Тарих

Жалаңтөс Баһадүр жаңғырығы

Тарихымызды түгендей бастағанда аты аңызға айналған Жалаңтөс Баһадүр бабамыз алдымыздан атойлап шығатындай көрінетіні бар. Шындығында да солай. Ол осыдан 440 жыл бұрын дүниеге келсе, содан бергі уақытты осы бір ірі тұлғаның есімінсіз елестете алмаймыз.

Әсіресе, еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тұсында Жалаңтөс бабаның ерен ерлігі мен елдікке үндеген ірі іс-қимылдары жылдар тасасынан жаңғырығып қайта шыға бастады.

Тарихи деректерге үңілсек, Жалаңтөс Баһадүр 1576-1656 жылдары өмір сүрген қолбасшы. Ол — Сырдарияның саға-жағалауын мекен еткен Төртқараның ұрпағы.

Шежіре бойынша қарасақ, Жанарыстан —Алшын, одан ӘлімБайұлыЖетіру тарайды.

Әлімнен —  ТүменШөмекейТөртқара.

Төртқарадан —  Оразкелді, Ораз, Жаншұқыр, Қараш. Ораздан Ақпан, Тоқпан. Тоқпаннан Сейітқұл туған.

Сейітқұл бабаның сегіз ұлы болған. Оның бәйбішесі — Сары кемпірден Сейітмәмбет, Төлеш, Ақша. Ақшадан Бәйбек, одан атақты Әйтеке би.

Екінші әйелі — Қара кемпірден — Жалаңтөс, Дүйсенбай, Матай, Түрікмен, Қоян. Бұларды «Сегіз Сейітқұл» дейді екен ел. Сонда Әйтеке би мен Жалаңтөс бір әке — Сейітқұлдан болып шығады.

Заманымыздың заңғар жазушысы, халқымыздың абызы атанған Әбіш Кекілбаев «Әйтеке би» атты шығармасында білікті би туралы айтар алдында алдымен Сейітқұлға тоқталып, осы арада Жалаңтөс туралы да дерек береді. Оқып көрелік: «Сейітқұл болғанда… Кәдімгі Әз Тәукенің төртінші атасы, атақты Қасымхан өлген соң біраз уақ қазақ билігін қолына алған Шығай Жәдікұлы 1581 жылы күллі ұлысымен Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, қасына төртқара Сейітқұл дегенді ерте кетпейтін бе еді?!. Сол Сейітқұлдың дәл өзі. Сейітқұлдың сегіз баласының ең атақтысы Жалаңтөс… Сол кезде бар болғаны бес жаста екен. Сол Жалаңтөс Нұратада жүріп, Бұқар мен Тамды маңындағы қазақ ұлыстарын билеп отырған Ақназар ұлы Дінмұхамедтің көзіне түседі. Ол — кәдімгі Хафиз Таныштың «Абдул-ланәмесіндегі» Дінмұхамед. Қасым өлгесін, шырқы бұзылған қазақ хандығының еңсесін қайта тіктеп берген әкесі Ақназардың саясатын одан әрі жалғастырып, Абдолла әулетінен өрбитін билеушілермен батыл тайталасқа шығып, қазіргі Орта Азияның кейбір шаһар-мемлекеттерінің тізгінін өз қолына ала білген қазақ ханы. Жалаңтөс те Дінмұхамедтің сол күресі үстінде көзге түссе керек. Оның Бұқар, Самарқан, Гератта бас қолбасшылық, тіпті билеушілік дәрежеге жетуінің де арғы астары осында жатса керек. Не де болса, Жалаңтөстің дәулеті мен беделінің асқандығы сонша, Самарқандағы әліге дейін көздің жауын алатын медресе Шердор, Тілләқараны салдырады».

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Өтеубай Қожақұлының «Жалаңтөс Баһадүр — Азияның ақырғы жолбарысы» атты мақаласында да көптеген деректер алдымызға тартылады.

Ғалым Жалаңтөс бабамыздың 1576 жылы Арал теңізінің оңтүстік-шығыс өңірін қыстап, жазда Еділді көктей асып, қиядағы Түмен ормандарын жайлап қайтатын, қарадан шығып хан болған Сейітқұл қажының шаңырағында дүниеге келгендігін айтады. Баһадүрдің арғы атасы Ораз қажы Ақсақ Темірдің бас уәзірі, әрі ақылшысы болған деседі.

