Тарих

«Алаш қайраткерлері бастаған іс еді»

Үстіміздегі жылы ел тәуелсіздігіне ширек ғасыр толады. Отаршылдық дәуірде саясат ағымына қарай бұрмаланып, теріс баяндалып келген тарихымызды қайта зерделеу, жан-жақты зерттеу, ұлттық тарихи сананы қалыптастыру бағытында осы уақыт ішінде істелген жұмыстардың нәтижелері қандай? Не істелмей жатыр? Осы орайда біз тарихшы-өлкетанушы, ал 1993-2013 жылдар аралығында облыстық тарихи және мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның директоры ретінде аймақтағы көне ескерткіштерді есепке алу, зерттеу мақсатындағы көптеген істерге ұйытқы болған азамат, Толыбайдағы Әбілқайыр хан атындағы музейдің меңгерушісі Бекарыстан Мырзабайды әңгімеге шақырған едік.

— Кеңес тұсында халқымыздың тарихы аяусыз бұрмаланып, қазақ тарихшыларының басқан ізі бақылауда болды. Осы орайда Мәмбет Қойгелдінің: «Кеңестік дәуірде Қазақстан тарихы Москвада төрт рет талқыға түсіпті. Бірде-бір республиканың тарихы мұндай талқыға түскен емес. Талқыға түскен Қазақстан тарихы ғана» — дегені бар. Қазақ тарихына соншалықты шүйлігудің сыры, себептері неде?

— Жаулап алынған халықтың тарихи санасын жоюға ұмтылу — империялардың кәсібі. Ресей ғана емес, Қытай да, Англия  да, басқалар да өздері бағындырған халықтарға осыны істеген. Тарихы, тілі, яғни тамыры бар халық — халық та, ал онсыз тобырға айналмақ. Ресей тарапынан қазақтың тарихи санасын жоюға бағытталған астыртын әрекеттер әріде басталды. Мысалы, Иван Грозный 1580 жылы Сарайшықты жермен-жексен талқандауға бұйырған; І Петр де біздің ата-бабаларымыздың бейіттерін қиратып-тонау жөнінде құпия түрде бұйрықтар беріпті деседі. Міне, осындай аяусыз, қитұрқы істер 400 жылдан астам уақытқа жалғасты. 1822 жылы патша өкіметі хан билігін жойды. Сөйтіп, қазақтың дәстүрлі басқару жүйесі түбірімен өзгертілді. Енді басқарудың округтік жүйесі енгізілді. Округтер  болыстарға бөлінді. Округтерді аға сұлтандар басқарды. Бұл жерде ең басты мақсат — Алтын Орда дәуірінен қазаққа басшы болған Шыңғыс хан тұқымы, яғни төре әулетінің ықпалын жою еді. Бұл саясат 1822 жылдан басталып, 100 жыл бойы жалғасты. Бір ғасырдан кейін, төре әулеті әбден тұралады деген тұста, енді байлар нысанаға алынды. 1920-жылдары Дзержинскийдің басшылығымен қазақ байларында қанша алтын бар екенін анықтау мақсатында құпия барлау жүргізілген деген сөз де айтылады. Бұл рас болуы және сондай құпия істің жүргізіліп жатқаны жөнінде сол кезде сыбыс тарауы да мүмкін. Одан соң — қазақ байларын кәмпескелеу, жер аудару сынды науқандар… Байлардан кейін кезек қазақтың көзі ашық, оқыған азаматтарына келді: 1937 жылдың сүргіні. Міне, осылайша, басшысы, бай-бағланы, оқыған азаматтарынан айрылған, тарихи санасы, тілі (альфавиттің екі рет алмасуы) жойылған жұрт кімге айналмақ?

— Бүгінгі таңда біз халқымыздың тарихи санасын оята отырып рулық санадан ұлттық санаға, ұлттық санадан алаштық санаға, алаштық санадан түркілік санаға, түркілік санадан жалпы адамзаттық санаға сатылап көтерілетін жолдарды таңдауға тиіспіз.

— Ресей отарлаған халық бір ғана қазақ емес, бірақ қазақ тіпті атынан да айырылып қала жаздаған жоқ па? Патша кезеңіндегі барлық құжаттарда «қырғыз» немесе «қырғыз-қайсақ» деген жұрт қана бар…

— Лениннің өзі де «қырғыз-қайсақ» деп атаған. Мәскеуде өткен бір үлкен жиында осы мәселені қазақтан шыққан тұңғыш математик-профессор, алашордашы Әлімхан Ермеков көтеріпті. Ол Ленинге: «Сіз патша саясатын одан әрі жалғастыра бересіз бе? Неге менің халқымды қорлаған атауды қайталап отырсыз?» — дейді. Сонда Ленин одан кешірім сұраған екен. Бұл әңгімені Тахауи Ахтановтан есіткен едім. Тахаңа Ахмет Жұбанов, Мұхтар Әуезовтерден жеткен.

