Ауыл

Жылқыға жайылым керек

Қарағаш ауылдық округы аумағындағы Құндақтықыр жерінде шұрқырап жүрген қалың жылқы — «Жансая» шаруа қожалығына тиесілі мал.

Бұл ұжымның іргесі сонау 90-жылдардың ішінде, Кеңес Одағы ыдыраған тұста қаланған. Осы жердегі ұжымшарда жарты ғасырдай еңбек еткен, Ұлы Отан соғысына қатысқан Айдархан Базарғалиев ақсақал сол аласапыран шақта өзінің он баласын жинап алып: «Бұл — ата-бабамыздан қалған жер. Ата қонысты қаңыратпай, жетімсіретпей, тер төгіп, төрт түлік бағып, малға толтыру — сендерге парыз» — деп, өсиетін жеткізіпті.

— Расында, 1832 жылы аталарымыз — ағайынды Мамырай мен Төребек деген кісілердің осы жерді қоныстанғаны туралы құжат мұрағатта сақталып қалған екен. Мұны үлкендерден сан рет есіттік, — дейді Әлібек Айдарханұлы.

Құндақтықырдағы 3,5 гектар жер «Жансая» шаруа қожалығына тиесілі. Қазір мұнда 428 бас жылқы жүр. Шаруа қожалығы 2010 жылдан бастап асыл тұқымды мал өсірумен айналысуға көшкен. Осы мақсатта белгілі ғалым-селекционер, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, екі бірдей жылқы тұқымының авторы Серікбай Рзабаевпен байланыс орнатып, сол кісінің ақыл-кеңесіне жүгініпті.

Шаруашылыққа алдымен 18 бас мұғалжар жылқысы әкелінген. Содан соң асыл тұқымды мал шаруашылықтарынан біртіндеп 10-20 бастан жылқылар алына берген. Тек жылқы ғана емес, қой тұқымын асылдандыру ісіне де көңіл бөлінген. Бұл үшін Батыс Қазақстан облысынан еділбай тұқымды қойлар әкелінген.

— Қазір біздің өз шаруа қожалығымыз да мал тұқымын асылдандырумен айналысатын шаруашылық ретінде танылып, еліміздің әр түкпірінен тапсырыстар түсіп жатыр. Мұғалжар жылқысы — ет-сүт бағытындағы асыл тұқымды мал, олар 40 градус аязға да, 40 градус ыстыққа да шыдамды келеді. Болашақта біз жылқы басын мыңға дейін жеткізуді көздейміз. Тек жылқы мен қой ғана емес, түйе өсірумен де айналысқымыз келеді. Осы ойларымызды жүзеге асыруға бір ғана кедергі бар, ол — жайылымның тарлығы. Ғылыми түрде зерттеліп, белгіленген мөлшер бойынша, әр құлынды биеге 16 гектар жайылым керек. Ал бізде ондай жер жоқ. Әрине, бұл мәселені тиісті орындарда көтеріп жүрміз. Жергілікті билік жағдайымызды түсінеді. Алдағы уақытта осы мәселе оң шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді, — дейді Әлібек Айдарханұлы.

Биылғы жылы елімізде республикалық жылқы палатасы құрылды.

— Бұл — асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың тынысын кеңейткен, біз үшін пайдасы зор қадам болды. Палатаның жұмысы жанданып, жылқы өсірумен айналысып жатқан шаруашылықтарға іс жүзінде көмегін тигізеді деп үміттенеміз, — дейді Әлібек.

«Жансая» шаруа қожалығында әр жылы 17-20 бас бие байланып, қымыз ашытылады. Жалпы, жылқы шаруашылығы айналасында мұнда алты адам жұмыспен қамтылып отыр: жылқышылар, сауыншылар, т.б. Олар — жақын маңдағы Нұрбұлақ ауылының тұрғындары.

Бір әттеген-айы — сауыншылар отырған жерде электр қуаты жоқ. Соған қарамастан, онда қымыз цехы салынып жатыр екен.

— Егер, электр қуатын апару мәселесі шешілсе, әр маусымда сауынды бие санын 60-қа жеткізуге болады. Ондай жағдайда қымызды құтыларға құйып, дүкен сөрелеріне де шығарар едік. Ал әзірге өнімімізді тапсырыс беріп, өздері әкететін тұрақты сатып алушыларымыз ғана пайдаланып келеді, — дейді шаруа қожалығы басшысы.

Бүгінгі күні электр қуатымен қамту жолдарын қарастыру туралы өтініш те жергілікті билік назарына жеткізілген.

«Жансая» шаруа қожалығы ауылдағы түрлі қайырымдылық шараларға араласып келеді. 2006 жылы мектепке су жеткізу ісіне көмек берген.