Сейітқұл XV ғасырдың екінші жартысында жан-жақтан еліне төніп келе жатқан аса ауыр қауіп-қатердің салдарынан 40 мың үйі бар тайпа елді суыт көтеріп, Сырдың төменгі ағысынан оңтүстікке — Нұрата тауларына қарай көшеді. Ал елге төніп тұрған қауіп-қатер XVI ғасырдың ортасында орыс мемлекетінің патшасы Иван Грозный басқарған отаршылар қанды қырғынмен 1552 жылы Қазан қаласын құлатқан, ал 1556 жылы Астрахань хандығын басып алып, Еділ бойын жағалап, Жайық жағалауындағы  ауылдардың тас маңдайынан төніп тұрған-ды. Осының бәрі Хақназардың баласы Шығай ханды өз серігі Сейітқұл қажыны  бүкіл алшын руларын дүрліктіріп, 1580 жылы таққа отырған өзбек ханы Абдулла ІІ қарауына өтіп кетуге мәжбүр етті.

… Жалаңтөс бес жасқа келгенде Төртқара елі қуаңшылыққа, жоқшылыққа, ашаршылыққа тап болады. Әкесі Сейітқұл ел басшысы Шығай ханмен бірге Бұхар шаһарына жақын Нұрата таулы алқабына көшіп барып мекен етеді. Нұрата тауының етегіне барып қоныстануына екі түрлі жағдайдың түрткі болғаны айтылып жүр. Біріншісі, Сейітқұлды Шығай хан Самарқанға арнайы шақырған. Екіншісі, қызылбастардың шапқыншылығынан қауіптенген Шахрух Сейітқұлға жанында болуды ұсынған.

Тарихи деректер бұл кезде Қызылқұм, Нұрата, Тамды төңірегін жайлаған елді Дінмұхаммед хан билеп тұрғанын айтады. Сол ханға Жалаңтөс 12 жасынан шәкірт болып қызмет етеді. Осы кезден бастап-ақ оның ақылдылығы, батырлығы қалыптаса бастайды. Жалаңтөс хан сарайындағы шәкірт балаларға, жастарға бас болып, оларға түрлі әскер ойындарын үйретеді. Хандар, билер қасында жүріп, ел басқару ісіне қатысады. Имам, қажылардан имандылық, қайырымдылық және білім, ғылымға зейін қояды.

Әкелі-балалы Сейітқұл мен Жалаңтөс Нұрата атырабын билеп тұрған жылдары оған жан-жақтан Қызылқұмда бытырап көшіп жүрген Әлім, Алшын, Шөмекей, тағы басқа рулардың ауыл-аймақтары өздері барып қосылып жатқан. Бұл кезде Сейітқұл мен Жалаңтөс хандығының саны 40- 50 мың түтінге жеткен. Сол қазақтардың бір хандық төңірегіне шоғырлануы біріншіден, сыртқы шапқыншылардан сақтану болса, екіншіден, ағайын-туысқанды сағалау еді. Үшіншіден, Сейітқұл би мен Жалаңтөс батырдың ел қорғаудағы, халыққа қамқор болудағы жан-жаққа таралып жатқан атақ-даңқы себеп болады.

Жалаңтөс батыр талай қанды қырғын шайқастарды басынан өткереді. Соның бәрінде дарынды қолбасшы, ержүрек батыр екенін танытады. Сол дәуірдегі ең жоғарғы лауазым — Аталық баһадүр қолбасшы деп ел-жұрт атап кетеді. 1640 жылы қазақ пен өзбек жеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батырға қарсы соғыста Жалаңтөс баһадүр әскерге қолбасшылық етіп, жауды күйрете жеңген. 1643 жылы Жетісу өлкесіне басып кірген қалмақ-жоңғар феодалдарына қарсы шайқасып жатқан Жәңгірханның әскеріне Жалаңтөс батыр бастаған Самарқаннан 20 мың қол көмекке келген. Басқыншыларды ойсырата жеңуге жәрдемдескен.

