Тарих

Ғибратты ғұмыр

Тағзым

 Ұлы Отан соғысына қатысушылармен теңестірілген тыл және партия-кеңес органдарының ардагері Қуаныш Өмірзақов туралы ой толғаған сәтте әдебиет абыздарының бірі Әбіш Кекілбаевтың «Арман қашанда ұзақ, ғұмыр қашанда қысқа» деген тұжырымы ойға оралды. Ақиқаты сол-ау. Пендешілік тұрғыдан қарағанда Қуекең ағамыз өз тұстастары тәрізді ел басына төнген нәубет кезеңдерді өткеріп, ажарлы, базарлы шақтардың куәсі болды. Жар сүйіп, жапырағын кеңге жайды, тоқсан жасына ай жарымдай қалғанда Алланың аманатын тапсырып, атамекені Хромтаудың Қызылжарында мәңгілік жайғасты.

Мен бұл кісімен Ақтөбе облысының құрметті азаматы атанған Пана Оралбаевтың шаңырағында танысып, дәмдес болған едім. Қуаныш аға үйіндегі Торғай апай Пәкеңнің туған қарындасы екен.

Шағын денелі азамат жүзі жарқын, үні айқын, әңгімені жүйесімен айтады, әзіл-қалжыңы тыңдаушы шамына тиместей жұмсақ. Соғыстан кейінгі жылдарда күні кешеге дейін Новоресей аталып, бертін келе Хромтау болып өзгерген ауданда Әйтек Сәрсеков, Кемейдулла Төлеубаев, Сматолла Беркімбаев, Амантай Әліпов және басқаларымен қатар жұмыс істеген. Өңір тарихынан, ата-баба шежіресінен көп жайды жігін бұзбай айтады.

Содан бір күні баспадан кітап шығару ниеті барлығын сездірді. Үлкен кісінің кішірейе айтқан қолқасын жерге тастаудың реті жоқ. Келістік. Осылайша біршама уақыт бірге жұмыс істеп, білгенімізді толықтыра түстік. Кәсібін мұғалімдіктен бастап, жоғары білім алғаннан кейін Кеңес Армиясы қатарында үш жыл шыңдалады. Аудандық партия комитетінің аппаратында үзіліссіз он екі жыл, аудандық кеңес атқару комитетінің жауапты хатшысы болып табан аудармай жиырма екі жыл, аудандық мұрағат директорлығында тоғыз жыл қызмет атқарған Өмірзақовтың жеке мұрағаты кісі қызығарлықтай құжаттар мен әртүрлі анықтамалықтарға, мазмұнды деректерге толы екен, бұған қоса сағымдай болып кейінде қалған жылдардың мағыналы оқиғаларын жаңылмай баяндайды.

Аға буын өкілдері ұмыта қойған жоқ. Әлемдегі алып кәсіпорындардың бірі Дөң тау-кен байыту комбинаты жұмыс істегенінен, аймақтың теміржол бойында орналасқандығынан, тың және тыңайған жерлерді игеру ұранымен иеліктегі алқаптың басым бөлігі егіншілік мақсатына ұқсатылғандықтан бұл өңірде негізінен өзге ұлт өкілдері жиі шоғырланды. Оның бер жағында ауданның бірінші басшылығында орынтақты қазақтан басқа ұлт азаматтары иемденіп келді. Арыға бармай-ақ өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастайықшы: аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде М.Выходцев, И.Мишин, И.Дуля, А.Марченко болды. Бұл тізгін өзіміздің ағайынға Қазақстан егемендігі арқасында ғана тиді.

