Тарих

Көтерілістің бір сарбазы

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске — 100 жыл

Ырғыз өңіріндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы ең алғаш қалам тартқан жазушы Сабыр Шәріпов болатын. Ол кісі осы оқиғаның 20 жылдығы қарсаңында Ырғызға келіп, ол кезде көздері тірі көтеріліске қатысқан адамдармен кездесіп, әңгімелесіп, нәтижесінде «Тайшым Орысұлы», «Өлкейек жағасында», «Барсакелместің жолы» атты тарихи очерктер жазды. Сол «Тайшым Орысұлы» очеркінде:… Оның артынан Өтемісті шақыртып алып: — Ертең жоқ арғыкүні біз атқа қонсақ керек. Ел иесіз қалмасын. Бақшақ атаның баласы екі ауылнай елге сен ие бол, нашарлау жігіттердің қырық-елуін алып қалып, елді қорға. Не болыс, не ауылнай біздің артымыздан келіп, елді талауға салмасын», — деп Тайшымның жауапты тапсырма беріп, ел тағдырын тапсыратын сарбазы Өтеміс — менің атам.

ІІ Николай патшаның соғыстың қара жұмысына бұратана ұлттардан адам алу туралы жарлығына қарсы халық толқуы басталғанда «қарадан хан сайланып», сол қозғалысты басқарған Тайшымның жанынан табылған, ең сенімді серіктерінің бірі осы кісі болғандығын архив деректері де, ел аузындағы әңгімелер де айғақтайды.

Жоғарыда аталған очеркте де атамның аты бірнеше жерде аталады. «Ораздың Омары, Амантай, Өтеміс, Дүзбай, манағы билікке шыққан төртеуі, бәрі де Тайшымның панасында жатақ болып, егін егіп, күн көріп жүрген нашар адамдар. Біреуінің баласы, я ағасы, не інісі, не өзі он тоғыз бен отыз бірге ілініп, соғыстағы қара жұмыстан қашса да құтылмайтын адамдар, орындарына кісі жалдап жіберуге, яки мал  бағып қалуға малдары жетпейді. Және баяғыдан бері жайлауға көшетін байлардың малы еккен егіндерін басып, оны қоримыз деп байлармен жылда төбелесіп келе жатқан еті үйренгендер» деп суреттейді жазушы. Олар расында да бірлесіп егін егіп, содан алған өнімдерімен, қала берді қолдарындағы бес-он бас ұсақ, бірді-екілі ірі қара малдарымен күн көріп жүрген кедей топқа жататындар еді. (Жазушы осы шығармада нашар сөзін кедей деген ұғымды беруге пайдаланып отырған). Тайшым басқарған Қызылжар болысындағы көтерілістің нәтижесінде бұл болыстан әскерге адам алынбаған, көтерілісшілердің басты жеңісі де сол еді. Бірақ, ауқатты топтың тізім жасауда әділетсіздікке жол беруінің салдары көтерілісшілер тарапынан ақырғы қадамға баруларына, сөйтіп ағайын адамдар арасында трагедиялық жағдайлар орын алуына соқтырған.

Атам 1886 жылы туған, яғни сол кезде 30 жастағы, тізімге бірінші болып іліккендердің бірі екен. Білуімше, темірден түйін түйген ұста, кейін колхоз кезінде бригадир болған. Жұмыс жасап жатқанда темірдің сынығы кіріп бір көзінен айырылған. Жазда шалғымен шөп шауып, бау орып, оны ат арбамен тасып, отын дайындап дегендей қарап отырмайтын. Кейінірек арба, шаналарды жөндеп, қолынан балға, аралары түспейтін. Ол кезде Ақши аулындағы үш тұщы құдықтың бірі біздің үйдің құдығы болатын. Құдықтың қасына су алып болғасын қауғаны іліп қоятын қада орнатып қояды. Кейбір әйелдер қауғаны жерге қоя салғанын көрсе атамның ашуы шапшып басына шығады, «атаңа нәлеттің баласы» деп қолындағы ақ таяғын жібереді. Қайда… бұл кезде әлгі әйел шелектері мен иінағаштарын алса алды, алмаса тастай салып қашатын. Ауыл шалы санитарлық гигиенаны осылай сақтайтын.

Атам кім-көрінгенге ашыла бермейтін тұйық жан болды. Тек, ауылдың бір шетінен Қарсақбай, екінші шетінен Оразмағанбет аталар келгенде үшеуі оңаша отырып әңгіме тиегін ағытар еді. «Баяғы Неколай патшаның заманында…» деп басталар еді сырласулары. Бала болсам да (әңгімелерін тыңдап қастарында отырам ғой) кеңестік жүйені ұнатпайтындарын аңғаратынмын. Көкіректері қазына сұңғыла шалдар сол кезде-ақ ұрпақтарының ұлттық болмыстан қол үзіп  бара жатқандарын сезеді екен ғой.

Атам ешқашан белі бүгіліп, кәріліктің белгісін білдірген емес-ті. Бұрынғы сарбаз қашанда тіп-тік болып жүретін, орнынан жылдам қозғалатын, таяқты сәндік үшін (бала кездегі көзқарасым бойынша қауғаны жерге қойғандарға лақтыру үшін) ұстайтындай көрінетін. 1963 жылы облыстық «Коммунизм жолы» газетінде (қазіргі «Ақтөбе») Нұқы Қартбайұлының 1916 жылғы көтеріліске қатысқан көзі тірі сарбаздар туралы «Көп жыл өткен соң» деген мақаласы жарияланды. Онда тілші «қазір жетпістің жетеуінде екен. Бірақ, әлі тұғырдан таймапты. Тағыға түсер қыран бүркіттей айбынды. Кеудесі шалқақ, жүрісі тік. Кезінде жүзіктің көзінен өткендей өткір жігіт болғанын шау тартқан қазіргі кездегі тұлға-тұрпатының өзі-ақ танытып тұр» деп суреттейді атамды.

