Тарих

Ел жақсысы Жеткерген еді…

Ел қай кезде де ерге қарайды. Қазақта «мың қосшыдан бір басшы» деген бар. Нақ осы сөздерге лайық бір азамат Жеткерген Тілеулесұлы Оралмағамбетов еді. 

Шалқар ауданының өзіндік ерекшелігі бар Талдықұм деген өңірінде дүниеге келіп, кішкентайынан жалаң аяғымен құм кешіп, малды ауылдың мың құпиясын түйсініп өскен оның бойына еңбекке деген құштарлық, шаруагерлік сол кезден бастап қалыптасқандай-тын. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін мамандығы бойынша Қостанай облысында еңбек жолын бастағанымен, одан армия қатарына алынып, азаматтық борышын өтеген соң туған өңірге қарай бет бұрады.

Бұл ретте азамат ретінде қалыптасуына жол ашқан, маман ретінде еңбекке кіріскен Мұғалжар аймағы оның жанына жақын болды, адамдарымен де етене-жақын бауырласып кетті. Осындағы асыл тұқымды жылқы зауытында бас экономист болып қызмет атқарып жүрген оның іскерлік жіті қимылы, ең бастысы, адамдармен жұмыс істей білетін ашық мінезі аудан басшылығының назарына ілінбей қалмайды. Ол кезде жастар ұйымы жалындап жұмыс істейтін. Ал оны басқаруға әманда жігерлі, қыз-жігіттерді партияның соңынан дуылдатып ерте білетін алымды да шалымды азаматтар таңдалатын. Сол таңдау Жеткергенге түскенде де көпшілік оны қызу қолдаған. Өйткені аз ғана уақыттың ішінде ол адал еңбегімен, ортақ іске жауапкершілігімен айналасынан бедел жинап үлгерген еді.   Ол ауданда жастар жетекшісі болумен бірге аудандық партия комитетінің бюро мүшелігіне сайланады. Кешегі жас маман енді қызу іске кірісіп, күні-түні тыным таппай жұмыс істейді. Арада екі-үш жылдай уақыт өткенде оны аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі — «Жаңажол» кеңшары коммунистерінің басшысы тізгінін ұстауға жібереді. Көп ұзамай ол осы шаруашылықты басқару жауапкершілігін мойнына алады.

Міне, ол Мұғалжар өңірінде он жылдан астам уақыт шамасында осылай шыңдалады. Шаруаның қыр-сырын меңгерген, елді басқару ісіне дендеп кірген Жеткерген Тілеулесұлы өзі туып-өскен Шалқарға енді аудан әкімінің бірінші орынбасары — аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің басшысы болып оралады.

Жалпы Жеткергеннің еңбек жолы өзгелерден ерекшелеу көрінеді. Облыстың төрт өңірінде — Ырғыз, Шалқар, Қарғалы, Хромтау аудандарында басшы болды.  Облыстық бір басқарманың, бір департаменттің тізгінін берік  ұстады. Облыс әкімінің орынбасары қызметін де абыроймен атқарды.

Ол қай жерде болса да, көпшілік күткен деңгейден шығып жүргенін байқадық. Мәселен, көші-қон басқармасына жетекшілік еткен тұста қандас бауырларымыздың атамекенге жайлы орналасып, тездетіп қолайлы тіршілік етіп кетуіне көп қызмет сіңірді. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар департаментіне басшылық еткен кезінде өзінің бұрыннан бойына жинаған мол тәжірибесін, мүмкіндіктерін пайдаланып, саланың материалдық-техникалық базасын нығайтты, кадрларды қайта даярлауға көбірек көңіл бөлді. Аудандарда еңбек еткенде де аянып қалған жері болмапты. Өңірдің экономикасын көтерумен бірге, елдің рухани түлеуіне, азаматтардың ауызбіршілігіне, ұйысып жұмыс істеуіне ұдайы көңіл бөліп жүргенін замандастары қазірде де айтып отырады.

