Тарих

Шығанақ Қазақ елінің еңбек паспорты

Алдағы аптада, дәлірек айтқанда, 23-24 қыркүйек күндері Ойыл ауданында, әуелі Қаратал ауылында, келесі күні аудан орталығында атақты тарышы Шығанақтың туғанына 135 жыл толуына арналған кең көлемді мәдени шаралар өтпекші.

Шығанақ, басқасын былай қойғанда, тары өсіруден өзі жасаған әлемдік рекорды кейін еш қайталанбағандығымен де ерекше тұлға.

Белгілі журналист Идош Асқардың осы тұлға туралы осыдан он жыл шамасы бұрын жазған төмендегі мақаласы тары мен тарышы, рекорд пен рекордшы туралы ғана емес, ел мен жердің ешқашан ескірмейтін мәңгілік мәселелерін таратып баяндаумен де құнды. Осы себептен де бұл дүние тап қазір де, кейін де көпшілік санасындағы көп ойларды оятатыны анық. Мақаланы сондықтан да сол күйі ұсынып отырмыз.

«Шығанақ…

Мен айтпасам… бұлт айтады.

Бір кезде ісіп-кепкен жұрт айтады…»

Ертай Ашықбаев.

 

Алдағы жылы тары дақылын өсіруде дүниежүзілік рекорд жасаумен әлемге әйгілі болған атақты дихан Шығанақ Берсеевтің туғанына 125 жыл толады. Кезінде есімі елдің аузынан түспеген осы адам социализмнің қиыр-шиыры мен түсініп болмайтын кейінгі өзгерістерде тасада қалып, жұртының жадынан кетіп барады. Мұны өкінбей айта алмайсың. Осымен байланысты республикалық «Жас Алаш» газеті 2005 жылғы 15 қаңтар күнгі санында (№4) журналист Баян Сәрсенбинаның «Шырғалаңға түскен Шығанақ», «Егемен Қазақстан» 18 қаңтар күнгі санында журналист Бердібай Кемалдың «Ақ тарының атасын ұмытқалы көп болды» деген материалдарын жариялап, ақ тарының атасын есте қалдыруды жаңғырту керектігі жөнінде орынды мәселе көтерді.

Осыдан кейін, оқырман тарапынан аталған материалдардағы мәселені қолдайтын, мақұлдайтын пікірлер жарық көруі керек секілді еді. Көрінген жоқ. Сірә, кеше «бесжылдықтың балғасын солқылдата соғып» мігір таппаған жұрттың бүгінгі ұрпағы рухани өсуге жетелейтін ішкі жан дүниені емес, пайдасы қай жерден қалай көрінері беймәлім ішкі жалпы өнімді еселеудің шаруасынан босамай жүрсе керек.

Сірә, елдік мәні бар естеліктер жалқыға емес, жалпыға бірдей қымбат көрінуі үшін ол елеулі әлеуметтік, саяси сипатқа ие болып, ұлт пен отандық тарихтан маңызды орын алуы тиіс. Шығанақ Берсеевтің бұл талаптарға толық жауап беретіндігіне оны білетіндер күмән келтіре алмас деп ойлаймын. Әрине, ұмытпау деген әйгілі диханның есімі күнде ауыздан түспесін, төбеде желбіреп тұратын тулар мен жалауларға айналуы керек деген сөз емес. Есте сақтаудың да сақтауы бар, мәселе — сол қиын-қыстау шақтарда жұрты үшін жан аямай, естілік пен табандылықтың, адамгершілік пен келісті кісіліктің, ақыл мен парасаттың ерекше үлгісін көрсеткен Шығанақ мысалды ұдайы еске алып жүрердей сақталатын белгілердің түрлері мен мәнінде және соларды тәлім, тағылым үшін ұрпақтан- ұрпаққа жалғап, жеткізуде. Мұндай тұлғалардың өмірі елдің жасампаз тарихы болып өрілетін болғандықтан, оларды ұмыту — өткенді, өткендегі кімнің кім, ненің не екенін танудың сабақтарын зердеден кетіру болып табылады. Кейінде қалғанның бүгін мен ертеңге керегі де, керек емесі де, әрине, көп. Керек еместеріне сірә да сөз жоқ, олар кезінде тіршіліктің әлдеқандай қажеттеріне жарады, жарамады да, уақыттың ұзын көшінде, қысқа ғұмыр кешумен, ере алмай қалды да қойды. Ал керегі — жекелей алғанда адамның, тұтастай алғанда адамдар қауымының ешуақытта да түзу тартпайтын қиыр, шиыр жолдарын адаспас үшін ұдайы сәулелендіріп тұратын тағылымды тәжірибелер. Шығанақ ізделсе, енді оның өзіне қажеті жоқ атақ, даңқын шығарып қызықтау үшін емес, қилы-қилы замандарда ашқа тамақ, жыртыққа жамау болумен өткен Шығанақ — ойды, Шығанақ — істі, Шығанақ — ықыласты ұрпақтар санасында қалдыру үшін ізделеді. Қазақ көркемсөзінің кемеңгері Әбіш айтқандай: «Дүние шексіз. Өмір шекті. Бұл түпқиянаттың түбегейлі есесін келте дәурен сүріп, кескекті ғұмыр кешетін тек осындай ересен талантпен, ерен өнермен ғана қайтара алмақшымыз» («Фариза». «Егемен Қазақстан». 21.01.05 ж.).

Осы есімнің ұмытылып бара жатқаны үшін кешегі де, бүгінгі де ұрпаққа өкпе айтайын деген ниетім жоқ. Бірақ бұл белгілі тұлғаны ұмытудың себептері мен салдарын пайымдауға кедергі жасамаса керек. Егер біз оларды орнымен айта алсақ, онда бұл ретте қоғам мен адамның жайына сірә соқпай кету жоқ.

Сонымен есімі еңбек тарихында қашалып жазылған дейтіндей ұлы тұлғаны ұмытудың көп себептерін іздеп көрсек, оның бірі — заманды пайымдауға, көрген, тапқан көп кемшілікті соған аудара салуға жетелер еді. «О, неткен қатал, есалаң кезең едің?!», «Кәзіргі уақыт дегенің — адамдардан сенім-дін кеткен уақыт, бұл шақ — өтіріктің шағы». «Біздің тұсымыздағыдай оңбаған уақыт болмаған». Өз замандары туралы осындай қатал «үкім» шығарған, біздің дәуірімізден бұрын өмір кешкен римдік атақты ақын Катуллді, он бірінші ғасырдағы Исламның ірі теологі ретіндегі асқан бедел иесі, шейх, имам Әбу Хамид әл-Ғазалиді, Қайта Өрлеу дәуірінің басы, даңқты Петрарканы мысалға алуымның себебі, сірә, өз заманына риза болмау таңданатындай іс емес секілді. Сол «қатал», «дінсіз», «оңбаған» дәуірлер де адами биіктен көрінген сол ұлыларын ұмытқан жоқ, оларды асқақтатумен алдағы уақыттарға жеткізіп салған. Ал бізде арғыны айтпағанда күні кешегі «социализм» жылдарынан қадірлеп, қастерлейтіндей не қалды, кім бар?

Сексенінші жылдардың соңына таман менің қолыма, сәті түсіп, диханның шынайы өмірі мен ісі туралы баяндалған қолжазба келді. Оның авторы — Шығанақтың тұңғышы, 1908 жылы, яғни диханның 29 жасында туып, ересек уақыттың көпшілігін әке қасында өткізген Махмұд ұл маған сол қолжазбаны тапсырып тұрып: «Қарағым, мына жазуларымды ал, пайдаға жараса жарыққа шығарарсың, жарамаса, мұрағаттағы құжаттарына қосып қоярсың» деген еді. Ол кез қайта құру аласапыранының Одақтың ыдырауына жалғасқан бір беймәлім шағы, оның үстіне бұқаралық ақпарат құралдары да қаржымен байланысты әрі-сәріге түскен жылдарды, оған өзге де әртүрлі сипаттағы себептер қосылып, қолжазбамен айналысуға мүмкіндік табылмаған. Боямасыз, қызылсөзсіз, мадақтаусыз, қарадүрсіндеу, бірақ ақиқат екендігіне көз жеткізетін тілмен жазылған бұл жазба Шығанақтың эпикалық тұлға екендігін иландыруымен таңдандырды.