Әрине, мұндай жағдайда орыс тілін жетік меңгермеген, көсіліп еркін жаза алмаған адамның лауазымды қызметке мүлде алынбайтыны анық. Қуаныш Өмірзақұлы бұл сындардан мүдірмей өтті. Жарықтық екеуара әңгімеде әкесі мен анасы Сағидың ұрпақ үшін жасаған батыл қадамын елжірей еске алушы еді. Сонда олар не істеген дейсіз ғой. Поселкеге көшіп келіп қоныстанған орыстардың малын бағып, аздап тіл сындырған әкені ұжымшар басшылығы Ақтөбе қаласынан ол-пұл әкелуге жұмсап тұрады екен. Бір күні екі ұл — Қуандық пен Қуанышты оқыту қамымен ауылдан облыс орталығына көшуді ойлайды. Жергілікті басшыларды көндіріп, ниетін жүзеге асырыпты. Төрт кластық білімі бар кейіпкеріміз 1939 жылы Ақтөбеде №6 орта мектепке қабылданады. Тұрақты баспанасы жоқ болса да мойымай, Өмірзақ ақсақал бала-шағасымен пәтерден пәтерге көшіп жүріп, ат- арбасымен тұрғындар ауласындағы күл-қоқысты шығарады, жақын мекеннен шанаға тиеп әкелген шөбін базарға апарып сатады. Осындай иттірлікте қағажу көрмеген ағайынды екі ұл ержетіп, қала көрген, әжептәуір сауаты бар бозбала болып шыға келеді.

— Әкемнің немере інісі Өмірбай ағам соғыс майданына аттанып бара жатқанда үйімізге түсіп еді. Сол кісі ауылда жөні түзу естияр еркек қалмағанын айтып, қайтадан көшуге үгіттейді. Амалсыздан Хромтаудың іргесіндегі Донскойға келіп, қоныстандық, — деді Қуекең бір әңгімесінде. Оқырманның білгені артық болмас, Донской қазір байырғы Дөң атауын иеленді.

Соғыс сүргелеңінен орын алған жағдай — мектептердің сегізінші-тоғызыншы кластарында оқып жүрген балалар ауылдық мектептерге мұғалімдікке жіберіледі. Солардың бірі Өмірзақовтың қолында — Қызылжар бастауыш мектебінің мұғалімі деген 1942 жылғы 22 қазандағы №232 бұйрық.

Кейіпкеріміз кеңестік дәуірдегі орыстандыру саясатының зардабын көргенін де жасырмады. Алматы қаласында мұғалімдер институтын бітіріп, Кеңес Армиясы қатарында қызмет еткен, рота комсомол ұйымына жетекшілік етіп жүргенінде Коммунистік партия мүшелігіне қабылданған соқталдай азаматқа ауданға оралғанында мамандығы бойынша жұмыс берілмепті. Аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Максимов «Мектептерде ешқандай орын жоқ» деп қайырған, бұдан соң аупартком хатшысы П.Остраяға шағымданса, қой фермасының меңгерушілігін ұсыныпты. Ал керек болса?! Содан төрт ай үйде бос отырады. Абырой болғанда 1954 жылы ақпан айының соңында ауданда облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Жағыпар Әміров іссапарда болады. Түскі үзілісте үйге ағасы Қуандықпен бірге екі азамат келіп, ауқаттаныпты. Бірі — жоғарыда аты-жөнін келтірдік: облыстық уәкіл, екіншісі — Киров атындағы жетіжылдық мектеп директоры екен. Лауазымды мейман шай үстінде сыпайы, көркем жігітті әңгімеге шақырады. Қуаныш жай-жағдайды толық баяндапты. Сабақты ине сәтімен, мейманның араласуы нәтижесінде Новоресей қазақ орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі қызметіне қабылданған.

Өмірдің қилы сабақтарынан өткен аға әңгімесінен мұндай қызықты жайлардың талайын естіп, масаттандық. Сүйсінерлік жай — оқиғаны әсірелеп боямай, сол қалпында жеткізетін. Қуаныш ағамен араласқан, қызметтес болған адамдар оның әңгімешілдігіне, табан астында жауап қайтару шеберлігіне ризашылығын ірікпеді.

Бірде Қуекең облыс орталығына іссапармен келеді. Аупарткомның бірінші хатшысы И.Мишин және басқа бірнеше адам болып, қайту жолында әуежайдың мейрамханасына бас сұғыпты. Біз білгенде орыс ұлтынан шыққан шенді азаматтарда шай-су ішу барысында шірену жоқ, әлгі «ғасырдың дәмі» делінетін сұйық тағам еркін сілтенеді. Даяшы есептесуге келгенде Иван Михайлович:

— Ақшасын мен төлеймін, себебі ауданда бірінші хатшымын, — депті орысшалап.

