Тарих

Ел ағасы еді…

Сағидолла Құбашев!

Бұл есім ақтөбеліктердің, оның ішінде бүгінгі күні алдыңғы буын сапындағы біздің қатарларымыздың жан жүрегінен, көңілінің төрінен қай кезде де өзіне лайықты мәртебелі орын алып келді. Бұған ең алдымен себеп болатын жайт — оның тарих тасасына тереңдеп енген өткен ғасырдағы сонау бір артта қалған кезеңдерде тоғыз жылдай уақыт бойы біздің өңірде облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқаруы еді. Әрине, тағдырдың бұйырмысымен кімнің жолы қай қиырға қарай тартпайды дейсіз, бірақ басты мәселе — адамгершіліктің туын биік ұстап, ел азаматтарымен тіл табысып, тізе қосып еңбек ете білуде ғой. Осы мәселеде Сәкеңнің орнықтылығын біз әлі күнге дейін көпшілікке үлгі етіп айта аламыз.

Сағидолла Құбашев қызмет еткен жылдарында Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне зор үлес қосты, үлкен істерді атқарды. Сол тұстарда Ақтөбе қаласының көркі өзгерді, мәдениет, спорт сарайлары, басқа да ірі нысандар іске қосылды. Медицина, педагогика институттары білікті мамандар даярлау орталығына айналды. Әрине, бұл үшін көп жағдайлар қажет болатын. Сол шаруаларды шешу жолдарын Сәкең көре білді және өзінің тиянақтылығымен, іскерлігімен көп мәселені қиындатпай түйінін тарқатып отырды.

Ел өмірінің маңызды буындары —  ағарту, денсаулық сақтау салаларының материалдық-техникалық базалары нығайтылды. Алпысыншы жылдардың ортасы — жетпісінші жылдары Ақтөбе облысы республикамызда бөлек орны бар ірі облыстардың біріне айналды.

Шынын айтсақ, облыстық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет тұтқасын ұстаудың оңай еместігін сол кездегі адамдар жақсы біледі. Сәкең облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары болған Николай Журин, Василий Ливенцовтардан қаймықпастан, олардың ығына жығылмастан, әділдіктің ақ жолына кірбің түсірмей тура сөйлеп, өз ой-пікірін ашық айтып, ал керекті жерінде ұлт мүддесі үшін қасқайып тұра алған қайсар жүректі басшы екенін көрсете білді.

Сол кезде облыстағы талай жауапты қызметтердің тізгінін ұстаған азаматтар Сәкеңнің батылдығына сүйсініп, оның жұмыс бабындағы шеберлігін үлгі ретінде мақтаныш етеді.

«Біз, Шолпан Халелқызы екеуміз, өмір жолымызды әңгіме етсек, алдымен Ақтөбені еске аламыз. Ақтөбеде бай тұрған жоқпыз, бірақ өте көңілді, ақ жарқын адамдармен бақытты өмір кештік» — дейтін Сәкең кейінгі бір әңгімелерінде.

Өзіміздің ардақ тұтатын, үлкен жүректі азаматпен тоғыз жылдай бірге жүріп, кісілік қатынаста болғанымызды, оның басшылығымен үлкен абырой алғанымызды, біздерді ол кісінің құрмет тұтқанын ұмыта алмаймыз. Оның адамгершілік, азаматтық, өзгермейтін санаткерлік қасиетті көзқарасы, орынды ақыл-өлшемдері, білімді ой-пікірлері, шынайы достық қатынастары ешқашан да көңіл көкжиегінен өшпейді.

Ол шын мәнінде бізге тәжірибе мектебі ретінде қатерімізде жүретін еңбектегі ұстаздарымыздың бірі болды. Ол Ақтөбе елін рухани жаңартқан, халқының сүйіктісі, ел ағасы атанған еді.