Жәңгір ханның билігіндегі Жетісу өңіріне жоңғарлар 50 мың қолмен басып кіріп,  10  мың адамды тұтқындап әкеткенін тарихшы И.Я.Златкин өзінің «Жоңғар хандығының тарихы» атты еңбегінде атап өтеді. Жарбұлақта болған осы қанды шайқаста Жәңгірдің мыңға жетпейтін азғантай қолы тау шатқалында өтіп бара жатқан жоңғар қалмақтарына тосқауыл қойып, қырғынға ұшыратады. Ел ауызындағы деректерге қарағанда, жеңісті баянды ету қиын болатынын түсінген Жәңгір көмек сұрап  Сасық биді Жалаңтөске жұмсаған.

Жәңгір сұлтан мен Самарқан билеушісі Жалаңтөс батырдың арасында айрықша адамдық әрі жауынгерлік достық болған. Жалаңтөс батыр парсы жаққа шабуыл жасағанда, Жәңгір оған үнемі көмекке келіп отырған. Сол көмектің бір қарымтасын осы жолы Жалаңтөс қайтарған. Сөйтіп, олар жоңғарлардың 11мың 500 адамын қырғынға ұшыратып ойсырата жеңіп, оларды Алтай тауларынан әрі асырып тастаған көрінеді.

1649 жылы Бұхар ханы Абдуләзиз бен Иран патшалығы арасында Хорасан мен Балх үшін болған соғыста Жалаңтөс батыр әскерге шебер басшылық етіп, жауды жеңіп шыққан. Бұл соғыста Бұхар мен Қазақ хандықтары ортақ жауға карсы одақ құрған.

Хорасан Балх шаһарларындағы соғыста Жалаңтөстің ерлігімен қоса әртүрлі айла-тәсілдері де ерекше көрінеді.

Жалаңтөс батыр Ташкент пен Түркістанға үш рет жорық жасаған. Кабул мен Мешхедті бағындырған. Ерлігімен, соғыс өнерін жақсы білетіндігімен даңқы жайылған талантты қолбасшыға Үндістаннан, Хорезмнен, қырғыз, қалмақ, қазақ, қашқар хандарынан, тіпті Тибеттен де кымбат тартулар келіп тұрған. Жалаңтөс батыр мен Бұхар ханы Абдуләзиз қасында өзбек, қазақ жігіттері бар Алшынбек бимен Жайхун өзенінен өтіп Гератқа жетеді. Ертеңіне олар Шығанақ көлі жанындағы шағын қалаға тоқтап тыныс алады. Көп кешікпей-ақ ол елдің патшалығының әскерімен Фатхабадта кездеседі. Бұл қыстақ шаһарға жеті шақырымдай жерде болатын.

Келесі күні түнделетіп барлаушылар шығады. Ертеңіне таң атқаннан күн батқанша соғысады. Соғыс екі айға созылады. Талай қақтығыс, шайқастар болады. Талай жігіттер батырларша шайқасады. Шейіт болғандар да аз болған. Осы соғыста Жалаңтөс батыр ерекше ерлік жасап, көзге түседі.

Академик М. Е.Массонның айтуынша, жеңімпаз Жалаңтөс батырға сырттан келген сый-сияпаттардың мөлшері мемлекетке түскен қазына байлығынан асып түскен. Ол осы қаражат байлыққа әскер ұстаумен катар, сәулетті сарайлар, медреселер тұрғызған. Регистан орталығына атақты «Шир-дор» («Арыстанды»), «Тіллә-кари» («Алтынмен апталған») медреселерін салдырған. Ол Самарқандты қайта құру жұмысын Орталық Регистан алаңын қалпына келтіруден бастаған. Әмір Темірдің немересі Ұлықбек салдырған медресенің қарсы алдынан Шер-Дор (Арыстан қақпа) медресесінің алғашқы кірпішін 1620 жылы қалаттырған Жалаңтөс құрылысты 1636 жылы тәмамдайды. Оның бастамасымен «Тілла-Қари» медресесі де салынған. Жалаңтөс баһадүрдің салдырған Шер-Дор медресесі қазір мұражай болып жұмыс істеп тұр. Кесене биік кешенді, еңселі, күмбезінің көптігі болмаса, Ахмет Яссауи кесенесін еске түсіреді. Шер Дор медресесінің әшекейлі үлкен қақпасы бар. Қақпаның үстіңгі дуалында бір-біріне қарама-қарсы созылып жатқан екі жолбарыстың суреті бейнеленген. Сондықтан медресені «Жолбарысты» деп атаған. Ол парсы тілінде «Шер Дор» деген сөз.

