Басты жаңалықтар

Биыл республикалық бюджеттен облыстың ауыл шаруашылығы саласына қарастырылған қаржы былтырғыдан неге аз?

Кеңес

 Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауылшаруашылығы министрінен осы мәселенің ескертілуін сұрады

 Облысымызда жексенбі күнінен бастап, жұмыс сапарымен болған еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің жұмыс кестесі кеше дүйсенбі күні де соншалықты тығыз болды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге, ертеңгілік аудандардағы шаруашылықтардың жұмысымен танысуға жолға шығып, жедел оралған министр тура түстің кезінде ауыл шаруашылығы саласындағы проблемалық мәселелерді талқылауға арналған кеңеске қатысты. Облыстық әкімдікте өткен кеңеске аталған министрліктің су шаруашылығы комитетінің төрағасы Ислам Әбішев, «ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингі» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Айгүл  Мұхамадиева, «Агронесие корпорациясы» акционерлік қоғамы басқарма төрайымы Гүлназ Атамқұлова, «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев, «ҚазАгроҚаржы»  басқармасының төрағасы Қаныш Ізбастин, «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Асайын Байханов, т.б. қатысты. Сондай-ақ бұл басқосуға Ақтөбе қаласының және облыс аудандарының әкімдері, бірқатар облыстық басқармалар мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының   басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев  кеңестің мақсаты туралы қысқаша түсінік беріп, бұл жиынның ауыл шаруашылығы саласын жақсартуға, әсіресе, қазіргі дағдарыс кезінде бұл саладағы жұмыстарды тиімді ұйымдастырудың жолдарын талқылауға арналатынын айтты. Облыс әкімінің алдын ала бағыт бергеніндей, жиында ұзақ баяндама болған жоқ, кеңес диалог, өзара сұрақ-жауап түрінде өтті.

Ең әуелі облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев аймақтағы ауыл шаруашылығы саласының дамуы мен атқарылған жұмыстар туралы қысқаша хабарлама жасады.

— Өткен жылы біраз шаруалар атқарылды. Жалпы өнім өндіру облыста 142 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 103 пайыз құрады. Немесе осы кезеңде 17,5 миллиард теңгенің өнімі артық өндірілді. Ауыл шаруашылығы негізгі капиталына салынған инвестициялар 6 миллиард теңгеге жуықтады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға артты деп айтуға болады. «Агробизнес — 2020» бағдарламасы аясында өткен жылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне 2 миллиард теңгенің үстінде субсидия төленді. Жүзеге асырылған жобалардың шығындарын өтеуге Үкімет тарапынан 605 миллион теңге субсидия беріліп, осының арқасында бір жарым миллиард теңгеге инвестициялық-инновациялық жобалар іске қосылды. Әр сала бойынша қазір талдаулар жасалынды. Өткен жылдың көктемгі егісі Үкіметтің қолдауымен жақсы өтті, 400 миллион теңгедей қаражат алып, толық игердік. Жылдың қуаңшылықты болғанына қарамастан, әр гектардан 5,5 центнерден өнім алынды. Енді Елбасының тапсырмасына байланысты әртараптандыру тапсырмасы жүргізілуде. Соған байланысты бидай дақылының көлемі азайтылып, арпа сынды мал азығындық дақылдары екі жарым есе өсті. Қазір суармалы жерлерді дамытуды қолға алып жатырмыз. Түгелдеу жүргізіліп, 29 мың гектар суармалы жер анықталды. Осының 40 пайызы немесе 12 мың гектары пайдаланылуда. Көлтабанды жерлердің де 64 пайызы игерілуде. Бұл жерде қайтадан түгелдеу жүргізілгеннен кейін, 259 миллион теңге жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға қаражат бөлінді.  Осының есебінен биылғы жылы тағы да 6,8 мың гектар суармалы жерлерді айналысқа қосып, осы таяудағы үш жылда суармалы жерлерді толық игеруге бағыт ұстап отырмыз. Ол үшін әр ауданға тапсырмалар берілді. Мал шаруашылығы саласында да бірқатар істер жүзеге асты. Мұны көпшілік көріп отыр, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан кейін хабарламашы аймақтың ауыл шаруашылығы саласындағы проблемалық мәселелеріне ойысты. Соның ең бастысы — облыс шаруашылықтарының  40 пайызы 360 миллион теңге бережақпен отыр. Бұл — «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы несиеге алынған техникалармен байланысты. Министрліктің тиісті мекемелерінің басшылары осы кеңестің үстінде бұл мәселенің оң шешілгенін, арнайы шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Екінші көтерілген мәселе алдағы көктемгі егісті және егін орағын өткізуге бөлінетін қаржыға қатысты болды. Жылдағыдай, биыл да бұл бағытқа 500 миллион теңге қаржыға тапсырыс беріліп отыр. Алайда осы қаржы әр жыл сайын кешіктіріліп, тіпті сәуір айының ішінде шақ қолға тиеді екен. Ал әр күні қымбат көктемгі егіс науқанының мұндай жайбасарлықты күтпейтіні белгілі. Сондықтан биылғы жылы осы қаржы облысқа ақпан айында берілсе деген талап айтылды. Сол кезде техникаларды көктемгі далалық жұмыстарға сақадай сай дайындауға, алдын ала қажетті қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай алуға мүмкіндік болар еді.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласы лизингке алатын техникалардың қымбаттап бара жатқаны, осыны арзандатудың жолдарын қарастыру мәселесі айтылды. Бұл тек мал өсіру саласы емес, облыстың суландыру шаруашылығын дамыту қолға алынып отырған қазіргі сәтте аса маңызды болып отыр. «Жол картасы бойынша» жүзеге асыру көзделген «Милкер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық жобасының қазіргі кезде тежеліп тұрғаны да әңгіме болды, оған тез арада қаржы бөлу сұралды. Қаржы мәселесі шешілсе, жүзеге асырылғалы отырған ауыл шаруашылығы саласында жаңа жобалар мен межелер көп.

