Тарих

Ұмтылыс жолы

Бала Талғат әкесі Мұстажап пен атасы Сидықтың күш-қайратына қызыға қарайтын. Киелі де құт мекен Нарын құмында арғы аталарынан бері қарай Талғаттың өз әкесі Мұстажап, атасы Сидық жылқышы болды. Жылқышы болғанда қандай! Тіпті атасы Сидық Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, жүлделерге де ие болған. Бір жылы Социалистік Еңбек Ері атағына да ұсынылған. Алайда, қағазға ұқыптылықпен қарай бермейтін қазақылықтың салдарынан ба екен, әйтеуір аяқсыз қалған. Атасының өзі де атақтың соңына түсе қоймаған. Әйтпесе басшыларды жағалап, қашан атақты алғанша маза бермес еді.

1883 жылы туған Сидық атасы екі қоғамда да — 1917 жылғы төңкеріске дейін де, Кеңес үкіметі тұсында да — жылқышының жылқышысы болды. Небір асауға бұғалықты лақтырып жіберіп, алдына тізерлетіп тартып алып келгенінде оған таңғалмайтын жан болмаушы еді. Қазір ертегі секілді, бірақ оның айына бір рет бір қойдың етін бір өзі жегенін сол өңірде туып-өскендер жақсы біледі. Ол үйде бес қазандық құрылады екен: тамақ асатын, бауырсақ пісіретін, сүт пісіретін деген секілді. Ал сол бес қазанның біреуі тек Сидық атаға ет асуға арналған. Ол қазанды келіні, яғни Талғаттың анасы Сақыш ерекше күтіммен ұстапты.

Атасы Талғатынан көп үміт күтетін. Қыр басына шығып алып ауыл ақсақалдары әңгіме-дүкен құрғанда да, той-томалақта да қасынан қалдырмайтын. Аталарының әңгімесін тыңдататын. Осылайша Талғат «шалдың баласы» болып өсті.

1978 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Балқұдық орта мектебін бітірген Талғат Сидық Орал қаласындағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының зоотехника факультетіне оқуға түсті. Сол кездегі саясат бойынша Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу мақсаты қойылған. Талғат та зоотехник болып еңбек етіп, мал басын көбейтуге өзіндік үлесін қосуды ойлады. Ол оқу бітіргеннен кейін ғылыммен айналысып, диссертация жазуды жоспарлады. Бірақ ғылыммен айналысу үшін еңбек тәжірибесі керек қой. Сондықтан 1983 жылы институтты тәмамдаған соң Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы «Еңбек» кеңшарына бөлімше зоотехнигі болып барды. Кішкентайымнан мал ауылда өстім, қыр-сырын білем дегенің әншейін екен. Оны зоотехник болып еңбек еткен кезде білді. Түгелдей бір бөлімшенің малына жауап беру, малшылармен тіл табысу оңай шаруа емес.

Дегенмен, Талғат өз ісіне жауапкершілікпен, ұйымдастыру шеберлігімен әп дегеннен көрінді.  Оның алғыр екенін аудан басшылары да аңғарды. Жас жігіт тікелей өзінің жұмысымен айналысып қана қоймай, шаруашылықтың жастарының да басын қоса білді. Қолы бос уақытында мал шаруашылығына қатысты ғылыми еңбектерді сұрыптап, ойға тоқып, ғылымды да ұмытпады. Алайда оны Ақжайық аудандық комсомол комитетіне қызметке шақырған ұсыныс түсті. Ол кезде ұсыныс деп қабылданғанмен, шынтуайтында нағыз әскери бұйрық секілді еді. Баруға тура келді. Тіпті кейін аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аудандық кеңестің, партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарды.

1988 жылы Ақжайық ауданы таратылып, ол өзінің сүйікті кәсібіне қайта оралды. Екі жылдай Ораз Исаев атындағы ұжымшарда сұрыптаушы зоотехник, Хамза Есенжанов атындағы ұжымшарда бас зоотехник болып еңбек етті. Одан аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне аға зоотехник болып шақырылды. 1996 жылы ауыл шаруашылығы құрылымдары жекешелендірілген кезде ауыл тұрғындары «Ақжол» ЖШС-ға төраға етіп сайлады.