Регистандағы екінші ескерткіш Тіллә-Кәри Шер Дорға қарағанда біршама кейіндеу қолға алынған. Медресенің аты «Алтынмен апталған» деген ұғымды білдіреді. Бұл ансамбль — бүгінде әлемнің жеті кереметі сияқты шағын жұртшылықты қайран қалдырып отырған сәулет өнерінің  інжу-маржаны.

Жалаңтөс бидің тұрғызған тағы бір медресесі Самарқанд қаласының маңындағы Дағбит қышлағында Саид-Ахмет Мақсұм Ағзам әулиенің кешенінде әлі күнге мешіт ретінде жұмыс істеп тұр. Бірнеше рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда, Жалаңтөс батыр салдырған құрылыстан бір ұстын сақталған. Ал батырдың өзі осы ұстазының аяқ жағын ала (өз өсиеті бойынша), Ауғанның, Иранның және т.б. Орта Азия елдерінің шахтарымен қатар жерленген. Орнын өзі көрсеткен екен. «Келушілер менің үстімді басып өтіп Мақсұт Ағзамға зиярат ете берсін», — деген.

Сөйтіп, Жалаңтөс қолбасшы Самарқан шаһарын оның атырабын қырық жыл билеген. Өзбек, қазақтар «өзіміздің қамқор баһадүріміз» деп құрмет көрсеткен.

Жалаңтөс Баһадүр туралы әр ғасырда, әр заманда тарихшылар қалдырған мәліметтер кездесіп отырады.

Ресей тарихшысы П.Иванов өзінің «Орта Азия тарихының очерктері» деген кітабында: «Абдуләзиз ханның аталығы Ялантуш би XVII ғасырда Ұлы Моғолдарға (Үндістан) қарасты болған Кабул қаласының төңірегіне және Иранның Хорасан аймағына жойқын шабуылдар жасады. Көптеген тұтқындар алып қайтты. Оның өзінің иелігінде 3000-дай құл болды. Сол құлдардың күшімен Самарқандта медреселер тұрғызды», — деп жазды. Оған Жалаңтөстің сол жорықтары негізінен әлгіде аталған Хожамқүлибек Балхидың 1722-1725 жылдар арасында жазған «Тарихи Кыпшақи» деп аталатын еңбегінде де баяндалған. Надримүхаммед ханға наразы болған өзбек феодалдары оны хандықтан түсіріп, оның орнына 1645 жылы оның үлкен ұлы Абдулазизді хан қояды.

Ұлы моғолдарға қарсы күресуге өз күші жетпейтінін түсінген Абдуләзиз хан және басқа да өзбек шонжарлары Ташкент, Самарқан айналасындағы қазақ сұлтандарынан көмек сұрайды. Ақырында бір лек (100 мың) қазақ жасағымен толықтырылған үлкен қолмен Абдуләзиз хан мен Жалаңтөс батыр жорыққа шығып, ұлы Моғолдар әскерін қырғынға ұшыратып қуады. Көп тұтқын және олжа қолға түседі. Міне, осы жорықта Жалаңтөс батырдың қолбасшылық қабілеті, ерлігі айрықша көзге түседі.

«Жалаңтөс Қоқанға барып ханын тақтан түсіріп, Ақша деген ағасын хан қойыпты» деген де сөз бар.

Жалаңтөс баһадүрдің әскери қолбасшылық қызметі, ұзақ жылдар Самарқанды билеген кездегі ақыл, нақыл, билік сөздері қазақ арасында көп тарала қоймаған. Ал Өзбекстан тарихы мен әдебиетінде жиі кездеседі екен. Өзбек Кеңес энциклопедиясы мен Өзбекстан тарихында оның әскери қолбасшылық қызметі мен билік жүргізген кездегі ғұмырнамасы жан-жақты жазылған. Өзбектерде Жалаңтөс батыр «Олчин Ялангтуш баһадүр» деген атпен де белгілі.

