Ауыл

Тамшыдан түйілген өнім

Мемлекеттік бағдарлама

Орынбек Қуантаев белгілі бір мамандықтың оқуын оқымаған. Бірақ соған қарамастан жұмыссыз емес. Қара жұмыстан қажымай, несібесін жерден айырып отырған Ақкемер ауылының тұрғыны бүгінде ауданның сауда орындарын жергілікті көкөніс өнімдерімен қамтып келеді.

Ақкемер ауылының іргесіндегі жасыл алқап жайқалып, көзге алыстан-ақ көрінеді. Ала қарбыз, сары және жасыл қауындар «мен мұндалап» алқапқа әр беріп тұр. Өзіңнің жемісті еңбегің болмаса да, ішіңнен «біздің ауданда да мұндай көкөніс алқабы бар екен» деп қуанып қаласың. Жақындаған сайын алқаптың көлеміне көз жетпейді. Әр жерде еңкейіп еңбек етіп жүрген адамдар көп. Олардың бірқатары —Орынбектің жұмысшылары.

35 жастағы Ақкемер ауылының тұрғыны бұл кәсіппен 4 жылдан бері шұғылданады.

Қандай бір шаруашылықты қолға алмасын адамға ең әуелі ниет пен құлшыныс қажет. Бұған дейін қолдан келер кәсіптің барлығын жасадым. Бірақ көкөніс егу шаруашылығын қолайлы деп тауып, білек сыбана кірістім. Алғашқы екі жылда тәжірибе ретінде өзімді сынап көрдім. Әрі көкөністерді қарапайым әдіс бойынша егіп, суардым. Әрине, бейнеті шаш етектен. Дегенмен, нәтижесі жаман болмады. Отбасыма едәуір пайда әкелді, дейді бағбан.

2015 жылы Орынбек Қуантаев «Ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қоры» арқылы 1,5 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау алып, шаруашылығын тамшылатып суару технологиясына көшірген. Көлемі 10 гектар алқабындағы көкөністер бүгінде жаңа технология әдісімен суарылып, өнім көлемін ұлғайтып отыр.

Мемлекеттік бағдарламаның көмегімен кәсібімді жаңғыртып, шаруашылығымды тиімді  әрі жүргізуге жеңіл етіп алдым. Қаржылай қолдау алғаннан кейін Соль-Илецкіге барып тамшылатып суару технологиясын меңгердім. Қажетті жабдықтарды да сол жақтан сатып алдым. Бұл әдістің тиімді жақтары көп. Мәселен, қарапайым әдісте су көп кетеді, одан соң оны қайтадан қопсытып отыру керек. Қаулап өсіп шығатын арам шөп тағы бар. Ал тамшылатып суару әдісі суға үнемді, өсімдіктің тек тамырына тамшылап тұрғандықтан, айналасына арам шөптер қаулап шықпайды. Сондай-ақ, бірқалыпты ылғалдылығын сақтап отырады. Себебі, жерге тұқым салмай

тұрып,  құбырларды жүргізіп, оның бетін салафанмен қаптап қоямыз. Өсімдіктің сабағы өскен кезде салафанды тесіп, оны сыртқа шығарамыз, ал тамырын қалыпты температурада ұстаймыз, — дейді Орынбек Қалиұлы.

Бақшадағы өнімнің тұқымы жан-жақтан алынған. Шаруаның айтуынша, көкөніс тұқымдарының арасында ресейлік, голландық, австриялық тұқымдары да кездеседі. Олардың дені, әсіресе, қауын мен қарбыздардың түрлерінде көп. Кәсібін жаңа технологиямен дамытып отырған бағбаншы биылғы жылы да өнімді қомақты болатындығын жоспарлап отыр.

Дегенмен, биылғы жаз маусымының түні салқын болып, ауа райының температурасы да әркелкі болды. Ал көкөністің қай-қайсысы да түнде өседі. Өткен жылы өнімнің көлемі көп болды. Биыл да қомақты болады деп болжап отырмыз. Өйткені, өнімді жинау жұмыстары әлі де болса жүріп жатыр. Шаруашылық отбасымызға ортақ болғандықтан бәріміз осы кәсіптің жүруіне атсалысамыз. Арасында жұмысшылар да бар. Шыққан өнімдердің барлығын жергілікті базарға шығарып жатырмыз. Одан қалды сенбі және жексенбі күндері жәрмеңкеге шығарамыз. Өтімі де тәуір. Жергілікті өнім, әрі бағасы да арзан болғандықтан, сұраныс бар. Алқаптың басынан көтерме бағамен алатын саудагерлердің де сұраныстарын қанағаттандырып отырамыз. Алайда, міндетті түрде бізден алған бағадан құнын өсіріп жібермеуін қараймыз. Жергілікті өнім жергілікті тұрғындарға сапалы және тиімді бағамен саудаланғаны жөн, дейді жеке кәсіпкер.

Орынбектің болашақта үлкен жоспарлары бар. Қазіргі шаруашылығына қолайлы  жері ұзақ мерзімге жалға берілсе, басына үй салып, жарықтандырып, жылыжай кешенін салмақ. Қолға алған шаруашылығын еуропалық үлгіде дамытуды мақсат етеді.

P.S. Алақандай жерден кәсібін бастап, ауқымды шаруашылықты жүргізіп отырған азаматтың бұл ісі көпке үлгі боларлықтай. Әсіресе, бүгінде екі қолға бір күрек таба алмай, отбасы ошақ қасынан аса алмай отырған, тепсе темір үзетін азаматтар үшін. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарын тіленбей» деген ұғымы терең сөздің астарында осы бір мысал жатса керек.

Әнуар ЕСҚАРА,

Мұғалжар ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button