Жазушы Ғабиден Мұстафиннің «Шығанағы» мен бала Махмұдтың әке Шығанағы арасында ұқсастық жоқтың қасында. Оны Шығанақтың елдестері жақсы біледі. Социалистік реализм әдебиетіне ол коллективтендірудің қара тер қайраткері, тары өсіруден рекорд жасаушы, кеңестік патриот ретінде ғана керек еді, романда ол солай болып шықты да. Белгілі осы көркем туынды арқылы танылған Шығанақ, негізінен, бір ғана 1943 жылғы рекордтың кереметі, одан басқа оның арты да, алды да жоқ — аяқ астынан кездейсоқ пайда болған адам секілді еді. Оның баласы Махмұд қалдырған мына жазбаларға қарап отырсаң ол кездойсоқтың адамы емес, тіптен қай заманда да шаруа атаулының қандайы да бұл текке үйлесе кететіндігі аңғарылады. Өйткені баба да, ата да, әке мен бала да қолға алған игілікті істің бәріне де жан-тәнімен кірісіп, соларды маңдай термен көгерткен. Жазбаның бір құндылығы — мұнда жұртымыздың отбасылық, ағайындылық аясы, өкінішке қарай, ұмытылып бара жатқан бүгінде, қай ісі де өзара ынтымаққа, адамгершілікке бастаған кешегі салт-дәстүрлі, жоралы тіршілік-тұрмыстың қадірін еске салады. «Ағайын — ащы, мал — тұщы» жұртта әдетте елдік жоқ, ондайлар алдамшы өмірді жалған қызықпен қызықтауы мүмкін, алайда екі дүниеде де ақылы мен жан дүниесін риза ететіндей байып табуы мүмкін емес. Жазбада осылар тікелей айтылмағанмен астарлы түрде терең баяндалған. Шығанақ — сол дәстүрлі тәрбиенің жемісі, кейін бүкіл әлемді таңғалдырған, әлі де таңқалдыра беретін ғажайып рекордтың өзі. Әйгілі тары өсірушіні бұдан басқаша сипаттау қиын. Біз оның рекордын білеміз дейік, одан Шығанақтың шын мәніндегі шеберлігі көрінеді. Ал ол өмір кешіп, еңбек еткен, осындай аса көп өнім алған жылдарындағы жалпы елдегі жағдайды бүгінгі ұрпақ білеміз бе? Сөз жоқ, ол кезді мына аға буынның көзі көріп жарыған жоқ, ал оны тек экономикалық, қоғамдық қатынастар ғана емес, сонымен бірге адамдық қатынастар да өзгерістерге түскен бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Осыдан жиырма жыл шамасы бұрын сол Ойыл ауданындағы бір орта мектепте шығарма жұмысын жазған бір оқушы Шығанақты «күріш өсіруші» деп кейінгі, қызылордалық Ыбырай Жақаевпен шатыстырған. Содан бері тағы бір ұрпақ есейді. Әрине, өсірушіні ұмытайын деп ұмыту емес шығар. Оның себебі — оны көрген, білген аға буынға Шығанақтың адам ретіндегі өзі керек емес еді, тек рекорды керек идеология оны өзінің лайығымен рухани дәрежеге көтере алмауынан деп есептеймін. Оның табан ет, маңдай термен десе дегендей керемет егін өсіруі маған Микеланджелоның Сикст капелласын безендеруі қайратын еске түсіреді. Бірақ ол данышпанға оны қашап шығуға уақыты мен жағдайы мүмкіндік берді. Ұлы диханда ондай мүмкіндік болған жоқ. Сондықтан да Шығанақтын кемеңгер кісілік тұлғасын тану үшін бүгінгі де, ертеңгі де ұрпақ алдымен ол өмір сүрген уақыт пен ортаны танып, білуі керек. Өйтпейінше, оның тек әйтеуірі, тары өсіргеннен өзге шынайы адами, қайрат қырлары ашылмайды. Оларды ашудың қажет болатын негізгі себебі, дихан — қиялдағы ғаламат өнімді алу жолында ауыр еңбекпен жүріп адам басына бермесін дейтіндей небір азаптарды жеңген ғажайып тұлға. Махмұд Шығанақұлының жазбаларында әкесінің өз аузынан тікелей естіп, жазып алған жолдар бар. Дихан мұнда болмысының бірқалыптығына тән мінезбен, өмірдің не қызығын, не қиынын аңдатпай-ақ, тіршілігінің жылнамасын кезек-кезегі ретімен ғана баяндап шыққанмен, заманы кезіктірген қасіреттер аралас, драматизмге толы азапты ғұмыр кешкендігі осы жазбалардың жалпы мазмұнынан айқын көрінеді. Шығанақ былай дейді: «Менің жасым 63-те. Оның 36 жылын патша өкіметінде өткіздім. Есепке зейінім болғанының арқасында, Көкжар жәрмеңкесінде жылына екі ай шайханада тамақ ішкен адамдардан ақша жинаушы болып жалданып, ол жұмысты 16 жасыма дейін істедім. 17-ден 20 жасқа дейін сол жәрмеңкеде уақытша құрылған ресторанда екі ай даяшы болдым. 20-дан 22 жасыма дейін Гурьевте балықшы әрі үй жұмысшысы болдым, бір қазақ офицерінің үйінде тұрдым. 23 жасымда Қобда бойындағы бір бай табынның (ру — И.А.) 25-30 гектар жерін жыртып, шөбін шауып, егінін орып, еңбегіме астық алдым. Сол егінді орып жүріп, қаракөк үш ноқат белгісі солдан оңға оралған тарының бір шелегін қолмен уқалап алып, інім Таңатарға бердім. Өзім 24 жасымда үйлендім. Әкем Берсе Ойылдың татары Хұсайын деген адамның тері-терсек, жүн-жұрқа жинайтын агенті болып жасаушы еді. Ол — тек Ащыойылдың сағасына дейін жайлайтын алты рулы кетелердің арасы. Оған да көмектескенімнің арқасында жүн сорттау, теріні дұрыстап тұздап, бүктеу әдісін де білетіндігімнен мені үйленгесін, Хұсайын жалдама адамы қайтыс болғандықтан, Сағыз бойын жайлайтын ожырай кетелерден тері-терсек жинаушы етіп жалдап алды. Сол жұмыста 1918 жылға дейін жүрдім. 1917 жылдың күзінде егетін де, оратын да інім Таңатар аз ауырып, дүние шекті. Егіс егуге, оруға жас кезімнен қатыстым. Әкем аңшылық та құратын, қарашаның 15-інен ақпанның 15-іне дейін қақпан салады, оған да жас кезімнен қатысқандықтан аңшы да болдым, терілерін көріп кептіру әдісін үйрендім. Не жаңалық кездессе де, оны зерттей жүретін дағдым болды. Көбін қолдана білдім. Шешем Шалқау әйел болса да 17 жасынан тек Мырзатай тұқымы емес бүкіл жұлдызға ақылгөй болды десем артық болмас. Ол кісінің қолынан әйел жұмысы да, ер адамның жұмысы да келетін. Өте шебер еді. Сол кісінің темір соғу, етік тігіп, жамау, ағаш жұмысы тағы басқа өмірге керекті өнерлерін іске асыра білдім. Осының арқасында малды да, басты да болдық. Жұлдыздың (ру — И.А.) ортасында ене келдік. 1918 жылы тары оруға өзім қатысқанда 1904 жылы Таңатарға әкеліп берген баяғы «белгіленген» тары көзіме шоқтай басылды. Оны жеке түптей орып, аяқпен басып, жиып алған дәнім 6 пұт болды. Оны бөлек екі кеспекке салып, көмген жерімнен ұрлаттым. Егіс кезінде қолыма түспеді. 1919 жылғы тарыны еккен Таңатар мен Махмұд еді. Ол егін шықпады. «Сол» белгіленген тұқымның қалдығын іздестіріп жүріп 2,5 пұт жинадым. 1920 жылдың жазында балықшылықтың көмегімен төрт үй бірігіп, түйе шығыр салғанда сол тұқымның арқасында сол заманға көп астық алсақ та тумаларымызға сенбей, Қоңыратқа кеткенде, болашақты ойлап екі кеспек дәнді қыстау ішіне және «Елемес шоқының» баурайына — екі жерден ұра қазып, арасын 500 метрдей етіп, 10 пұттан көміп кеткен едім. Қоңырат-Қожеліден 1923 жылы қайта көшіп келсем, қыстауымды ағайындарым сатып жіберген. Ал «Елемес шоқыдағы» ұраны таба алмадым. 1923 жылдан 1927 жылға дейін Қырықобада Ойыл мұжықтарының сиырын бағып, күнделік жалдамамен егінін айдап, орып, күн көрдім. 1938 жылы Қарасу бойынан шымнан үй салып, ТОЗ-ға мүше болдым. Кейін колхозға айналды. Бірақ Голощекиннің кезіндегі асыра сілтеуден колхоз нашарлады. 1931-33 жылдары аштықта болдық. Осы кезде көмбемді тауып алдым, 20 пұт тары бұзылмаған екен. Балаларға көже болды. Оған қосымша тағы өзімдей еңбекке жалықпайтын үш үйді қосып алып, Ойыл аудандық тұтынушылары одағының сүзбе ауымен саудаға балық тапсырып тұратын болып, келісіммен жұмыс істедім. 1936 жылдың наурызында өзімнің үйімді өзіме қайтып берді. Ондағы екі кеспек те бұзылмаған екен. 1937 жылдың жазында күнге кепкен ескі шығырымды қайта іске асырдым.»

Осыдан көрінгендей, оның бозбалалық, жігіттік шақтары жазылып еңбек етіп, жарқырап көрінетін уақыт емес-ті. Ал енді 1917 жылдан бастап, өмірден өткен 1944 жылға дейінгі аралықтың жылнамасы бір ғана түс-қанмен жазылған қилы кезеңдер еді ғой. Қазан төңкерісінен кейін одан да бетер ауыртпалыққа ұшыратқан азамат соғысы, оған іле-шала жалғасқан 1921 жылдан 1933 жылға дейінгі жаппай ашаршылық, елді тоз-тоз еткен коллективтендіру мен халықтың сүйегіне тұрғызылған индустрияландыру, 1937 жылдан 1954 жылға дейін созылған репрессия адамнан адамдықты кетіріп, елдің есін алған қаралы, ұзақ жылдар болды. Бір ғана 1921 жылғы ашаршылықта қазақтың саны үштен бірге азайды, 1930-1933 жылдар арасында тағы да 2 млн 200 мың адам аштықтан қазаға ұшырап, 1 млн адам босқын болды.

Шығанақ нақ осы кезде өмір сүріп, еңбек етті, нақ осы кезде айдай әлемге өзінің, аулының, қазақ халқының, КСРО мемлекетінің даңқын шығарды. Оның бүкіл өмірбаяны осы оқиғалармен сабақтас, тіндес өрбітілмейінше шынайы Шығанақты, әрине, тану жоқ. Өкінішке қарай, осы аттас романда бұлар мүлдем көрінбейді, оны коммунистік идеология сірә да айтқызбады. Сөйтіп жүргенде, уақыт шіркін жүйрік, кем дегенде екі ұрпақ алмасып, бәрі де ұмытылуға айналып барады.

Әлгідей қасірет жылдары адами ынтымақ адыра қалып, туыс туыстан безіп, қауым тоз-тоз ыдыраған, әркім де әйтеуір тірі қалудың амалымен бірін-бірі жеуге дейін барған зобалаңда мынадай өміршең үлгі істеу үшін тек шебер мұраб болу жеткіліксіз, ол үшін философ мұраб, иманнан жаралған мұраб, отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын ер мұраб керек-ті. Солай болған Шығанақты, мүмкін, көркем әдебиетте орасан зор бейнелеу қуатымен өрнектейтін перзент келер де… Дұрыстап айту біздің қолымыздан келіп жарымады.

Біздің бүгінгі күніміздің райына риза еместер де жеткілікті. Бірақ ол — Шығанақтың уақыты қасында ойыншық қана.

Түпкі тамырына тарта берсе, түркілік нәсілге кететін ұлы ойшыл Николай Бердяевтің «өзіне нан табудың әрекетін жасау — материалдық әрекет, өзгеге нан табудың әрекеті — рухани әрекет» деген сөзі еске түседі. Әдетте, руханилық деген қастерлі де биік ұғымды әйтеуір көп оқыған, тек жөнімен сөйлеп, жөнімен іс істейтін, ешкімге зияны жоқ, бірақ пайдасы да болып жарымайтын, ұтысты жер тауын кейде көсем, кейде шешен көріне кететіндерге таңу секілді қателесуден де жаман жаңсақтық бар. Жоқ, руханилық Бердяев айтқан пікірге саяды. Әрине, нан тауып беру әрекеті деген астарлы ұғым, жан-жағына, қауымға, халқына жасаған игілікті қызметтен асқан руханилық, имандылық болуы мүмкін емес. Бұлар Махмұд естелігінің әр жолында Шығанақ ықыласпен сайрап тұр.

Ел ел болған соң кеше де, әсіресе егемендік келгеннен бері ауыл-аймаққа ғана мәлім есімдерден бастап, белгілі де, белгілілігі көп еместерді де негіздеп те, негізсіз де әйгілеп, мерекелеуде. Сол асып-тасқан, ағыл-тегіл мереке-жиындарда еңбектің теңдесі жоқ данышпаны, «нан тауып беріп» көп жұртына аштықтан аман қалуға шапағаты тиген, кісіліктің кемеңгері, қашан да, қай заманда да қадірлі болуға лайық Шығанақ елде бір аталған жоқ. Шығанақ секілді тұлғалар ерекше жаратылыс ретінде ұдайы алаулап бүгін де, ертең де — барлық заманда да адамға, адамзатқа қасіретке қарай адаспаудың жолын жарқыратып тұратын құбылыс. Соның өзінде оны түп атасы Телғара әулеті тегінен бөліп алып қарауға болмайды. Шығанақтың Шығанақ болуына себеп, алдымен, әрине, оның өзінің туабітті таланты екенінде дау жоқ, алайда, оның негізінде өскен ұясы халқының қадірлі салты мен ұлағатты жол-жораларының мықтап қалыптасқан ошағы болғандығы назар аудартады. Ол — сол қасиетті көргенін ұшқанда іле білген адам. Уақыт көп нәрсені өзгертеді, өзгертуде көп нәрсе жоғалады да. Өзгерістің заңы солай. Сол өзгерістерде өкіндіретіні —  бұрын білмеген, көрмеген жаңаның пайда болуы емес, өзгермеуге, жоғалмауға тиіс құндылықтардың бәсі төмендеуі. Бұл — әркімнің де отбасының мейірімі, тума-туыстық, ағайындықтан ауыл-аймаққа, одан тұтас елге жалғасқан ықылас құндылығы. Адам Құдай бола алмайды, адамның күші, ақыл-ойының қуаты әп-сәтте Хиросиманы тып-типыл етуде немесе Марсты зерттеуде емес, отбасындағы берекеде екенін түсінбейінше, Шпенглер дұрыс айтқандай, тек Батыстың ғана емес, енді бүкіл адамзаттың адами күні сөнетін болады. Шығанақ болса, мейрімді ұяда туып, Жаратқан сүйсінетіндей адам болып өмір сүрудің үлгісін көрсеткен сирек тұлғалардың бірі. Оған тек осы үшін ескерткіш қойса да лайық болар еді. Махмұдты Шалқау әже кенжесі ретінде бауырына басқан. Ата жолының бір келісті дәстүрі — осы. Берсе әке де, Шалқау әже де өмірден кетіп, енді өзі шал болған Шығанақ ертең бар ма, жоқ па — соғысқа жіберер алдында Махмұдты «балам» деп қалу үшін өзіне туыс жасы үлкен ақсақалдар арасына барып, осым дұрыс па, күнәлі болмаймын ба деп алдарынан өтуі не деген адамдық белгі десеңші?!

