Тарих

Съезге барған сауыншы

 

Бүгінде Кабира Құрманалинаның есімін біреу білсе, біреу білмейді. Ол — 1966-1990 жылдары облыстың ауыл шаруашылығы саласының дамуына бір кісідей үлес қосқан жан. Кезінде «үш мыңыншылар» қатарынан көрінген  атақты сауыншы. 

 Кабираның күші

Кабира Құрманалина — Шалқар ауданының тумасы. Өмірлік серігі Есенхан Тулинмен шаңырақ көтергеннен кейін, жас жұбайларға 1966 жылы Қотыртастан қоныс аударуға тура келеді. Өйткені арнайы жолдама Ресейдің Саратов облысында ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдаған отағасының ендігі өмірін,  еңбек жолын Алға ауданының Ильич, қазіргі Қарақобда ұжымшарымен байланыстырды. Ұзақ жыл осы өңірдің ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне өз үлесін қосқан Е.Тулиннің есімі жерлестеріне, әсіресе алғалықтарға жақсы таныс.

Ал  1966-1990 жылдар аралығында осы кеңшарда елеулі еңбек еткен К.Құрманалина үздік сауыншы атанып, бірнеше рет социалистік жарыстың жеңімпазы болды, ұжымшардың ауыспалы «Қызыл Туды» иеленуіне өз үлесін қосты.

Ана дегенде толқымайтын, толғанбайтын жан жоқ.  Өйткені адам баласы үшін ең қастерлі, ең қымбат бір адам болса, ол — Анасы. Мен де өз анамды пір тұтып, мақтана айта аламын. Анамыз Кабира Дүйсалықызы елеулі еңбегінің нәтижесінде  бір кездері Алға ауданының, тіпті облыстың атын шығарып, үздік сауыншылардың қатарында болған жан. Алғаның Ильич ұжымшарында сауыншы болып еңбек етті. Ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бір кісідей үлес қосқан анам небір қиындықтарды бастан кешірді. Өмірдің ауыртпашылығын көтеріп, қиындығына төзе білді.  Бойындағы қайрат-жігері оны үнемі алға жетелейтін.  Әлі есімде, біз ертеңгілік ұйқыдан тұрып, мектепке жиналып жатқанда, анам бұл кезде фермада жүретін. Таң алакеуімнен жұмысқа кететін оны кешкілік бір-ақ көретінбіз, — деп еске алады сол кездегі еңбектің қара қазанында қайнаған жандардың қатарында болған Кабира Құрманалинаны қызы Айнұр Такенова.

Кеңес заманы тұсында еңбеккерлер түрлі аудандық, облыстық, республикалық, Бүкілодақтық социалистік жарыстарға қатысатын. Сауыншылар арасында әрбір сиырдан жылына 3 мың литр сүт сауу межесі белгіленген. Сегіз құрсақ көтерген К.Құрманалина бала тәрбиесімен қатар, осы жарыстардың белсендісі әрі екпіндісі бола білді. Өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруға тырысты. Төккен тер мен еткен еңбек босқа кеткен жоқ, нәтижесінде облыста «Үш мыңыншылар» қатарынан көрінді. Кабира Дүйсалықызының еңбегі жоғарыда жақсы бағаланып,  1981 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ХV съезіне облыстан аттанған делегаттардың бірі болды.

Делегат және депутат

Есенхан мен Кабираның шаңырағында 1967 жылы тұңғыштары Талғат өмірге келді. Кейін Талғаттың соңынан Есет, Айнұр, Анаргүл, Аслан, Арай, Мирлан мен Медет ерді. Бір-бірінің өкшесін басып өскен балалардың тәрбиесі бесіктен  Жәмилә әженің әлдиімен басталды. Себебі, таңның атысы, күннің батысы үй көрмей, түздің жұмысымен жүрген ата-ананың балаларға қарауға көп уақыты бола бермеді.

