ЖеңісТарих

Қос бауыр. Қос тағдыр

С.Бондарчуктың «Судьба человека» атты көркем фильмін аға буын көрермендер әлі ұмыта қоймаған болар. Осынау фильмнің желісі көз алдыма келсе, өзім көптен білетін бір отбасының тағдыр талайы ойыма орала береді. Енді соны баяндауға көшейін.

Республикалық «Айқын» газетінің 2009 жылдың 7 мамырдағы санында «Польшада соғысқан қазақ партизандары» атты танымдық мақала жарияланды. Авторы — Орталық мемлекеттік мұрағаттың ғылыми-ақпарат бөлімінің бастығы Гүлнар Қаратаева. Мақалада басқыншы неміс әскерінің тұтқынында болып, кейіннен одан қашып шығып, Еуропа елдеріндегі фашизмге қарсы тұру күштерінің құрамында ерлікпен соғысқан кеңестік жауынгерлердің, атап айтқанда, қазақ ұлтының өкілдері туралы баяндалады.

Автор 2009 жылдың мамыр айында Варшава қаласына іссапармен барып, ол елдің мұрағатшыларымен іс-тәжірибе алмасады. Іссапар барысында «Армия Людова» мұрағаттық қорында сақталған құжаттармен танысқан. «Краткий отчет группы партизанского отряда «Свобода» за действие в тылу немцев в 1944 году» деген орыс тілінде жазылған мұрағат құжатынан партизан отрядтарының құрамында болған қазақ жауынгерлерінің тізімін кездестіреді, сол тізімді көпшілік назарына ұсынады. Осы тізімдегі «Хужаев Изим, 1917 г.р. Казахская ССР, г. Алма-Ата» деген жазу көзіме оттай басылды. Оның өзіндік себебі де бар. Жоғарыдағы аты аталған мақалада Гүлнар Қаратаева «Әзірше біз Польша мұрағаттарынан польшалық партизан отрядтары құрамында фашизмге қарсы күресті жалғастырған отандастарымыздың аты-жөнін ғана таба алдық. Алайда олардың соғыстан кейінгі тағдырлары бізге беймәлім», — деп жазған.

Марқұм Ізім ақсақалды өз көзіммен көрдім. Ұзақ жылдар бойы Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Жаңатаң ауылында тұрып, бейнеті белуардан келетін шопандық кәсіппен шұғылданды. Адал еңбегімен шиеттей бала-шағасын асырап, үлкен жолға салған шаруақор адам еді. 1995 жылдың 30 желтоқсанында 78 жасында бақилыққа аттанды. Жан жары Айғанаш апамыз бүгіндері Ақтөбе қаласында кенже ұлы Әділдің қолында тұрады. «Айқын» газетіндегі жарияланған мақаланы оқыған ол: «Ей, дүние-ай, Құдайдың көзі түзу екен ғой», —  деп толқығанын жасырмады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Осыдан он шақты жыл бұрын Ізім атаның балаларының ұйытқы болуымен шағын естелік кітабы жарық көрді. Бұл еңбекте ол кісінің талайлы тағдыры кеңінен баяндалған болатын. Осы кітаптағы еске алу мақаласында «Марқұм Ізім баяғы сапырылысқан заманда өмірге келген. Жоқшылық кезді бастан кешіп жүріп, мектептің табалдырығын да аттай алмай қалған ғой. Соғысқа қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай ауданының Политотдел деген ауылынан аттаныпты. Әскер қатарына алынғанша мақта алқаптарында қатардағы колхозшы болып еңбек етті. Әкесі Қарасай да соғыс басталған кезде елуді еңсерген адам екен. Соған қарамастан өкімет оны да жұмысшылар батальонына алып кетіпті. Содан із-түзсіз кетіпті. Сүйегінің қайда қалғаны белгісіз. Қарасайдың кіндігінен 2 ұл өрбіген. Біреуі — менің шалым Ізім, екіншісі — қайным Ізмағамбет», —  дейді Айғанаш апа.

Ізім ата болса соғысқа 1942 жылдың 24 наурызында ол кездегі Мақтарал аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылыпты. Польшаның архивінен табылған құжатта не себепті Алматыдан дегені белгісіз. Қазақстаннан болғасын Алматы деп жаза салған шығар, бәлкім. Украинада соғыс қимылдарын жүргізген 281-ші атқыштар полкінде атқыш есебінде тіркелген. 1942 жылдың 26 шілдесінде ұрысқа кірген. Соғыс кезінде екі мәрте жараланыпты. Алғаш рет 1944 жылдың 29 қазанында сол аяғы мен жағынан жеңіл жарақат алса, екінші рет 1945 жылдың 27 сәуірінде оң қолынан жарақат алыпты. 1946 жылдың  26 шілдесінде әскер қатарынан түпкілікті босаған. Екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», тағы басқа да медальдарымен марапатталған.

