Білім

Балдырған

Жан-жануарлар әлемі

Ұя салған жартасқа…

Жыртқыштардың көпшілігі өлексені жемейді. Олар қорегін тірідей аулағанды, бірнеше сағат бойы торығанды, оның ізіне түскенді жақсы көреді. Дегенмен өлген хайуанаттардың етімен қоректенетін жыртқыштар да баршылық.

Мысалы, күшігенді тек қана өлексемен қоректенеді деуге әбден болады. Олардың бәрі де — өте күшті, алып құстар. Жұртшы немесе қиғақ деп аталатын ең кішкене күшігеннің қанатының құлашы 170 сантиметрдей болса, кондордікі үш метрге дейін жетеді. Бұл ең ірі жыртқыш құс болып табылады.

Күшіген далалы және таулы өңірлерді мекендейді. Олар ұяларын адам мен хайуанаттардың аяғы жетпейтін қиян жартастарға, ағаштардың ұшар басы мен қуыстарға салады.

Кондорлар Америка тауларында, 7 шақырымға дейінгі биіктікте тіршілік етеді. Олар көбінесе бірнеше шақырым жоғарыда, әуеде қалықтай ұшып, өз «иеліктерін» қарап шығады, өлексені дереу байқайды да, соған қарай сорғалай құйылады. Мұндай қашықтықтан қорегін көру үшін қандай қырағы көз керек десеңші!

Күшігеннің көптеген түрлері бар. Олардың кейбіреулері үнемі адам мекеніне жақын маңда жүреді. Бұл жыртқыш құстар біздің тілімізде тазқара, құмай деп те аталады.

Сыр

Менің достарым

Достық адамға өте қымбат. Досқа сырыңды айтасың. Ешкім де достықты ақшаға сатпайды. Бірақ кейде достықтың өмірі қысқа болады.

Жақсы досың сені сыртыңнан мақтайды. Ал жаман досың қасыңда тұрып мақтайды. Кейбір достың бірі ашушаң болады. Сөйтіп олар бір-бірімен тіл табыса алмайды. Бірақ досыңды түсіне білуің керек. Бір-бірін түсінісе алмағандардың достық қарым-қатынасы үзіледі. Бұндайда қолданар шара бар ма?

Мен достарымның атын атасам, мына қағазға сыймас еді. Сонда да олардың ішіндегі ерекше құрбым Алтынзерді атап кетейін. Ол екеуміз бала кезден дос болып келеміз. Нағыз дос досының сырын ешкімге айтпай сақтайды. Ал жаман дос досының сырын басқа біреуге жайып жүреді.

Мен достықты әрқашанда қадірлеймін.Достарыма айтарым, сендер де достықты қадірлеңдер.

Гүлсезім БАЙШОЛАҚОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы.

Аралтоғай аулы,

Әйтеке би ауданы.

Оқушының өлеңі

Батырлар

Батырлар елді қорғаған,

Тыныштық мәңгі орнаған.

Ержүрек біздің батырлар

Дұшпанға таба болмаған..

Мен дәстүрді сақтаймын,

Батырларды мақтаймын.

Есейген соң елімнің

Зор үмітін ақтаймын.

Әжемнің ұршығы

Әжем менің өзгеше,

Тігеді ол көрпеше.

Ұршықпен жіп иірді,

Көрген адам сүйінді.

Ұршықпен жіп иірді,

Өзі өте мейірімді.

Шұлық тоқып береді,

Қамқоршым боп келеді.

Фариза ЕСІРКЕПОВА,

Ақжар қазақ орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Хромтау ауданы.

Отан

Қызғалдақтай құлпырған Қазақстан

Жүрегін күй тербеген, ұланғайыр даласын самал желмен қызғалдақ тербеткен қыр баласы болғаным қандай жақсы! Иә, төскейі ән мен күйге, бөктері сан алуан гүлдермен құлпырған Қазақстанның жас ұланы болғаным — өмірдің маған берген үлкен сыйы.

Өзінің сұлулығымен барша адамзатты табындырған қыр қызғалдағы табиғатқа, Жер-Анаға ерекше сұлулықты тарту етеді. Қызғалдаық — сұлулық символы. Адамзатқа сұлулықты мойындатқан қызғалдақ құдіретті. Қызғалдақтай құлпырған Қазақстан да аз уақытта әлемге өзін мойындатты.

Көз алдыңызға ұлан байтақ Қазақстанның өр келбетін келтіріңіз. Тыныс-тіршілігі қызығарлық, кешегісі мен бүгінгісі ғажап. Аспанмен астасқан Алатау, қойнауы құтты Қаратау, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Президентіміздің Ақ Ордасы, еркелеген Есіл, буырқанған Каспий…

Осынша байлықты, тарихи жәдігерлерді, мәдени ескерткіштерді қойнына сыйғызған менің Қазақстаныма өзге елдер қызығып қарайтыны ақиқат.

Алатаудың баурайынан Арқаның айдын төсіне орныққан Астанамыз тәуелсіздіктің табысы екені ақиқат. Отаным деп мақтанатын, Елім, Жерім деп рухтанатын қызғалдақты өлкенің жас қырандарының ертеңі сәулелі болатындығына сенемін.

Ұлтым деп соққан жүрегім Қызғалдақ-Қазақстанды қандай сұлу сөзбен жырласа да артық болмайды. Жүрегімді «Мен, міне, осындай қызғалдақ елдің қызымын» деген мақтаныш сезімі әрдайым нұрландырып тұрады.

Анара ОСПАНОВА,

Құмсай орта мектебінің 8-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Ұстаз

Жақсылық пен ізгіліктің иесі

Ұстаз — шексіз білімді, ақылды, парасатты, шыдамды, мейірімді адам. Екінші анамыздай жанның жүзінен мейірім төгіліп, сабақты байыппен түсіндіріп, тентек болсақ, сабырман ақыл айтады.

Ыбырай атамыз: «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында сақтайтын, еш нәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін адам», — деп дәл баға берген.

Осыншама жақсы қасиеттердің барлығын бойына жиған ұстаздың бар ойы — біздің білімді, тәрбиелі азамат болып шығуымыз. Мінез-құлқы әр түрлі оқушылардың тілін тауып, керек кезінде қаталдық көрсете білетін ұстаздарымызға айтар алғысымыз шексіз.

Мен де басқа құрбыларым секілді еш уақытта ұстаздарымды ұмытпайтын боламын.

Нұргүл МЫРЗАҒАЛИЕВА,

М.Құсайынов атындағы облыстық мектеп-интернаттың 7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button