Жаңалықтар

Туған қаланың тынысы

Көрме

Облыстық өнер музейінде 20 қаңтар мен ақпанның 20 аралығында осы өнер ордасының ұйытқы болуымен Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі, суретші-дизайнер Елена Игнатованың «Живу. Люблю. Творю…» атты жеке көрмесі өтіп жатыр.
Көрменің ашылу салтанатында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының өнер және тарихи мәдени мұра бөлімінің басшысы Жанар Мақсұтова, суретші Евгения Субботина, «Мұғалім» репититорлық орталығының директоры Юлия Савченколар сөйледі. Олар суретші-дизайнер Елена Ильиничнаның шығармашылығы, оның адами келбеті туралы жылы лебіздерін білдірді. Облыстық Достық үйінен келген «Возрождение» неміс этномәдени «Фиалки» хоры «Длинная ночь» әнін орындады.
Көрмеге Е.Игнатованың 40-тан астам жұмыстары қойылған. Граттаж техникасымен салынған «Күз», «Қыс», «Көктем», «Жаз» сияқты жыл мезгілдері сериясы, туған өлкенің әсем табиғатын бейнелеген кескіндеме жанрында салынған «Дала гүлдері», «Қызғалдақ», «Жұпаргүл», «Ақ қайың», сондай-ақ «Ақтөбенің саябағы», «Туған үйім», «Қысқы Құрмыш» сияқты шығармалары суретшінің өзі туып-өскен қаласына деген сүйіспеншілігін көрсетеді. Әрі көрген кісіні бейжай қалдырмайды, олардың ойын әр жақтарға жетелейді, қиялын сабақтайды. Көрмеде көзге оттай басылатын натюрморт, пейзаждар көп, «Сүт болса ғой, шіркін…», «Асқабақ»тәрізді суреттер көңілге жылылық сыйлайды.
Өмірде өз саласына қатысты жаңалықтардан әрдайым хабардар болып, қаланың қоғамдық өміріне белсене араласатын Еленаның зергерлік бұйымдары да көздің жауын алады. Оның қолынан шыққан түрлі әшекейлер, сырғалар мен алқалар да көп назарына ұсынылды. Елена бес жылдан бері қаламыздағы қолөнер шеберлерінің әшекей бұйымдарының көрмесін ұйымдастырумен айналысып келеді.
Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін бітіргеннен кейін Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мелекеттік университетте білімін шыңдаған Е.Игнатова Ақтөбеде суретшілердің кіші буынын даярлауда да көп еңбек сіңіріп жүр.
Көрме суретшінің өзінің шеберханасына ұқсайды, оның жан-жақты, ізденімпаз, өмірге құштар, жан екендігінен хабар беріп тұрғандай әсер етеді.
Бір ай бойы өтетін көрмеге барып, оның туындыларын тамашалаған үлкен де, кіші де ұтылмайды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button