Тарих

Өлшеусіз еңбектің өтеуі

Әулет

Саналы ғұмырын ұрпаққа үлгі боларлық игілікті істерге бағыттаған жандардың ел алғысына бөленіп, бедел биігінен көрінетіні ақиқат. Соның ішінде, бүтін бір әулет мүшелерінің бір саланы түбегейлі түлетуі арқылы елге танылып, үлгі-өнеге көрсетіп жүргендері де бар. Сондай шаңырақтың бірі — Нұрғалиевтер әулеті. Білікті де білімді маман даярлауда ұстаз еңбегі өлшеусіз десек, бұл әулеттің мүшелері осы құрметке лайық деп айтуға толық негіз бар.

 

Шәкірт тілегі

Математика — нақты ғылым. Осы ғылымның тізгінін ұстап, өмірде де нақты мақсатқа жету жолында өлшеусіз еңбек еткен ардақты ұстаз Төлепберген Нұрғалиевтің еңбегі бүгінде ел есінде. Алматыдағы қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін 1961 жылы математика және физика мамандығы бойынша үздік бітірген жас маман еңбек жолын Байғанин ауданының Оймауыт елді мекеніндегі жаңадан ашылып жатқан Жаңажол орта мектебінде қарапайым мұғалімдік қызметтен бастайды. Туған елде еңбек етуді азаматтық парызы санаған Т.Нұрғалиев кейін осы мектепте директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, директорлық қызметтер атқарды.

Әкем Төлепберген Нұрғалиұлы өмірінің ақырына дейін шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық еткен жан. Биыл әкемізден дәріс алған түлектердің мектеп бітіргендеріне 50 жыл толды. Өткен оқу жылының соңында Оймауыттағы бұрынғы Жаңажол, қазіргі Сағи Жиенбаев атындағы орта мектепте түлектердің кездесу кеші ұйымдастырылды. Сол кездегі мәліметтер бойынша, бір кластан 2-3 ғана бала арнаулы оқу орындарында білімін жалғастырса, қалғандары — жоғары білімді мамандар. Әкемнің шәкірттерінің қатарында ұзақ жылдар аудан әкімі болған Бердіхан Кемешев, медицина ғылымдарының кандидаты Иса Тәжединов, ардагер ұстаз Данағали Кенжебаев, Боранбай Әлиұлы, сондай-ақ, Мұрат Мұханбетқалиев, журналист Әділхан Меңдіхан, Әбухан Орнашбаевтар бар. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дегендей, кездесуде ұстазын ұлықтаған шәкірттердің сөзі жүрекке жылы тиіп, әкеге деген ыстық сағынышымызды одан әрі еселей түсті, —  дейді Төлепберген Нұрғалиевтің қызы Гүлнара Тәжіғалиева.

Ардақты ұстаз, аяулы әке Төлепберген Нұрғалиев 48 жасқа қараған шағында дүниеден озды. «Ауылға жас маман болып барған шағымда әкем ауырып жүрді. Бойындағы ауруына қарамастан, менің күнделікті сабақ жоспарларымды тексеретін. Жастайынан жетім өскен әкем бала күнінде жоқшылықты көп көрген. Әкесінің мал-мүлкі тәркіленіп, кейін ата-анасынан айырылған ол ағайындардың  тәрбиесінде өседі. Сөйтіп, ағайынды Аманғос пен Төлепберген бір шаңырақта тәрбиеленіп, өсе келе екеуі де ұстаздық жолын таңдайды, ағарту саласына көп еңбек сіңірген жандар. Үлкен атамыз Аманғос Нұрғалиев Ұлы Отан соғысының ардагері, кеңес әскерлерінің құрамында Ленинград блокадасына қатысқан жауынгер. Бүгінде атамыздың «Қызыл жұлдыз» ордені мен «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдары оның майдан даласындағы ерлігін дәлелдеп тұрады. Аманғос атамыз соғыстан кейінгі жылдары Шымкент қаласындағы педагогикалық институтты сталиндік шәкіртақымен аяқтаған. Бүгінде ел аузында ағайынды Нұрғалиевтер деп айтылып, тіпті жатталып қалған қос ұстаз туған өңірде табан аудармастан еңбек етті, көптеген азаматтардың қалыптасып, қатарға қосылуына қамқорлық танытты. Мысалы, математика ғылымының докторы, профессор Кенжеғали Кенжебаевтың өзі күні бүгінге дейін әкемнің шәкірті болғанын зор мақтанышпен айтады», — дейді Гүлнара Төлепбергенқызы.