 

* * *

Жәкеңмен менің танысуым күтпеген жағдайда болды. Ол кезде мен бұрынғы Қарабұтақтың ізі — Әйтеке би аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы болатынмын. Бұл 1995 жылдың қаңтар айы. Біздің аудандық газетте бұрын редактор  болып қызмет атқарған Жанғабыл Қабақбаев Шалқардан  хабарласып, Бөгеткөл ауданына (бұрынғы  Комсомол ауданы) аудандық газеттің  10 жылдық мерекесіне баратынын, жолшыбай маған соғатынын айтты. Ол мерекеге  мен де шақырылған болатынмын. Мерекесі  өтетін  газеттің редакторы  Ғалымжан Төреханов  әрі  әріптес, әрі жолдас азамат болатын.

Қарабұтақтағы біздің үйге келгесін Жанғабыл ағамыз қасындағы  азаматтармен таныстырды. Бірі Шалқар ауданы  әкімінің  бірінші орынбасары  – аудандық ауыл шаруашылығы  басқармасының  бастығы  Жеткерген   Тілеулесұлы Оралмағамбетов, екіншісі  Шалқар аудандық «Шалқар» газетінің  редакторы  Мұхамбетәли   Есмағамбетов  екен.

Сол кездесуде  мен Жеткерген ағамызбен екі күн бірге болып, әңгімесін тыңдап, сыпайы қалжыңдасып жүрдік. Комсомолдан қайтарда Ырғыз бағытына бірнеше  азаматтар  болып шығарып салдық. Сонда ол маған  «әй, жиен, редакцияда бензин  көп болмайды», — деп  қалтасынан  бір тонна бензинге талон бергені бар.

Сонан  соң қызмет бабында араласып жүрдік. Жәкең Қарғалы ауданының әкімі қызметінде жүргенде облыстық әкімшілікте кездесіп қалдық. Сонда айтқаны әрі батасы «молодец, өсе бер, сен біздің жиенсің ғой» дегені әлі  есімде. Сол кездесуден кейін мен екі-үш айдан соң облыстық мәслихаттың хатшысы  болып сайланып кеттім.

Ол кезде менің әкемнің  тірі кезі. Әрдайым әкем  «менің  нағашыларым Тілеу, Оралмағамбет. Осы бірнеше  аудандарда әкім  болып жүрген  Оралмағамбетов   деген бала нағашымның тұяғы емес пе екен. Соны жұрт Тілеу дейді ғой. Білші!» — дейтін.

Өкініштісі, Жәкең мен әкемді кездестірудің сәтін келтіре алмадым. Әкем 2004 жылы өмірден озды. Сонан соң Жәкең нағашымнан «әкеңді тығып қойып, маған кездестірмедің» — деп талай таяқ жедім.  Мен кінәлімін, не айтайын. Өкінішті-ақ.

Кейін 2014 жылы  әкемнің қайтыс болғанына он жылдық садақасын бергенде  Жеткерген нағашым Астанадан арнайы келіп қатысып, өз тілегін білдірді.

Жәкең қай қызметте жүрсе де мен жұрт сияқты  шаруа айтып, ол кісіні мазалап көргенім жоқ. Дегенмен  бір жақындық күш бар ма, өзіме пана, қорған болатындай сезінетінмін. Мен оған  өтірік қалжыңмен «нағашы, мен  Тілеу болайын да» десем, «жоқ, айналайын жиенжан, өзіңмен-өзің құртыңды санап жүре бер», — деп әдемі жауап беретін.

Төтенше жағдайлар саласында да бірге қызмет істедік. Біздің екеуара әзілдескенімізге әріптестеріміз қызыға қарайтын.

Өмірден өтерінің  алдында  үш күн бұрын Мәскеуге хабарласып, әдемі қалжыңдасқанбыз. Бірақ, мен сөйлесуіміздің соңғы сәті екенін қайдан білейін. Үш күннен соң елге қаралы хабар келіп, айналаны қара бұлт қаптады. Ел ер Жәкесімен қимастықпен қоштасты…

Енді Жәкеңді естелікпен еске алатынымыз қандай өкінішті…

Әрине, әр нәрсенің тәубасы бар. «Орны бар оңалады» деген, артында Әнуар жеңгеміз, алтын асықтай балалары, немерелері қалды. Баубек, Гүлдана, Ақбота, Ағлен атты перзенттері Жәкеңнің жақсы ғұмырын жалғастырып келеді.

