Тарих

Елдік мүдденің еңселі өнегесі

«Ақтөбе» газетінде жарияланған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақтөбеліктерге журналист ретінде де, билік өкілі ретінде де танылған Қасымжан Байсадақовтың «Жалаңтөс баһадүр жаңғырығы» мақаласын оқығаннан кейін осыдан он бес жылдай бұрын осы азаматтың атқарған бір игі ісі есімізге түсті. Есімізге түсті деген дұрыс та болмас, өйткені қиындау кезде жол тапқан Қасымжан Тахауұлының ол қызметін бүгінде ағайын ортасында, жалпы жұртшылық арасында да үнемі айтып жүреміз.

2000 жыл еді. Қазір 101-атқыштар бригадасы көшесінде орналасқан әйгілі Мөңке би ескерткішінің халық қаржысына жасалып, Ақтөбеге әкелінгеніне екі жылдай уақыт болды. Қойылатын түрі жоқ. Астанаға да, Алматыға да шапқыладық. Біресе олай, біресе былай деген сылтаулар алдан шығып, шаруаның шешілуі қиындай түсті. Содан бір күні бұрынғы журналист қой, қазақы түсінігі де бар деген үмітпен Қасымжан Байсадақовқа бардық. Қасымжан Тахауұлы ол кезде облыстық  әкімшілікте қызметте болатын. Қасекең еш ойланбастан: «Сіздерді түсініп тұрмын. Мен бүгін облыс әкімі Ермек Жетпісбайұлына кіріп, мән-жайды баяндайын. Мәселе шешілуі керек қой», — деді.

Ал ертеңіне түстен кейін келіңіздер деп хабарласты. Бұл 2002 жылдың 1 тамызы болатын. Сағат 15.00-дің шамасында Қасекең Мөңке бидің ескерткіші қойылмай тұрғаны туралы Имантаевқа жазған қызметтік қатынасты алып кіріп кетті. Біз үшеуміз қабылдау бөлмесінде күтіп отырмыз. Бір кезде әлгі қызметтік қатынас қағазының үстіңгі сол жақ бұрышына «Для решения вопроса. Внесите предложения» деп құптаған облыс басшысының қолын қойдырып алып шықты. Қуанышымызда шек болмады. Мұны қалай ұмытарсың.

Қасымжан Байсадақовтың одан кейін де елдік мүддені қорғауды, ұлттық рухты асқақтатуды, тарихымызды жаңғыртып, бабаларымызды ұлықтауды қолға алған талай істеріне куә болып келеміз. Қарабұтақ өңірінде Құлтас баба мешітін салу, халқымыздың үш биінің бірі Әйтеке бабамыздың ескерткішін орнату және басқа шаралар кезінде ұйымдастыру, атқару жұмыстарының басы-қасында жүргенін жұрт біледі.

Енді, міне, Сейітқұлдың сегіз ұлының ішіндегі даңқты қос перзентінің бірі  Жалаңтөс баһадүрдің 440 жылдығына орай ескерткіш орнату туралы ұсыныс жасап отыр. Бұл ұсыныс қолдау тауып, баһадүр атанған бабамызға лайықты құрмет көрсетіліп жатса, ол келешекте де ұрпақтың Отанды сүюіне, ұлттық рухта тәрбиеленуіне қызмет етер еді деп ойлаймыз.

 Жұбаназар АСАНОВ,

филология ғылымының докторы.

Жоламан АЛДИЯРОВ,

«Капстрой» ЖШС директоры.

Бердібай КЕМАЛ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button