Сағидолла Құбашұлы аудандарды аралағанда еңбек адамдарымен ерекше жылылықпен етене араласып кететін. Олармен тез тіл табысып, кейбірімен тонның ішкі бауындай жақындасып, ортақ мәселелерді оңтайлы шешіп те тастайтын. Ойыл өңіріндегі атақты шопан Қуаныш Ержановпен сыйластықта болғандығы белгілі. Бірде қар қалың жауған тұста ол Қуекеңнің қыстағына келді. Тәжірибелі азамат, білікті шопан Қуекең келген қонақтарға «шаруаны кейін көрерсіздер, үйге кіріп, дәм татыңдар» деп бірден шаңырағына шақырады. Сонда Сәкең «осы Қуекеңнің қойшылығынан гөрі саясаткерлігі басым» деп жылы көңілмен әзіл тастаған екен….

Елбасы  Нұрсұлтан  Назарбаев  мемлекет  және  қоғам  қайраткері  Сағидолла  Құбашевтың  өмірден озуына байланысты  туған-туыстары  мен  жақындарына  көңіл  айту   жеделхатын  жолдағанын біз Президенттің  баспасөз  қызметінің хабарламасынан білдік. Мемлекет  басшысы  қайғыға  ортақтасып, көңіл  айтып, Сағидолла Құбашевтың  ұзақ  жыл  түрлі мемлекеттік  органдарда абыройлы  қызмет  істеп, еліміздің  әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқанына тоқталып  өтті.

«Атап  айтқанда, ол  бірнеше облыстық атқару комитетінің төрағасы, Гурьев  және Семей   облыстық  партия  комитеттерінің  бірінші  хатшысы, Министрлер  Кеңесі  төрағасының  орынбасары, Қазақстан  Компартиясы  Орталық  Комитетінің  екінші  хатшысы  қызметтерін  атқарып,  басқару  жұмыстарында  шыңдалды. Ол  Қазақстанның  өсіп-өркендеуіне,  жас  буынды  тәрбиелеуге  көп   еңбек  сіңірді. Сағидолла  Құбашевтың   жемісті  қызметі  жоғары  марапаттармен  атап  өтілді», — делінген  жеделхатта. Нұрсұлтан  Назарбаев  Сағидолла Құбашевтың  жарқын  бейнесі  әрдайым  қазақстандықтардың  жүрегінде  сақталатынын  айтты.

Сәкеңнің елге сіңірген еңбегі Президенттің жеделхатында өте орынды айтылған. Сағидолла  Құбашев — қоғамдық  жұмыста  ерекше  орны  бар және еліміздің сайланбалы  органдарында  ең  көп   сайланған тұлға. КСРО  Жоғарғы  Кеңесінің  ХІ шақырылуының  депутаты, Қазақ КСР  Жоғарғы  Кеңесінің  7 дүркін  депутаты, жергілікті  кеңестердің  18 рет  сайланған  депутаты, СОКП-ның 6 съезінің, ХІХ Конференциясының, Қазақстан  Компартиясының  9 съезінің делегаты, Қазақстан  Компартиясының  мүшелігіне 8 рет, жергілікті  партия  комитеттері  мүшелігіне  1954  жылдан  1989 жылға  дейін 35 жыл  бойы  сайланған.

Оның еңбегі жоғары бағаланды. Ленин, Октябрь Революциясы, төрт мәрте Еңбек  Қызыл  Ту, «Халықтар  достығы» ордендерімен  және 10 медалімен, үш рет Қазақ КСР Жоғарғы  Кеңестің  Құрмет  грамотасымен, бес дүркін Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Алтын  медалімен марапатталды, Ақтөбе, Атырау  және  Қызылорда  облыстарының  Құрметті  азаматы атақтары  бар. Одақтық  дәрежедегі  дербес зейнеткер, ғылым кандидаты. Отыз жылдай республиканың беделі жоғары азаматтары сапында болды.