— Әлі есімде, сауыншылардың еңбегі тоқсан сайын баспасөз бетінде бағаланатын. Әсіресе, сол кезде «Коммунизм жолы» газетін асыға күтетінбіз. Өйткені облыстық газетте үздік сауыншылардың есімі жарияланатын. Анамыздың аты-жөнін үнемі тізімнің басынан іздейтінбіз. Сол кездегі атақты сауыншы Анна Нагорная мен менің анамның есімі тізімнің басында тұрады. Егер анамыздың аты Нагорнаядан кейін тұрса, іштей ренжіп қалатын едік. Газетте сауыншының аты-жөні жазылған тұста әр тоқсанда сауған сиырының саны, сүттің литрі түгел көрсетіледі. Анамыздың есімі шұбырған тізімнің алдыңғы қатарында тұруының өзі еселі еңбек пен маңдай тердің жемісі екенін ес біле түсіне бастадық.

Ене мен келін арасындағы сыйластықты, татулықты анамнан көріп өстік. Біз  әженің тәрбиесін көп көрдік. Анамыз кеңшардың жұмысымен, үйде көп болмайды, іссапарға жиі шығатын. 1981 жылдың ақпанында Алматы қаласында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ХV съезі болды. Сол съезге облыстан барған бір топ делегаттың қатарында менің де анам болды. Бұл жиынға анам үлкен жауапкершілікпен, дайындықпен барды. Өйткені алқалы жиында анам облыс атынан сөз сөйледі. Бұл кезде мен он алты жаста едім. Анам съезге кеткенде, оның сиырларын саууды мен міндетіме алдым. Сауыншылар сиырды Көкбұлақ, Жидексай, Аққұдық аталатын жерлерде сауатын. Көкбұлақтағы сүт фермасын сол кездегі белгілі сауыншы Жұмасұлу Құрамысова басқарса, Жидексайдағы жұмысты менің анам басқарды. Сөйтіп, күніне екі рет алдымызға келген отыз сиырды аппараттың күшімен сауып үлгеріп, 30-40 литрлік бөшкелерге толтырылған сүтті тұрғындардың тұтынуы үшін тиісті жерге жөнелтетін едік. Әрине, бұрын-соңды мұндай ауыр жұмыс жасап көрмеген маған бұл қиын болды. Алайда анамның досы әрі сенімді серігі болған Ақсұлу апа маған көмектесетін еді, — дейді Айнұр.

Ол бірнеше мәрте халық депутаттарының облыстық кеңесіне депутат болып сайланды, халықтың мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге тырысты.

Естелікке қалған ескі сурет

Бүгінде Тулиндер әулетінің жеке альбомында аяулы жар, ардақты ана Кабира Құрманалинаның алқалы жиындар мен маңызды мәжілістерде түскен суреттері көп. Соның ішінде Ленин орденінің иегері, атақты сауыншы Анна Нагорнаямен емен-жарқын әңгімелесу үстінде түскен суреті олардың бір-бірімен достық қарым-қатынаста болғанының куәсіндей-ақ.  Бір кездері облысқа Бангладештен келген қонақтардың Кабираның отбасында болғанын балалары зор мақтанышпен айтады.

Әке-шешеміз елге сыйлы, абыройлы жандар болды. Әрқайсысымыз есейіп, еңсе тіктеп, бір-бір үйдің иесі атансақ та, ата-анамыздың атқарған еңбегін балаларымызға үлгі етіп, зор мақтанышпен айтып отырамыз. Анамыз арамызда жүргенде, биыл күзде  мерейлі жетпіс жастың нанын жеген болар еді. Тағдыр аяулы анамызды ортамыздан ерте алып кетті, — дейді Айнұр.

1991 жыл Тулиндер отбасында ауыр қайғымен басталды. Небәрі 44 жыл ғұмыр кешкен К.Құрманалина артына өшпес із қалдырып, өлшеусіз еңбектің үлгісін көрсете білді. Қара күштің иесін тосыннан келген бүйрек ауруынан арашалап қалу мүмкін болмапты. Кабира Дүйсалықызы өмірден озғанда, оның артында қалған сегіз баласының ең кішісі — Медет небәрі 2,5 жаста екен. Бұл кезде бұрынғыдай емес, күш-қайраты сарқылған Жәмилә әжеге бұл қайғы ауыр соққы болды. Көп ұзамай ол кісі де о дүниелік болды.

Сегіз баланы сапқа қосып, қал-қадірінше олардың барлық жағдайын жасауға тырысқан әкенің  тәрбиесінде қалған балалар бүгінде бір-бір маман иегерлері. Қазір Тулиндер әулетінде мұнайшылар мен мұғалімдер көп.

