Экономика

Қымбатшылыққа тосқауыл қандай?

Баға

Әлемдік дағдарыс жағдайында қымбатшылық жағадан алып тұр. Біз қалай жеңілдетіп айтқанмен, теңгенің құнының доллардың алдында төмендеуі бағаға елеулі әсерін тигізуде. Бүгінде сырттан келетін тауарлар түгелдей қымбаттады. Көлік, өнеркәсіптік тауарлармен бірге, оның ішінде азық-түліктің де бірсыпыра түрлері бар. Жанар-жағармай құю бекеттерінде еркін баға ырық алды. Енді ресми орындарда нанның бағасын босату жөнінде әңгіме көбеюде, түбі солай болатынға ұқсайды. Әрине, бұл жердегі сөз халыққа төмен бағамен сатылып жүрген бірінші сортты ұн мен нан бағасы туралы болып отыр. Болмаса, нанның қалған түрлерінің бағасын көптен нарық белгілеп келеді. Байлар түгілі, орташалардың өзі қазір арзан нанды тұтына бермейді, қымбат түрлеріне көшкен. Қарабидай нанын, жүгері, арпа ұнынан пісірілген бөлкелерді алады.
Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Парламент Мәжілісіне берген таяудағы есебінде жыл сайын бірінші сортты, 600 грамм бөлке нан бағасын төмендету үшін 7-8 миллиард теңге шығындалатынын, тіпті кейбір жылдары бұл көрсеткіш 12-15 миллиард теңгеге жеткенін айтты. Халқымыздың санына шаққанда бұл қанша қаржы құрайды? Қазір тағамның басқа түрлерінің молаюына байланысты халық нанды бұрынғыдай тұтынбайтынын ескерсек, бұл тым көп сияқты. Мүмкін, тамақтық мақсатқа жұмсалмай, арзан болған соң текке рәсуа болып, ысырап орын алып жүрген шығар, әлде…
Осы тұрғыдан алғанда, көтеріліп отырған мәселе дұрыс, арзан нанды ең осал топты азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек түрінде беруге көшу тиімді болатыны даусыз. Бірақ осыны үлкен мәселеге айналдырып дабыралатудың қаншалықты қажеті бар. Бұл науқаншылық нанның қазіргі кезде нарық белгілеп отырған өзге де түрін жаппай қолдан қымбаттатуға соқтырмай ма?
Дағдарыстың алдын орау, қымбатшылыққа тосқауыл қою — Елбасының бірінші кезектегі тапсырмасы. Бұл ретте жергілікті билік орындарына да үлкен міндеттер жүктелген. Қазіргі күнкөріс деңгейіне сәйкес, ең қажетті өнімдер тізіміне кіретін 43 өнім бар. Жергілікті билік, басқа да тиісті орындар осы тізімге кіретін азық-түлік түрлерін қымбаттатпауға байланысты жұмыстар жүргізуге міндетті. Әрине, бұл айтуға ғана оңай, болмаса қазіргідей доллар өрлеп, баға күнде құбылып, дүние күйіп тұрған кезде қымбатшылықты тұсаулау осал шаруа емес. «Әркімнің өз көйлегі өзіне жақын» деген, кәсіпкерлердің де бәрі бірдей патриот емес, азаматтық тұрғыдан ел қамын ойлай бермейді. Теңге еркін айналысқа жіберіліп, доллар бағамы күрт өскен кезде облыс, аудан орталықтарындағы, тіпті ауылдардағы дәріханалардағы баға көтеріліп жүре берген. Ал бұл дәрі-дәрмектер бұған дейін жеткізілген болатын. Облыс аумағын аралаған кезде осы жағдайларды байқаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев таяуда өткен облыс активінде осы ағаттықтарды қатты сынға алды. Осындай әрекеттер өнеркәсіп тауарларымен, азық-түлікпен сауда-саттық жүргізетін орындарда да орын алғанын көпшілік жақсы біледі.
Жалпы біздің сауда-саттық орындарында тез қарпып қалу, ылдым-жылдым оңай олжа табу пиғылы басым. Сырттан әкелінген тауарлар түгілі, жергілікті жерлерде өндірілген өнімдердің өзіне үлкен мөлшерде үстеме баға қосып сатады. Шағын дүкендер былай тұрсын, біздің қаламыздағы ірі супермаркеттердің өзі солай. Мұны байқау үшін жергілікті өнім шығаратын «Анди», «Айс», «Молочные истории», тағы басқа компаниялардың тауарын өздерінен алып, сосын супермаркеттердегі бағамен салыстырып қараңыз. Осыны біліп, сауда орындарының үлкен мөлшерде үстеме қосуының өнім шығаратын компанияның қадірін түсіретінін айтып, «Пригородный ауылшаруашылық бірлестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Ермек Жұмағазин биылғы күзде өздері өсірген көкөніс өнімдерін қаланың супермаркеттеріне салудан бас тартты. Қазір картоп, қызыл пияз, сәбіз, қызылша өнімдері арзан бағамен серіктестіктің қоймасынан сатылады.
