Әлеумет

Доктрина

Жуырда Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XІV сессиясында жасаған баяндамасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Жаһандық экономиканың күйреп түсуі әлемдегі этносаралық және дінаралық қатынастар проблемасын ушықтырып жіберді. Мысалдар көп-ақ — Кавказ, Таяу және Орта Шығыс, орталық және Шығыс африка елдері. Дәл осындай кезеңде ұлттың топтасқандығы мен бірлігін сақтаған елдер дағдарысқа қарсы табыстырақ әрекет етуде, тұрақты дамып, жаңа биіктерге қол жеткізуде. Ешқандай қысылып-қымтырылмастан біздің Қазақстанды осындай мемлекеттер қатарына жатқызуға болады», — деген еді.

Еліміздің бүкіл әлемге үлгі болып отырған ынтымағын арттыра түсуге бағытталған «Қазақстанның ел бірлігі доктринасының» жобасы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды.

Осы жобаға орай айтылып жатқан пікірлердің бір бөлігін ұсынып отырмыз.

Айтайын дегенім…

Шахбаз Джамалов,

«Әзірбайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы:

— Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы кезекті отырысына барған Ақтөбе делегациясы құрамында мен де болдым. Онда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның ел бірлігі» доктринасының жобасын бүкілхалықтық талқылауға ұсынғаны мәлім. Қатысушылар өз пікірлерін ортаға салды. Мен де бұл құжат мазмұнымен таныстым, толықтай қолдаймын. Әсіресе, «Қазақ тілін меңгеру әрбір азаматтың табиғи ұмтылысына айналуы тиіс. Алдағы жылдары барлық қазақстандықтар, әсіресе, өскелең ұрпақ, мемлекеттік тілді меңгеруі қажет» деп, мемлекеттік тілді үйренуге басымдық берген тұсы көңіліме қонды. Балабақшадан бастап біртіндеп қазақ тіліне аса мән беру қажет. Мен сияқты егде кісілерге, әрине, тіл сындыру қиындық туғызып жатады, ал жастар, оның ішінде балалар тез бейімделеді ғой, тілді де тез үйреніп кетеді.

Доктрина жобасында көрсетілген мына мысалдарды қайталай кеткеннің артықтығы болмас деймін. Қазіргі уақытта қазақстандық оқушылардың 61 пайызы, студенттердің 48 пайызы қазақ тілінде білім алуда. Таза өзбек, тәжік және ұйғыр тілдерінде жұмыс істейтін 81 мектеп бар. Ал 108 мектепте Қазақстанның 22 этносының тілі өз алдына өткізіледі. Арнайы мамандандырылған 195 этнолингвистикалық орталық ашылып, оларда балалар мен ересектер 30 этностың тілін оқып-үйренуге мүмкіндік алыпты. Сондай-ақ жексенбілік мектептерде әр ұлттың өз ана тілін оқытуға бюджеттен қаржы бөлінеді.

Қазір бізде әзірбайжан және қазақ тілдерін оқытатын жексенбілік мектептер жұмыс істейді. Биылғы санақ бойынша, облыста 1053 әзірбайжан бар. Оның ішінде сегіз жүзден астам әзірбайжан Ақтөбеде  тұрады. Ал елуден астамы — Мәртөк ауданында. Енді жетпіске жуық әзірбайжан тұратын Хромтау ауданында филиал ашпақпыз. Доктринаны негізге ала отырып, Ассамблея жұмысын одан әрі дамытуға үлес қоса береміз.

Валентина Моисеенко,

украиндардың «Оксана» ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі:

— Доктринамен танысып шықтым. Әсіресе, маған білім беру және тәрбие саласы бойынша айтылған тұсы ұнады. Мемлекеттегі ел бірлігін қамтамасыз етудің маңызды факторының бірі — білім беру және қазақстандықтардың жас ұрпағын төзімділік пен келісім құндылықтарына тәрбиелеу үшін бірқатар шаралар қабылданатын болды. Мәселен, педагогтардың біліктілігін арттыру және оларды рухани келісім, төзімділік негіздері және этносаралық қарым-қатынас мәдениетін тәрбиелеу мәселелеріне қатысты әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету немесе этностық топтар жинақы шоғырланған жерлерде оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу мен алуға, мерзімді және баспа басылымдарын таратуға, олардың тілдерінде теле және радиохабар беруге көмек көрсету мәселелері жақсы қамтылған. Меніңше, 130-дан астам ұлт өкілдері тұратын көпұлтты елімізде бірлік пен келісім мәселесіне әлдеқашан ғылыми тұрғыдан келу керек еді. Енді, міне, татулық пен ынтымақтастықты көздейтін Доктрина бар, халықтар арасындағы ежелден келе жатқан әдемі достық бар. Елдегі тұрмыс та тәуір. Тек ашық аспан астында бірлігіміз жарасып, жұмыс жасау керек. Өзім Қазақстанда, оның ішінде, Ақтөбенің Мәртөк ауданында тудым. Қазақстан — менің Отаным! Гүлдене берсін!

