Тарих

Ажарлы 90 иесі

Сәбит Мұқановтан жеткен мағыналы тәмсіл бар: «Туған жер, не бар екен сенен ыстық, себебі сенде туып, сенен ұштық». Рас-ау. Атамекенін сүймейтін жан бар ма, сірә?! Перзенті болғасын біз де Шалқар жаққа ат басын жиі бұрамыз. Ата-баба мәңгі дамылдап жатқан, балалық пен жастықтың іздері қалған өлке бұл. Тірліктің заңы  басыңнан сипап, арқаңды қағар үлкендер қатары сиреген, тіпті тай-құлындай тебісіп өскен дос-құрбылардан бірен-сараны ғана кезігеді. Шүкірлік етерің  асыл ағалар, ғазиз достар шаңырағында тілекші болып отырған апа-жеңгелердің, құрбылардың барлығы. Сондай асылдардың бірі Сағынай жеңгеміз 90-ға толыпты дегенді естіп, сәлем бере бардық.

«Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» деген, кейуана баяғы сырбаз тұрпатынан арылмай құрақ ұшып, бәйек болды. Жадының мықтылығымен бала-шаға амандығын сұрағанына ішің жылиды. Бұдан бұрын келгендегіден гөрі денсаулығы біршама оңалғандай.

— Шүкір, жазға аяқ салдық. Ырғыздағы Қайратым мен Ләззатым қызметін ауыстырып, ауылға оралды. Жылда ағаңның мейрамы  Жеңіс күнінде ағайынды шақырып, аруағына Құран оқытамыз, биыл да сөйтеміз, балалардың арқасы ғой, — деді ағынан жарылып.

Бұдан он үш жыл бұрын жасы сексеннен асқанда бақилық болған отағасы Қуандық Ақшолақовты меңзеп тұр. Қуекең кезінде өнегелі ісімен, бәтуалы билігімен ауызға ерте іліккен-ді. Ұлы Отан соғысының майдандарында бастан-аяқ болған. Ибирск, Кировоград әскери ұшқыштар мектебінде оқып, Грозный әскери ұшқыштар училищесін тәмамдаған, Мәскеу, Прикарпатье әскери округтерінде жауынгерлік ұшу сапарларында ерлігімен көзге түседі. «Қызыл жұлдыз», I және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен бірнеше медальды омырауына таққан капитан шеніндегі сымбатты жігіт елге оралысымен аудандық комсомол комитетінің аппаратына қызметке алынады.

Соғыс лаңымен күйреген тірлікті оңалту қамында байыз таппастан үнемі іссапарда жүрген Қуандық Қайыр ауылындағы бастауыш мектепте Сағынайды жолықтырады. Теміржолшы Жалмұраттың қызы екен. Сегізінші класты енді ғана тәмамдаған мұны аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Мұқит Дәулетов шақыртыпты.

— Қарағым, ер-азаматтың бәрі әскерде. Сені өзің тұратын Қайырдың бастауыш мектебіне мұғалімдікке ұйғарып отырмыз. Ешқандай қысылма, көмектесеміз, үйреніп кетесің, — депті жарықтық.

Қабақ шытпастан міндетті шаруасын тиянақты орындап жүрген қыздың жүріс-тұрысынан әлдебір сүйкімділікті аңғарды ма, комсомол белсендісі, офицер Ақшолақовтың Қайыр ауылына қатынауы жиілепті. Сонан екі жас 1946 жылдың қоңыр күзінде шаңырақ көтереді ғой.

— Ағаңмен алпыс жылдай бірге тұрдық. Жарықтық сүйегі асыл, бекзат жан еді. Бетіме жел боп тиместен өтті, — дейді жеңгеміз елжірей еске алып.

Сүйсінер жай — сүйікті жар ұқыптылығымен майдангер отағасының әскери жорық жолдарын айғақтайтын бірқатар құжаттар үйде мұқият сақталған. Соның бірі «Отан үшін» деп аталатын қызыләскерлік газеттің 1943 жылғы қаңтар айындағы №9 (213) және №9 (216) сандары. Бірінде Қуандыққа елдегі анасы Әйіштің хаты, екіншісінде командир Ақшолақовтың анасына жауабы жарияланыпты.

Отағасының қызмет ретімен ерлі-зайыптылар жұбын жазбай, Шалқар қаласы мен біраз ауылдарда тұрды. Қуандық аудандық қаржы бөлімін басқарды, қалалық кеңес атқару комитетінде, «Қызыл ту», «8 март» ұжымшарларында төраға болды, аудандық дайындау конторының директоры тізгінін ұстады. Қосағы Сағынай мектептегі ұстаздығынан қол үзген жоқ, жарының қас-қабағына қарап, қызметін алаңсыз атқаруына жағдай жасады. Балаларының мектепте үздік үлгеріммен оқып, тәртіпті болуы да  тумысынан биязы, асып-тасудан аулақ ана үлгісінен. Және бір қасиеті,  берекелі шаңырақтан қонақ арылған емес, тәуліктің кез келген уақытында әр қиырдан келген адам қожайындардың жылы қабағын көріп, дастарқандағы құнарлы дәмді татып, ризашылықпен аттанар еді. Мұндай ырыс-береке әлде бір сумаң сөздерге, ерсі қылуаларға тосқауыл болғаны хақ.

Шаңырақ иесі зейнет демалысына шығып, ұзақ жылдар аудандық ардагерлер кеңесін басқарғанда да Сағынайдың ақ-адал дәмі талай даулы мәселелердің ың-шыңсыз әдемі шешілуіне жол ашқан-ды.

Қуекең жалғанның көшіне ілескелі біршама уақыт болды, ал жасы 90-нан асқан кейуана бұрынғыша үлкен әулеттің тізгінін сеніммен ұстап отыр. Мұндай бақыттың бір ұштығы балаларының арқасында. Жұмагүлі денсаулық сақтау саласында абыройлы қызмет етіп, зейнет демалысына шықты. Серікбайы Ақтөбе аумағында танымал азаматтардың бірі, облыстық және Исатай аудандық партия комитеттерінде лауазымды қызметтер атқарды, облыстық басқармаларға басшылық жасады, қазіргі күнде зайыбы Меңзипамен бірге Астана қаласында немерелерді оқыту қамында жүр, Серігі медицина ғылымдарының докторы, академик, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» акционерлік қоғамының Бас директоры, «Әлем дәрігері» құрметті атағының иегері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ол зайыбы, медицина ғылымдарының кандидаты Баянмен бірге шырайлы отбасы ажарын еселей түсуде. Шаңырақтың кенжесі Қайрат пен келіншегі Ләззат қызметі күрделі болса да қарт ананың бар жағдайын жасап келеді, осы үйге келген адам немерелердің қазақы салтты қатты ұстанғанына еріксіз сүйсінер еді.

Сағынай Жалмұратқызымен әңгімелесіп, біраз жайға қанықтық. Рұқсат сұрап, орнымнан тұра бергенімде сәл бөгелуімді айтты. Қонақ бөлмедегі үстел үстінен үлкейтілген фотосуретті әкелді.

— Мынау  Серікбай мен Серіктің Шымкентке Аталар ескерткішінің ашылуына барғанда түскен суреті, — деді. Ағайынды жігіттер Сайрам соғысының қаһармандары Тілеу Айтұлы мен Жолдыаяқ Тілеуұлының тас тұлғаларының алдында тұр.

Ғасырға жуық жасаған абзал ана, байырғы ұстаз жанарынан мақтаныш пен тәубені байқадық. «Жақсы бала төрге шығарады» деген осы.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

журналист.      

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button