Осы әңгімелеп отырған мәселемізге қатысты тағы бірер фактілерді айта кетсем артық болмас. Биылғы тамыз айынан бері «Табыс» коммуналдық базарында ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп жүр. Жергілікті билік ұйымдастырып отырған халыққа қол жетімді азық-түлік ұсынудың бұл да бір амалы. Мен өзім осы жәрмеңкеге жиі барып тұрамын. Сондағы көзіммен көргенім — мұнда түсетін азық-түлік көп арзан. Себебі олардың басым бөлігі аудандардан, ауылдардан келеді. Олар салған ет, сүт, картоп, көкөніс, жеміс-жидек өнімдері кейде қаладағы бағамен салыстырмалы түрде қарағанда су арзан тұрады. Жақында Хромтау қаласынан «Тау» компаниясы тұтынушыларға өндірістік негізде шығарылған сүт өнімдерін ұсынды. Сапалы әрі бағасының қолайлы болғаны ғой, жұртшылық әудемге жібермей, талап әкетті. Сол өнімдерін компания Ақтөбенің супермаркеттеріне де өткізеді екен, бірақ әлгі сауда орындары азық-түліктің бағасын өсіріп жіберген. Олар үшін жергілікті тауарларға 10 пайыздан артық үстеме қоспау талабы қазір күшін жойған сынды. «Табыс» коммуналдық базарының жәрмеңкесі аптасына бір күн өтеді. Ал сондағы арзан азық-түлікті көтеріп сатып алып, өзге базарда қымбатына сататындар да ұшырасады. Біздің қоғамда мұндай алыпсатарлыққа әзір тыйым жоқ.
Біздің еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Енді шамалы уақыттан кейін әлемнің әр елінің сауда ұйымдары сапалы арзан тауарын алып, біздің нарыққа кіреді. Олармен біздің сауда ісіндегі адамдарымыз бәсекелесіп жұмыс істей алар ма екен. Орайы келіп өткен айларда еңбек демалысымда көрші Ресейдің Башқұртстан республикасындағы сауықтыру орнында болдым. Сонда таңғалғаным, дәрігерлердің қабылдауы, ем-дом, түрлі медициналық жабдықтар арқылы тексерілу біздегіден көп арзан және бәрінің бағасы жазылып, қабырғаға ілулі тұр. Ондай қымбат қаржыға алынған осы заманғы медициналық озық жабдықтардың не түрі бар бізде. Тіпті олардағыдан артық болуы мүмкін. Бірақ қаралушыға өте қымбатқа түседі әрі бағасы да ойнамалы, жазып қоймақ түгілі, сұрағанда айтпайды.
Бұдан біздің тиісті орындар бағаны тұрақтандыруға әрекет етпей, қол қусырып отыр деген қорытынды шықпаса керек. Өмірді жеңілдетудің, ең қажетті әлеуметтік тізімге енетін азық-түліктерді қымбаттатпаудың, бағаны тұрақтандырудың, тіпті болмағанда, шарықтатпай ұстап тұрудың жолдарын қарастырып жатқан әрекеттер, әрине, облыс көлемінде жетерлік. Әлеуметтік ең қажетті азық-түлік түрлерінің бағасын тізгіндеудің кең ойластырылған шаралары алынып отыр. Бұл мәселе облыс әкімінің бақылауында ұсталуда. Егер бұлай болмаса, жағдайымыз қазіргіден де қиындаған болар еді.
Баға мәселесі бір күннің ісі емес, алдағы күндерді де ойлап, кең қамтып отыруды қажет етеді. Жылдың әр маусымының бағаға тигізетін ықпалы бар. Соны ескеріп, облыста тұрақтандыру қоры құрылған. Қыста жағдай қалай болады, көкөніс қоры сарқылатын жазғытұрғы тұста өнімнің бұл түрлерінің бағасы секіріп, қымбаттап кетпей ме? Мұнымен облыста тұрақтандыру қоры айналысады. Қазір мұнда азық-түліктің сақтық қоры түсіп жатыр.
Біз жақында «Пригородный ауыл шаруашылығы бірлестігі» серіктестігінде болған едік. Сонда тек осы серіктестіктің өзі тұрақтандыру қорына бүгінгі күні 400 тонна картоп жөнелткенін, әлі де 600 тонна картоп өнімін беретінін білдік. Бұл серіктестіктің биылғы жылы салынған жаңа қоймасынан тұрақтандыру қорына тазалап өткізіп жатқан картобының келісі — 60 теңгеден. Ал картоптың бағасы қазіргі кезде қала базарларында 70-80 теңге шамасында. Бұлай болатыны, серіктестік өз өнімін тұрақтандыру қорымен көктемде жасасқан шарт бойынша өткізуде.
Пригородныйлықтар сынды, өзге де өнім жеткізушілер тұрақтандыру қорына өнімдерін осындай арзан бағамен өткізетін болса, ертеңге коммуналдық сауда орындарында тұтынушыларға ұсынылатын азық-түлік қымбатқа түспейді. Дегенмен баға мәселесінде алаңдатып отырған жағдайлар жетерлік. Соның ішінде жергілікті жердің шамасы келмейтін қауіп те көбейіп барады.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button