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде тарихымыз қайта жазылды, өткенімізді түгендеу, бұрмаланған ақиқаттарды аршып алу мақсатында қыруар істер атқарылды. Осылардың ішінде жетістіктеріміз қайсы? «Әттеген-ай» дейтін тұстарымыз қайсы?

— Жалпы, әріде ауызша тарихымыз болды, ал беріде қазақтың тарихын түгендеуді, қағазға түсіруді алғаш қолға алған Алаш қайраткерлері еді. Яғни, бұдан 100 жыл бұрын басталған іс қой. Бірақ өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап тарихпен, тарихи сананы қалыптастырумен айналысқан қайраткерлеріміз қуғынға ұшырады, қудалаулар 50-жылдардың ортасына дейін жалғасты. Сөйтіп, қазақ тарихының онсыз да жұқа оқулығы тіпті жұқара түсті. 60-жылдары республикамыздың басшысы болған Дінмұхамед Қонаев руханиятқа, ғылым мен білімді дамытуға барынша көңіл бөлді. Сол тұста Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев бастаған ғалымдардың бір үлкен шоғыры Алаш қайраткерлері бастап кеткен істі қайта жандандырды. Алайда ол кезде таптық көзқарас болды, хан-сұлтандар, олардың соңынан ерген батырлар, билер, діни қайраткерлер, 37-де «халық жауы» атанған тұлғалар туралы шындық айтылмады. Оларды іздеуді біз тәуелсіздік жарияланғаннан кейін қолға алып, алғашқы жылдарда біраз шаруалар атқарылды: мысалы, Ақтөбе өңірі Есет батырдың тойын өткізді, бір ауданға Әйтеке бидің есімі берілді.

Өткенімізді түгендеу мақсатындағы істердің алға жылжуына, әсіресе,  «Мәдени мұра» бағдарламасының пайдасы зор болды. ХХ ғасырдың 30-жылдарынан басталған қудалаулар салдарынан мүлде жоқ болуға айналған ауызша тарихтың сақталып қалған аз бөлігін қағазға түсіріп алдық. Қазақтың 1000 күйі, 1000 әні, жыршылар орындауында 40 мың жолдық «Шаһнама», эпостық 50 жыр дискіге түсірілді. «Бабалар сөзі» жүзтомдығы жарыққа шықты. Көптеген көне ескерткіштер қайта қалпына келтірілді. Мыңдаған археологиялық нысандар, архитектуралық ескерткіштер, тарихи оқиғалар болған орындар мемлекеттік тізімге алынды, әлі де алынып жатыр.

Өкініштісі, біз көп жағдайда әріге бармай, бергі тарихта жүрміз. Айталық, Серік Әжіғали зерттеулерінің басты концепциясы — Арал-Каспий аймағы, яғни Доңызтау өңірі — көшпенділер өркениетінің бесігі деген тұжырым. Осыны одан әрі тереңдету, адамзатты атқа мінуге үйреткен, арбаға отырғызған көшпенділер өркениетінің ең бір өрлеген, өркендеген жері —  Доңызтау өңірін жан-жақты зерттеу ісі қолға алынған жоқ. Әйтеке бидің жерленген орны анықталды, бірақ ол туралы ғылыми еңбектер қайда? Абат-Байтақ кесенесі көтерілді, бірақ сол маңдағы «қала бар» деген дерек бойынша зерттеулер неге жүргізілмейді?

Сондай-ақ, жер қойнауын игеру, мұнай, газ құбырларын жүргізу кезіндегі жұмыстар кейде көне ескерткіштерге зиянын тигізеді. Кеңес тұсында, мысалы, облыс орталығы іргесінде Ақтөбе су қоймасы салынғанда, су астында 40-50 шамасында қорған қалып қойған. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін, қырағылықты, жауапкершілікті әлі де күшейте түсу керек.

Үлкен қорымдардағы ата-бабасының зиратын қайта көтеріп, ойына келгенді істеп жүргендер бар. Ол қорымдар мемлекеттік тізімге алынған көне ескерткіш болып табылатынын ескермейді. Тіпті кейбіреулер елдігіміздің киесі саналатын үлкен тұлғалардың кесенесін де өз бетімен көтеріп тастады.