Ізімнің немере інісі Өтеген Нұрмағамбетов атаның өз аузынан естіген әңгімем деп бізге төмендегі жайттарды баяндап берді. «Әкеммен бірге туған Ілияс көкеміз де 1926 жылы дүниеге келгесін, соғыстың соңғы жылдарында әскер қатарына алынған екен. Көкеміз әскерге алынғанша оқу орнын бітірген сауатты адам еді. Немістерден тазартқан бір қаланың коменданты да болып едім деп отыратын. Осы Ілияс көкеміз Ізім атамыздың соғыс кезінде нақты қандай құрылымда қызмет атқарғанын білу мақсатында Мәскеудің Орталық архивтеріне талай рет хат жазып, сұрау салған болатын. Олардан нақты жауап келмеді. Ізім атамыз неміс тұтқынында болғанда ретін тауып, одан бірнеше қарулас достарымен қашып шығады. Жергілікті бір тұрғынның үйіне жан сауғалап барып, мая болып үйіліп тұрған шөптің астына тығылады. Неміс полицейі шөпті айырмен тығып көріп, ешкімді кездестірмегесін жөніне кетеді. «Сол жолы олардың қармақтарына іліккенімде тірі қалуым екіталай еді», — деп күрсініспен еске алушы еді. «Кейінірек орманның ішінде поляк партизан отрядының құрамында болып, немістерден өшімізді барынша қайтардық. Теміржолдарын миналау, көпірлерін жарып жіберу секілді жауапты жұмыстарды мүлтіксіз атқаратынбыз. Соғыс аяқталғасын, кеңестік офицерлер біздерді мұқият тексерді. Польша партизандарының басшысы біздерге оң мінездеме беріп, ерлік көрсеткендерімізді жазбаша түрде жазып беріп еді», — деп отыратын.

Ал енді Ізім ақсақалдың жалғыз інісі Ізмағамбеттің соғысқа қалай алынғаны туралы Орынай әже: «Мақтаны жинап жатқан абыр-сабыр мезгіл болатын. Ізмағамбет алқаптың жанындағы қара жолмен Мақтаралдағы әскери комиссариатқа қарай кетіп бара жатты. Иығында ескілеу бір қапшық. Ауылдың адамдарын қимай, дөңнен асар тұста көпке дейін біздерге қарап тұрды. Содан соң қол бұлғап, алған бағытына қарай ілби басып кетіп еді. Қайран азамат-ай, сол кеткеннен оралмады. Ұрпақсыз өткені өкінішті. Соғысқа алынғанда бар болғаны 21-дегі өндірдей жігіт екен ғой. Бұл соғыс кімнің обалына қалмады дейсің», —  деп еске алады.

73 жыл бойы хабар-ошарсыз кетті деп есептеліп келген Ізмағамбет Қарасайұлының тағдыры өткен жылы белгілі болды. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне байланысты Ізім ақсақалдың Ақтөбе қаласында тұратын балалары интернеттегі арнайы сайт арқылы іздестіруге кіріседі. Кім біледі, бәлкім, табылып қалар деген өшпеген үміт оты ғой. Сонымен із-түзсіз кетті деп есептеліп келген Ізмағамбет Қожаев 1943 жылдың 13 ақпанында Орлов облысы, Болхов ауданы, Зайцево деревнясы маңындағы кескілескен шайқаста ерлікпен көз жұмған. Зайцево деревнясының солтүстігінде бір жарым қашықтықта, 250 метрлік биіктіктегі бауырластар зиратына жерленген екен. Осы мәлімет көздеріне шалынғасын Ізім атаның азамат ұлдары Қамқа, Әділ, немересі Асланбек және кенже келіні Арайлым бастаған топ Ресейдің Тула облысына сапар шегеді. Ондағы ойлары — әкесінің аманатын орындап, Ізмағамбет атаға Құран бағыштау болатын. «Ізмағамбет атамыз жерленген бауырластар зиратына барғанда керемет әсер құшағында болдым. Бұл жерде ел мен жерді қорғау жолында талай шейіт кеткен азаматтардың асыл сүйектері жерленген екен. Бізді Тула облысы, Белевский аудандық әскери комиссары Олег Семенов қарсы алды. Оның айтуы бойынша Ізмағамбет атамыз 12-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында соғысқан. 1942-1943 жылдары немістер Пролетар, Культура, Царево, Шестерка, Николаевка, Зайцево деревняларын басып алу үшін қыруар күш жұмсаған. Бұл деревнялар біресе кеңес әскерлерінің, біресе немістердің қолына өтіп отырған. Осындай бір кескілескен шайқаста 12-гвардиялық дивизияның жеке құрамының басым бөлігі мерт болады. Олардың барлығы бауырластар зиратына жерленген екен. Белевский аудандық әскери комиссариатының басшылығы бауырластар зиратын өздерінің қамқорлығына алыпты. Тас плитадағы әр азаматтың артындағы ұрпақтарымен барынша байланыс орнатуға тырысады. Біз араға 73 жыл салып, әкеміздің аманатын орындағанымызда арқамыздан ауыр жүк түскендей болды», — дейді Қамқа Ізімұлы.