Ал әзірге «Кеңестер Одағы жасасын» деумен кеше, егемендік келді деу дақпыртымен бүгін белгіліге де, белгісіздеуге де, алты алаштың мақтанышына да, алты үйдің қадірлісіне де естелік жасап, ескерткіш қоюдан қол босайтын емес, ой өрістемей тұр. Сосын біздің ел өзге жұртқа баррель, тонна, доллар арқылы танылатын секілді. Бекер. Олардан озу жуық жүзжылдықта мүмкін емес. Ал Шығанақ арқылы біз қазақ ешуақытта ешкімге де жеткізбейміз. Шығанақ — қазақ елінің еңбек паспорты.

Кешегі кері кеткен кезеңнің өзінде Шығанақ көзі тірісінде де, өмірден өткеннен кейін де біршама жылдар бойы ресми құрметтелді. Солай, әлгідей аласапыран өмірде жұртына қызмет етіп, емендей иілмей қалған оны «оңбаған» уақыттың өзі мойындап, илікті. Ол тары егісін алғаш бастаған 1938 жылы әр гектардан 37 центнерден өнім алса, келесі жылы — 69, 1940 жылы 125 центнерден алып, Одақ бойынша үздік көрсеткішке жеткен. Осы табысы үшін диханға елдің ең жоғарғы наградасы — Ленин ордені берілді. Ал 1941 жылы әлгі көрсеткіш 150 ц, 1942 жылы — 175 центнерге жеткізіліп, 1943 жылы бүкіл биология ғылымын таңғалдырған 204 ц, жиналды. Неміс фашистерімен шайқастағы Қызыл әскердің қорына тек өз есебінен 350 пұт тары, 50 мың сом ақша тапсырған тары өсірушіні Сталин: «Құрман» колхозы. Звено бригадирі Берсиев Шығанақ жолдасқа. Қызыл Армияға істеген қамқорлығыңыз үшін, Берсиев жолдас, Сізге рақмет! Біздің армияны ешбір күш жеңе алмайды» деген телеграммамен құттықтап, әлгі сыйлықтарын майдандағы солдаттарға жеткізу сапарымен барғанда оны Орталық Комитеттің хатшысы Маленков тікелей өзі бастап жүріп, Кремльдің көрнекті орындарын аралатты.

Содан кейін бір жыл өткен соң, ұлы соғыстың жеңіспен аяқталуына дәл бір жыл қалғанда, 1944 жылдың мамыр айында, қиян-кескі заманын қайратпен, парасатпен, адамгершілікпен жеңе жүріп, еңбекте ұлы болудың тамаша үлгісін көрсеткен адам 63 жасында өмірден озды. Бірақ ел-жұрты да, билік те биік өнімнің Шығанағын білгенмен парасаттың, тағылымның шынайы Шығанағын сол кездің өзінде біліп жарыған жоқ дедік, енді білуіміз — екіталай. Шығанақ өмір сүрген кезеңнің барлығы дерлік елде жоқтық пен таршылықта, азап пен ашаршылықта заманы. Жай уақытта, бейқам шақтарда тек жүру мен тік жүру қиын емес шығар. Ал енді жоқтықтағы жұрттың арасында жүріп, орасан зор естілікпен, жанын аямаған қайрат-жігермен жалпыға ортақ күн көрістің амалын жасау тарихтағы Мұса тұлғалы сирек жандардың мойнына түскен. Біз білмейтін Шығанақтың тіршілігіне тереңірек үңілсек нақ осыны көрер едік. Осы кезге дейін дұрыс айтылмай, жан-жағы ашылмай келген бұл шапағатты ғұмырдың енді сәті түссе жазуда жария болары анық. Жиырмасыншы ғасырдағы неміс ойшылы Карл Ясперстің: «Адамның адам жеуі енді жоқ, алайда ол кез келген сәтте пайда бола алады. Адамдарды жаппай қырып-жою енді кезікпес дегеннің өзінде әлі де жалғасуда. Біздің адамдық болмысымыздың шарты табиғи және адамдық құқықтармен сәулеленген ынтымақ болып табылады» («Смысл и назначение истории» Москва, издательство «Республика», 1994, 70 стр) деуін жоққа шығара алмайсын.

Ендеше, Шығанақтың рекорды коммунистік құрылымның идеологиясы құлаққа сіңірген тек биік көрсеткіш емес, бізге белгілі болса Шығанақ осымен ғана белгілі еді, оның негізгі рекорды — кеше ғана тек құлқыны үшін тышқан аулау, адам аулаудан шыққан қалың жұртына дән егіп, күнелтудің тегеурінді сабағын беруінде. Бүгінгі тоқ жұрттың оны түсінуі, әрине, оңай емес.

Диханның табысты тәжірибесінен кейін тары егісінің көлемі елдің көптеген аймақтарында шұғыл кеңейді. Шығанаққа алғыс хаттар ұрыс далаларындағы әскери құрамалардан, жеке солдаттардан, атақты Мәлік Ғабдуллиннен… үздіксіз ағылып, Совет Одағының егіншілікпен айналысатын көптеген өңірлерінен дақылды өсіру мен баптаудың әдіс-тәсілдерін сұраған хаттар келіп жатты. Олардың бірқатары Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы.

Дихан өмір сүріп, еңбек еткен Ойыл ауданында ғана соғыстың аяғына таман тары өсіретін 23 звено жұмыс істеді. Республика бойынша дақылдың жалпы егіншіліктегі үлесі 1945 жылы 50,3 пайызды құрауы — қатал жылдардағы қоректің қайдан келгенінен хабар бергендей. Бір ғана Ақтөбе облысында 1947 жылы осы іспен 700 звено айналысты. Аш құрсақты тойындырған: «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деген қанатты сөз сол уақыттың әңгімесі болса керек. Тары егісі республикада содан тарлық көрместен 1960 жылдары 1105 мың гектарға дейін жеткізілген-ді. Осы жылдары Бүкілодақтық өсімдік шаруашылығы институтының филиалы — Приаралье өсімдік қорғау станциясына жетекшілік еткен биолог-ғалымдар Е.А.Малюгин мен А.И.Миловзоров Шығанақ тарысынан «Шығанақ Берсиев» және атақты 28 гвардияшы-панфиловшылардың ерлігі құрметіне «Гвардиялық» деп аталған екі сортын айналымға енгізді.

Өміршең құбылысқа сұм заман, қатал уақыт та жеңіліп илікті дедік. Дихан өмірден өткеннен кейін оның есімін құрметтеудің бірқатар шаралары алынды. Сол 1944 жылғы қарашаның 24-і күні Қазақ ССР халық комиссарлары советінің төрағасы Н.Оңдасынов пен Қазақ ССР Министрлер Советінің іс басқарушысы Д.Сырцов «Әйгілі тары өсіруші — колхозшы Шығанақ Берсеевтің есімін мәңгі есте қалдыру және оның жоғары өнімді егін өсіру әдістерін насихаттау туралы» үкіметтік №666 қаулыға қол қойды. Алты баптан тұратын бұл қаулыда: «1. Ақтөбе облысының «Құрман» колхозында «Осы жерде Шығанақ Берсеев 1943 жылы тарыдан гектарынан 1232 пұттан алып, әлемдік рекорд жасады» деген жазуы бар пирамида орнатылсын. (Пирамида Қазақ сәулет өнерінің көшбасшысы, 34 жастағы Бәсеновтің жобасымен 1944 жылы Ойыл селосында ХІХ ғасырда салынған тарихи ғимаратының Қазан төңкерісінен кейін қиратылғандағы қызыл кірпіштерінен салынды. — И.А.). 2. СССР Халық Комиссарлары Советінен 1945-1946 жылдардан бастап, ауыл шаруашылығы институты студенттері үшін 3 стипендия тағайындау сұралсын. 3. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасына ол туралы повесть және ән жазылсын. (Ғабиден Мұстафин «Шығанақ» романын 1946 жылы жарыққа шығарды. Ән жазылған жоқ. И.А.). 4. Суретшілер одағына республика мұражайы мен сурет галереясы үшін Берсеев звеносы мен Берсеевтің портретін салу тапсырылсын (белгісіз. — И.А.). 5. СССР Халық Комиссарлар Советінен диханның жұмыс әдісі туралы кинофильм шығару сұралсын (белгісіз. — И.А.). 6. Дихан есімін мәңгі есте қалдыру жөніндегі үкіметтік шараларды жүзеге асыру үшін мына құрамдағы комиссия бекітілсін: Республика Халық Комиссарлар Советі Төрағасының орынбасары Шныреев (төраға), Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Мельник, егіншілік жөніндегі халық комиссары Дауылбаев, ВАСХНИЛ Қазақ филиалының төрағасы Мыңбаев, ауыл шаруашылығы институтының директоры Жұматов» делінген. Үкімет, кейбір деректерге қарағанда, елдің атақты перзенті есімін лайығымен есте қалдырудың шараларын тек осылармен ғана шектемеген секілді. Республикалық мұрағат пен мұражайда ізделсе, ондай тың деректер көптеп табылуға керек. Одан бері алпыс жылдан астам уақыт өткен екен, ол заманның осыған қатысы бар, жоқ құжаттарын, сөйтіп, енді архивтерден әдейі сарсылып іздемесе, түгендеп айту оңай емес шығар. Мысалы, Ойылдың аудандық «Сталин туы» газетінің 1944 жылғы №24 санынан: «Қазақ ССР халық комиссарлар Советі Ақтөбе облысындағы агротехниктер мен малшылар даярлайтын Жұрын мектебіне дихан есімін беру туралы қаулы алды» деген хабардың кезігуі құрметтеудің өзге де шаралары алынған деген ойға дәлел болғандай.

Батыста ер-азаматтар қырғын соғыста шайқасып, шығыста — елде еңбекке жарайтын дейтіндей бала-шаға, қариялар, ауру-сырқаулар күні-түні бел жазбай еңбек еткен қатал, қасыретті шақта да билік сөйтіп қадірлі перзентін құрметтеудің амалын тапқан. Себебі ол құрметтер өмірден өтіп кеткен Шығанаққа емес, енді оның елінің бүгіні мен ертеңгі ұрпағына мәңгілік тағылымға керек еді.

