Спорт

Жеңілістен кейінгі жеңіс

Футбол

Өткен жұмада «Ақтөбе» футбол командасы Астананың «Локомотивін» қабылдады. Жергілікті жанкүйерлер жерлестерінен тек жеңіс күткен еді. Өкінішке қарай, жеңіліп қалдық.

Төреші ысқырығы естілгеннен ақтөбеліктер алға ұмтылды. Ойынның екінші минутында Константин Головскойдың алыстан ұрған добы қарсыластар қақпасының маңдайшасынан қайтты. Араға екі минут салып Юрий Логвиненко шабуыл ұйымдастырды. Юраның берген добын Марат Хайруллин Евгений Аверченкоға асырды. Алайда, Женяның ұрған добын қақпашы Давид Лория қағып алды.

Бұдан кейін қонақтар ойынға иелік ете бастады. Бірінші кезеңнің жетінші минутында Максим Шацких алдына түскен допты күтпеген жерден ұрып, біздің қақпаның торын тулатты. Есеп 0:1. Осылайша астаналықтар алға шықты. 25 минутта Мақсат Байжанов ресейлік легионер Егор Титовтың алдына доп тастады. Ал біздің Андрей Сидельников орнында болды. Қонақтардың жартылай қорғаушысы Роман Пахолюк 33-минутта баспен ұрып, гол соға жаздады.

Ойынның екінші жартысы да қонақтардың шабуылымен өтті. Есеп өзгермеді. Қонақтар жеңіске жетті.

Айта кету керек, бұл ақтөбеліктердің «Локомотивпен» төртінші кездесуі. Алғаш көктемде Қазақстан Республикасы кубогі жолында Ақтөбеде 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Қарымта ойын маусымда Астанада өтті. Онда 1:2 есебімен жеңіліс таптық. Бірақ екі ойынның қорытындысы бойынша «Ақтөбе» жарысты жалғастырды. Ал ел біріншілігінде 19 маусымда Астанада 0:2 есебімен ұтылып қалдық. Сонымен 23 ойыннан 51 ұпай жинаған «Локомотив» бірінші орынға шықты. Ал негізгі қарсыласынан үш ойыны кем ақтөбеліктер 20 ойыннан 49 ұпай жинап, екінші орында болатын.

«Ақтөбе» командасы сәрсенбі күні Павлодарда «Ертіс» командасымен кездесті. Жерлестеріміз үшін павлодарлықтар қиын команда саналатын. Ойын алма-кезек шабуылмен басталды. Турнир кестесінің орта жерінде келе жатса да, айбынды команда болып табылатын «Ертіс» командасы бірінші болып есеп ашты. Голдың иесі – Юрин. Ал ақтөбеліктер есе жібермей, 31-минутта есепті теңестірді. Мергендер көш басынан көрініп жүрген Мұрат Тілешев жерлестеріміздің мерейін үстем етті. Ал ойынның 77 минутында Мұрат екінші допты қақпаға дәл бағыттап, жеңіске қол жеткізді.

Қазір жерлестеріміздің «Локомотивтен» екі ұпайы аз, бірақ үш ойынымыз кем.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button