Әлібек Айдарханұлы:

— Әрине, табысты кәсіп ашып, қалаға біржола кетуге болар еді. Бірақ әке өсиетін жерге тастамай, ата қоныстағы, ауылдағы тірлікті жандандыруға үлес қосқымыз келеді. Мал шаруашылығын өркендетуге мемлекет тарапынан да қолдау бар, ауыл тұрғындары да еңбекке, осы жерден өз ырыс-несібесін табуға ынталы. Сондықтан, алға қойған жоспарымыз көп, — деп отыр.

Ендеше, іске сәт!

 

 

Іздегені 1 ешкі еді, қазір 11 ешкі ұстап отыр

Есет батыр ауылындағы Ғалиевтер отбасы ешкі сүтінен дайындаған өнімдері арқылы аз уақыт ішінде біраз жұртқа танылып үлгерді.

Есет батыр ауылына олар биылғы жылдың ақпан айында көшіп келген. Оған дейін Алматы қаласында тұрыпты. Әлімжан мен Зарина ол жақта саудамен айналысқан, жұрт қатарлы күн көрген, дегенмен, қаланың қит еткен қадамыңды есептеп отыруды талап ететін қытымыр, тынымсыз тірлігі қажытқан шақта, ауылға көшуге тоқтам жасайды. Оның үстіне, екінші бөпесіне аяғы ауыр Заринаға тыныштық пен күтім ерекше қажет болды. Сөйтіп, Әлімжан келіншегін, 13 жасар Мұхамедәлиін алып, Алға жеріндегі туыстарының ортасына көшіп келген екен. Қазір екінші бөпелі болды және қолында анасы мен інісі де бар.

— Алғашында ешкі бағу туралы тіпті де ойламаған едік. Жас нәрестелі болған соң, балаға басқа малдың сүтінен гөрі ешкі сүті тәуірірек, сіңімдірек қой деп, бір ешкі алып саууды ғана ойлағанбыз. Интернет арқылы ешкі туралы деректер іздестіре жүріп, ақыры осы істің соңына түстік, — дейді Зарина.

Олардың бағып отырғандары — сүт бағытындағы асыл тұқымды, атап айтқанда, заанен, нубий тұқымды ешкілер. Сүтінің майлылығы 6-9 пайыз болады. Қазір 11 ешкі ұстап отыр. Әлімжан мен Зарина оларды төрт ай бұрын өз қаржыларына сатып алды. Бұларды Ресейден сатып алу тіпті де арзанға түспеген. Күніне он ешкіден 22-25 литрдей сүт сауып, одан құрт, ірімшік, тұзды ірімшік, т.б. түрлі өнімдер дайындап, тұрақты сатып алушыларға өткізіп отырғанмен, әзірге шығарған шығындарын қайтарып ала қойған жоқ. Бірақ бұрын сауда істеген келіншек қай істің де тез арада пайда көзіне айнала қоймайтынын, табыс табу үшін, біраз уақыт күту, қиындыққа шыдау керектігін жақсы біледі.

— Әрине, бірден пайдаға кенеле қоймайтынымызды түсінемін. Ең бастысы, бұл іс бізге ұнады. Бір жыл уақыт бұрын ешкі бағу түсімізге де кірмеген еді. Қазір он үш жасар ұлыма дейін осы іске құлшынып тұрады, — дейді ол.

Оның үстіне, әр істің пайдасы тек ақшалай табыспен ғана шектелмейді ғой, Заринаның өз кәсібінің айналасындағыларға келтіріп отырған пайдасына қатты қуанатыны, сол арқылы қуаттанып, ізденістерге ұмтылатыны әңгімелескен адамға байқалып-ақ тұрады:

— Кішкентай сәбиіме 2,5 айлығынан ешкі сүтін бердік. Тіл-көзден сақтасын, жақсы салмақ қосып келеді. Ауылдағы, алыстағы туыстар арасындағы асқазаны ауыратын жандарға ешкі сүтінің пайдасы тиіп отыр. Танысымыздың бетіне безеу қаптап кеткен жасөспірім баласы бізге келіп, ешкі сүтін тұрақты түрде ішіп еді, терісі кәдімгідей тазарып қалды, — дейді.

Өзі айтқандай, бір жыл бұрын ғана ешкі бағу түсіне де кірмеген келіншек қазір ешкі сүтінен өз қолымен дайындайтын өнімдер түрлерін көбейту мақсатын алға қойып отыр. Жақында ғана Орынборға барып, мамандардан ешкі сүтінен ірімшік (сыр) жасау әдісін үйреніп қайтыпты. Үш күндік ақылы курс жөнінде интернеттен білген.

— Оқып келгеннен кейін, бірден іске кірістім. Бір килограмм ірімшік жасау үшін, 5 литр сүт кетеді. Ірімшік неғұрлым көп тұрса, соғұрлым қатайып, сапасы жақсара түседі екен, — дейді Зарина.

Ірімшіктің бір килограмын ол 4,5 мың теңгеден өткізеді, құрттың килограмы — 1,5 мың, сары май — 3 мың теңге тұрады. Қаймақтың литрі — 2,5 мың теңге болса, сүттің әр литрі — 500 теңгеге, ал ешкі қымызы — 600 теңгеге сатылады.