Ал, үйдің тұрмыс-тіршілігі, бүгін ойлап отырсам, әскери тәртіп секілді екен. Алдымен атам ауыз тимей дастарқанға ешкім қол созбайтын. Дастарқан басында бәріміз де малдас құрып отыратынбыз, баламын ғой кейде етпетімнен жата кетсем атам жәй, біраз зілді үнмен «тұрып отыр» дейтін. Қандай қонақ келсе де атам отырғанда дастарқанға арақ әкелінбейтін және  атам ас қайырмай ешкім орнынан  тұрып кетпейтін.

Атам бес уақыт намазын ешуақытта қаза қылған емес, жылда әжем екеуі ораза ұстайтын. Әлі есімде, оқымайтын кезімде атам намаз оқып жатқанда қасында тұрып оның істегендерін қайталап, тоңқаңдап жататынмын. Намазын оқып болып, жайнамазын жинаған соң риза болғандай басымнан сипар еді, анда-санда құшағына алып шашымнан иіскейтіні бар-ды, бұл мен үшін үлкен мәртебе болатын.

«Қарты бар үй – қазынасы бар үй» деп жатады. Демек, менің  сәбилік, балалық шағым қазыналы шаңырақта өткен  екен. Атамның көзін көрген талай адам маған «Өтекең әулие адам еді ғой» дейтін. Әулиеліктің өлшемі не екенін қазір де біле бермеймін. Бірақ, атам халықтық даналықтың, рухани асқақтықтың, адами парасаттың ғана емес, ниет тазалығының, өмір сүру ұстанымдарының тағылым мектебіндей ғұмыр кешті.

Сәби кезімде, үш-төрт жаста болсам керек, қызылшамен қатты ауырыппын. Тұла бойым өртеніп, кірпігім ғана қимылдап жатқанымда «бала бұл дүниелік емес» дегендер де болыпты. Әкемнің кештеу көрген жалғыз перзенті едім, сонда атам мойнына жүген салып «жалғызымның жалғызына садақа болайын, мұны қалдырып, орнына мені ал, Құдай» деп әлсіз жатқан немересін үш айналып тілеу тілепті. Құдайдың құдіреті, содан кейін бетім бері қарап, кейін құлан-таза жазылып кетіппін.

Ақши аулында ағайынды екі кісінің, атам мен оның туған інісі Алдан атамның үйі көрші тұрды. Енші кіші балада болатындықтан ол үйді біз «үлкен үй», ал олар біздің үйді «отау» дейтін. Ағайынды екі шалдың  сыйластықтары керемет еді. Қайырбек ағам (Алдан атамның баласы) қызмет бабымен басқа жаққа қоныс аударатын болғанда екеуі де «біз өлмей іргемізді айырмаңдар» деп жылапты. 72 жасқа қараған шағында Алдан атам жаман ауруға шалдықты, тамағынан қара судан басқа жүрмей қалды. Бір күні атам таңертең күндегі дағдысымен інісіне барып, сәкінің жиегіне отырған соң көңілі босап, «сенің алдыңда кетіп, артымнан қол жайып құран оқысаң Аллаға арманым болмас еді» — деп кемсеңдепті. Алдан атамның кемпірі  Қансұлу әжеміз ойындағысын іркіп отыра алмайтын, шапшаңдау сөйлейтін  адам еді «Құдайы құрғыр, қайнаға-ау, ол не дегенің, тамағынан қара су өтпей жатысы мынау, сенің артыңда бұл қалай қалады» депті. Сөйтіп жүргенде Өтеміс атам бір түнде ауырып шықты. Тақуалығы ғой, көзі тірісінде «денемді доғдырға ұстатпай дүниеден өтсем» дейді екен. Ауырып көрмеген, бір тісі де мұқалмаған жан еді. Кіші дәреті жүрмей, жаны қиналғасын әкем Ырғызға ауруханаға апарды. Операция жасалды. Бірақ, 1966 жылдың 12 желтоқсаны  күні төрт-бес күн төсегінде жатып, қайтыс болды.

Бұл суық хабарды естірткенде төсек тартып жатқан інісі «не дейді» деп ұшып тұра келіп, «бауырым, бауырым» деп қалбалақтап біздің үйге жүгіріп келді. Ал, Қансұлу әжемнің «байғұс қайнаға-ау, әулием-ау, пайғамбарым-ау, шын тілеген екенсің-ау» деп ағыл-тегіл жылағаны бар. Алдан атам ағасының артынан жұма сайын құранын оқып, жүзін өткізгесін келер жылы наурыздың аяғында дүние салды.

Бұл күнде екі атам да, екі әжем де, өзімнің әке-шешем де бұл пәниде жоқ.

…Анда-санда әлдебір алыс тұңғиықтан «әулием-ау» деген үн құлағыма талып естіледі.

 

                                                                                                       Рахымжан ӨТЕМІС,

                                                                                                        Ырғыз ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button