Иә, әлгі Ясперстің «қазір адамды адам жеу жоқ, бірақ оның пайда болуы әбден мүмкін» дегені сияқты, бәрі де қайда да, қашан да бар мен жоққа тәуелді өмір ғой бұл. Шығанақта сірә кемшілік болса, ол оның тойынғанда ұмытылып, ашыққанда ғана еске түсетіндігінде шығар. Қазір, шүкір, тоқтық. Бірақ бір аштың бір тоқтығы болары рас болса, бір тоқтықтың бір аштығы да кезігуі әбден мүмкін. Күні кешегі СССР деп аталған алып ел алпысыншы жылдары жоқтықтан нан орнына жүгері талқаны араласқан бірдеңені жеп есі кеткенде Никита Хрущев 1963 жылы Украинаға барып, ауыл шаруашылығы мәселелеріне арналған үлкен кеңес өткізген. СССР-дің басшысы сонда Шығанақты ауызға алды. Айтайын деп айтты дейсің бе, оған мұны бұл кезде нанға жарымаған қалың елінің қауіпті қарсылық дүмпуі айтқызды. Соғыс жоқ, бүліншілік жоқта да солай аштық кезіккен. Ол сонда өз сөзінде Қазақстанда, қырқыншы жылдары, қарапайым колхозшы Берсеев тары егісінен рекордтық өнім жинады, сол тәжірибе қайда кетті деп ұрсып, сіздерде, Қазақстанда су тоқтайтын сай-сала көп, сондықтан суармалық егіншілікті қайта көтеру керек деп қадап айтқан еді. Осы сөздің пайдасынан гөрі зияны көп болып шықты. Содан Хрущев айтты деп қазақ даласындағы онсыз да молдығы шамалы өзендер мен көлдерге жаңбыр суы, қар суымен құятын бүкіл сай-салалар тоған жасау үшін жаппай буылып, ақыры табиғи сулардың тартылуына әкеліп соқтырды. Сөз арасында айта кетейін, Шығанақтың уақытында, яғни осыдан алпыс жыл шамасы бұрын өткел бермейтін, ұзындығы 800 шақырымдылық әйгілі Ойыл өзені әлгідей есепсіз бөгеулерден кейін ақырында үзіліп-үзіліп, жылап аққан жылғаға айналды. Әлгі сөзден кейін республикада тары дақылын өсіруге қайта бағыт ұсталғанмен, ол бұрынғыдай қарқын ала алмады. Себебі уақыт сапаны емес, пайыздарды есептеген шақ болатын. Сол Хрущевтің өзі бастаған тың игеру кезінде тек Ақтөбе облысы ғана, жыл сайын, мемлекетке 3 миллион пұт тары өткізіп тұрған еді. Сапа дегеннен шығады, шикі сөктің белок заттары қарақұмық, арпа, сұлы және жүгері жармасынан 10-15 пайызға артық, оның құрамында 3-4 пайыз май бар, 1-2 пайызы өзек екендігі, денсаулыққа, қуатқа керек болғанмен, социалистік экономиканы айтарлықтай қызықтырған жоқ. Ғылыми зерттеулерге қарағанда, шартты өлшем бірлігімен есептегенде, тары белогінің биологиялық құндылығы — 57, ал бидай 51 деп мөлшерленеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне қарағанда дамушы елдердің өзінде 1,5 миллион адам тағам құрамында белок мөлшері жетіспеуден зардап шегуде. Тары дақылын Венгрия, Польша, Румыния, Болгария, Моңғолия өсіреді. Индия мен Африкада өнімінің 85 пайызы тағамға пайдаланылады. Сосын күштілер мен төзімділердің неге қара континентте көп екеніне таңданғың келмейді… Мәліметтерге қарағанда бұл дақыл дүниежүзінде 25 миллион гектарға егіледі екен. Сонда осыншама елдер мен жерлерден алдына адам салмаған Шығанақты, агрономия ғылымына қосқан үлесін мойындаған В.И.Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық ғылым академиясы өзінің арнайы хатында оны халық академиясын тәмамдаған, тары өсіруде ғалымдардан озған тәжірибе академигі деп бағалаған Шығанақты Никита Хрущевтің әлгі сөзінде «қарапайым колхозшы» деуі не білігінің жоқтығы, не елемеуі еді. Ұмытудың түп атасы елемеуден басталады. Шығанақ «қарапайым колхозшы» ретінде ғана еске түсіп, ұлылығы еленбейтін тұлға болса неміс әдебиетінің классигі Бертольт Брехт ол туралы поэма жазбаса керек-ті. Елуінші жылдары Мәскеуде СССР халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі ашылып, әр республика ғимаратын өздері тұрғызған павильондарымен орналасқанда, Қазақстандық ғимараттың кіреберісінде дүниежүзінің түкпір-түкпірлерінен келіп қызықтаушыларды, үйренушілерді, тәжірибе алушыларды Шығанақ пен Жамбылдың мүсіндері қарсы алатын. Себебі бірі елдің еңбектегі, екіншісі өнердегі жалпыға мәлім таңбалы мақтанышы болатын. Кейін, 1961 жылы Алматыда Қазақ ССР халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі ашылғанда павильонның ең көрнекі орнын «астық шаруашылығы және астық өндіруді арттыру» деген бөлімге арнап, жеке-жеке стендтерде Шығанақ Берсеевтің іс-тәжірибесі көрнекі баяндалды. (ҚСЭ. 1975 жыл, 6-т. 318-бет).

Шығанақ тағы бір рет 1978 жылы еске түскен. Шынына келгенде, еске түскен емес, еске түсірілген еді. Ата-бабамызға «дән егіп терлеп», күнкөрістің жолдарын көрсеткен диханды біз ұмытқанмен Украинада әлі жадыдан кетпеген екен. Тары өсірушінің қадірін, сірә, қырқыншы жылдардан бері есінен шығармай жүрсе керек, «осындай атақты адам болып еді, оның кейінгі өмірі мен ісі не болды» деген сұрақпен сол елдің бір тұрғыны «Правда» газетіне хат жазған. «Правда», аға буынның жадында, тек газеттен дәрежесі жоғары басылым еді. СОКП Орталық Комитеті саяси органының пікірі ол кезде тек КСРО емес, бүкіл социалистік лагерь елдерінің тікелей қабылдап, бұлжытпай орындайтын нұсқаулары болатын. Сосын да бұл газет ұсақ іске араласуы жоқ, тек мемлекеттік аса ірі немесе халықаралық күрделі мәселелерді қозғаумен айналысты. Сол «Правданың» әлгі хатқа назар аударуы, сірә, тегін емес, көп ұзамай хат ізімен газет тілшісі А.Платошкин Ақтөбеге, Ойыл өңіріне, баяғы рекорд берген Қарасудың бойына жеткен. Бұл кезде, абырой болғанда, дихан есіміндегі совхоздың директоры тек шаруаның емес, ойлы шаруаның иесі, алдымен азаматтығымен, іскерлігімен қадірлі Дәулетжан Досмамбетов суармалы тары егісін өсіруді жалғастырып жүрген-ді. Өнім аса жоғары болмағанмен өңірдегі биік көрсеткіш еді. «Правданың» тілшісі, әрине, неге келгенін білетін, не көргенін пайымдайтын маман журналист, кейін республикада Берсеевтің де, берсеевшілдіктің де ұмытылып бара жатқаны туралы көлемді материал жазды. Еске түсірді деуім — осы.

Содан облыс кемшілікті түзетуге шұғыл кірісіп, өңірде тары егісінің көлемін кеңейтті. Дақылды өсірушілер арасында социалистік жарыс ұйымдастырылып, Шығанақ Берсеев атындағы жүлде тағайындалды. Озаттар кезексіз автокөліктер алып, омырауларда ордендер мен медальдар, белгілер тізілді. «Правда» сөйтіп, бұл мәселенің маңызын жалпы республикалық, жалпы мемлекеттік деңгейде көтергенмен, ол сонда да тек облыстың өресінен шықпай қалды. Диханның еңбек етіп, өмір сүрген өңірі оған иелік жауапкершілігін сезініп, облыстық партия комитетінің бюросы мен кеңестік атқару комитеті 1981 жылы 14 шілдеде: «Ақтөбе қаласында Шығанақ Берсеевке ескерткіш мүсін орнату туралы» №349 біріккен қаулы алған-ды. Осы құжатқа сәйкес Ақтөбе қаласында 1946 жылы үгітілгіш шойтас бетоннан тұрғызылған ескерткіш мүсін бұл күнде бүлінуде, енді оны жөндеумен қалпына келтірудің мүмкін еместігі ескеріліп, облыс бюджетіне кірістердің есебінен Ақтөбе қаласына, Ойыл ауданы орталығына және туған ауылына (Қарасу елді мекені — И.А.) үш бюст-мүсін орнатылсын делінген. Сонымен бірге агротехниктер мен малшылардың Жұрын мектебіне, Алтықарасу қазақ орта мектебіне дихан есімін беру міндеттелген еді.

Кезінде өңірдің экономикасы мен шаруасын, мәдени-әлеуметтік жағдайын көтеруде орасан зор еңбек сіңірген облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Ливенцов пен атқару комитетінің төрағасы Оразалы Қозыбаев қолға алған осы игі ықылас, көп ұзамай, бірі зейнеткерлікке жіберіліп, екіншісі өмірден өткеннен соң тек ықылас күйінде қалды да қойды. Одан кейін бұл істі қайта құрудың аласапыранында, облыс орталығы Ақтөбеде, педагогикалық институтының ректоры бола жүріп, туған ұлтымыздың рухани өзекті мәселелерін көтеруде орасан зор табандылық пен тегеуріндік көрсетумен бүкіл елге танылып, ірі қоғам қайраткері дәрежесіне жеткен профессор Мұхтар Арын жеке өзі азаматтық ықыласпен қолға алған.

