Тарих

Кісі есімдерін ауылдарға беру жөн бе?

Ономастика

 Тіл білімінің ажырамас бөлігі болып саналатын ономастика бүгінде өзінің өміршеңдігін байқатып отыр. Әсіресе, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай ономастиканың оңтайлы саясаты орныға бастады. Оның мысалы, 2013 жылы қаңтарда ономастика мәселелерін реттейтін заңнамалық құжат қабылданды.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңында тұңғыш рет ономастика жұмысының критерийлерін белгілеген бап енгізілді. Ол бойынша әкімшілік-аумақтық бірліктерге, яғни ауылдарға, ауылдық округтерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне, яғни көшелерге, даңғылдарға, парктерге, орамдарға, көпірлерге, нысандарға, яғни мектеп, мәдениет ұйымдарына, т.б жеке адамдардың есімін беру кезінде мыналарды ескеру қажеттігі айқындалған: тарихи, географиялық, табиғи және мәдени ерекшеліктерді ескеру; әдеби тіл нормаларына сәйкестік; бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру; жеке адамның есімімен аталғаннан кейін он жылдан кейін өзгерту; аса көрнекті мемлекет, қоғам, ғылым, мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында сіңірген еңбегі болуы шарт. Сондай-ақ, олардың есімдерін қайтыс болған күннен бастап кемінде бес жыл өткен соң ғана беру көрсетілген.

Бір қарағанда осы критерийлер санасы бар адамға түсінікті болып көрінеді. Көкірегінде патриоттық сезімі бар адамдар, әрине, елге белгілі деген тұлғаларға есім беруді қолға алары сөзсіз. Айталық, жерлесіміз, эпидемиолог, медицина ғылымдарының докторы, танымал профессор, Қазақстан Ғылым академиясының және КСРО Медицина ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның, тіпті Қарақалпақ АКСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері болған, 1945 жылғы Жеңіс шеруінің мінбесіне көтерілген Ишанбай Қарақұловтың есімі ұлықтауға тұралық. Қазақстанның саяси, экономикалық, мәдени дамуына еңбегі сіңген, Маңғыстауды Түркіменстанға, Оңтүстік Қазақстанды Өзбекстанға қосу туралы Н.Хрущевтің нұсқауына қарсы шыққан Жұмабек Тәшенов, өз қаржысына мектеп салғызып, бала оқытқан Аяпберген Науанов есімдері де көше атауына сұранып тұр. Сондай-ақ, ел қорғаған батырларымыздың есімін ескеру керек. Наурызәлі, Кенжалы, Қызыл әнші, Алмат, Самырат билер, Ботагөз батырдың есімдерін көшелерге берсе лайықты болар еді. Әлем алдында елімізді танытқан спортшыларымыз, қоғам қайраткерлері, тіпті ерлік жасаған қарапайым адамдар да бар. Ұлы Отан соғысында Кеңес Одағының Батыры атағын алған, бірнеше ордендермен марапатталғандардың есімдерін тоқтамнан тыс көше, нысандарға беру туралы 2015 жылы ҚР Премьер-Министрдің орынбасарынан тапсырма келді. Олардың әрқайсысының ісі ерлік. Қардай бораған оқтың астынан аман келіп, осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туғызған солар емес пе. Еліміздің көк туын желбіреткендер қаншама. Кеудесімен елді қорғағандар ше? Терроризммен күресіп, апаттан, індеттен, жаппай қырылудан халықты аман алып қалғандар туралы аз айтылып жүрген жоқ. Кеше ғана ұшақты бауырымен қондырған, жолаушыларды аман алып қалған  ұшқыштардың ерлігі жалпақ елге жайылды. Міне, мысалы, Қазақстан Республикасына, әлемге әйгілі адамдар деп осыларды айтуға болар.

Тарихи, географиялық ерекшеліктерді сақтау дегенді қалай түсінеміз? Әрине, әр жердің өз тарихы қалыптасқан. Ата-бабадан қалған ұлан-ғайыр еліміздің ұлтарақтай бөлігіне дейінгі жерінің атауы бар.  Әлімсақтан тарихи атауы болған жерлеріміз бұрмаланып кеткені жасырын емес. Осыны да тарих деп дауласатындар табылады. Алайда, бұл бергі тарих. Арғы тарих көмбесі кейде қазылмай, қазанының қақпағы ашылмай қалып жатқаны қаншама. Осы мақсатта мен үш ауданды бес жыл араладым. Ол аудандар: Мәртөк, Қарғалы, Алға аудандары еді. Ғылыми тұрғыда атаулар зерттелді. Сөйтіп, Алға ауданында тарихи атаулар толық жеңіске жетті. Бес жылдың ішінде 70-ке тарта тарихи атаулар табылып, қайтарылды. Бұл — жетістік. Алайда әлі де 20-ның үстінде өзінің тарихи атауына ие бола алмай отырған елді мекендер бар. Бұны тарихи ерекшелік дейміз.

Географиялық ерекшелік жердің бедеріне байланысты айтылса керек. Айталық, Ойыл ауданының елді мекендерінің атауын Ырғыз ауданына таңуға келмейді. Ақшатау атауын Шалқарға, Аяққұм атауын Хромтауға бере алмас едік. Осыдан келіп кісі есімдерін ауылдарға беруге тыйым салу шығады. Мұны жөн деу керек. Өйткені географиялық атау жойылып кетеді. Екіншіден, ру адамдарының есімдері ел арасына іріткі салуы ықтимал.

Бір әкімшілік-аумақтық бірлікке бір атауды бір мәрте ғана беру деген де дұрыс. Облыстың Әйтеке би ауданының өзінде Сәкен Сейфуллин атында 4, Темірбек Жүргеновтің атында  11 көше бар екен. Облыста С.Сейфуллин мен Т.Жүргеновтің  атында барлығы 14-тен көше аталған. Аудан бір әкімшілік аумақтық бірлікке кіретін болса бұл заңнамалық нормадан ауытқушылық болып шығады.

Критерийдің аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері мен мәдениет, ғылым қайраткерлерін және республикамыздың, әлемнің алдында еңбегі сіңген адамдарды ұлықтау туралы айтылған тұсы түсінікті деп ойлаймын. Қазірде осы заңнамалық құжат пысықталып, критерийлер нақтыланып жатыр.

 

Алмат ПАНГЕРЕЕВ,

облыстық тілдерді

дамыту басқармасының

бөлім басшысы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button