Атақты әскербасы Жалаңтөстің танымал болған тұсы Алтын Орда мен Әмір Темірдің империяларының ыдырап, ежелгі қыпшақ сахарасында алты алаштың ерекшеленген кезеңі еді. Бұл кезде бір жағынан қызылбастылар билеген Иран, бір жағынан енді күш ала үлкен орыс патшалығы Тұран ойпатына қарай көз сала бастаған. Сондай-ақ, шығыста моңғолдардан қалған Жоңғар мемлекеті де бой көтере бастады. Жер мен байлыққа таласқан сол елдер қазақ халқының келешегіне үлкен қауіп төндірді. Тіпті қазақтар жер бетінен жойылып кетуі де мүмкін еді.

Сыр бойындағы Қазалы топырағында дүниеге келген Жалаңтөстің азан шақырып қойған есімі Әбдікәрім екен. Жалаңтөс деген жанама ат алып кетуіне бірнеше жайт себеп болған. Мұның бірі анасы Ақтұмардың көкжал қасқырдың етіне жерік болуына байланысты десе, екіншісі, батырдың жауға үстіндегі сауытын шешіп тастап, жалаң төс шабатын буырқанған мінезімен байланыстырылады.

Жазушы Мұқадес Есләмғалиев «Алшын Әйтеке би ғұмырнамасы» атты туындысында Жалаңтөстің шын аты Жалаң екен деген тұжырымға тоқталады. Негізінде баһадүрдің аты-жөнінде де екі түрлі аңыз бар. Бірінде ол «Айыртаулай!» жауға шапқанда түкті, алапат кеудесін жалаңаш ашып тастап шабады екен, сондықтан Жалаңтөс атаныпты десе, екіншісінде Сейітқұлдың кіші әйелі Нұрата төңірегіндегі алпауыт, ақ ауыз арлан қасқырдың төсіне жерік болыпты деседі. Сейітқұл сол арланның ізіне түсіп жүріп, ақыры атып әкеліп, төсін кіші әйелі үйтіп жеп, жерігін қандырған екен дейді. Сондықтан бала дүниеге келгенде Жалаңтөс деп атаған екен.

Жалаңтөс 1612 жылы Самарқанд қаласы мен уәлаятының әмірі атанып, осы билікті өмірінің соңына дейін, яғни 1656 жылы бақилыққа аттанғанша уысында ұстайды. Баһадүр өз өмірінде 42 рет жекпе-жекке шығып, соның бәрінде дұшпанын жер жастандырғаны да мәлім.

Жалаңтөс баһадүрден тараған әулет өз кезіндегі саяси-әлеуметтік оқиғаларға белсене араласып, белгілі дәрежеде ықпалын жүргізіп отырған. Ол кездің саяси-әлеуметтік жағдайы мейлінше күрделі болатын. Өзгелер сияқты қазақ халқы да ел болып ірге көтеру, жұрт болып бас құрау, ұлт болып еңсе көтеру сияқты тарихи ұлы мұраттар жолында еді. Міне, осындай алмағайып, аласапыран кезінде Жалаңтөс баһадүр әбден жетіліп, сол кездің саяси-әлеуметтік жағдайына тегеурінді ықпалын жүргізген әйгілі жаһангер, ұлы қолбасшы, көреген стратег, білікті мемлекет қайраткері ретінде тарих сахнасына шығады.

Орта Азия халықтарының өміріндегі тарихи шешуші шайқастарда Жалаңтөс аса көрнекті қолбасшы ретінде танылды. Қазақ пен өзбек жеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батырға қарсы (1640), Жетісу өлкесіне басып кірген жоңғар әскеріне қарсы (1643), Хорасан мен Балх үшін Иран патшалығына қарсы (1649), Кабул мен Мешхед әскерлеріне қарсы (1649) жүргізілген ірі шайқастардың бәріне Жалаңтөс қолбасшылық жасап, үнемі жеңіс туын желбіретіп отырды. Сөз жоқ, мұндай жеңістердің қай-қайсысы да Қазақ хандығының еңсе көтеруіне, қазақ халқының ұлт болып ұйысуына тікелей ықпалы болды.