Ұрпақтың алмасуымен бірте-бірте ұмытылып бара жатқан әйгілі тұлғаның өнегелі өмірі мен өрелі ісін бүгінгі ұрпаққа жаңартып қайтару үшін марқұм Мұхтар Ғалиұлы Арынов сол тоқсаныншы жылдардың басында көп еңбек етіп еді. Оның Шығанаққа Ақтөбе қаласынан мұражай ашу, сол кездегі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ғимараты алдында ескерткіш тұрғызу, қаланың бір қолайлы жеріне көрнекілік үлгі ретінде тары дақылын егіп баптау, күту секілді, басқа да бірқатар мақсаттары тиісті орындар тарапынан қолдау тауып, жүзеге асқандай еді. Алайда Кеңестер Одағының ыдырауы, осымен байланысты ұзаққа созылған экономикалық, әлеуметтік тоқырау, билікке келгендердің біліксіздігі оған үлкен кедергі жасады. Қазақ халқының біртуар сирек перзенттерінің бірі, елдің ісін жүрегінің күшіне түсіретін Мұхтар Арынов парасат қайратымен ол кедергілерден де шығатын еді, амал не, 1995 жылы қапыда өмірден өтті. Асылы, ұлыны ұлықтау үшін де ұлылық керек екен ғой. Мұхаңнан кейін ондай парасат пен қайраттың адамы табылмады… Мұхаң жігері мен қайратына саналы түрде орасан зор күш түсіріп, Тәңірін де таңдандырғандай дейтіндей ғажап игілік істеген Шығанақ секілді тұлғалар бұл жарық дүниенің жазуға түскен бес мың жылдық тарихында сирек кездескен деуші еді. Конфуций рух, Микеланджело («О, Құдайым, мен саған не істемедім, Сен маған істемедің?..» Андрей Вознесенский) рухпен бірге қажырлылық ұлылығын бейнелейді десек, көне дәуір мен Қайта өрлеу заманының осы екі кемеңгері барлық уақытқа да ортақ бір аяда — жасампаздықта туысады. Махмұд жазбаларының өн бойынан да Шығанақтың ісінен рухани қуат биіктеткен сол жасампаздықтың лебі еседі. Халықтан халықтың артық, кемі жоқ делінсе де, мына бір мысалы ойландырады. 1997 жылы бұл елдің реформамен есі кетіп жатқан нағыз күрделі шағында ешқандай қиындық, кедергілерге қарамастан алыс Германиядан бір кезде әйгілі Бертольт Брехтың «Тары» поэмасына тақырып болған Шығанақ туралы толық мәлімет алу мақсатымен жер асып, су асып, сонау шөлейтте жатқан Ойыл өңіріне әдебиет пен театр өнерінің өкілдері Штефан Манитейфель мен Иенс Меерле келді. Сөйтсе, бұларды әлемдегі екі адамның өмірі мен ісі ерекше ойландырған екен. Бірі — өткен ғасырдың отызыншы жылдары авиация әлі дамымай тұрғанда Атлантика арқылы қонбай ұшқан американдық ұшқыш та, екіншісі құнары жоқ айдалада ғылымсыз, білімсіз, қиялдан асып өнім алған Шығанақ туралы пьеса жазу мақсат болған. Ол уақыт барды бартермен құртып, қалғанын бөлісе алмай, біреу трактордың доңғалағын, біреу моторын ала қашып, ығы-жығы болып жатқан шақ. Шығанақ керек болса немістерге керек шығар, бізге қажеті шамалы, сондағы облыс басшылығының екеудің қасына атқосшылыққа қосқаны — облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары мен аудармашы екі жас қыз. Немістердің сапардан нендей құнды мәлімет алғанын, әрине, осыдан-ақ түсіну қиын емес шығар деймін. Содан сол екі немістің мақсаттары жүзеге асып, ұлы диханның жасампаз бейнесі Германия сахнасынан көрінді ме, одан менің хабарым жоқ, мені толғандыратыны — біз бұл жақта оларды Қарасуға ұялмай апарғанда, бір кезде қазақ сәулет өнерінің шебері Төлеу Бәсеновтің қолынан пайда болған, вавилондық үлгідегі пирамиданың азып, бір кезде рекордтық өнім берген атақты төрт гектарлық егістіктің орнын тапап жатқан малды бақылау үшін кім болса сол көтеріліп қарауылдайтын төбешікке айналғанын, баяғыда ұрасында, он алты жыл жасырын сақталып, кейін әлемді таңдандырған өнім берген тұқым сақталған үйдің бүгінде ши басқан қоңыр төмпешік жұртын көргенде біз туралы, ел туралы нендей түсінікте, қандай ұғымда болды екен деп налуға тура келеді. Олар сол сапарында Ақтөбе қаласындағы Пушкин атындағы демалыс паркіндегі ескерткіш мүсінді де көрді. Жоғарыда айтылғандай облыстық партия комитеті мен атқару комитетінің біріккен қаулысындағы (1981 жылы) «мүжіліп, тозығы жеткендіктен оны жөндеп қалпына келтірудің мүмкіндігі жоқ» делінген ескерткіш — осы. Сол сөздің айтылғанының өзіне, міне, жиырма төрт жыл өтті. Мүсін жасауға, мүмкін, ептеп ебі бар, бірақ кәсібилігі жоқ Крошин деген кісінің 1946 жылы қолынан шыққан бұл ескерткіш әйтеуір Шығанаққа арналғандығы демесе, оның тұрқы мен тұрпаты диханның не психологиялық, не табиғи кескінін беруден мүлдем алыс, өте-мөте қарадүрсін де тұрпайы жасалған нәрсе еді. Мүсін өнерінен сәл де болса түйсігі бар жұрт оның кекесіндік сипатынан сол кезде-ақ түңілген-ді. Ақтөбе қаласында шығып тұратын «Эврика» газеті 2004 жылғы №44 санында (29 қазан) бұл «шығарма» туралы былай деп жазды: «Біздің қаламызды масқара абыройсыздыққа қалдырып тұрған, сөз жоқ, Шығанақ Берсеевтің ескерткіші. Мені оның туған-туыстары ғафу етер… мына тұрысындағы бюст бүгінде ауруы асқынған сырқат адамға қойылған мемориалдық ескерткішті бейнелейді». Масқаралық мойындалса — масқаралық, оның масқара екендігін мойындамай не сезбей, немесе көндігіп жүре берсең, әрине, жүре бересің. Жүріп келеміз… Көңіл қойып, байыппен зерделеген адам газеттің мына сөздерінен екі дәлдікті аңғарар еді. Біріншісі, мүсіннің кескіндік, эстетикалық сипатының түкке тұрмайтындығын дөп басуы. Екіншісі, оның авторы Юлия Минина Шығанақтың енді ескерткіш ретіндегі қадірі кімге керектігін тауып айтқандығында. Ол: «Мені оның туған-туыстары ғафу етер…» дейді. Яғни, атақты тары өсірушінің өмірі мен ісі енді елге керек емес, сондықтан елден кешірім өтінудің қажеті жоқ, тек оны іздейтін ағайындары алдында ұятқа қалудан ғана сескенген. Бұл — уақытқа, кезеңге, қоғамға берілген дәл баға. Солайы солай, өткеннен нені, кімді, қалай құрметтеу керектігі іздеушісінің бары, жоғына тәуелді шаққа да келдік. Журналистің ендеше Шығанақтың тума-туыстарынан қауіп алмауына болады — іздеушілері көрінбейді. Мен бе, менің Шығанаққа жақындығым оған жалпы қазақ атауынан ғана қосылатындығымнан, ұлттың рухани қуатын бейнелейтін біртуар адам туралы тым болмаса білетінімді айтуды парызым деп есептедім.

Ақын айтқандай, «уақыт өтпейді, біз, адамдар, өтеміз». Шығанақ өмірден кеткенмен, оның өмір сүрген уақыты сол күйінде қалды. Оны енді өзгерту мүмкін емес, не қоса алмайсың, не алу жоқ. Естелік, ескерткіш, еске алу деп жүргеніміздің түбірі — ес, тарих, сана, жады категорияларымен ажырағысыз туыстықтығы ұғымы. Кеше ата-баба сана мен істе қалдырған игіліктерді бүгінгіге жалғап, оны ертеңге апару міндеті пешенесіне жазылған адамдар қауымдастығының сабақтастығы үзілген жерде қалай да иесіздік қаупі пайда болатындығы тарихи тәжірибеден белгілі. Өткенге тас лақтырғанды болашақ зеңбірекпен атқылайды деудің астары да осында. Тас лақтыру демей не дейміз, елдің даңқты перзенті туралы романның авторы Ғабиден Мұстафин 1954 жылы Қазақстан жазушыларының үшінші съезіндегі баяндамасында келтіргендей, «Шығанақ Берсеев тары өнімін арттыруда сан рет (тек бір ғана 1943 жыл емес. — И.А.) жержүзілік рекорд жасады. Дүние білетін Шығанақ әзірге біреу ғана» деп еді. Әлі де сол біреу күйіндегі адамның кезінде аруағы риза болсын, жалғасқан ұрпағы оның күрделі, азапты өмірі мен игілікті ісінен тағылым алсын деп жасалған ескерткіш атаулы әлгі айтылғандай, түгелдей тозып, есімнің өзін ұрпақ ұмытып барады. Оның өмірден өткеніне биыл алпыс бір жыл, осы уақыттың ішінде ол тары егісі керек болған кезеңдерде ғана ара-тұра ауызекі еске түскенмен, бірде-бір рет ресми түрде аталған жоқ. Ал бір кездегі өзінің есіміндегі музейлік экспонаттардан қолда қалғаны — облыстық тарихи өлкетану мұражайындағы бір шағын бюст, бес фотосурет, республиканың қырқыншы жылдардағы Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Скворцов пен облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Иночкиннің хаты, соғыста жүрген жауынгерлердің екі хаты, Ленин орденімен марапаттау туралы Жарлық. Ерге деген елдік естеліктің сиқы осылар. Бұрын Ойыл ауданында дихан есіміндегі кеңшар бар еді, жоқ болды. Жоғарыда корсетілген соңғы ресми қаулы — құжаттардың нұсқау, тәртіптеріне сәйкесті атқарылуға тиіс шаралардың бәрі де аяқсыз қалды. Тек Ақтөбе қаласындағы ең шеткі, ең лас, ең тар, ұзындығы метрмен ғана өлшенетін ең ескі көше ғана еске алудың кекесіні секілденіп «Берсеев көшесі» деп аталған.

Сонда таршылықта тамақ табуға үйретіп, аш жұртын тойындырған, сан рет әлемде теңдесі жоқ өнім алып, елдің даңқын шығарған Шығанақтың елдің еңбек тарихындағы ең үздік есім ретіндегі орны мен маңызы өшірілетіндей оның жазығы не деген сұрақтың тууы орынды. Мүмкін, гектарынан 204 центнерден алынған рекорд жалған шығар. Иә, сену оңай емес көрсеткіш. Мысалы, адам ұшып барып Айға қонды деуге де сену қиын. Сол себепті әлемдік беделді басылымдарда американ астронавтарының Жер серігіне жетіп қонуы, ол жақта әрлі-бері серуендеп, қайта оралуы бекер екен деген жарияламалар әлі жалғасуда.

Мейлі, космос әлемін зерттеуші ғалымдар «ұштық», «қондық» деп айта берсін, экраннан көрсете берсін, «өзім ұшпағасын, өзім көрмегесін», әрине, сенбеймін…

Бұл да сенудің қиындығынан бір мысал делік. Ал енді сол Ойыл ауданында Бекіш Ғалымов деген еңбеккер көп жылдар бойы шопандық жұмыста болды. Бағатыны кеңшардың қазақы еділбай тұқымды қойы еді. Бұл түліктің ерекшелігі — саулығы негізінен жалқы төлдейтін секілді, екі ен келуі сирек болса керек. Бірақ Бекіш баққан саулықтар, негізінен екі, кейде тіптен үш еннен беретінді шығарған. Ол уақытта мал шаруашылығындағы негізгі міндет — малды өз төлі есебінен көбейту, кім төлді көп алса, атақ пен абырой соныкі. Саулықтары екі, үш еннен туа бергесін Бекіш Ғалымов көп ұзамай Социалистік Еңбек Ері атанып, омырауына «Алтын Жұлдыз» бен Ленин орденін тақты. Әрине, ол көрсеткішке де сену оңай емес-ті. Оған дейін еділбай қойы олай төлдеді дегенді естімедік, көрмедік, сірә, бұл көрсеткіш тек атақ алу үшін өзгелерден әдейі қосып алған қозылардың есебінен деушілер көбейді. Еңбек Ері көрсеткішінің жалғандығы анықталса, одан өткен ұят жоқ, сосын оның шынына жету үшін аудан, облыс, республикадан мамандар келіп тексере бастады, биліктегі осы қалай басқарушылар да шопан отарына келуді жиілетті. Болмағанды болдырған бұл не рекорд?! Қозылар енесін тауып, жамырай жабысып жатқанына дейін көрді, тексерді, сұрады, көз жеткізді — өтірігі жоқ шаруа екен. Сөйтсе, қойдың бағуын Бекіш баққанмен, оның селекционер ғалымы — әкесі Ғалым Қосымбаев екен. Жасы алпыстан асқан ол Ұлы Отан соғысы кезінде белгілі генерал Власовтың армиясы қатарында жау қолына түскендіктен, тұтқындық үрей кетсе енді кеткен шығар, ол пәле күні кешеге дейін көлеңкедей ерген қара таңба еді ғой, қойды өзі бағып шырайы шықпайтынын білген ол аға шопандықты баласының атағына шығарып, өзі саулықтарды ұдайы қадағалаумен, бақылаумен екі ен, үш ен әкелетіндерін іріктей берген. Шығанақтың ерінбей, жалықпай бейнеттеніп дәнді іріктеп, бөлектегенін еске салады, ә! Жұрт ақырында Ғалым ақсақалдың «ғылымын» мойындап тынған. Ал мына Шығанақтың 1943 жылғы 204 центнеріне шүбә келтіргендердің ар-ұяты өздерін тапсын, бірақ әр гектардан 1940 жылы — 125 ц, 1941 жылы — 150 ц, 1941 — 175 центнерден алған көрсеткіштерінің тым болмаса біреуін елде, әлемде кім қайталады? Соның өзінде Шығанақ еңбегінің өзегі, сайып келгенде, қайталап айтуға тура келеді, тіптен де тек рекордтық өнімде емес, соғыс аяқталғанға дейінгі тұтасқан қайғы мен қасіреттен арылмаған қалың жұртын аштықтан арашалап, мыңдаған адамдарды жеке басының үлгісімен егін салуға жұмылдыруында. Бұл — арзан стахановшылдық емес, бұл — Інжілдегі Мұса тектілік істің сирек көрінісі. Мұса айтпаса Сүлеймен айтты, не айырмашылығы бар, «кім қолындағы нанын тығып отырса, соны халық қарғайды» деп. Алпыстағы Шығанақ «қызыл қанын, маңдай терін ағызып жүріп», жұртын жарылқады. Кереметтей жоқшылықтың ауыр кезеңі еді ғой. Езуден ақ май мен көк май аққан мына уақытта әлгі әулиенің сөзі «ашта жеген құйқаны» еске салар ма? Сол Сүлеймен: «Уақыт өте келе біздің де есіміміз ұмытылады, істерімізді ешкім де еске алмайтын болады» («Сүлейменнің даналық кітабынан») деуін, пайғамбар ғой, өкінішпен айтты дейсің бе, адамдағы пендешілік ес пен зерденің шектеулігін мойындағаны шығар. Өзі «олай деді», «былай деді» деп айтылып кеткен пікірлерге жармаса беру абырой бермейтінін білсем де осымен байланысты орыстың ХІХ ғасырдағы философы, журналист Николай Надеждиннің: «Адамның менмендік табиғатының жаратылысы сол, дүние тек бүгін бізбен басталатын секілді, балаларымыздың біздің де жаназамызды шығаруды кідіртпейтінін толық сеніммен айтуға болады» деуін қайталамаудың мүмкіндігін таппадым. Өйткені осы пікірлер Шығанаққа қатысты мәселелерді тап басып тұр.

