Спорт

8 кездесу 8 құраманы іріктеп шығарды

Сонымен 1/8 финалдың сегіз ойыны өтті.

Бір ерекшелігі, бұл кезеңге Еуропа чемпионатының финалдық ойындарына бірінші рет қатысқан бес команданың төртеуі шыққан болатын. Сол төртеудің екеуі (Уэльс, Исландия) жартылай финалға өтті. Ал 2008, 2012 жылдардағы чемпион Испания жарыс жолынан шығып қалды. Оған Англия қосылды.

Қысқасы, тартыс шырқау шегіне жақындады.

№37. Тең текетірестің ақыры

1/8 финал. Швейцария-Польша — 1:1 (пенальти бойынша 4:5).

Гол авторлары: Якуб Блащиковски, 39-минут (0:1); Джердан Шакири, 82-минут (1:1).

25 маусым. Сент-Этьен. «Жоффруа Гишар» стадионы.

Жақсы қорғана да білетін, тәп-тәуір қарымта шабуылдар да ұйымдастыра алатын екі команда екі таймды да, овертаймды да текетірес аяқтады. Дегенмен бірінші таймда мәселені тездетіп шешіп алуды ойлаған поляктар басымдау ойнағанымен, екінші таймда да, овертаймда да есесі кетіп бара жатқан шведтер көбірек белсенділік көрсетті. Джердан Шакиридің поляктар қақпасына қайшылай теуіп енгізген добы әдемілігімен бір сүйсіндірсе, екіншіден, бұл гол Польша қақпасына чемпионат басталғалы енген алғашқы доп екенін де ұмытуға болмас. Бірақ, амал қанша, пенальтилер сериясы лоторея ойыны тәрізді. Бұл кезең поляктарға оң көзбен қарады. Қалай болғанда да, ширек финалға Польша талассыз жеңіс иесі ретінде шықты деу қиын. Бір қызығы, бұл «Жоффура Гишар» стадионында өткен бұған дейінгі үш кездесу де (Португалия-Исландия, Чехия-Хорватия, Словакия-Англия) тең есептермен аяқталған болатын. Бұл жолы да сол сүрлеу алдан шыға келгендей болып еді, бірақ басқаша жолға түсуге тура келді.

№38. Амалсыз соғылған автогол

 1/8 финал. Уэльс-Солтүстік Ирландия — 1:0

Гол авторы: Гарет Макаули, 75-минут, автогол (1:0).

25 маусым. Париж. «Парк-де-Пренс» стадионы.

Бұл кездесу де пенальти сериясымен аяқталуға тақау қалды. Бұдан құтқарған — автогол. Рас, Гарет Макаули допты тоқтатпақ болып осындай әрекетке бармағанда, бәрібір ентелей келіп қалған Хэл Робсон-Кану жібек торды бүлк еткізетін еді. Сол себепті жалғыз кінәлі жан ретінде автогол иесін жазғыру дұрысқа шықпайтын сияқты. Ал ойын барысына келсек, бірінші таймда Уэльстің шабуылдары жанкүйерлер күткендей онша өткір болмады, тіпті солтүстікирландиялықтар басымдау қимылдады. Екінші таймда ғана Уэльс футболшылары батылдау қимылдап, істі автоголға жеткізді де, одан әрі нәтижені қолдан сусытып алмау жағын көбірек ойлады. Сол мақсаттарына жетті де. Қосып айтарымыз, кездесу тартысқа толы болғанымен, жанкүйерлерді тамсандырарлықтай әсерлі сәттерге онша бай болмады.

№39. Сылбыр ойынның соңғы минуттары

1/8 финал. Хорватия-Португалия — 0:1.

Гол авторы: Рикарду Куарежма, 117-минут (0:1).

25 маусым. Ланс. «Феликс Боллар-Делелис» стадионы.