«Ешкі қымызы» деген тіркесті қабылдай алмайтындар көп. Өз басым сондай жандардың қатарынан едім. Дегенмен, Зарина ұсынған ешкі қымызының дәмі… кәдімгі бие сүтінен ашытылатын қымыздың дәмімен бірдей.

— Алғашында: «Бұл қалай?» — деп жұрттың бәрі таңғалады. «Солай» — деп жауап беремін. Өйткені, расында да, солай: дәмінің кәдімгі қымыздан еш  айырмашылығы болмайды. Ешкі қымызын ашытатын басқа адамдар ашытқы үшін бие қымызын пайдаланады екен. Ал біз ашытқыны да осы ешкі сүтінен жасап келеміз. Ешкі қымызының аллергияға, сондай-ақ қаны аздыққа қарсы пайдасы көп, — дейді ол.

Заринаның өзі әзірлейтін өнім түрлерін көбейтуді көздейтінін жоғарыда айттық. Ешкі шаруашылығын дамыту, оның сүтін өңдеу — әсіресе, еуропалықтарға етене таныс кәсіп. Осы орайда ресейліктерді оқытып-үйрету үшін, қыркүйек айында Мәскеуге Италиядан маман келеді деген хабарды интернеттен көріп, қатты қызығып-ақ отыр. Алайда барып-қайту арзанға түспейді, үш күндік курсқа қатысудың өзі 250 мың теңге тұрады екен…

Бірыңғай ешкі бағу, ешкі сүтінен түрлі өнімдер дайындау біз үшін — жаңа іс. Алайда, Әлімжан мен Зарина секілді, осы іске талаптанып отырған жандардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Ендеше, Орынборда, Мәскеуде ұйымдастырылып жатқан курстарды бізде де ұйымдастырып, жаңа істің қыр-сырына баулу жолдарын неге қарастырмасқа? Болашақта осы бағыттағы істер қолға алынып жатса, ешкі бағамын, базарлар мен дүкен сөрелеріне экологиялық таза өнім ұсынамын деп талаптанып отырған жерлестерімізге пайдасы тиері анық.

 

 

Орташа өнім — гектарынан 13 центнер

Алға ауданының шаруашылықтары өткен аптада егін орағын бастады. Бесқоспа ауылдық округы аумағындағы «Меңдібай — Қарағаш» шаруа қожалығында арпаның әр гектарынан, орта есеппен, 13 центнер өнім алынып отыр.

Аталған ауылдық округ аумағындағы шаруашылықтар биыл жалпы көлемі 3750 гектар алқапқа тұқым сепкен. Мұның ішінде  2,1 мың гектарға дәнді дақылдар егілген.

«Рамазан» ЖШС-ның суармалы егістігі 1,2 мың гектар алқапты алып жатыр. Оның басым бөлігіне, атап айтқанда, 882 гектар алқапқа — арпа, қалғанына тары егіліпті. Осы алқаптағы жұмыстарға Есет батыр ауылынан жазда — 11, қыста 4 адам жұмысқа тартылады. Учаске бастығы Жалғасбай Ғайыпбаевтың айтуынша, жаңбырлатып суару әдісі қолданылатындықтан, әдетте бұл алқаптан көбірек өнім алынады. Үстіміздегі жылы, мысалы, арпаның шығымы гектарына 20 центнерді құрайды. Бұл көрсеткішке, бір жағынан, биылғы жаздың жаңбырлы болуы да жақсы әсер еткен. Өткен жылы арпаның әр гектарынан 13 центнерден өнім жиналған. Ал тары жинауға диқандар әзірге кіріспеген.

«Меңдібай  — Қарағаш» шаруа қожалығының алқаптарына арпаның «Донецк — 8» аталатын сорты егілген. Ол, бір жағынан, қуаңшылыққа шыдамды болса, екінші жағынан, бойы аласа, яғни, желге жапырылып, сынып қалу қаупі төнбейді. Мұндағы диқандар да биылғы еңбектерінің ақталғанына риза. Жоғарыдай айтқанымыздай, биыл олар гектарынан 13 центнерден өнім алса, былтыр бұл көрсеткіш 7 центнер ғана болған еді.

Жиналған арпаны шаруалар дереу тартып, қап-қап қылып үйіп қойған. Ауыл тұрғындарына мал азығына арзан бағаға берілетін көрінеді. Өткен жылы ауыл тұрғындары «Меңдібай-Қарағаш»  шаруа қожалығынан 63 тонна арпа мен 28 тонна қара бидай  дақылдарын арзан бағаға алған.

Аталмыш ауылдық округ аумағында алдағы қысқа түсетін мал үшін 10,5 мың тонна шөп әзірлеу жоспарланған. Қазіргі күні бұл жұмыс та қызу жүріп жатыр. Әзірге жоспар 70 пайызға орындалып тұр.

Бетті әзірлеген Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button