 

* * *

Жеткерген бауырымызға қатысты болған соң мына бір дерекке аздап тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Менің әкем Тахау  Байсадақов бұрынғы Қарабұтақ ауданының  Талдық ауылында  дүниеге келген екен.  Бұл өңір бір кезде Шалқар ауданының №21 ауылы болыпты.

Әкем Ұлы Отан соғысына дейін мұғалім, колхоз есепшісі, аудандық комсомол комитетінің хатшысы болған. 1939 жылы фин соғысына, одан соң Ұлы Отан соғысына қатысып, елге екінші топтағы мүгедек  болып оралғаннан кейін әр жылдары Белқопа, Бөгетсай селолық кеңестерінің  төрағасы, Тасөткел фермасының меңгерушісі болды. Бөгетсай орман шаруашылығы мекемесін басқарды. Бірнеше рет селолық, аудандық және облыстық кеңестердің  депутаттығына  сайланды. Жауынгерлік Қызыл Ту, бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, бірнеше медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің  Құрмет грамотасымен марапатталды.

Әкемнің соңында қалған бағалы дүниелердің бірі — өз өмірі туралы жазбалары. Мен сол жазбалардың түп нағашыларымызға  қатысты тұстарын ғана  ұсынғанды мақұл көрдім.

«…Мен  есімді шала біліп келе жатқанда мынадай семья құрамымыз болыпты: Әкем Байсадақтың әйелі — Шекті Тілеудің Достаны Шынтас дегеннің қызы, аты — Шыбық.

Туған нағашымнан тұқым  жоқ, немере  нағашыларымыздың іздері бар. Оралмағамбет, Бекет дегендердің балалары бар, қазір Шалқар ауданы Талдықұм деген жерде тұрады.

Шыбық шешем он екі бала туыпты, бірақ өле беріпті. Баланың ең кенжесі осы болар, «тақалды» ғой деп, менің атымды Тахау қойыпты…»

1931 жылдың  март айының шамасында үйге  Бекет нағашым келді. Ол Қайыңды бойы №3 ауылда  ауыл совет екен. Әкем балдызына «мені  тұжырымды жоспардан құтқар», — деді.

Сол жылдың май айының  орта шамасында әкем маған: «Шалқарға бар, сонда милиция бастығының орынбасары Оралмағамбет деген балдызым бар. Бізге жәрдемдесу қолынан келеді», — деді.

Нағашымның үйі мейірбанды жандар екен. Кешкі шайда  нағашым  Орекең  менің жайыммен танысты, мен түгел айттым.  «Бекет те айтып еді», — деді.

Ақырында «№21 ауыл азаматы Жәнетов  Байсадақ аудандық советтің  президиум қаулысы бойынша  тұжырымды жоспардан босатылды» деп жазылған анықтама қолыма тиді…».

Бұл деректерді келтіріп отырғанымыз — қазақта азамат туралы сөз қозғағанда тегіне соқпай өтпейді ғой. Уақытында ел тізгінін ұстаған, сонымен бірге айналасына қамқорлық жасай білген Оралмағамбет секілді жақсыдан алып бәйтеректің бұтағы секілді Жеткерген сынды буынның өсіп шығуының өзі бізге сабақтастық секілді көрінеді.

Сол Оралмағамбеттен Тілеулес атты жалғыз ұл болыпты. Тілекең де өз заманында Шалқар өңіріне танымал тұлғалы азамат болған. Ұзақ жыл ферма меңгерушісі болып еңбек еткен. Оның іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті туралы Талдықұм өңірінің тараған бір қауым ел әлі күнге дейін айтады.

Ал Тілеулестің Жеткергені бұл отбасындағы баланың үлкені болады. Сондықтан да кішкентайынан әжесінің жылы құшағында мейірім мен шуаққа бөленіп өседі.

