Тарих

Алпыс жылдан кейінгі кездесу

Қанша жасқа келсең де үлкен өмірге жолдама берген, балапан кезіңде құшағына алып, азамат қылып айдынға шығарған алтын ұя — мектебіңнің алдында кішкентай болып көрінесің. Осыдан алпыс жыл бұрын Ойыл қазақ орта мектебін бітірген түлектер де сондай күйді бастан кешіруде. Бүгінде алды сексеннің сеңгіріне қол созған ағалар мен апалар өздерінің мерейлі кездесуінде тіпті жасарып кеткен сияқты. Көздері ерекше ұшқын атып, ақ көйлек киіп, қызыл галстук таққан, бұрымдарына бантик байлаған кездерін қайта бір бастан өткергендей күйде көрінді олар.

Сәуір айының басында олардың бір тобы Ақтөбеден Ойылға сапарлап келді. Алдымен өздері оқыған ескі мектепті аралап, содан кейін Ж.Жүсібалиев атындағы мектептің мұғалімдерімен және оқушыларымен кездесті. Осы өңірдегі білім ордасының қарашаңырағы атанған мектептің бүгінгі ұжымы қонақтарды қуана қарсы алды. Алпыс жыл бұрынғы түлектер құр қол келмепті. Облыс әкімінің бастамасымен қанат қаққан «Туған жерге тағзым» акциясы аясында және «Түлек. KZ» шарасына орай бір кластың парта-орындықтарын түгелдеп алып келіп, сыйға тартты.

Әрине, түлектердің бәрі бірдей ауылдағы кездесуге келе алмады. Өйткені көбісі Ақтөбе қаласында тұрады. Жүріп-тұруды қиынсынатындары бар. Сондықтан кездесу жалғасы облыс орталығында ұйымдастырылды.

— 1956 жылы мектепті 89 оқушы бітірген екенбіз, — дейді осы шара тізгінін ұстап жүрген ағалардың бірі Тұрар Шериязданов, — содан 33-і қатарымызда жүр. Ал кездесуге жиналғаны — 24. Өмірден өтіп кеткен жолдастарымызды ұмытпаймыз, әрдайым еске алып отырамыз.

Тұрар аға 1963 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітіріп, содан кейін он бір жыл бойы Ойылдағы аудандық туберкулезге қарсы диспансерде бас дәрігер болады. Одан кейінгі бір кезеңде Темір аудандық ауруханасына, санэпидстансаға басшылық етеді. Беріректе облыстық кәсіподақ кеңесінде сенімді дәрігер, «Әйгерім» жеке емханасында бас дәрігердің орынбасары, емхана меңгерушісі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім меңгерушісі болды. Өмірлік өнеге-тәжірибесін медицина академиясының студенттеріне таратудың да реті келді. «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісінің иегері. Әрдайым жақсы істердің басында жүретін ол бұл жолы да өзінің бірге оқыған достарының басын қосып, ұйымдастыру ісінің басында жүрді. Бір атап өтерлігі, Тұрар ағаның жан серігі Күләш Қаңтарбайқызы да осы кездесудің жоғары дәрежеде өтуіне көп еңбек сіңірді.

Кездесуге жиналған аға-апалардың әрқайсысының өмір тағдырлары өзгеше бір әлем. Мәселен, Аманжан Қошқарбаев мектепті бітірген соң Қазақ Мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Өкінішке орай, бір сабақтан орташа баға алуы себепті стипендияға ілікпеуі оны ауылға қайтуға мәжбүр еткен. Елге келіп, автослесарь, құрылысшы, шофер болып еңбек етеді, қара жұмыста шыңдалады. Содан кейін Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында оқып, Қобда, Ойыл аудандарында еңбек етеді. Бірнеше медальдарды кеудесіне тағады, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.

Мәриза Ермекова: «1956 жылғы соңғы қоңырау біздерді жан-жаққа өмір жолымен аттандырып жіберген еді. Мен Ақтөбе педагогика институтының математика факультетіне оқуға түстім. Бір қызығы, сол жылы менімен бірге он түлек қатар оқыдық. Отыз бес жыл ұстаз болып, 1993 жылы зейнеткерлік демалысқа шықтым. Жолдасым Зинағи Қыранбаев екеуміз бақытты өмір сүрдік, ұрпақ өсірдік.

Әлі күнге дейін асыл ұстаздарымды ұмытпаймын. Олар: Аманолла Әбдірахманов, Тәләй Қуатова, Эра Шыныбекова, Еркін Мырзағалиев, Сәлімгерей Қапышев және басқалары. Біз оқуға өте құштар болдық. Менің кластастарым арасынан Тельман Базлиев автотранспорт саласында еңбек етті, Базар Қожақова, Кеңес Сәулебаев, Бақтыгерей Еспағамбетов  секілді математиктер, Идош Асқар сынды журналист шықты», — деп естелігін айтты.