Өзінің баласы арқылы өзгенің баласын тәрбиелеуді өмірлік ұстанымы еткен жанның оқушыға сабақ үйретудегі әдісі тым бөлек еді. «Әкем көп сөйлемейтін. Алдындағы шәкірттеріне дауыс көтермейтін, тек көзбен, қабақпен және сұқ саусақпен  ғана жұмыс жасайтын. Оны бәрі біледі. Әкемнің ұйымдастырушылық қасиеті жоғары болды, сол қасиетті қазір өзімнен көре аламын. Сабақта да оқушылармен еркін қарым-қатынас қалыптастыруға тырысамын. Өйткені әкем ылғи да маған «оқушыны өзіңмен тең ұста» дейтін», — дейді Г.Тәжіғалиева.

Бүгінде ағайынды Нұрғалиевтердің есімі Байғанин ауданы энциклопедиясына енген. Енді осы ұстаздар әулетінің ұрпақтары әке рухын ұлықтау үшін аудандық тарихи-өлкенату мұражайымен тығыз байланыста жұмыс жасауға бел буып отыр.

Әке таңдауы

Төлепберген Нұрғалиев пен Айша Шудабаеваның шаңырағында жеті бала өмірге келді. Гүлнара, Гүлшара, Дархан, Өмірбек, Алтынбек, Нұржанат және Ақнұр — бұлардың бәрі де жоғары маман иелері. Әкенің жолын қуып, ұстаздық етуді таңдаған төртеудің бүгінгі тірлігі — ағарту саласына сүбелі үлес қосу. Әсіресе, ұлы Дархан Әжімбаев әкесі секілді математик болуды қалап, қазір осы ғылымның қыр-сырын толық меңгеріп, кандидаттық диссертациясын да қорғады. Бүгінде ол Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде оқытушылық қызмет атқарады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен шәкірттерге дәріс беретін  Нұржанаты мен Ақнұры да — бірнеше марапатқа ие болған белгілі ұстаздар. Бұл орайда Гүлнараның есімін ерекше атаған жөн. Өйткені оның ұстаз болып қалыптасуына әкенің ықпалы зор болды.

1980 жылы Оймауыттағы орта мектепті тәмамдадым. Алдымда «Кім боламын?» деген сұрақ тұрды. Әуелі маған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болсам ба екен деген ой келді. Сол кезде әкем айтты: «Ұстаздық жолды таңдағанда, оның ішінде математика, қазақ тілі секілді пәндерден дәріс бергенде, оқушыға сабақ түсіндіргеннен басқа қосымша жұмыс болады. Ол — дәптер тексеру. Бұл — ұстазға өте жауапкершілікті әрі қосымша еңбекті қажет ететін шаруа. Онсыз да тұрмыс құрғаннан кейін алдыңда үй шарусы, бала күтімі дегендей жұмыстар күтіп тұрады. Сондықтан мен сенің мамандық таңдауыңа көмектесейін. Педагогика саласына бүйрегің бұрған екен, географияны таңда. Егер оқушыларды бұл пәнге қызықтыра білетін жақсы маман болсаң, ел аралып, жер көресің, әлем елдеріне саяхаттайсың, ізіңнен көп адам ереді, оларды өзіңмен бірге ала жүресің. Мұны мен сенің ертеңгі жұмысыңды кішкене де болса жеңілдету үшін айтып отырмын». Расын да, солай екен. Қазір ойласам, сондағы әкемнің айтпағы, балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде ұзтаздықтың қиын мамандық екенін, әйтсе де соның ішіндегі жеңілдеуі деп түсіндіргені — осы география пәнін таңдағаныма әлі күнге дейін қуанамын, — дейді Гүлнара Төлепбергенқызы.

1985 жылы Орал қаласындағы педагогикалық институтты тәмамдап, әкесінің ізімен еңбек жолын Оймауыттың мектебінен бастаған Гүлнараның шәкірт бойына білім нәрін сіңірте білудегі өлшеусіз еңбегі еленбей қалмады. Ол 2001 жылы үлкен  олимпиадаларға, ғылыми жобаларға оқушылар дайындаған тынымсыз еңбегінің арқасында «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Бір қызығы, Нұрғалиевтер әулетіне түскен келіндердің көпшілігі де ұстаздық еңбекті таңдаған жандар.