Мектеп бітірер тұста ауыл баласы техниканы жақын тұтып, инженерлік мамандық алғысы келеді. Ал ұзақ жыл ферма басқарған, шаруа жайын бес саусағындай жақсы білетін әке ұлының үлкенін экономист болуға бейімдепті. Сол аралықта Жеткерген бір жылдай ауылда трактор жүргізіп, өз арманының арнасын бұдан былай әке қалауына бұрыпты. Алматы халық шаруашылығы институтында білім алған жылдары алдағы үлкен жолдың бастауы іспетті болыпты.

Жеткерген Тілеулесұлы туралы көп сөз айтуға болар еді.

Ол жоғары оқу орнында бүгінгі облыс әкімі Бердібек Машбекұлымен тұстас білім алыпты. Мұны көпшілік Жәкең өмірден өткен кездегі өңір басшысының отбасына арнайы келіп, шын жүректен көңіл айтуынан байқады.

Сондай-ақ Жеткерген институт қабырғасында жүріп спортпен де жақсы көңіл қойып шұғылданыпты. Оның күрестен Байғанин өңірінен шыққан белгілі спорт шебері Амантай Қарақовтың шәкірті болғанын да біз беріректе естіп-білдік.

Жәкеңнің адам жатырқамайтын көпшіл мінезі өзі сырқаттанып, Мәскеуге барып емделіп жүргенінде де көрінгенге ұқсайды. Ол сол күндерде Мәскеудегі «Актюбинское землячество» қоғамында бұрыннан Ақтөбеден жақсы білетін біраз орыс-қазақпен жақсы араласып тұрыпты.  Тіпті елшіліктегі жиындарға да барып тұрыпты.

Еліміз тәуелсіздігін алып, тың істер түрленіп, әсіресе тарихымызды түгендеуге шыққанымызда ол тікелей қатысқан шаруалар аз болған жоқ.

Мәселен, Шалқарда Қайдауыл батыр есімін жаңғыртуға арналған халықтық шаралардың басы-қасында тыным таппай жүргенін жақсы білеміз.

1996 жылы Ырғыздың 150 жылдығын атап өтуге Жеткергеннің көп еңбек сіңіргенін елдегілер бүгінге дейін ырзашылықпен айтып отырады. Осы өңірде оның қолдауымен бастау алған «Аймақты әнмен тербетіп» атты өнер фестивалі бүгінде қалың жұртқа танымал болды, оның аясынан талай таланттар өсіп шықты.

 

* * *

Жеткерген Тілеулесұлы санаулы ғұмырында көпті көрді, аяғы жеткен жерге барды, айтар сөзін айтты. Нағыз бабына келген, елдіктің әңгімесін айтып, ел ағасы болған тұсында алдынан кес-кестеген дерт оның адымын аштырмағандай еді. Бірақ мойымады, жігерін жасытпады.

Ол өмірдің өлшеулі екенін жақсы түсінетін. Өзінің де күндері санаулы екенін сезініп, оған мән бермегендей қалып танытып, тағдырына тік қарай білді.

Оның артына қалдырған күнделігіндегі «…Аллатағаладан осы бастаған жазбаларымды аяғына дейін жеткізуге күш-қайрат бер деп күні-түні тілеймін. Өйткені дәл қазіргі менің өз жағдайыма қарап, болашағым жөнінде үлкен жоспар құру ағаттық болар еді. Себебі алты жылдай болды, менің күш-қайратым тек сырқатпен күресуге ғана жұмсалуда» деген жолдарды оқи отырып, Жәкеңнің сол тұстағы жан дүниесін, адами толқынысын сезінгендей боласыз.

… Уақыт сынаптай сырғып өте береді екен ғой. Оның біздің арамыздан алыс сапарға кеткеніне де жыл толыпты. Бірақ ойымыздан оның асқақ тұлғасы, жарқын бейнесі өшпек емес.

Иә, Жәкең  сондай адам еді…

 Қасымжан БАЙСАДАҚОВ,

ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button