Заманында Ойыл өңірінде есімі кеңінен танылған атақты Сәулебай күйшінің немересі Кеңес аға домбыра құлағында ойнап, талай шәкірт тәрбиелеген. Бұл кездесуге ағаның зайыбы Нағипа келіп, сол бір артта қалған жақсы күндерді жадында жаңғыртты.

Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі Сара Тұрғамбекова: «Қазір қарттық жасқа келдік. Бұл — Алланың бізге берген сыны мен сыйы, үлкен жауапты жүктеген жас» деп салиқалы сөз айтты.

Ғұсман Жұмбергенұлы — кешегі бір күндері ауылдағылар жаппай қалаға көшкенде елден іргесін айырмай, туған жерден қозғалмай қалған ағалардың бірі. Ақтөбедегі кездесуге келгенде де сол әдемі ажарынан таймай, құрдастарына қыр көрсетіп, «бұлар енді ауылға қайта келемін десе, рұқсат беремін бе, бермеймін бе, ойланып көремін» деп күшке де мінді бір сәт. Ұзақ жылдар Ойыл ауданында екі шаруашылықта партия ұйымын басқарған, аудандық тұрмыстық қамту комбинатының директоры болған Ғұсман ағаның бұлай деуінің де жөні бар. Қазіргі уақытта облыс орталығынан Ойылға дейін тегіс жол желісі тартылды, елді мекендегі әрбір үйге көгілдір отын жеткізілді. Шалғайдағы аудан дегенмен, мұндағы әлеуметтік жағдайлар да біршама жақсарып келеді. Төрт ұл өсіріп, олардан он бір немере, тоғыз шөбере көріп отырған ардагер ағаның мерейі үстем болуының бір реті осындай. «Менің ел қатарлы азамат болып өсіп, қызмет істеуіме аудан басқарған Байсалбай Жолмырзаев ағаның үлесі көп. Мен Байсалбайдың кадрымын деп мақтан етемін» деп ол кісі және бір тебіреніп алды.

… Сексенге келіп қалған шәкірттер аяулы ұстаздары Рухан Ертілеуованы орталарына алып жүрді. Бір кездері Алматыдан қыздар институтының физика факультетін бітіріп келген жас мұғалім өз түлектерін әлі күнге мақтан етеді.

«Апа, жақсы оқыған, тәртіпті болған шәкірттеріңізді атаңызшы!» дегенімізде, ол кісі «Мақсот, Тұрар, Мариза, Ғұсман, Сағынғали…» деп шұбырта жөнелді.

«Енді нашар шәкірттеріңізді айтыңызшы!» деген сауалымызды естіген апай шошып кетті, «ойбай, айналайын, менің нашар шәкіртім болған емес» деп.

Осыдан он жылғы бұрынғы кездесуде шәкірттерінің ортасында мұғалімдерден жалғыз Тәләй Қуатова ғана отырыпты.

Кездесу барысында бір жылғы түлектер бір-бірінен жылы сөздерін аяған жоқ. Ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек еткен Аманжол Қаплиев, Тыныштыбай Бекеев, тарих ғылымының кандидаты, профессор Жігер Өтебалиев, ұстаз Маруся Нұғыманова, архив қызметкері Жұмабике Рахметқызы атына лебіздер білдіріліп жатты.

Кездесуге Ойыл, Қобда аудандары әкімдерінің орынбасарлары Асқар Қазыбаев, Бұлбұл Ораққызы арнайы келіп, аға-апаларға елдің құрметін көрсетті. Кезінде Исатай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, сөйтіп, Қобда өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан Мақсот Балғыновқа «Қобда ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

— «Біз ұрпақтарымызбен мақтанамыз, — деді Мақсот аға, — бізбен бірге оқыған Қазихан Жүсібалиев ұзақ жыл Қобда, Исатай аудандарының оқу бөлімін басқарды, оның баласы Асқар қазір Қобда ауданының әкімі. Ал тағы бір кластасымыз Тұрардың баласы Асқар Шериязданов — облыс әкімінің орынбасары. Мұның өзі ұрпақтар үндестігінің бір дәлелі емес пе?!.

Ойылдағы Жақия Жүсібалиев атындағы орта мектептің директоры Маржан Жонысова да қуанышты сәтті бөлісіп, байырғы білім ордасының ыстық ықыласын ала келіпті.

…Сонымен, алпыс жылдық кездесу жас ұлғайғанымен адамның жаны қартаймайтынын тағы да көз алдымызға әкелгендей болды. Бұл күні бәрі де бой түзеп, әсем қалыпта жүрді. Біз соған қуандық.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.    

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button