Сонда Қуекең айтатын көрінеді:

— Олай емес, ақша төлеу жолы менікі. Себебі сіз бірінші хатшы болсаңыз, мен ауаткомде жауапты хатшымын.

Кейіпкеріміз қазақы дарқан көңілді алға салып, маңайындағыларды ду күлдірген.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірмановтың әңгімесінен:

— Қуекең 1998 жылдан бастап он жылдай Хромтау аудандық ардагерлер кеңесіне төрағалық етті. Жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарды, өңірдің үлкен-кішісі ағамызды сыйлап, бетке ұстайды екен, даулы мәселелер бола қалса әділ шешуге тырысады. Аудан басшылары бұл кісінің уәжіне тоқтайтын. 2007 жылы сәуір айында Астана қаласында республикалық ардагерлер ұйымының 20 жылдығына орай салтанатты мереке өткізілді. Мерекеге облысымыздан барған делегация құрамындағы төрт адамның бірі Қуаныш Өмірзақұлы еді. Бару-қайту сапарымызда, Астанада болған күндерімізде ағамыздың азаматтығына, мәмілегерлігіне, өзін-өзі ұстай білетініне көзім анық жетті. Көне әңгімелерді жадында жақсы сақтаған, өзін «Жағалбайлының Алтыкісі тармағынан Сынасап әулиенің ұрпағымын» деп таныстырды. Ас ішіп болғаннан кейінгі батасы қандай мағыналы! Жалпы осындай абыз ағалар арқасы — елдік қалпымызды сақтап жүргеніміз.

Ол өзінің қабілетін дер кезінде бағалай білген азаматтарды аузынан тастамай, айтумен болды. Аудандық кеңес атқару комитетіне төраға болып сайланған Амантай Әліпов ағамыз көп ұзамай ауаткомның жауапты хатшылығына Қуаныш Өмірзақұлын шақырады. Осының алдында аупарткомде он бір жыл істеген ол төраға сеніміне дақ түсірмей ширек ғасырға таяу үзіліссіз қызмет атқарып, зейнет демалысына шығады. Зейнеткерліктің құжаттарын реттестіріп жүргенде бұған облыстық кеңес атқару комитетінің мұрағат және құжаттама бөлімінің меңгерушісі Михаил Емельянович Милов «құда түседі». Сөйтіп, аудандағы мұрағат бөлімін, кейін ардагерлер кеңесін басқару. Қандай қызметті де барынша беріліп атқарғаны үшін ол бірнеше медальдармен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттарымен марапатталды, Хромтау ауданының құрметті азаматы атанды. 2006 жылы 9 қыркүйекте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Хромтау ауданына қызметтік іссапармен келіп, «Көктау» кенішінің ашылу салтанатына қатысқанда ақсақалдық жолмен бата берді.

Таяу жылдардың бірінде көрші Орынбор облысының Орск қаласында кезінде «Жарты патша» атанған Дербісәлі Беркімбаевтың рухына тағзым ету шарасына қатысқанымыз бар. Сонда Орынбор облысының әр қиырынан келген, өзіміздің Ақтөбеден  арнайы барған әртүрлі ұлттың өкілдері — үлкен-кіші жамағаттың  Қуаныш ағамызға кішілікпен құрмет көрсеткенін көріп, қуандық.

Қуаныш Өмірзақұлы білім беру ісінің ардагері Торғай Әлиқызымен алпыс жылдан астам жұптасып, тірлік кешті, өнегелі ұрпақ өсірді, немере-шөберелер сүйді. Ізбасқаны (былайғы жұрт Ізбақ деп атайды) облысымызда бірнеше ауданды басқарды, облыс әкімінің бірінші орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Қазір Астана қаласында лауазымды қызметте. Ол зайыбы Маринамен, қыздары Бақытжамал отағасысы Серікпен, Гүлжан Сисембаймен — өрісті шаңырақ қожалары.

Қуаныш ағаның жалғасқан ғұмыры ғой бұлар. Мағыналы тірлік деп осыны айтса керек.

 Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

журналист.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button