Жанкүйерлер әрқилы болжам жасағанмен де, тап мұндай көңілсіз ойынды көреміз деп ойламаған да шығар. Әсіре сақтық екі құраманың да аяғына тұсау болғаны көрініп тұрды. Не қақпашының хас шеберлігін байқататын қауіпті соққылар жасалмады, не қарсыласты әбігерге салатын ылдым-жылдым жылдамдық байқалмады. Екі жақ бір-бірінің оңбай қателесер тұстарын аңдыды да жүрді. Сөйтіп жүргенде жанкүйерлерді әбден жалықтырумен 90 минут та өтті-ау. Бұдан соң овертайм басталды. Бұл да бұған дейінгі көріністерге жаңа сурет қоса алған жоқ. Тек соңғы минуттар ғана стадионды дүр сілкіндірді. Хорват футболшылары қарсыластарының дәл қақпасы алдында тіпті де қолға түсе бермейтін екі сәтті мүмкіндікті соншама ысырапшылдықпен тиімді пайдалана алмай қалды да, іле-шала қарымта шабуылдың тұтқынына түсіп қалды.116-минутта Саншеш-Нани-Роналду арқылы келген, Хорватия қақпашысы қақшып түсе алмаған допты Рикарду Куарежма баспен соғып, жібек торға сүңгітті де жіберді. Ақыры осылайша Хорватия оңбай қателесті, Португалия қателікті пайдаланды да кетті. Осылайша топтық кезеңде үш рет тең ойнаған португалдықтар алғашқы жеңістеріне қол жеткізді.

№40. Францияның тиесілі жеңісі

 1/8 финал. Франция-Ирландия — 2:1

Гол авторлары: Роберт Брэди, 2-минут, пенальти (0:1); Антуан Гризманн, 58-минут (1:1); Антуан Гризманн, 61-минут (2:1).

66-минутта Шейн Даффи (Ирландия) дөрекі ойыны үшін жасыл алаңнан қуылды.

26 маусым. Лион. «Стад-де-Лион» стадионы.

Ирландықтар кездесудің екінші минутында-ақ пенальтидің арқасында ілгері шыққанымен бұл тайғанақ есеп екені көп ұзамай-ақ белгілі болып қалды. Себебі француздар бірден шабуылға көшті де, Дидье Дешамның жігіттері есепті ұлғайтудан гөрі қорғанысқа көбірек көңіл бөлуге мәжбүр болды. Ал екінші тайм француздардың территориялық басымдылығына айналды. Ирландықтар қақпасына  бірінен соң бірі соққылар жасалды да жатты. Айналдырған екі-үш минуттың ішінде Антуан Гризманн екі гол соғып үлгерді. Жалпы ирландықтар ұтылысының басты себебі тіпті де 66-минутта Шейн Даффидің ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін жасыл алаңнан қуылуы емес, бұларға қарсыластарының шеберлігі бас көтертпеді. Сөйтіп, бұл кездесуде француздар тиесілі жеңісіне жетті.

№41. Екі түрлі деңгей

 1/8 финал. Германия-Словакия — 3:0

Гол авторлары: Жером Боатенг, 8-минут (1:0); Марио Гомес, 43-минут (2:0); Юлиан Дракслер, 63-минут (3:0).

13-минутта он бір метрлік айып добын орындаған Месут Озил (Германия) қақпашыдан айласын асыра алмады.

26 маусым. Лилль. «Пьер Моруа» стадионы.

13-минутта Месут Озилдің он бір метрлік айып добын соға алмай қалуы германиялық футболшыларды аса ренжіте қойған да жоқ. Өйткені бұл кездесуде немістердің жеңіске жететіндігі алғашқы минуттардан бастап-ақ белгілі болған еді. Асқан шапшаңдыққа бағындырылған жойқын шабуылдар словактарға ес жидыртпады. Бұлар да, әрине, қарымта шабуылдар жасауға тырысып бақты, бірақ түк шықпады. Қалай болғанда да бұл екі құраманың деңгейін бір таразыға салу мүмкін еместей еді. Осылайша Германия кезекті заңды жеңісіне қол жеткізсе, 1/8 финалға шығуының өзі қуанарлық оқиға болған словактар да жасыл алаңнан ренішсіз тарасты.

№42. Қарқынға қарқын қосқан Бельгия

1/8 финал. Венгрия-Бельгия — 0:4.

Гол авторлары: Тоби Алдервейрелд, 10-минут (0:1); Миши Бачуайи, 78-минут (0:2); Эден Азар, 80-минут (0:3); Янник Карраско, 90+1 минут (0:4).

26 маусым. Тулуза. «Стадьом-де-Тулуз» стадионы.

