Тарих

… Күш алып, мақсатыма аттанамын

Алла берген ғұмырдың біраз белестерін өткердік. Ойға, қырға шапқыладық. Жастықтың желігімен сайран да салдық. Қайда жүрсек те балалық бал күндер ізі қалған Шалқар топырағын, оның даладай кеңпейілді адамдарын естен шығарған емеспіз.

Қазақстанның өз алдына дербестік алғанына ширек ғасыр болғанын тойлағалы тұрмыз. Қайда барсақ та алдымыздан еркіндіктің әдемі самалы еседі. Көңіл көтеріңкі, жүзіміз жарқын.

Күш-қуат барда шама келгенше қимылдап, тұрмысты жақсартуға тырысасың. Нарықтық экономиканың бұлжымас талабы осы. Жас ұлғайғанына қарамай Әзербайжан Республикасының «КрАЗ-Сервиз» фирмасында аймақтық өкіл болып жұмыс істегеніме біраз жыл болды. Мұнай кәсіпшілігіне жабдықтар мен тораптарды, сондай-ақ барлық үлгідегі «КрАЗ» автошассилерін жеткізумен шұғылданып, көбіне іссапарда жүреміз. Көлік тұтқасында ұзақ жол жүру оңай емес, ой сергіту үшін радиоқабылдағышты қосасың. Әсем сазды әуендер жанды тербейді, қиялыңды көкке өрлетеді, шаршағаныңды ұмыттырғандай болады. Әсіресе, мен үшін қазақтың алып тұлғалары Нұрғиса Тілендиев пен Мұхтар Шахановтың шығармашылығынан туған «Әке туралы жырдың» орны бөлек.

Жас едім өмірге еркін бойламаған,

Күні ертең не боларын ойламаған.

Шарықтап кетсем-дағы қанат қағып,

Өзіңдей қамқор әке қайда маған.

Сүрінсем сынай қарап от жанарың,

Сен мені жақтамадың, ақтамадың.

Әрдайым осы қатал мінезіңнен

Күш алып мақсатыма аттанамын.

Неткен құдірет! Құдды өзімнің көкірегімнен жарып шыққандай ішкі сезімімді дөп басып тұр. Көз алдыма исі қазақ қадірлеген Қожалар қауымынан  асыл әкем Оразмағанбет Махамбетұлының жарқын бейнесі келіп тұра қалады. Жан есен болса келер жылы жарықтықтың дүниеден озғанына жарты ғасыр толмақ. Аз уақыт емес-ау. Пәниден бақиға көшкенінде мен жиырма алтыда екенмін. Анамыз Шыбық екеуінен өрбіген сегіз баланың үшеуі ерте шетінеген. Үш апам мен қарындасымның ортасында жалғыз өстім. «Ұлым» деп, көп ақыл айтуға құмартпады, жадымда жатталғаны: «Қарағым, салмақты бол, көп мақтанба» деген әңгімесі. Бақытжан апамның мектепте оқып жүрген шағы, үйішілік шай дастарқанында отырғанымызда анам екеуінің оны ортасына отырғызып, сөйлеткені қандай ғажап?!

Әкеммен аралас-құралас болған, бірге қызмет еткен аға-апалар жалғанның көшіне ілесті. Олардың ішінде Жолмаш Мекебаев, Хасен Мамаев, Дошан Түгелбаев, Мейірхан Орынбасаров, Медіресін Тереков, Абдолла Серікбаев және басқаларын ел-жұрт мейлінше қастерледі. Тіпті өз қатарымыз да селдіреп, әр жерде қадау-қадау күйде қалдық. Бұл да — табиғаттың бұлжымас заңы. Әкемнің жеке мұрағатындағы санаулы құжаттарына үңілеміз, сонау бір жылдарда қатар-құрбыларынан естіген әңгімелерді ойымызға аламыз. Өз әкесі Махамбеттен үш жасында қалған жарықтық атасы Міндетбайдың тәрбиесінде болған. Шалқар, Арал өңіріне танымал Пәтуәлі ишанның мектебінде дәріс алады, Шалқар қаласындағы орыс-қырғыз мектебінің бес класын тәмамдайды. Көзі қарақты оқырман 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі дәуірімізде ресми құжаттарда халқымыздың қазақ емес, қырғыз деп жазылып келгенінен  хабардар деп ойлаймын. Сөйтіп жүргенінде атасынан мәңгілік көз жазады. Анасы мен бауырларының қамымен еңбек жолын Шалқар ауданының №13 ауылында болыс хатшылығынан бастаған. Ары қарай Орынбор рабфагінде оқиды. Қазақша-орысша сөйлеп, жазуға шеберлігінен шығар, дәм-тұз Торғай болыстығынан бұйырады. Ісіне мұқият, жүріс-тұрысы орнықты, сымбатты жігіт «Алаш» партиясының зиялы тұлғалары Ахмет Байтұрсыновпен, Бақытжан Қаратаевпен және басқаларымен жолдастық қарым-қатынаста болыпты. Өкінішке қарай, аталған игі жақсылар қуғын-сүргінге ұшырай бастайды. Әкеміз лажсыздан атамекенге оралыпты.

Қай жерде де сауатты адамның еңсесі көтеріңкі. Оразмағанбет Міндетбаевтың еңбек кітапшасында Шалқар аудандық қаржы бөлімінде қызмет істегені, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болғаны туралы деректер тайға таңба басқандай анық жазылған. 1939 жылдан зейнет демалысына шыққан 1963 жылға дейінгі аралықта аудандық қаржы бөлімінде бас есепші қызметін атқарады. Арасында Ұлы Отан соғысының майдандарында Отан қорғауға тікелей қатысқаны және бар.

