының «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Жолдауында көрсетілгендей биыл да зейнетақыға біраз өзгеріс енгізілді. Соған байланысты қаңтардың 1-нен бастап зейнетақы 25 пайызға артты. 2011 жылы 30 пайызға өседі.

Өткен жылы облыста зейнетақының орташа мөлшері 16 545 теңге болса, биыл — 20 717 теңге. Былтыр біз бір айда 2 млрд. 285 млн. 375 мың теңге ақша төлейтін едік, биылғы өзгерістерге байланысты енді 2 млрд. 674 млн. 618 мың теңге төлейміз, — дейді Қайрат Отаров.

Оның айтуынша, біздің облыста 227 436 зейнетақы және жәрдемақы алушы бар. Жасына байланысты зейнеткерлікке шыққандардың саны —  67 186.

Өзгеріс енгізілетін болғандықтан, осы 227 мыңнан астам  зейнетақы және жәрдемақы алушының іс-құжаттары қайта қаралды. Зейнетақы мөлшерін қайта есептеу қарапайым: мысалы, зейнеткер 9875 теңге алса, оны 25 пайызға көбейтеміз. Нәтиже — 12 344 теңге. Бұл — еліміздегі ең төменгі зейнетақы мөлшері. Базалық зейнетақы өткен жылы 5487 теңге болса, 2010 жылдан бастап бұл 5981 теңге болып өзгерді, — дейді Қайрат Орынбасарұлы.

Ол биылдан бастап зейнеткерлікке шыққан адамдарға зейнетақы тағайындау механизмінде өзгеріс бар екендігін айтады.

Зейнеткерлікке шығу үшін еңбек өтілі мен жалақы мөлшері қажет екені белгілі. Заң бойынша үш жылдағы жалақы көрсеткіші керек (қай жылдардағы табыс мөлшерін көрсету — әркімнің еркі. 1995 жылдан бастап тек көрсетілген үш жыл қатар болуы тиіс). Осы арқылы орташа айлық анықталады. Былтыр зейнеткерлікке шыққан азаматтардың орташа айлық табысы 28 еселенген АЕК (35 644 теңге) бойынша есептелген-ді. Биылдан бастап бұл көрсеткіш 32 АЕК-ге өзгерді. Соған сәйкес ең жоғары зейнетақы мөлшері көбейіп отыр (33 912 теңге).

Тағы бір қуанарлық жайт: бұған дейінгі қайта есептеулерде зейнетақы шектеуден асып кетсе, онда одан артық ақша есептелмейтін. Мысалы, зейнеткер бұған дейін 30 мың теңге алса,  биылдан бастап 37 500 теңге алады, — дейді зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың Ақтөбе облыстық филиалының директоры.

Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың (асыраушысынан айырылғандығына, мүгедектігіне байланысты, т.б.) жәрдемақы мөлшері күнкөріс шамасына байланысты есептеледі. Ал 1,2-тізім бойынша және арнайы мемлекеттік жәрдемақы алушыларға берілетін қаржы айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өзгеруіне байланысты көбейеді. Биылдан бастап бұл мөлшерлер былайша өзгерді: айлық есептік көрсеткіш — 1413 теңге, ең төменгі күнкөріс шамасы — 14 952 теңге.

Елімізде ана мен балаға ерекше қолдау көрсетіліп жатыр. Елбасының «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» Жолдауында көрсетілгендей, 2010 жылдан бастап бала  күтімі үшін берілетін жәрдемақы мөлшері біршама өсті. 2009 жылы бала дүниеге келгенде берілетін бір реттік жәрдемақы мөлшері 38 880 теңге (30 АЕК) болса, қаңтардың 1-інен бастап — 42 390 теңге төленеді. Тағы бір жаңалық — төртінші бала дүниеге келсе, онда 70 650 теңге (50 АЕК) беріледі.

Республикалық бюджеттен бала бір жасқа толғанша ай сайын ақша төленетіні мәлім. Биыл бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақыларға да өзгеріс енгізілді. Егер баланың анасы жұмыс жасамайтын болса, онда бірінші балаға — 7772 теңге, екінші балаға — 9185 теңге, үшінші балаға — 10 598 теңге, төртінші және одан көп балаға 12 011 теңге төленеді.

Мүгедек балаларды бағу, күту қиын екені белгілі. Мүмкіндігі шектеулі балаларды міндетті түрде бір адам үнемі қадағалап отыруы қажет. Жарымжан баласы бар аналар әдетте жұмысты қойып, баласының жанында отырады. Мүгедектігіне байланысты алатын жәрдемақы науқас баланың  дәрісінен артылмайды. Ата-ана немесе қамқоршы қосымша қаржыға мұқтаж болатын. Биыл бұл проблема шешілді. Мүмкіндігі шектеулі баланы бағатын адам 14 952 (ең төменгі күнкөріс мөлшері) теңге жәрдемақы алады. Бұл үшін қамқоршы немесе ата-ананың жұмыс істеп, істемеуі есепке алынбайды. Мұның өзі ата-анаға көп көмек, — дейді Қайрат Отаров.

Жаңа  жылдағы тағы бір жағымды жаңалық — 7 баласы бар аналар «Алтын алқа»,  6 балалы аналар «Күміс алқа» алады. Бұрын «Алтын алқа» 10 балалы аналарға ғана берілетін. Бұған дейін бұл санаттардағы аналар үшін 5055  теңге арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленетін еді. 2010 жылдан бастап олар 8478 теңге алады.

БІЗДІҢ ДЕРЕК

***

Зейнеткері көп аудан — Мұғалжар ауданы. Мұнда 5026 адам зейнетақы алады екен. Одан кейінгі кезек — Хромтау ауданының еншісінде (3974). Ырғызда зейнеткерлер аз —1015. Ал Ақтөбе қаласында 33 523 зейнеткер тұрады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button