Ауыл

Жол жөнделіп, көпір жаңартылды

Ауданымыз үшін аяқталғалы отырған жыл жаңалықтарға толы десе де болғандай.  Егемен еліміздің тәуелсіздік алған жылдарынан бері қарай  біздің ауданымызда қаншама игілікті істердің атқарылып, жақсылықтардың жылдан-жылға еселене түсіп жатқаны баршамызға белгілі. Басқасын айтпағанның өзінде, Ырғыз халқының қаншама жылдар аңсаған көгілдір отын мәселесі де шешілуге таяу.

Сонымен қатар, аудан орталығындағы көше жолдарын қалыпқа келтіру жұмыстары қолға алынып, Әбілқайыр хан көшесі жолына асфальт төселуі село тұрғындарының ертеңге деген сенімін арттырғандай.

Аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше,  үстіміздегі жылы Әбілқайыр хан көшесінің 1721 метр бөлігіне мердігер «Атом БГ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күрделі жөндеу жүргізген. Мердігер компания келер жылы Әбілқайыр хан көшесінің бітпеген жол учаскесі мен жаяу жүргіншілер жолын салмақ. Сондай-ақ, алдағы жылы аудан орталығындағы Ө.Қанахин, Т.Жүргенов, Ә.Жангелдин көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Құтикөл ауылы тұрғындары үшін көптен бері күн тәртібінен түспей келе жатқан көпір мәселесі де шешілді. Аманкөл ауылдық округінің орталығы Құтикөл селосын аудан орталығымен жалғайтын селоға кіреберіс жолдағы «Қараарық» көпіріне «КазНурСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қайта жарақтандыру жұмыстарын жүргізіп, пайдалануға берді.

 Т.БЕКЖАНҰЛЫ,

Ырғыз ауданы.    

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button