Өзбек тарихшысы Комилхон Катаев былай дейді: «Тарихта үш мәшһүр әкімдер — Әмір-Темір, Ұлықбек және Әмір Жалаңтөс баһадүр өздерінің тұрғызған сәулетті ғимараттарымен Самарқандты жер жүзінің данқты қаласына айналдырады».

Бұрқ-сарқ қайнаған аласапыран замандардың өзінде шекаралары бөлінбеген, төскейде малы, төсекте басы қосылған қазақ-өзбек еліне ортақ перзент, атышулы батыр көреген әмірші Жалаңтөс Баһадүр.

Жалаңтөс бес жасынан мешітте оқып, діни тәрбие алған. Сол мешітте жүріп Ақсақ Темірге бас уәзір болған Ораз қажының өмір жолын, Әмірдің әскери өнері мен соғыс өсиеттерін оқып, үйренді. Содан соң ол Бұхар қаласындағы соғыс мектебінде шыңдалады.

Оқуын бітірген Жалаңтөс Нұрата тауларына түменбасы деген атақ, әскери дәреже алып қайтқан. Содан соң біршама уақыт Арал өңірлеріне би болып сайланып, ел басқару, руаралық талас-тартыстарын шешу мәселелеріне араласады.

1596 жылы ханның бұйрығымен Жалаңтөс Бағдат қаласындағы Даналық үйінің тыңдаушысы болған. Сонда жүріп соғыс өнерімен қоса аспан әлемі мен математикадан, жағрафиядан дәріс алған.

Жалаңтөс бабамыз Сырдың төменгі сағасы мен Әму жағындағы алшындар мен шөмендер қарайтын Нұрата аймағының әмірі болып тұрғанда соғыс өнеріне көп көңіл бөліп, сол кездің өзінде оның 10 мың сарбазы болған.

Жалаңтөс баһадүрді біз тарихымыздың ерекше бір тарауын толтырар ерекше тұлға деп қарауымыз керек.

Ол бұған дейін де «Азияның ақырғы жолбарысы» атанған батыр. Оның ерлік жолдары ежелден белгілі.

Сонымен бірге ол батыр ғана емес, соғыс өнерін жетік білген әдіскер, даңқты қолбасшы. Ұзақ жылдар әмірлік етіп, ел билеген билеуші, хан болғандығы — оның кезекті қыры.

Баһадүрдің ру, тайпа арасын біріктірген ерекше қасиетіне қоса, ол ел мен елді табыстырған, жауға қарсы күресте халықтың қамын ойлай білген көреген саясаткер.

Жалаңтөс баһадүр сондай-ақ ислам қағидаларын жетік игерген білімпаз адам, осы бағыттағы ғалым десе де болады.

Жалаңтөс көкірегінде сәулелі шұғыла жарқыраған жан, ол сәулет өнеріне, сәулет іліміне айрықша назар аударған.

Самарқанда қырық жылдан астам әмірін жүргізген Жалаңтөс  баһадүр  80 жасында дүниеден озған. Еліміздің  Астана,  Алматы,  Қызылорда  және  өзіміздің Ақтөбе, т.б. қалаларындағы көшелерге Жалаңтөс баһадүр есімі  берілді, Қызылорда қаласының  қақ төрінде зәулім ескерткіші орнатылды.

Даңқты ержүрек батыр бабаға  биылғы  440  жылдық мерейлі  мерекесі  жылы лайықты құрмет көрсету мақсатында маңызды шаралар өткізілуде.

Бабаға қандай құрмет көрсетілсе де артықшылық болмайды.  Сондықтан да  Ақтөбе қаласында  әйгілі қолбасшы Жалаңтөс  баһадүрге  ескерткіш орнатылса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл — біздің тарих алдындағы бір парызымыздың өтелуі, өткенімізге жасалған құрмет болатыны ақиқат.

 Қасымжан БАЙСАДАҚОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button