Сонымен, бірге туған екі бауырдың талайлы тағдырын айтып өттік. Үлкені Ізім Қарасайұлы туған елге оралғасын да ел қатарлы еңбек еткенін жоғарыда айттық. Кеңшардың озат малшыларының бірі болды. Жеңістің 40 жылдығына орай Мәртөк аудандық атқару комитетінің төрағасы Үсен Жаманшаловтың ұйытқы болуымен оған кеңшар орталығы Жайсаңнан 4 бөлмелі кең үй берілген. Тағдырдың талай теперішін көрсе де бір Аллаға сыйынып, талмастан күрескен табанды қарияның есімі араға 60 жылдан астам уақыт салып, Польшаның шаң басқан мұрағатынан табылып жатқанына ағайын-тумалары дән разы болды. Мейлі, тұтқында шарасыз болып жат немесе алдыңғы шепте алысып, қаһармандықтың үлгісін көрсет, қалай болғанда да адамның аты адам ғой. Оның азабы мен қуанышы қалайша ұмытылуға тиісті.

Тарихи деректер Кеңес Қарулы күштерінің сапында қызмет атқарған бес жарым миллионға жуық адамның неміс-фашист басқыншыларының тұтқынында болғанын айтады. Олардың қай-қайсысы болсын, құрмет тұтуға әбден лайықты ғой. Соның бірі артынан ұрпақ ерткен Ізім Қарасайұлы еді. Ал оның бауыры Ізмағамбет атаның араға 73 жыл салып, Ресейдің бір түкпіріндегі бауырластар зиратына жерленгенін анықтағанына ағайын-тума шүкіршілік етіп отыр. Ұлы Жеңіс күніне қарсы Жаңатаң ауылының шетіндегі қорымға жерленген Ізім атаның бейітінің жанына ескерткіш тақтайша ілінді. Онда: «Қожаев Ізмағамбет Қарасайұлы 1920 жылы дүниеге келіп, 1943 жылы 13 ақпанда Ұлы Отан соғысының кескілескен шайқасында 12-гвардиялық атқыштар бригадасының құрамында ерлікпен қаза тапты. 2015 жылы арада 73 жыл өткенде Ізмағамбет Қарасайұлының асыл сүйегі Ресейдің Тула облысы, Белевский ауданы, Зайцево деревнясындағы бауырластар зиратында жерленгені анықталды. Жалғыз бауыры Ізім Қарасайұлының қабірінің жанына Ізмағамбет атамыз мәңгілікке тыныстап жатқан бауырластар зиратынан алынған бір уыс топырақ салынды. Сүйегі өзге елде қалса да, рухы бізбен бірге. Иманы саламат, жатқан жері жұмақ болсын. Қожаев Ізім ұрпақтарынан», — деп жазылған.

Ендігі бір ауыз сөз, осы іске мұрындық болған Ізім атаның балалары туралы. Айнабек, Зұлқожа, Қамқа, Әділбек, Әділ  — Ақтөбе өңіріне кеңінен танымал кәсіпкер азаматтар.  Олар өздері оқыған мектептің жөндеу жұмыстарын жүргізуге, одан қалды ауданның энциклопедиялық жинағын шығаруға, кем-кетік жандарға көмектескені өз алдына, жыл сайын 9 мамырда аудан ардагерлеріне дастарқан жайып, құрмет көрсетулерінің өзі — үлгі аларлық қасиет.

 Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ,

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің апталық «Отан сақшысы – Часовой Родины» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, полковник.

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button