Жетеудің жарысы

— Әкем спортты жақсы көрді. Әлі есімде, сенбі, жексенбі күндері балаларының арасында шахмат, дойбыдан жарыс өткізетін. Сөйтіп, жетеуіміз өзара бақ сынаймыз. Әкеміз ойында жеңгендерді сол күні әжеміздің үйіне қонуға не киноға жіберуге ынталандыратын. Балауса әжеміз әкемізді бауырына басып, өз баласымен тең өсірген жан. Елге сыйлы адам еді. Әжеміздің үйіне бару үшін өзара таласып, тартысты ойын жасайтынбыз. Әрине, ол кезде ауылда одан басқа қызық жоқ. Өз басым үйде ұйымдастырылатын жарыстың арқасында мектепте дойбыдан оқушылар арасында чемпион болып, суретім тақтада ілініп тұрды. Спорттан жетістіктері бар оқушылардың қатарында менің де  атым аталатын. Осының бәрі отбасынан алған тәрбиенің жемісі деп білемін. Әкем өзгенің баласын оқыту үшін әуелі өз балаларын осылай тәрбиелеуге тырысқан жан. Әкемнің бізге берген тағы бір өнегелі тәрбиесі — кішкентай кезімізден бізді қоғамдық орындарда жүріп-тұру мәдениетіне үйреткені. Жазғы демалысқа шыққан кезімізде әрқайсысымызды кезекпен қалаға ерітіп әкеледі. Сосын мейрамхана секілді мәдени орындарға ерітіп барып, ол жерде кезекке тұру, қасық пен шанышқыны қалай ұстау, отыру, жүру, тіпті аяқты қалай басу керектігіне дейін айтып, түсіндіруден жалықпайтын.

Ал анам Айша Шудабаева әкеміздің бар жағдайын жасап, үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысты. Алайда көптеген замандастары анамызды «оқымаған академик» деп жатады. Анамыздың орны ерекше. Ол кісі оқымаса да, өмірден түйгені көп еді. Екі жаққа тең қарап, жетімдердің жетіліп, қалыптасып кетуіне қамқорлық жасаған жан. Әкеміз алдыңғы екеуімізді ғана оқытып үлгерді. Қалғандарымыздың қатарға қосылып, жоғары білім алып, отау құруымызға анамыздың сіңірген еңбегі зор болды. Әкем өмірден озғанда жеті баланың кенжесі Ақнұр бар болғаны 6 жаста еді. Қазір оның өзі бала өсіріп, шәкірт тәрбиелеп отыр, — дейді Гүлнара Төлепбергенқызы.

Бүгінде Ақтөбедегі М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың директоры Гүлнара Тәжіғалиева ардақты ұстаз Мақсот Құсайыновты екінші әкесі санайды. Гүлнара мамандықты әкесінің таңдауымен, ал үнемі ізденіс үстінде жүріп, жақсы маман болып қалыптасуына, тіпті жар таңдауына Мақсот ағайының ықпалы зор болғанын ерекше атады.

— Менің өмірім мектеп-интернатпен, бала тәрбиесімен тығыз байланысты. Бұл білім ордасы облыстағы көшбасшы мектептердің бірі. Сондықтан бүгінгі күні біз жаңартылған білім беру мазмұнына, жаңа форматтағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге алдын ала дайындықты бастап кеттік. Білім берудің жаңа стандартына сәйкес, оқушының жаңаша үлгіде білім алуына мектеп-интернатта барлық жағдай жасалған, — дейді Г.Тәжіғалиева.

P.S. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Туған жерге тағзым!» акциясы шеңберінде Нұрғалиевтер әулетінің ұрпақтары өздері білім алып, оқыған Байғанин ауданы Оймауыт елді мекеніндегі С.Жиенбаев атындағы орта мектептің математика кабинетін толықтай қайта жарақтап, жаңғыртты. Акция аясында кабинетке қажетті құрал-жабдықтар мен көрнекіліктер сатып алынған. Әке рухына тағзым ету әрі оның еткен еңбегін жастарға насихаттау — бүгінгі ұрпақтың міндеті.  Енді бұл мектептегі үздік оқушылар мен ұстаздарға Нұрғалиевтер әулетінің атынан арнайы шәкіртақы тағайындалатын болды. Жылына бір рет берілетін шәкіртақы оқу жылының қорытындысы бойынша өз иелеріне табысталады.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Прочитав статью о семье Гульнары Тажигалиевой хочу сказать следующее:меня переполнили светлые эмоции, в том числе гордость и восхищение.Для начала надо отметить важность и актуальность поднятых в статье тем. Такие педагоги, о которых повествуется в статье дают надежду всему социуму, пример молодому поколению. Однако,наличие вдохновляющих статей, подобных этой очень важно для формирования ценностных ориентиров и установок общества, огромное спасибо автору.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button