Біздер Сағидолланың балалық шағынан бергі өмір жолдарын жақсы білетінбіз. Ол қазіргі Атырау өңірінде шаруа отбасында дүниеге келген. Жас кезінен уақыт қиындығын өз қатарластары секілді бастан кешкенімен, жақсы тәрбиені балаң кезінен бойына сіңіріп, буыны қатпай-ақ еңбекке араласқан, сөйтіп, шыңдалу мектебінен өткен. Соғыс жүріп жатқан қиын кезеңде ол үлкендермен бірге күні-түні жұмыс істеп, жеңісті жақындатуға үлес қосқан. Соғыстан кейінгі жылдары жоғары білім алуға талаптанып, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институты қабырғасынан білікті маман болып шығады. Сол кездегі Гурьев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында бас зоотехник, басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарады.

Ал 1953 жылы елімізде тың жерлерді игеру басталар қарсаңда ол өзі туып-өскен өңірдегі, аты «Передовик» болғанымен, шаруасы артта қалған колхозды басқаруға келеді. Ол аз ғана уақыт ішінде ауылдағы шаруаның етек-жеңін жинап, өндірісті ілгері қатарға шығарады. Шаруашылықта ірі қара саны 1600 басқа жетіп, қой түлігі 25 мыңға дейін көбейеді. Колхоздың ақшалай табысы жеті есеге көбейеді.

Шаруашылықты ілгері шығарып қана қоймай, елдің әлеуметтік жағдайларын да жақсартады, оның ұйымдастырушылық қабілеті, өндірістегі жетістіктері жоғары бағаланып, 1958 жылы Ленин орденімен марапатталады. Жас басқарманың мәртебесі артып, отыздың үстіне енді ғана іліккен ол көпке үлгі ретінде атала бастайды. Енді аз ғана уақытта ол Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жоғарылатылады.

Сол кездері облыстың бірінші басшысы болған Нұртас Оңдасынов өзінің бай тәжірибесін болашағы бар жас кадрға үйретіп, оны қолдап отырады.

Міне, осындай өнегелі жолдан өткен Сағидолла Құбашев Ақтөбе облысына лауазымды қызметке келгенде қырық жасқа әлі де толмаған еді.

Қазақта таза  адам деген қасиетті сөз бар. Өзінің ар-намысына,  адамгершілік  қасиеттеріне  кір  келтірмеген, уақытындағы Орталыққа, яғни Мәскеуге үстінен  арыз  не  шағым  түспеген де  жоғары лауазымдылар арасындағы дарабоз еді.

Өзі  айтқандай, «Мен осы  жұмыстарда  үлкен  тәжірибе  мектебінен өттім, мемлекет  жұмыстарының  көп  қырын  және  жауапкершілігін  үйрендім. Республика  көлемінде  өтіп  жатқан  жағдайларды, өзгерістерді  көріп, біліп  жүрдім. Соңғы  кезде тікелей  араластым», — депті «Адам  өмірі  адаммен» атты «Өлке» баспасынан 2003 жылы жарық көрген кітапта.

Оның өмірінде қиын кезеңдер де болды. Мұны әлгі айтылған кітаптың «Арпалыспен  өткен  екі жыл»  деген  тарауындағы: «…Менің  кадрлар  жөніндегі ұсыныстарым бірінші  хатшы Геннадий Колбиннен де, КОКП Орталық Комитетінің  бөлімдерінде де сирек, өте  қиындықтармен ғана  қолдау  табатын болды. Сенімсіздіктерден арыла  алмадым, бұл  ауыр  жүк болды», — деп  өкініш  білдірген жолдардан да байқауға болады.

Сәкеңнің еңбек жолы — тарихта сирек кездесетін жол. Ол колхоздың басқарма төрағалығынан облыстың бірінші басшысы қызметіне көтеріліп, оны әрі алып кетуі — үлкен парасаттылық және жауапкершілік белгісі іспеттес.