— Қиын уақыт болды ғой. Ауыл шаруашылығына үкімет тарапынан көңіл аударылмады. Ауылдың күйі қаша бастады. Серіктестікте жұмыс жасайтындарға, ауыл тұрғындарына барымша көмегімді аямадым, — дейді Талғат Мұстажапұлы.

Талғат 2000 жылы Ақтөбе қаласына қоныс аударды. Мамандықты өзгертіп, заман талабына қарай еңбек етуге тура келді. Содан Қ.Сәтбаев атындағы Алматы политехникалық университетіне оқуға түсті. Университетті бітіріп, мұнайшы мамандығын алып шыққан ол мұнай саласындағы еңбек жолын қарапайым операторлықтан бастады. Мұнда да тындырымды жұмыс істеген Талғат мұнайшы ретінде де баспалдақпен жоғары өрлей берді. «Қазақ-түрікмұнай» АҚ Ақтөбе филиалында инженер қызметіне дейін көтерілді. Қазір «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» Қазақстан филиалында материалдарды басқару жөніндегі бөлім бастығы болып еңбек етеді.

Бірақ ауыл деп соққан жүрегінің түкпірінде жатқан елімізде мал шаруашылығының өркендеуіне үлес қоссам деген мақсатын ұмытқан емес. Ресейлік ғалымдармен етене араласып, ғылымға бет бұрды. 2001 жылы Ресейде ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атағын сәтті қорғап шықты.

Талғаттың диссертациясының бағыты — Қазақстандағы мал тұқымын асылдандыру, бордақылау арқылы еттілігін арттыру. Қазақтың ақбас сиырын ірі етті бұқалармен ұрықтандырып, өнімділікті және оның сапасын арттыру, қазақтың ақбас сиырының герефордын жетілдіру жөніндегі асылдандыру жұмыстарының кейбір тұстары секілді тақырыптарда ғылыми еңбектері Ресейдің беделді салалық журналдарында бірнеше рет жарияланды. Ресейлік ғалымдармен бірлесе отырып, «Етті мал шаруашылығындағы сұрыптау және технологиялық процестер интенсификациясы» атты оқулық та шығарды. Қазір бұл оқулықты Ресейдің ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарының студенттері пайдаланып жүр. Сонымен қатар, Талғат өзінің ғылыми ізденістерінде еділбай тұқымды қой шаруашылығын дамыту ісін де естен шығарған емес.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да ауылға көңіл бөлу қажеттігін, ізденіп, ғылыммен айналысуды алға қойып келеді. Айтып қана қоймай, мемлекет тарапынан қолдау көрсету жолдарын да айқындап берді. Енді тек бізге осы жолды ұстанып, еңбек ету керек, — дейді Талғат Мұстажапұлы.

Талғаттың мұнайгаз саласына ауысуының да себебі бар екен. Онда вахталық жұмыс болғандықтан бос кезінде Ресейге барып, ғылыми зерттеулерін жүргізеді. Сонымен қатар Ақтөбедегі жоғары оқу орындарында дәріс оқып, көптеген студенттердің дипломдық жұмыстарына жетекшілік етіп жүр. Енді осы жылы Ресейде ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторлығы атағын қорғауды жоспарлап отыр. Докторлықты қорғағаннан кейін еліміздің ауыл шаруашылығы саласына түпкілікті ауысып, өзінің мүмкіндіктерін пайдалану, өзінің іс-тәжірибелерін кейінгі буынға үйрету мақсаты бар. ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік қызметшілер даярлайтын академияда да білім алды.

Халқына пайдасы тиетін іспен айналысу және қойған мақсатын орындау — Талғаттың өмірлік ұстанымы.

Айтпақшы, оның сонау студенттік шақта еркін күреспен айналысып, Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, Бүкілодақтық Универсиадада екі рет жеңіс тұғырына көтерілуі, КСРО спорт шебері нормативін орындауы да оның еңбекқорлығын, қайсарлығын, алға қойған мақсатқа жетпей қоймайтын ерік-жігерін, күш-қайратын көрсетсе керек-ті.

 Бердібай ТАМАБАЙҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button