Анам ылғи «Сиырдың сүті — тілінде» деген даналық сөзді біздің санамызға сіңіріп өсірді. Бағым-күтімі келіскен түліктен өндірілетін өнімнің де мол әрі сапасы жоғары болатынын айтатын. Анамыздың тынымсыз еңбегін көріп өскен біз  өзімізге сабақ алдық, өмірде терлеп еңбек еткеннің ғана тілегіне жететінін сезініп өстік. Анамның ықпалымен шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық ету жолын таңдадым. Қай-қайсысымыз да таңдаған мамандығымыздың жемісін еңбектің символындай болған анамыздың бізге көрсеткен үлгісімен игеруге тырысып бағудамыз, — дейді Айнұр Такенова.

Қазір Алға ауданының Қарақобда ауылында социалистік жарыс жеңімпазы Кабира Құрманалина атында көше бар. Көше бойына атақты сауыншының есімі жазылған белгі орнатылыпты. Сонымен қатар, ауылдағы ол тұрған үйдің қабырғасына мемориалды тақта ілінген.

P.S. Бір кездері облыстың атын шығарған белгілі сауыншы Кабира Құрманалина туралы актер Асанәлі Әшімов арнайы Алға ауданының Ильич кеңшарына келіп, «Еңбек жолы» атты деректі фильм түсірген. «Асанәлі Әшімовтің үйімізде екі күн жатып, анамыз жайында деректі фильм түсіргені есімде. Ол кезде әжем көруден қалды. Алайда кино түсіру барысында актердің идеясымен әжем құрақ құрап, мен оның жанында отырдым. Анамның түздегі, үйдегі тірлігі туралы түсірілген деректі фильмді кейін облыстық, республикалық телеарналардан көрсетті. Менің ендігі міндетім — сол фильмді іздеп табу. Әуелі облыстық телеарнаның мұрағатынан іздестіріп көруге тырысамын. Егер таппасам, Асанәлі Әшімовпен кездесуге бел буамын. Өйткені, анамның сол кездегі түрі, еңбегі деректі фильмде әсерлі көрсетілгені есімде сақталыпты. Бұл облыс әрі әулетіміз үшін құнды жәдігері болып қалар еді.

Сол сияқты, бір кездері Ильич ұжымшарына арнайы іссапармен келген Дінмұхамет Қонаевқа анамыз нан ұсынған. Сол сәттегі түсірілген суреттер отбасылық альбомда сақталмаған. Маңызды сәттердің куәсі болатын суреттерді де іздестіру ойымда бар», — дейді Айнұр.

**

Бір қызығы атақты сауыншы Кабира Құрманалина туралы Алға аудандық тарихи-өлкетану мұражайында көп дерек жоқ. 2012 жылы жинақталып, осыдан екі жыл бұрын ашылған аудандық музейде атақты сауыншының 1966-1990 жылдар аралығында Ильич атындағы (Қарақобда) ұжымшарда кассир, кейін ферма есепшісі, сауыншы болғаны туралы мәлімет жинақталған. Музей меңгерушісі Айгүл Достанова К.Құрманалинаның съезд делегаты болғанын, оның еңбегі үшін 1973 жылы «Құрмет белгісі», 1982 жылы «Октябрь революциясы» ордендерімен марапатталғанын ғана айтты.

 Арайлым НҰРБАЕВА.   

Басқа жаңалықтар

3 Comments

  1. Актобе газети менин суйикти газетим.Ол аркылы анам туралы макала окып куанып отырмын.Газетке шыгармашылык тилеймин.Узак жсасй берсин.Осы макаласын пайдалана отырып, анамнын енбеги туралы Казакстан айелдери журналынын бир буйиринен енбкги жариялвнса екен деген усыныс сураймын. Саттиликк болсын. Менин отбасымнан жане бауырларымнын атынан коп рахмет жолдаймыз. Арайлымга деген алгысымыз шексиз -ак. Коп жетистиктерге жете бер демекпиз оган .Медеттин атынан ерекше алгыс айтамын…

  2. Алга акимдигине окпелимиз. Неге енбек адамдарынын енбегин жарияламаска.Анам мен акем коп енбек етти.Олардын енбек жолын улги етуге болады гой.Ауыл шаруашылыгы кунинде неге ол жандардын балаларымен хабарласпайды ? ЕНДИ ОБЛ. Акимине барамыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button