Сонымен соғыс алдында және соғыс жылдарында, одан кейін де Шығанақтың үлгісімен тары дақылы бүкіл Совет Одағындағы егіншіліктің 54 пайыз үлесін құрап, бүгінге жеткен ұрпақ кешегі ата-бабаларының, әрине, бәрі демеймің, бірақ көп жерде тірі қалып, өздерін өмірге әкелуге себепкер болған Шығанақтың көрсеткіштік емес, әлеуметтік рекордын ескерткіш ретінде тоздырып, естелік ретінде ұмыттық. Оны, әрине, ашуланып, ызаланып, қоғамға, адамға да жармасып, жағаласумен қалпына келтіре алмайсың. Бұл өмірде кемшілік, қисық атаулының қандайы да ұрсу, жекірумен, құр билік айтумен жөнделмеген, түгенделмеген. Оны тек түсінуге тырысу керек.

Ұлы диханның әйгілі есімі, әрине, тары дақылымен белгілі десек, бұл дақылдың егіс көлемі дүниежүзі бойынша ұдайы өсумен келіп, 1972 жылы 112 миллион гектарға жеткізілген. Бір ғана Совет Одағында ол 1940 жылы 6 миллион гектардан жиналса, республикамызда 1956-60 жылдар аралығында 1105 мың гектарды құрады. Сонда өзге елдер, негізінен Индия, Қытай және Нигерияда орташа түсім 9 центнерден асқан емес. Өзге елдердегі кейінгі есептерден мәліметім жоқ, ал Совет Одағында жетпісінші жылдардан бастап егістік көлемі азая бастаған тарымен тек Поволжье, Қазақстан, Украина ғана айналысып, не бәрі 2,8 миллион гектарға ғана егіс салған. Осы кезде әр гектардың орташа өнімі әлем бойынша, жоғарыда көрсетілгендей, 9 центнерден келсе, бір кезде бүкіл егіншілігінің жартысынан астамын құраған Совет Одағында ол 8 центнерге бірде жетіп, бірде жетпей жүрді. Одақтың ауыл шаруашылығы оны одан әрі төмендетпеудің шарасын қарастырып, дақылдың аудандастырылған 35 сортын белгілегенмен, тек «Саратовская – 853», «Подолянское 24 (273) және «Долинское 86» сорттары ғана айналымнан орын алды. Алайда дақыл шаруаны жүргізудің өзгерістерге түскен жаңа жағдайында егіншіліктің тиімді, тиімсіз деген таңдауына түсіп, өзге дақылдардың қатарынан ығысып, сол ығысумен бірге тары өсірушінің әйгілі есімі де тасалана берді.

СССР-дегі социализмнің қанмен жазылған қаралы, термен өрілген азапты жылдары адамзат тарихына сабақ болуға керекті үрейлі мысалдарға толы болды. Адамдарды қарымы жоқ қиын істерге салып, елге зорлықпен әкелген социализмді зорлықпен нығайту керек еді. Мемлекет пен партияның көсемі Сталин сол зорлықтың табаны тайғақтығын сезініп, 1929 жылы айтқан «біз алдыңғы қатарлы елдерден елу, жүз жылға кейін қалдық. Біз осы алшақтықты он жылда орасан зор шапқандықпен жүгіріп өтуіміз керек. Әйтпесе біз табан астында тапалып қаламыз» деген сөзі тек сөз емес, саяси нақты нұсқауға айналды да, Орталық Комитет «Социалистік жарысты ұйымдастыру туралы» қаулы алып, бірден жаппай «жүгіру» басталып кетті. Жүгірістің алдында кім жүруі тиіс, кімдер кімге қарап бағыт ұстайды? Әрине, озаттарға теңелу керек. Содан 1935 жылы бір кезекте 227 тонна көмір берген Стаханов шықты, Донецкіде — Изотов, теміржолда — Кривонос, автотранспортта — Бусыгин, тракторда — Ангелина пайда болды. Менің бұл адамдардың жанпида еңбектерін кемітейін деген ниетім жоқ. Бірақ олар жалпы ұранмен жаппай шақырып, көпшілікті ылықтыру үшін жасалған жасанды  әрекеттер болатын.  Сол  кезде осы адамдардың ең үлкені 35 жаста еді. Иә, бәрінің де қайратты, қуатты уақыты. Шығанақ болса тары дақылынан бірінші рекордтық өнім алғанда 56 жаста болатын, дүниежүзілік соңғы рекордымен 63 жасында әйгіленді. Таршылық пен жоқшылықтың, қысым мен қасіреттің адам айтқысыз түрлері тап келген қазақ ауылының сол кездегі алпыстан асқан шалын елестетіп көріңізші. Сол Шығанақты Стахановқа да, стахановшылдыққа да телудің не мәжбүрлігі бар? Оларда, озаттарда бір адамның ғана бір кезектік жоғары көрсеткіші, Қарасудағы еңбек — оңдаған жылдар бойы елде жаппай егіс салып күн көрудің ұзақ та өміршең тәсілі. Стахановшылар көп ұзамай ұмытылды, өйткені шахталарға… білектің емес, білім мен техниканың күші келді. Білім мен техника кейін ауыл шаруашылығына да, оның ішінде озат агротехникалық әдістер болып, егіншілікке де жеткен. Алайда дақыл тек техникаға көнбейді екен, мысалы, тоқсаныншы жылдары техникалық жарақтануға қарамастан оның әр гектарынан, орта есеппен, 4 центнер шамасында өнім жиналған. Бұл көрсеткіш далада біршама қою өскен шөптің де салмағына жетпейді. Шығанақ сөйтіп, келешегі жоқ социализмнің керегі жоқ стахановшылығымен де қосақта ескерусіздікке кеткен-ді.