Әкеміз туралы мерзімді баспасөзде бірқатар материалдар жариялаған замандасы — Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі журналист Шынықұл Қарамергенов. Менің қолымда Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газетінің 1987 жылғы 29 қыркүйектегі саны. «Ардагер аға өткен жолдар» деген мақала үшінші бетті тұтас алып тұр. Автор — Шынықұл аға Қабырға болысына іссапармен келе қалған менің әкемнен қыстық үйдің қабырғасына жыңғылдың бір бұтағымен бедерлеп түсіру арқылы орысша әріптерді жазуды меңгергенін тебірене әңгімелейді. Әрі қарай ел аузында көптен жатталған оқиғаны нақпа-нақ шеберлікпен баяндайды.

1919 жылдың жазында ақ гвардияшылардың үлкен отряды екі жүз елуге таяу түйеге оқ-дәрі, азық-түлік артып, теміржолдың Шалқар стансасынан Аралға бет алады. Жолда Ұлықұм мен Кішіқұмнан өту керек. Енді жолбасшылыққа тұрғылықты халық арасынан орысшаны жақсы меңгерген адам іздемей ме? Әлдекімдердің меңзегенінен шығар, Қабырға болыстығында хатшы болып жүрген Оразмағанбет Міндетбаевты тауып, жолығыпты. Большевиктерден қашып, қаны басына шапшыған қарулы әскерге не амалы бар, әкем көнеді. Көнгенде де сыпайы қимылымен, майда тілімен әбден сенімге кірген.

Сексеуіл стансасы деңгейінде Қонты бұлағына жеткенде күнқақты күйде шөліркеп, әбден шаршаған солдаттар жолбасшы ұсынысын қабылдап, майса табиғат аясында ерулеуді ұйғарады. Көліктерді де тойындырып, белін бекіттіріп алған жөн. Әрі Оразмағанбеттің бұдан әрі Аралға жеткенше осындай қолайлы жер болмайтынын айтқаны көңілге қона кетеді. Бейқам қалыппен белдіктерін босатып, арақ-шараптарын ішіп, масайрай бастайды.

Түйелер кем-кемнен бытырап, ұзай береді. «Бұл қалай болды?» деп, аңқаусыған әкем қасындағы сенімді бірнеше адамымен «Түйелерді солдаттардың аттарымен қоса жиыстырып айдап әкелеміз» дейді де кері қарай бет алып, Қабырғадан бір-ақ шығады. Ақ гвардияшылар осылай құла дүзде қала беріпті.

Оразмағанбет Міндетбаевтың ұзақ жылдарғы еңбек және жауынгерлік қызметі кезінде лайықты бағасын алды. II дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Венаға ерлікпен шабуыл жасағаны және алғаны үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысы жылдарында жанқиярлықпен үздік еңбек еткені үшін» және басқа медальдары мен КСРО Қаржы министрлігінің «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісі, 1950 жылдың наурызында берілген «Бірінші рангілі қаржы қызметінің кіші кеңесшісі» атағы — әкеміздің бізге қалдырған тәбәрігі. Есімі мен қысқаша өмірбаяндық дерегі «Шалқар» энциклопедиясына енгізілді.

Ғұмыр бойына ел-жұртына адалдықтан, кәсібіне сүйіспеншіліктен бір сәт ажырамаған әкеміз бізге — ұрпағына кісіліктің үлкен үлгісін сіңіріп кетті. Жоғарыда баяндағанымдай сегіз баладан қалған бесеудің үлкені Әпила өткен жылы тоқсан жасқа жақындап, дүниеден өтті. Ғұмырының ұзақ жылдарын Шалқар аудандық аурухананың бас есепшілігіне арнады. Онан кейінгі Сәбира да есеп қызметінде абыройға ие болды. Бақытжан апам болса — партия, кеңес органдарында лауазымды қызметтер атқарды, зейнет демалысына шығар қарсаңында ұстаздық қызметте болды, Шалқар ауданының құрметті азаматы. Қарындасым Гүлсім Орал қаласында облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары болды, таяу жылдарда дүниеден озды. Сайрам соғысының қаһарманы, әйгілі Тілеу батырдың ұрпағы — анамыз Шыбықтың маңдайына Алла небәрі елу бес жыл сыйлаған екен, жаны жәннатта болғыр әкемізге адал жар, сенімді серік қалпынан ауытқыған жоқ. «Жүзінен иман төгіліп тұратын осы бір асыл жанның еңбегін қайтара алдық па, жоқ па?» деген сауал сананы сілкілейді де тұрады.

Тәңірінің бергеніне тәубе дейміз, зайыбым Ғалима екеуміз көздің ағы мен қарасындай қызымыз Айнұрды заманына қарай оқытып, құтты орнына қондырдық. Бағымызға тәрбиелі ортадан шыққан Асқар күйеу бала болып кезікті. Екеуінің бізге деген ақжарма пейілінен жасымыздың егделікке бет алғанын да ұмытқандаймыз. Немерелеріміз Әлихан, Нұрасқан, Данабек мынау қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда сән-салтанатты көшке ілескей дейміз. Ерлі-зайыпты екеуміздің қасиетті Дубай қаласына сапар шеккендегі Аллаға мінәжат етіп, ең басты тілегеніміз де осы еді.

Ұрпағыңды желеп-жебеп жатқайсың, Әке-Ана!

 Ғалымжан МІНДЕТБАЕВ,

еңбек ардагері, зейнеткер.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button