Оның өмірінде ғұмырлық серігі Шолпан Халелқызының орны бөлек болды. Жаны  сергек, жан-жақты  білімді, шебер де  іскер жан ретінде танылды ол айналаға. Шолпан да көп  жыл еліне елеулі еңбек етті. Оның Сәкеңе деген ерекше сыйластығын, азаматына зор  қамқорлығын көре қалдық, ол қашанда өз орнын, өз  жауапкершілігін қатты сезінетін, отағасының сенімді көмекшісі  болды. Үлкен мәдениетті  адам ретінде көпке үлгі жасады. Әр кез үйлесімді ғана киініп жүретін, ол бағалы қымбат нәрселерге  әуестенбейтін. Өмірде  қанша  бейнет  көрсе де  налымайтын, халық  жауының қызы  атанып, қорлық  көрсе де мойымайтын бір  керемет  ерекше  жаралған  жан  болатын.

«Біздің  отбасымызда алты бала  өсті, Шолпан  екеуміздің  артық  киім  киюге, қымбат  дүние жинауға мүмкіндігіміз болмады. Сондықтан да болар, ұл-қыздарымыз өз қатарынан  артық  киінуді, қымбат нәрселерге үйір болуды үйренбеді. Ерекше  көрінбеу, қарапайымдылық, сөзі де, ісі де  үйлесімді  болу — алған  тәрбиелері» — дейтін  Сәкең.

Көріп  отырғанымыздай, Сағидолла мен Шолпан балаларының бәрінің жоғары білім алуына жағдай жасады. Тұңғыш  немересі  Нұртас екі институт бітіріп, полковник шенін алды, өз  тегіндегі  Сағиджаны әуелі Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, содан кейін Америка Құрама Штаттарынан білім деңгейін көтеріп келді. Ол — жоғары біліктілігі бар заңгер. Осы екеуінің Сәкеңнің ұрпақтары  арасында  алатын орны ерекше, оларға қалған  немерелері де еліктеп, үлгі алып өсіп, өркендеп  жатыр. Олардың ізімен шөберелер де  ержетіп, үміттерін  ақтап  келеді. Сәкең саналы ғұмырының сәтті жалғасы секілді ұрпақтарына берген тәрбиесінің нәтижесін көрді, оларға дән риза еді.

Сәкең өз өмірінің елеулі бір кезеңдері өткен Ақтөбені, елдің азаматтарын ешқашан ұмытпайтын. Біз оның өмірінің соңғы күндеріне дейін апта сайын телефон арқылы сөйлесіп, хал-жайын біліп отырдық. Сәкеңнің қайтты деген хабарын қызы Нәйлә хабарлады. Мына қаралы хабар бізге аспаннан ашық күнде жай түскендей болды. Өзіміз сенгенмен көңіліміз сенер емес. Шіркін-ай, бір жеті бұрын ғана сөйлесіп едік. Қайда асықты екен? «Шолпанға баруым керек-ті» көп айтатын еді. Қайран досымыз, аяулы қимасымыз-ай, бізге салып кеткен қайғың қандай ауыр еді…

Суық хабар әп сәтте қазақ елінің түкпір-түкпіріне тарады. Алаштың қадірлі азаматтарының бірі болған Сағидолла Құбашев есімін құрмет тұтқан Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің азаматтық биіктігін танытты. Облыс атынан Сәкеңді соңғы сапарға шығарып салу үшін ардагерлерден, облыстың құрметті азаматтарынан делегация құрып, Алматыға аттандырды. Алматы қаласындағы қаралы жиын барысында біз Сәкеңнің қадірін тағы да ерекше сезінгендей болдық.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бәйбек халық алдында Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың  жеделхатын жариялады. Қоштасу жиынында қазақ   әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қызылорда облысының бұрынғы әкімі  Сейілбек Шаухаманов, Қазақ Үкіметі Төрағасының бұрынғы  орынбасары Шәңгерей Жәнібеков, генерал Закаш Камалиденов, біздің облысымыздан академик Қуандық Әлішев,  тағы басқалары қимастық сезіммен қоштасу лебіздерін білдірді.