Сексенінші жылдардың соңын ала басталған антикоммунизм шабуылы оң, солына қарамай кешегі күннің бәрін де бірыңғай даттаумен, күйе жағып қаралаумен әлі өршеленіп келеді. Жетпіс жылда бір жарық күн болмаған секілді, қалалар өздігінен қатар түзеп, қалың мал аспаннан түскен, адамдарында жасампаздықтың бір үлгісі жоқ, жаппай құлақ кесті құлдар, өңкей «балшыбектер». Сол жылдары пайда болған демократия дейтін ұғым ретінде қадірлі, бірақ түсінік ретінде піспеген шикі атауды желеу етіп желіккен бұқаралық ақпарат құралдары күні бүгінге дейін өткен жетпіс жылдың жылнамасында ойнақтап, бар-жоқтың бәрін мансұқ етумен кейінгі жолдың түзуін де өздерінше баяндап, қиыр-шиыр етуде. Сөйтіп, енді оқырманынан жазушысымағы көп бұқаралық ақпарат құралдарының кез келгені әр жерден және ұдайы кесімді «үкім» айту арқылы жақсы, жаманы жеткілікті сол кешегі кезеңді де, барған сайын тіктеліп келе жатқан бүгінімізді де дәйексіздіктің алаңына айналдыруда. Ұйып ұлт, қалпына түсіп халық бола алмаған жерде тобырлық сана, тобырлық істер келеді. Қазіргі БАҚ, негізінен, тобырлықтың жалауын көтеріп, берекесіз сөздер мен пәтуасыз биліктің, ел мақсаты емес, өз мақсатын ойлаған топтар мен тондылардың мүддесіне сатылған кәсіп екенінде шүбә жоқ. Коррупция, мафия, есірткі, жезөкшелік, гедонизмге бой ұру секілді қоғамдық қасіреттер бастауын нақ осылардан да алады. Мұндай қоғамда рухани құндылықтардың алға шықпайтыны өз алдына, олар жөргегінде тұншықтырылып, ділсіздік пен дінсіздіктің, нигилизм мен маргиналдықтың бәсін өсіреді. Қауіп — осылардың ана жер, мына жерде тек көрініс тапқанында емес, қауіп — осылардың халықтың қай тобы үшін де үйреншікті болып, сананы жайлап бара жатқандығында. Мұндай жұрттың, әрине, құндылықтарымен ісі жоқ. Республикалық «Время» газетінің осы жылғы 24 наурыз күнгі №12 санында «Оппозицияның елеулі ылығуы» деген материал жарияланып, онда белгілі оппозиционер Нұрболат Масановтың бір сұхбатынан мынадай үзінді берген: «Біз сізбен бірге қалдықтармыз, себебі біз тұрпайылармыз. Біз бен сіздің шынайы мәдениетіміз, өмірлік құндылықтарымыз жоқ. Біз бен сіздің дүниежүзілік тенденцияға қарсы қоятын ештеңеміз де жоқ. Біз тек жетекке ғана жүреміз». Одан әрі: «Қазақтар — маргиналдар. Қазақтарда батырлар жоқ. Қазақтарда дәйек жоқ. Қазақтарда идеал жоқ. Қазақтарда мінез жоқ…». Бұған дейін де қазақты басқа емес, қазақтың өзі жамандағанының талайын кездесетін, бірақ олар өздерінің бойындағы кемшілік-кінәлардың барлығын ұлтқа аударып, данагөй көрініп қалудың тыраштануынан басқа ештеңе де емес еді. Абай айтса жаны ашып, үміт етіп, қайрап айтты. Ал қазіргі қазақ айтқыштардың қазақ ұлтын атарға оғы жоқ, жиіркеніп, тепсініп, ақылгөйсіп, қазақ ұлтының ең дұрысы осы өзі де, өзгелердің бәрін тіптен ұлт емес, адам ретінде жарақсыз етіп, тілін безейді. Соларға назар аудару да артық секілді еді, ал бірақ мына Масанов Абайдың, Шоқанның ұлтын ойландыруға тиіс. Ол себебі не айтып, не қойғанын білмейтін жай езуар емес, ғалым, ғалым болғанда да тарих ғылымының докторы, қазақ тарихына арналған кітаптың авторы екендігі нигилизм мен маргиналдықты кімдер, қалай әкелетіндігінің айғағы болғандай. Оның бұл пікірлерін теріске шығарудың тарихшы еместерге де қиындығы жоқ. Алайда ұлттың аялап жүрген мақтаныштары, мысалы, Бауыржанды, Қанышты, Мұхтарды, Шығанақты, Жұмабайды… елемеу — тарихшының әдейі ұлттың өзегіне тепкендігі. Тарихты зерттеу мен игеруден ғылым докторлығы дәрежесіне жеткен адамның сол тарих дегенің өзі не деген сұраққа қандай жауап берер екен деп ойлағың келеді. Неміс ойшылы Карл Ясперс «Тарихтың мағынасы мен орны» деген әйгілі еңбегінде: «Тарих — бұл жекеленген адамдардың тұрақты және табанды түрде алға жылжуы. Олар өзгелерді өздеріне ілесуге шақырады» деуіне қарағанда батырлар мен мінездер, принциптер мен идеалдар — жалпы жұрт емес, ұлттың әлгідей әйгілі өкілдері. Егер, ендігі батырларымыз, принцип пен мінездің адамдары, идеалдарымыз әлгі ғалым секілділер болса, онда оның айтулары әбден орынды. Алайда, шүкір, ұлтымыз соншалықты мүсәпірлікке жете қоймаған шығар. Ғалыммын деген адам тұтас халықты бұлайша қаралап айтуы үшін алдыма шығып, мені тойтаратындай ешкім жоқ дегендей сенімде болуы тиіс. Сірә, осылай сенуіне негіз бар секілді. Соның өзінде, бәрі бір, нигилизмнің де өмір сүруге қақылы екенін мойындауға тиіспіз. Ол аяқ астынан пайда болатын сенімсіздік емес, ол да белгілі аяда пісіп, жетілетін сенімнің бір түрі. Жеке адамның нигилизмге бой ұруы тіпті де сөкет емес, мәселе — оның мемлекеттік нигилизмнен нәр алып, тамыр жаюында. Егер қазақтың Ясперс ой мен көзқарастағы тарихшылары болса, Масанов қазақ тарихын жазбас еді, ғылым докторы дәрежесіне жете алмас еді, оны өз жұртына деген өшпенділігі үшін ғылми түрде әшкерелер еді. Бірақ олай ететін тегеурінді тарихшылар көрініп тұрған жоқ, оның үстіне ұлттың ары болуға керекті қазақ интеллигенциясы елеулі идеялық дағдарысқа түсті. Бұл, әсіресе, жазушылар арасында былайғы жұртқа ащы күлкі туғызарлық кикілжіңдерден көрінуде. Мұндағы таңғаларың сол, әдеби шығармалардың бағасын әдеби сын, пікір беруші еді, мына кикілжіңде әркім «мен мықтымын, мен қарымдымын, маған жетпейсің» деп өзіне өзі баға беретіндігі. Егер бұл ұят тыйылмаса, бүкіл ел бірыңғай жасанды данышпандардан, жалған классиктерден, көргенсіз көсемдерден, былапыт шешендерден тұрып азатын болады. Мәдениет дейтін биік ұғымның ергежейлі қалыпқа түскендігі — осы. Түбі түркіге кететін орыс ойшылы Николай Бердяев айтқандай: «Мәдениет — бұл кеп оқығандық емес, талант емес, сауаттылық емес. Мәдениет — бұл қайда да келеңсіздікке қарсы тұру. Бұл — адамның не жаман, не жақсы екенін айырудың қатал ұғымына тәрбиеленуі» екенін мойындасақ, ұлтына көркем сөз, көрнекі мәдениет, жарқын ой, жасампаз іс әкелуімен, үлес қосуымен үлгі болуға міндетті интеллигенциямыздың мына тұрпатынан ар іздеп, дәмелену қиын. Бірін-бірі жамандап, әлденені бөлісе алмай өзара алысқан ғалымдардан, жазушылардан, саяси қайраткерлерден, жалпы өнер адамдарынан елдің кешегісін зерделеуді, бүгінін айқындап, ертеңіне жол сілтеуді күту, сыпайылап айтқанда, әбестік. Осындай жұртқа елдің салтпен, дәстүрмен, иманмен өрілген тарихы керек пе? Олар бір кезде қалың жұртын ашаршылықтан арашалауда «қызыл қанын төккен, терін ағызған» Шығанақты еске ала ма?

Біз қазір білмейтін, енді білуіміз қиын Шығанақ — осы. Иә, оның тарысын қорек етіп, рекордын өзіміз жасағандай мақтандық. Бірақ елі оны дұрыс таныған жоқ. Совет Одағының бас газеті «Правда» ол туралы алғаш рет 1943 жылы көлемді материал жариялады, орыс жазушысы Геннадий Фиш 1948 жылы Мәскеуден Ойыл ауданына әдейі келіп, «Огонек» журналына «Болмағанды болдырған адам» деген очерк жазды, неміс ақыны, драматург атақты Бертольт Брехт «Тары» деген поэма берді. Бұл шығармаларда біреуді сендірсе, біреуді сендірмеуі мүмкін тек әйтеуір рекордшы Шығанақ баяндалғанмен, өзіне әдейі келіп, көзімен көрген, әңгімелескен Нұртас Оңдасынов айтқандай: «ақылға кең, айналасына қамқор дала философы Шығанақ» мүлдем көрінбей қалды. Бұл тұлғаның қыр, сырын кезінде бүкіл Совет әдебиетіндегі үлгілі шығармалардың қатарынан саналған «Шығанақ» романында Ғабиден Мұстафин де ашып көрсете алмады. Өйткені, біріншіден, жазушы — дихан көзі тірісінде кездеспеген адам, дихан өмірден өткеннен кейін өмірі мен ісін туған жерінде бірер ай шамасы зерттеп, оны көрген, білгендермен әңгімелесумен шектелген. Екіншіден, ол кітап асығыс, идеологиялық тапсырыс болатын. Асығыстығы атүстілікке апарып, идеологиясы оқиғаны социализмнің мұраттарына қарай бұрмалауға мәжбүр етті де, ұлы еңбеккер ұсақ-түйек эпизодтардың арасында қалып, биіктей алмады. Қазір бұл шығармаға мектеп оқулығында не бәрі бір сағат ғқана арналып, оның өзі де кітаптың тағы бір кейіпкері Олжабекпен тіркесте шектелген. Ондай бір сағаттық Шығанақ ендігі жалғасқан ұрпақтың елдік санасына ешнәрсе қоспай, бара-бара естелік атаулыдан мүлде кететін болады. Мойындайық, мойындамайық, бүгінгі уақыт — жалған құндылықтардың кезеңі. Айтысып, тартысып жеке пайда қуумен айналысып жүрген аға буыннан дұрыс тәрбие алмаған ұрпақтың үлгі тұтар батырлары Бауыржан мен Жұмабай, Мұхтар мен Қаныш, Шығанақ пен Ыбырай… емес, доп қуған Рональди, жуан жұдырық Тайсон, отқа күймейтін, суға батпайтын Шварценеггер, бүйен ауыз Жириновский, барды бар демей тек жоқты ғана көрсетуге тырысатын кертартпа саясаткерлер, жалаңаштанған «мисстер»… Бұқаралық ақпарат құралдарынан, кітаптардан түспейтін бүгінгінің батырлары мен бары — осылар. Ал рекордтарға келсек, бүгінгі буын оны тән рахаты мен жан рахатының төңірегінен іздеуде. Мысалы, биыл Мұхамед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ұлы ғұлама ескерткіші қойылған алаңында «Ең ұзақ сүйіс», «Ең қысқа сүйіс», «Ең ынтазар (?)» сүйіс» көрсеткіштері бойынша жарыс өткізілді. Содан 1 сағат 20 минут бойы естен тана сүйіскен екеу керемет рекордшы ретінде ерекше мадақтау сыйлығына ие болды. Жоғары оқу орнында білім мен тәрбие беріп жүргендердің де, алып жүргендердің де сиқы осы, жұрағат. Ертедегі діни сипаттағы аңыздан жеткен христиандық «Әулие Валентин күні» дейтін шүбәлі дата махаббат ойнағымен әдіптеліп, мектептен басталған бүкіл қазақ жастарының «ұлттық» мерекесіне айналды.

Елігу мен есірудің, ылығу мен ерігудің бұлайша өрісті сипат алуы жастарды ылықтырып, санасын тонайтындықтан, мұндай қылықтар оларды әрі қарай дінсіздікпен, есірткімен, бұзақылықпен, жезөкшелікпен, ұрлықпен жалғастырады. Нашақорлық пен жезөкшелік тек кедейліктің туындысы деу — бекер. Олар, көп жағдайда, Абай айтқан: «тамағы тоқтық, киімі көктің аздырар адам баласын» себебінен.

Осылай ес кету мен айтып отырған Шығанақты емес, тіптен Құдайды ұмыттырып, құндылық деген әйтеуір жан рахаты мен тән рахатына жетудің ұятсыздық әрекеттеріне ойысты. Әлбетте, «құндылық» деген философиялық та, мәдени де, әлеуметтік те категория бұ күнде жиі айтылатын болып жүр. Өзі заңдылығы да сол, жоқ немесе тапшы нәрсе жиі еске түседі. Осылайша «құндылық» ұғымы бүгінде керек те, керек емес те жерге сүйреленуімен шынайы мағынасын жойып, сапырылысып кетулі. Ал оның метафизикалық шынайы биік ұғымы не бәрі үштағанға негізделеді. Олар: дін, отбасы және ұлт рухы. Шығанақтың тектілік тамыры — осы үшеуде. Ал бүгінгі тексіз жұрт үшін құндылық, сөз жоқ, «құнды қағаз», «құнды акция», «құнды жасыл ақша», «құнды нарциссизм мен рахат-гедонизм», «құны жоғары, бірақ мазмұны мен мағынасы түкке тұрмайтын ойын-сауық»… Осы жағдайда Шығанақ ой мен сана, Шығанақ парасат пен ықылас бұл қоғамнан түсінік тауып, ойландырар дегенге шүбәлімін. Осы мәселе республикалық «Егемен Қазақстан» және «Жас Алаш» газеттерінде өткен жылы көтерілсе де, оларға үн қосқан бірде-бір мысалдың жоқтығы, жас ұрпақты жамандаймыз, аға буынның кім екендігін де айқын аңғартқандай. Сонда да кез келген халықтың пір тұтары боларлық Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Өткізе алмай сөз әуре, тек тұра алмай біз әуре» — адамдық тым ірі болмысы кезінде ашылмай қалған, елдің еңбек тарихындағы ерекше тұлға, өмірі мен ісі, хас жазушыға кезіксе, Шекспир қуатпен баяндалуға лайық Шығанақ Берсеев туралы, шама келгенше, жоғарыдағыдай ой қозғап, төмендегідей ұсыныс айтуды, аға буынның өкілі ретінде, парызым деп санадым.