Тарихымызда айрықша із қалдырған тұлғалар, әсіресе, әулиелер жерленген орындарды біз рухани орталықтан гөрі, бизнес нысанына, ақша табу көзіне айналдырып жіберген секілдіміз. Бұл да алаңдатпай қоймайды.

— Сондай-ақ, тарихи тұлғаларымыз төңірегінде талас-тартыстар жылдан-жылға өршіп барады…

— Иә, әркім өз бетінше «жаңалық» ашып, жалаулатып жүр. Бір жағынан, бұл — жазу-сызуы жойылған, отарланған жұрттардың басында болатын жай. Отарлық қамытынан құтылған, азаттық алған тұста қай халық та осындай жағдайды бастан өткереді.

— Толыбайдағы Әбілқайыр хан музейінің жағдайы қалай? Мемориалдық кешен ашылған тұста облыстық тарихи-өлкетану музейінен апарылған экспонаттар кейін қайтарылып алынған деп естіп едік.

— Облыстық тарихи-өлкетану музейіне тиесілі экспонаттар ол жерге тек бірер күнге ғана апарылған. Қазір музейде кейбір құжаттар көшірмелері, Әбілқайыр әулетінің шежіресі, хан киімінің беріде, яғни осы ХХІ ғасырда тігілген үлгісі сынды аз-маз дүние тұр. Әбілқайыр тұлғасын көп зерттеген Ирина Ерофеева мен ханның жерленген орнын анықтаумен айналысқан Серік Әжіғалидың қолында көптеген құжаттар бар. Бірақ олар аталған ғалымдардың зияткерлік меншігі болып табылады. Ол құжаттарды немесе көшірмелерін алу үшін, қаржы керек. Жоғарыға мұны айтып жатырмыз.

Алыс әрі жолы да нашар болғандықтан, «Хан моласындағы» мемориалдық кешен де әзірге қараусыз деуге болады. Ол жерге 460 түп көшет отырғызылған. Ағаштарды күтіп-баптау үшін адам керек, су көзі, электр қуатын апару керек. Әзірге ештеңе жоқ. Музейге көлік те бөлінбеген.

Негізі, кешен құрылысы туристік нысан ретінде қолға алынған ғой. Бірақ жол қатынасы нашар болғандықтан, бұл мақсаттың жүзеге асуы қиынға түседі-ау деймін. Кезінде Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешенді Ырғыз жағындағы Бөкенбай шоқысына салу туралы пікір айтқан едік. Бөкенбай шоқысы Шымкент-Самара тасжолының бойында жатыр. Астана мен Ақтауды жалғайтын жол да сол тұс арқылы өтеді. Ол жерде инфрақұрылым мәселесі әлдеқайда оңайға түсер еді. Сондай-ақ, табиғи ескерткіш болып табылатын Жаманшыңның да туристер тартуға әсері болмақ. Оның үстіне, Бөкенбай шоқысы — тарихи орын. Бөкенбай ханның бас батырларының бірі болғаны белгілі. Кіші жүздің 35 мыңдық қолы мен Орта жүздің Шақшақ Жәнібек және Найман Төлек батырлар бастаған 10 мың сарбазы осында жиылып, Бөкенбайдың басшылығымен болашақ шабуылдарға дайындалған да, Аңырақайға сол маңнан аттанып кеткен.

— Бұдан артық қандай қастерлі, лайықты орын болмақ? Дегенмен, Әбілқайыр қазір сүйегі жатқан қорымға өз өсиеті бойынша қойылған емес пе?

— Бейіті өз орнында сақталып, кесене сол жерде болуы тиіс. Ал мен Әбілқайыр ханға арналған кешен туралы айтып отырмын: музей, ескерткіш… Әрине, бұл кезінде айтылғанмен, ескерілмеген пікір ғой…

— Қандай жоспарлар бар?

— Әбілқайырдың айналасында болған тұлғалардың ұрпақтарымен де байланыс орнату керек. Қазір аудармашы, орысша жетік білген Алтай Ебескіұлы мен батыр Баймұрат Байбөріұлының ұрпақтарымен байланысымыз бар. Кешен өткен жылдың қазан айында ашылды, биыл сол оқиғаның 1 жылдығы тұсында Әбілқайыр ұрпақтары тағы бас қоспақ. Біз хан ұрпақтары мен оның айналасындағы тұлғалар ұрпақтары кездессе дейміз. Әрине, бұл жиын сол кісілердің өз қаражаттары есебінен ұйымдастырылады.

 Әңгімелескен Индира Өтеміс.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button