Ақтөбе, Атырау, Қызылорда  облыстарынан, Алматы  қаласы мен Астанадан, басқа да өңірлерден көп  адам  қатысып,  қалың ел дарабоз ұлы азаматты соңғы сапарға үлкен  құрметпен шығарып салды.

Сәкеңнің аяулы қызы Нәйләнің жолдасы Абай Сағитов қайын атасының ақылынан, қайын енесінің ақ  ниетінен бастау алатын ұлы қасиеттерді ерекше құрмет тұтатынын осы бір бәріміз үшін қайғылы сәтте қапысыз танытты. Оның ауыр қазаға қайғыра  жүріп, осы үлкен жүректі адамды ақтық сапарға шығарып салудағы ұйымдастырушылық, біліктілік және ілкімділік істеріне жан-жақтан жиналған халық өте риза болып, алғыс сезімдерін  білдіріп, оған шын жүректен ұзақ ғұмыр тіледі. Осындай тілек-бата Сәкеңнің немерелері  Нұртасқа да, Сағиджанға да арналды. Әке алдындағы парыздарын адал орындаған  қыздары Нәйләға, Әлияға, Айяға, Үмітке, Гүлшатқа, олардың жолдастарына, немерелері мен шөберелеріне ел өте ризашылық білдірді.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, абыз, шешен, көсемдігі де бар Сағидолла Құбашев еліміздің, ұлтымыздың тарихында биік орны бар зиялы азамат екені шындық. Ол өз заманында көрінді, танылды, халқына жанқиярлықпен еңбек етті. Мәңгілік Ел – Ұлы дала елінің келешегіне үміті зор еді. «Өз байлығымызға өзіміз иеміз, өз жолымызға түстік» — деген патриоттық және оптимистік пікірі бар екенін біз жақсы білеміз. Бұл ойы Тәуелсіз Қазақ елінің асыл арманымен астасып жататын.

Біз Сағидолла Құбашұлының қай кезде де өзі туып-өскен, еңбек еткен жерлеріндегі ахуалды байыпты саралап, көпшіліктің жағдайларына алаңдап отыратынын жақсы білетін едік. Мәселен, өзінің жастық шағында жігерлі еңбек еткен «Передовик» колхозының ізіндегі ауыл шаруасы кешегі бір тұстары берекесіздікке ұшырап, жастардың бәрі қалаға немесе өндірісті орындарға қарай қоныс аударып, елде бірыңғай үлкен кісілер қалғанына оның қынжылып отырғанын құлағымыз шалған.

Беріректе атыраулық біраз беделді, ел басқарып жүрген азаматтар асыл ағаларына арнайы сәлем беруге барып, құрмет көрсеткенін де естідік. Сонда Сәкең бұл жағдайға ерекше тебіреніп, «Елге сәлем айтыңдар, азаматтары аман болсын» деген ризашылық сөздерін айтыпты.

Сағидолла Құбашевтың есімі қазақ елінің тарихында бірден-бір өз орнын алуға тиіс. Сондықтан Сәкеңнің есімі өзі елеуі еңбек еткен Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Семей қалаларының кейбір нысандарына беріледі деген сеніміміз мол.

Сәкеңнің бақилық болғанына да қырық күннің шамасы өтіпті. Пейіште нұрың шалқығай, алдың өзіңе, артың ұрпақтарыңа қайырлы болғай, иманың жолдас болғай!

Біз үшін асыл бейнең қашанда өз биігінде тұрады. Сенің қадіріңді білетін достарың, біздер, Сәке, сені сағынып жүретін боламыз.

 

Ниетжан БЕРІКҰЛЫ,

профессор,

Ақтөбе облысының құрметті азаматы.

Қуандық ӘЛІШЕВ,

академик,

Ақтөбе облысының құрметті азаматы.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button