Финалдық кезеңді ұтылыспен бастаған, үш турда барлығы 4 гол соққан Бельгия сол 4 голды бұл жолы бір кездесуде соқты. Ал сол топтық кезеңде кәдімгідей үміт отын жаққан Венгрияның шеберлігі бельгиялықтардан әлдеқайда төмен жатқаны мәлім болды. Бірақ бұл венгрлердің қауқарсыз екендігінің мысалы емес. Бұлардың күш-қуаты сол күйінде, тек Бельгия қарқынға қарқын қосып, бұл чемпионаттағы серкелердің бірі екендіктерін еске салды. Расында да  футбол білгірлері Венгрияның 1/8 финалға шығуының өзі зор жетістік екенін айтқан болатын. Міне, осы кезеңде жеңілуге мәжбүр болған венгрлерді осы дәрежеге дейін алып келген өзімізге таныс бапкер, кезінде Қазақстан ұлттық құрамасын екі жыл жаттықтырған Бернд Шторк қол астында жақсы футболшылар болса, біршама биіктерге өрлеуге болатындығын дәлелдеді. Демек, біздің еліміздің құрамасының ілгері жылжымауы тек бас бапкерге ғана байланысты емес екен.

№43. Чемпион жарыс жолынан шығып қалды

 1/8 финал. Италия-Испания — 2:0

Гол авторлары: Джорджио Кьеллини, 33-минут (1:0); Грациано Пелле, 90+1 минут (2:0).

27 маусым. Сен-Дени. «Стад-де-Франс» стадионы.

2012 жылғы осы Еуропа чемпионатының Киев қаласында өткен финалында Испания Италияны 4:0 есебімен ұтқаны көпшіліктің есінен шыға қоймаған болуы керек. Бұл жолы италияндықтар бірден есе қайырды. Статистикалық есеп бойынша бірінші таймда испандықтар допқа көбірек ие болғанымен қарсыластарының мығымдығы бәрібір көрініп тұрды. Ал екінші таймда Италия тіпті дес бермей қойды. Екінші гол 90+1 минутта соғылғанымен бұлардың сенімді қорғанысы, орталық алаңдағы жалт-жұлт қозғалысы, қос қанаттан кезекпе-кезек шүйілуі, нысана көздеудегі мақсаткерлігі бірін-бірі үзбестен толықтырып отырды. Командасын қақпашы Джанлуиджи Буффон қаншама қиын сәттерден аман-есен алып шықты. Ал испандар бұлардан ауысқан допқа ғана жүгірумен өздерін-өздері әлденеге алдандырып жүргендей әсер етті. Әрине, осыған дейінгі чемпион Испания жарыс жолынан ертерек шығып қалғандай болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұларға әу бастағы кемшіліктерін, мысалы, топтық кезеңнің 3-турында Хорватиядан жеңілу себептерін талдау мен нәтиже шығару жағы жетіспеген сияқты.

 №44. Сенсация иесі — Исландия

 1/8 финал. Англия-Исландия — 1:2

Гол авторлары: Уэйн Руни, 4-минут, пенальти (1:0); Рагнар Сигурдссон, 6-минут (1:1); Кольбейн Сигторссон, 18-минут (1:2).

27 маусым. Ницца. «Стад-де-Нис» стадионы.

Төртінші минутта-ақ қақпасына пенальтиден гол енгізіп алған Исландияның одан әрі ештеңе келістіре алмайтыны анық болған тәрізді көрініп еді. Олай болмады, арада 3-4 минут өтер-өтпестен есеп теңелді де қалды. Тағы бір он шақты минуттан кейін исландиялықтар ілгері шықты. Ағылшындардың допқа ие болу жағынан жұрттың бәрінен озғанымен, сол допты нәтижелі игеруі кемшін түсіп жататыны бірінші турдан бастап-ақ белгілі болған. Ресеймен кездесуді (1:1) еске алыңыз, Словакиямен болған ойынды (0:0) ұмытқан жоқсыз. Бас бапкер Рой Ходжсон сол текетірестерден сабақ алып жарытпаған тәрізді, әйтпесе бұл құрамада тамаша футболшылар аз емес еді ғой. Ал Исландия командалық ойынның үздік үлгісін көрсетті. Әуелі шабуылдады, сосын берік қорғана білді. Тағы бір ерекшелігі, бұлар қарсыластарының ой-әрекеттерін алдын ала сезініп отырды және соған қарай қимыл жасады. Осылайша жанкүйерлер 1/8 финалдың алғашқы және бірден-бір сенсациясына куә болды.

 1/4 финал ойындары:

30 маусым, бейсенбі. 24.00. Польша Португалия
1 шілде, жұма. 24.00. Уэльс Бельгия
2 шілде, сенбі. 24.00. Германия Италия
3 шілде, жексенбі. 24.00. Франция Исландия

 1/2 финал ойындары:

6 шілде, сәрсенбі. 24.00. Польша/Португалия Уэльс/Бельгия
7 шілде, бейсенбі. 24.00. Германия/Италия Франция/Исландия

Финал

10 шілде, жексенбі. 24.00.

 Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button