— Облыстың ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін қаржы 2014 жылы 5 миллиард 800 миллион теңге болған. 2015 жылы 7 миллиард 400 миллион теңге болған. Ал 2016 жылға қаралып отырған қаржының көлемі 5 миллиард 200 миллион теңге. Яғни 2014 жылдан да төмен, 2015 жылмен салыстырғанда 2 миллиард  200 миллионға төмен. Ал жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыны біз 2014 жылмен де, 2015 жылмен де салыстырғанда көбейтіп отырмыз. Мысалы, былтыр 563 миллион теңге бөлінген, біз қазір оны 784 миллион теңгеге көбейттік. Сондықтан біздің өтінішіміз — осы ескерілсе. Екінші — отбасылық шаруашылықтарды дамыту жөнінде. Біз бүгіннен бастап жергілікті бюджеттен қаржыландыра бастадық. Осыны ауыл шаруашылығын қолдау қоры да осы аптаның ішінде бастаса екен. Сол кезде түскен арыздарды қанағаттандыруға болар еді. Жұмысты ертерек бастар едік. Себебі уақыт көзді ашып-жұмғанша тез өтіп кетеді. Қазіргі дағдарыстың кезінде бұл бізге үлкен көмек болар еді, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі министрге қарата бұдан өзге де бірсыпыра мәселелер айтты. Соның негізгісі суармалы жерлерді игеруге байланысты өрбіді.

— Біз өзіміздің тарапымыздан бүгінгі таңда барлық жұмыстарды жасадық, жасай да береміз. Төл құжаттарын, жобалық-сметалық құжаттарын жасауға 360 миллион теңгедей жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Біздің осы жердегі су шаруашылығы мекемесі бар, басқа да тиісті орындар арқылы тезірек дайындалып, Ислам банктен бөлінетін несиеге біздің облыс та енсе деген өтінішіміз бар, — деп түйді мәселені облыс басшысы.

Кеңесте Қарғалы ауданының «Кудрия», Мәртөк ауданының «Дина», Қобда ауданының «Абылай» шаруа қожалықтарының, облыстық кәсіпкерлік палатасының басшылары, басқа да қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер жөнінде сауалдар қойып, тікелей министрден және министрліктің ведомстволық мекемелерінің басшыларынан жауаптар алды. Бұл жердегі негізгі сауалдар ауыл шаруашылығы саласын, оның ішінде мал мен егіншілікті алдағы жылы субсидиялауға байланысты болды.

Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мемлекеттің қаржыны негізінен шаруашылықты ынталандыруға, түпкі, нақты нәтижелерге  бағыттап отырғанына басымдық бере әңгімеледі. Мәселелердің жаңа заңның, бүгінгі күннің талабы аясында шешілетінін алға тартты. Мемлекет басшысының  еліміздің агроөнеркәсібі кешенін  дамытуға айрықша назар аударып отырғанын жеткізді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button