Денсаулық

Шетелдік тәжірибелердің пайдасы

Конференция

«Жастық» мәдениет орталығында «Генетикалық скрининг сапасының халықаралық стандарттары» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Жиынға республиканың әр түкпірінен және Ресей, АҚШ, Ұлыбритания елдерінен мамандар қатысты.
— Басқосудың мақсаты — жүкті аналарға генетикалық скрининг жүргізу, ғылымдағы соңғы жаңалықтарды медицинаға енгізу, диагностика, яғни осы саладағы негізгі мәселелерді шешу. Бұндай жиын өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Көп мәселе көтерілді. Әсіресе, шетелдік мамандар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, медицинаның соңғы мүмкіндіктерімен таныстырды. Бұл кеңестен біздің дәрігерлер көп нәрсені үйренді деп ойлаймын, — дейді облыстық перинаталдық орталықтың директоры Асхат Балықов.
Екі күн бойы дәрігер-генетик, акушер-гинеколог, неонтолог секілді мамандар генетикалық зерттеулер, диагностика және аурудың алдын алу бойынша өзара пікір алмасып, осы саладағы негізгі проблемаларды көтерді. Асхат Балықовтың айтуынша, балалар арасындағы генетикалық ауру көрсеткіштері республикамен салыстырғанда төмен.
Жалпы денсаулық сақтау басқармасы тарапынан балалар арасындағы туабітті ауруларды анықтау мақсатындағы жұмыстарға зор көңіл бөлініп келеді. Биыл туабітті хромосомалық ауруларды алдын ала анықтауға арналған және қазіргі заманға сай, соңғы үлгідегі екі аппарат сатып алынбақ. Оның бірін американдық компания жасаған, яғни қыркүйек айында іске қосылмақ, ал екіншісі Финляндия елінде өнідірілген, бұл жыл соңына дейін әкелінеді. Бұндай аппараттар арқылы тексеру кезінде жарақат өте аз болады. Ананың денсаулығына ешқандай кері әсерін тигізбейді. Мәселен, қазір генетикалық тексерулер қауіпті топтағы әйелдерге жүргізілсе, жаңа аппараттар іске қосылған кезде кең көлемде диагностика жасауға болады.
Екі күнге созылған жиын кезінде соңғы үлгідегі дәрі-дәрмектердің көрмесі өтті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button