Жарын, 2006 жылы, ұлы диханның туғанына 125 жыл толғалы тұр. Кейбір, мәліметтерге қарағанда жоғарыдағы республикалық екі газеттің, республика парламентіндегі ақтөбелік екі депутаттың және облыс әкімшілігінің еске салуымен бұл дата елдегі ресми шара ретіндегі санатқа алынғанмен, ол тек облыстың аясында ғана шектеліп қалатынға ұқсайды. Бұл, сөз жоқ, үкіметтің халық туралы, оның жасампаз өткені жайлы ұғымының деңгейін көрсететін өкінішті мысал. Елді, қазақ дейтін қадірлі ұлтты әлемге әйгілеген, неміс әдебиеттің классигіне жыр тудырған, кезінде оның есімін есте қалдырудың жан-жақты шараларын жүзеге асыру үшін құрылған республикалық партиялық, кеңестік биік дәрежедегі комиссия арқылы кезінде қолдан келгенше сәулеттік, танымдық және тағылымдық ескерткіштер орнатылған даңқты перзенттің рухы алдындағы ұятымызды сезбеу, оның есімін жаңғырту қажеттігін түсінбеу болып табылады. Егер көлемдірек алып пайымдасақ, мәселе тек Шығанақта емес, мәселе ел ретінде өсу мен өрлеудің, мығым жұрт ретінде қалыптасудың Шығанақ-санасында, Шығанақ-ісінде, Шығанақ-ықыласы мен ымтымағында. Ұлы диханды еске алу, ұмытпау — осы құндылықтарды еске салу деген сөз. Философияда «Бентамдық принцип» дейтін кісілік істе кері кетуді бейнелейтін ұғым бар. Бұл тұжырым бойынша адам жарықтық қоғамға тек қуатты, пайдалы шағында ғана керек, сосын оның күш-жігері, білімі мен қабілеті сарқылғасын, обал-сауабы жоқтай, сүлдесін қоқысқа тастаса да болады. Ес азайған жерде есерлік бас көтереді — қоғамды жайлаған әлгі сүйісу жарыстары мен жалаңаштану бәсекелері, нашақорлық пен маскүнемдік, коррупция мен мафия, өзара айтысып, жағаласулар, пайдакүнемдік, ішіп-жеу, тән рахаты мен жан рахаты жолында ешқандай ұятты елемеудің негізінде осы принцип орныққан. Ішкі жалпы өнімнің өсуінен тоқтық пен бүтіндік көбеюі мүмкін, алайда ішкі жан дүниенің, руханилықтың өздігінен өсуі неғайбыл. Ішкі жан дүние жекенің баюы, қызықтауымен емес, жалпыға ортақ материалдық және моральдық игіліктерінің өсуімен биіктейді. Мұның санамызда Шығанақ-ой мен Шығанақ-ықыласты биіктетумен тікелей байланысы бар.

Бүгінде даңқты диханды танытатындай мұражайлық экспонаттар жоқтың қасында дедік. Сол себепті оның жеке өзіне арналған орын ашу қиын екені белгілі. Алайда облыс орталығында осы тұлғаның есіміндегі мұражай ашып, оған «Еңбек даңқы» деген атау беріп, осы өңірде табандарын тасқа тілдіріп жүріп ақтылы қой, алалы жылқы өсірген, егін өсірген ондаған Еңбек Ерлерінің өмір және еңбек жолдарын баяндаса ұрпақ риза болмас па?! Олардың бүгінгі өзгерген қоғамға жазығы жоқ, болса кешегі социализмде өмір сүргендігі. Бірақ сол көп мал мен көп астықты олар о дүниеге алып кеткен жоқ еді ғой. Немесе, «Жанды мұражай» атауымен тары дақылының егілуінен бастап, жиналуы, тағам түрлеріне айналуына дейінгі бүкіл үрдісті көрнекі түрде көрсетіп, дихан туралы толық мағлұмат беретін әрі мұражай, әрі мәдени, сауда кешенін салудың да мүмкіндігі жеткілікті. Бүгінде тары дәмі ел төріндегі дастарқаннан кетіп, төрдегі орнын трансгендік, яғни өз елдерінде пайдаға жарамайтын өсімдік-өнімдерге беріп, өзі ара-тұра жайма базардағы шаңға оранған саудаға шықты. «Жанды мұражай» бұл дәмді де сауда мәдениетіне көшіріп, ұлттық өзге де көптеген тағамдардың әрі көрмесін, әрі саудасын ұйымдастырса, сөз жоқ, іштен, сырттан қызығып келушілер көбейер еді.

Шығанақ еді деп ертеректе орнатылған екі ескерткіш мүсіннің не күйде екені айтылды. 1944 жылы салынған Пирамида жаңартуды күтіп тұр дедік. Оны жалпыға, әсіресе, жас ұрпаққа тәрбие, тәлім беретіндей тарихи, мәдени көрнекі орынға айналдыру үшін кереметтей көп қызметтің қажеті жоқ. Мысалға, оның айналасын кеңейтіңкіреп, маңайын тазалап, тегістеп, асфальт төсеп тастаудың, айнала қоршап ағаш түрлерін отырғызудың қаншалықты мемлекеттік шығын қиындығы бар? Шынына келгенде, Шығанақты есте қалдыру шараларына кететін шығынның көлемі осы күндері қайда да қаптап кеткен мың сан коттедждердің біреуінің құнына тұрмайды. Өзге жұрт итке де, құсқа да, ертегілердің кейіпкерлеріне де келісті етіп мүсін жасап жатқанда шикізатты сыртқа судай ағызып, иномаркалар мен еврожөндеулердің, виллалар мен шетелдік салымдардың еліне айналған бізде сирек ұлыларымызды ұлықтауға келгенде таршылық пен жоқшылық пайда бола қалады. Мұндай жағдайда, әрине, не көп, мағынасыз «тұсау кесу» көп. Бұл пирамида өмір, тіршілік, ұлылық туралы түсініктерді ашатын және кеңейтетін ұғымдағы архитектуралық келісті және декоративті бейнелі ғимарат болғандықтан, облыс, аудан деңгейіндегі еңбекпен байланысты кейбір елеулі жиналыс-кеңестерді осында өткізіп тұруға болар еді. Кесененің іші қаңырап бос тұр. Ол мазар емес, бейіт емес, тағы да қайталауға тура келеді, мәдени-ескерткіштік ғибадатхана. Сірә, сәулетші о баста осыны ескерген секілді — кесененің жақтауларына әдейі жазу жазатын орындарды ойып қалдырған. Олар әйгілі тары өсірушінің өмірі және еңбек жолынан, өзге де тарихи, танымдық, тағылымдық кең мағлұматтар берер еді. Бұл жердің көлемі шағын, сол себепті Шығанақтың өмірі мен қызметін көрнекі түрде баяндауға қолайлы да жинақы кешенді орын. Кесенеден оңға қарай бұрылғанда алдыңнан дихан үйінің орны шығады. Қалың ши арасында жатқан үй орны тек әйтеуір төмпешік емес. Уақыт кімнен нені қалдырмады дерсің, далада кезегімен көшіп, қонған елдің жұрты жетеді. Бірақ мына жер — тым ерекше төмпешік, әлемдік рекорд бір кезде осы үйдің көмбесінен алынған тарыдан өсірілген. Шығанақтың «кең сарайдай боз үйі» осы болған. Ол сырқатқа ұшырап, төсек тартып жатып қалғанда, Мәскеудің бұйрығымен шыққан аэроұшақ ұшу, қону алаңы жоқ осы жерге зорлықпен қондырылып, «байлаулы» тұрған. Басқа басқа, автомашинаны көріп қалудың өзі үлкен жаналық уақытта мынаған кезігу ауыл адамдарына ертегінің өзімен кезіккендей әсер қалдырған ғой. Адамдар өмірдің уақыт-кезеңдерімен сірә, күліп қоштасады. Күлмей қайтесің, Қарасуға қонған аэроплан ғажап оқиға ретінде «күндіз естен, түнде түстен» кетпеген кезеңде өмір сүрген ұрпақтың бала-буын өкілдері біздер техниканың Айды қойып, Шолпанды зерттегенін көріп отырмыз. Өткеннің де өткені бар, олардың маңыздылары кейінгілер үшін тек естелік емес, мәні, мағынасы бар ойлар. Адамға Аяз би — тұрмыс, әрине, сән бермейді, алайда адамнан Аяз би — сана кетпеуі тиіс. Кіммің, қандаймын, қайданмын деген сұрақтар ойланта алса, әркім де елдік дейтін өте биік Бабыл мұнара — санаға өрлеп шығар еді.

Қоңыр ауыл, қоңыр тіршілік. Кеңестік шаруашылық кезіндегі ферма орталығы ретіндегі шағын мекен түтіндері көбеймегенмен, үйлері бұрынғыдай қисаймай, мыжыраймай, күтімде тұрғаны аңғарылады. Күні кеше «өз бетінше, өз хал-қадіріңше өмір сүр» деген үрейлілеу уақыт шынымен өтіп бара жатқан секілді — ауылдастар қауымдастықтың қадірін түсінген сыңайлы. Оны өзге былай тұрсын аш жылдар мен жалаңаш жылдарда ауыл-аймақты ынтымаққа біріктіріп балық аулаған, дән өсірген Шығанақ ұмыттырмайды. Десек те біз тарихтан тәлім, тағылым алуды әдетке айналдырмаған ұрпақпыз. Бұл жалғыз біз емес, осы жағдай жалпы адамзаттың қазіргі үрдісіне ортақ екендіктен, жақсы болсын, жаман болсын, көп нәрсені өзге жұрттан бұрын бастайтын Батыс енді ес жинап, қауымдастықка қарай назар аударуда. Ол — Батыстың ерте уақыттарда өткен жолы. Ал бұл — біз үшін қауымдастық түрені құнарлы туыстық топырағына тым терең түскен, ағайындылық, ауылдастық, елдестік ықыластар жүрек арқылы өтетін, әліге ескірмеген құрылым. «Аталастың аты озғанша ауылдастың тайы озсын» деген бір ауыз мәтелге жұртымыз ежелден елдіктің ұлы мұратын сыйдырған. Бұл жерде «ауылдасты» Қарасудағы шағын мекен екен деп түсінсек, онда ол — ойымыздың ергежейлігі. Мұндағы «ауылдас» — Атыраудан Алтайға дейінгі тұтас жұртымыз. Даңқты перзенті Шығанақ Берсеұлының қадірлі есімін осы тұрғыда түсінбегендіктен, ел оны қысқа Қарасудың бойына қамап қойып, ұятқа қалып отыр. Рекордтық өнім алынған сол Қарасудың бойы елдік ықылас табылса, табиғи, рельефтік жарасыммен Ұлттық Еңбек Даңқының қорығына сұранып тұрғандай. Қазақстан Жазушылар одағы еңбек тақырыбына арналған әдеби шығармаларға дихан есіміндегі тұрақты түрдегі сыйлық тағайындауы қажет. Жаңылмасам, республикалық музыкалық бәйгелердің бірінде «секс-символ» деген ресм номинация бар ғой. Оның қасында бұл бәйге «боталы інген» емес пе?! Билік басындағылардың жалпы жұртшылықпен санаспай, тек өздерінің ықыласы ауғанға үлестіретін (бюджет есебінен) сыйлықтары, сірә, шаш етектен. Елдегі мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары Шығанақ тақырыбына жазылған деректі және көркем материалдарға бәйге жариялап, осы есімнің құрметіне бұқаралық спорттық жарыстар өткізілсе, орынды болар еді. Айтулы датаға елдік деңгейде маңыз беріліп, лайығымен атап өтілсе, әрине, осымен байланысты тағылым, сабақ боларлық өзге де саяси, мәдени-әлеуметтік шаралардың түрлері жетеді. Бірақ осы пікірлер мен ойлар біздегі бүгінгі қоғамдық сананы, биліктің зердесін қозғар ма екен?.. Республика үкіметі не дейді?

 Идош АСҚАР.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Өте орынды айтылған ұсыныс Ш. Берсиев атындағы мемлекеттік сыйлық ұсынып, ауылшаруашылығында жаңалық, жаңашыл бастамаларды қаржыландырса Республиканың экономикасына пайдалы іс болар еді

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button