Валентина Пэстру,

чехтардың ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі:

— Қазақстан мен үшін өте ыстық. Тіпті, осы елде тұрып жатқанымды мақтан етемін. Мәселен, қиын-қыстау кезеңдерде біздің ата-бабаларымызды бауырына басқан қазақ халқынан еш жамандық көрмедім. Бұл елде ұлтты кемсіту немесе ұлтаралық араздасу көрінісін байқаған емеспін. Керісінше, көпұлтты Қазақстан халқы өзара тату. Сондай-ақ, жыл сайын Наурыз, Масленица бұқаралық халықтық мейрамдарын да бірге тойлап жатады. Құрбан айт және Православиелік Рождество діни мерекелері де біздің елде демалыс боп жарияланды емес пе?!

Дарқан даласы секілді қазақтардың пейілдері де кең. Талқылауға ұсынылған жобада көрсетілгендей, Қазақстанда түрлі этностар мен конфессиялардың бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ететін ұлттық саясаттың бірегей тәжірибесі жинақталған. Ендеше, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!

***

Мұғалжар

Ұлы татулық жолы

«Қазақстанның ел бірлігі» доктринасының қабылдануы Мемлекет басшысының көрегендігі мен саясатының сарабдалдығын байқатса керек. Жазық даладай мінезді халықтың құшағы да кең. Бүгінде бір шаңырақ астында бірнеше жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдерінің ұйыған сүттей ұйымшылдықпен өмір сүруі соның айғағы. Елбасы елге шақырған уақытта, біз ойланбастан үзеңгіге аяқ салдық. Көңілде күдіктің болғаны рас еді: ата жұрттағы ел бізді қалай қарсы алады, кірме деп өзектен тепсе қайтеміз…

Ұлттың ұлылығына тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық. Біз есіктен кірген сәттен-ақ, оралман деп теріс бұрылмады, керісінше, «қандасым» деп төрге оздырды. Қазақтың мәрттігі осы кеңдігінде еді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел тізгінін қолға алған сәттен бастап, қазақстандықтардың бір ел екенін айтып, дәлелдеп, соған жағдай тудырып келеді. Доктрина негізгі ұлт тіліне басымдық бере отырып, өзге ұлттардың да тілі мен діліне, дініне, дәстүріне құрметпен қарауды насихаттайды. Бұл құжаттың ұлттар мен ұлыстар арасындағы мәңгілік достықты бекіте түсуге ықпалы зор болады деп ойлаймын. Бұл Қазақстанның саясатының дұрыстығын көп алдында, әлем алдында тағы бір мәрте дәлелдеп қана қоймады, бұл доктрина кейінгі ұрпақ үшін де үлкен тәрбиелік мәні зор Ұлы татулық жолын салды.

Құрал БАЙСҰЛТАНҰЛЫ.

***

Қобда

Бауырға басқанбыз…

Елбасымыздың еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыстардың тіліне, діни наным-сеніміне қарамастан, бір атаның баласындай бірлігі жарасып өмір сүруі керектігі туралы ынтымақ құжатын дәл қазір, әлемдік дағдарыс тұсында ұсынғаны өте тиімді болды. Қиын-қыстау уақытта бір жұдырыққа жұмылғанымыз ел бірлігін сақтап қалудың, дағдарыстан абыроймен шығудың амалы деп есептеймін. Ел бірлігінің арқасында бейбітшілікті сақтап қалғанымызға тарихымыз куә.

Біз пейіліміздей кең, ұлан-ғайыр байтақ даламызға соғыстан, саяси қуғын-сүргіннен қорлық көрген кез келген ұлтты сыйғызып, құшақ жайып қарсы алдық. Менің бала кезімде сталиндік репрессияның зардабынан Отанынан жер аударылған шешен ұлтының өкілдері туған жерім — қазіргі Қобда ауданының Сөгәлі ауылдық округіне қоныстанды. Тағдыр тәлкегін көріп тарыққан, азып-тозған көшті әкеміз Әмірғалидің қарсы алғаны, Сөгәлінің әр үйіне бір-бір шешен отбасын тапсырып, олар бір тілім нанын бөлісіп жегені есімде. Қариялар жағы келімсек демей, азды-көпті дүниесін бөліп беріп бауырына басты, он шақты баласымен тұрып жатқан екі бөлмелі жертөлесінің бір бөлмесін бір шешен отбасына босатып берген жомарт ағайындарды көзіміз көрді. Ауыл балалары бірге ойнап өстік, шешенше сөйлеп, олар қазақша үйреніп мәре-сәре болған уақыттар қазақ халқының тек шешен емес, қиындық көрген  қай ұлттарға да құшағын кең жайғанын еске түсіреді.

Ұлт бірлігі қобдалықтарға жат емес. Онсыз да көп ұлтты саналатын ауданымыз осыдан 80 жыл бұрын Ресейден, Кавказдан, Украинадан қоныс аударушылардың келуімен ресми түрде аудан болып құрылған. Қазір әр түрлі ұлттардың балалары құрған шаңырақтарда ұрпақ өсіп жатыр. Көршілес Ресеймен құда болған кездердің мысалы аз емес.

Елбасы ұсынған «Қазақстанның ел бірлігі» доктринасы ғасырлар тоғысынан ауған уақытта, әлем адам қолымен жасалған әр түрлі озбырлықтан шаршаған кезеңде қабылданған тарихи құжат ретінде құнды. Ынтымақ пен бірліктің бесігіне айналған еліміз өзге мемлекеттердің алдында ең басты байлығы — бейбітшілігімен, ұлттардың көптігіне қарамастан, тұтастығын сақтағандығымен мақтана алады, мәртебесі биік тұрады. Дәйім солай болғай!

Сәрсен ӘМІРҒАЛИЕВ,

еңбек ардагері, зейнеткер.

***

Шалқар

Ырысымыз — ынтымағымыз

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 15-ші сессиясында «Қазақстанның ел бірлігі» доктринасын әзірлеу мақсатында кеңінен әңгімелеп берді. Доктринаның көп ұлтты тәуелсіз қазақ елі үшін маңызы зор болғалы тұр. Қашанда еліміздегі өзге ұлт арасындағы татулыққа, қарым-қатынасқа қазақтардың кең пейілділігі мен жатырқамайтындығының арқасында сызат түспегені белгілі. Әйтсе де бұл доктрина ұлттар мен ұлыстар арасындағы қарым-қатынасты жақсартып, ынтымағы жарасқан, іргесі берік ел болуға үндеп тұр дер едім.

Біздің Бершүгір стансасында орыс, татар, молдаван, неміс, украин ұлттарының өкілдері тұрады. Олар сонау кезде осы өңірдің шахтасы мен алтын өндіретін комбинаттарының жұмысы өрге домалап тұрғанда осы өңірге келіп қоныстанып қалған. Олар Бершүгірді өзінің туған жеріне теңейді, қазақтың салт-дәстүрлерін жақсы көреді. Ауылдағы той-садақаға бірге барамыз.

1 мамыр — Қазақстан халықтары бірлігі мерекесінде осы азаматтарымызды құттықтап, мәре-сәре болып қаламыз. Міне, осылайша, өзіміздің ауылдастарымыз тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Елімізде өзге ұлт өкілдеріне жасалып жатқан қамқорлықтар да ерекше. Оның бәрін тізе берудің де қажеті жоқ шығар. Соның бірегейі — өткен жылы Президентіміз «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға қол қойды. Сол ассамблеяның бірнеше құрылымы бар. Осының өзі үлкен көрегендіктен туындаған игілікті іс деуге болады. Мұндай тәжірибе өзге елдерге үлгі болуда. Адамзат үшін бейбітшілік сондай құнды десек, халықтар арасындағы бірлік пен ұлттар арасындағы татулықты күшейтуді мақсат тұтқан Доктринаның елімізде үлкен қолдау табатынына сенімдімін.

Сапарбай ДӘКЕНОВ,

Бершүгір ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button