Экономика

Елімізде жоқ ерекше кешен

Қалдықсыз өндіріс қағидасы

Мұндай кешен әзір біздің елімізде жоқ. Әрине, мал соятын шағын ет комбинаттары, үлкенді-кішілі цехтар бар. Бірақ олардың қай-қайсысы да бұған жете алмайды. Бұл жерде сойылған мал әлемдік озық технологиямен, еш қалдықсыз өндіріс қағидасы бойынша өңделіп, тұтынушыға ұсынылады. Шынын айтсақ, бұл сияқты ет өңдеу кешені дамыған өркениетті батыс елдерінде ғана ұшырасады. Сондықтан бірден мойындауымыз керек, Алға жерінде шетелдік үлгіде салынған мынадай өндіріс біз бұрын көрмеген дүние еді. Кең қолтықты құрылысты аралап шығып және осы ет өңдеу кешенінің директоры Вахтанг Георгивич Джиджиешвилидің әңгімесіне қаныққаннан кейін, жаңа өндірістің бірегейлігін еріксіз мойындадық.
«Молочные истории» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің нысаны — ірі қара етін өңдеуге арналған кешен сағатына 15 ірі қараны сойып, өнімдерін бөлшектеп, реттеуге мүмкіндік береді. Осындай ауқымды өндірістің екі қабатты ғимараты биылғы жылдың сәуірінде басталып, қазір аяқталу сәтінде тұр. Амандық болса, осы жылдың 20 желтоқсанына жұмысты бастау жоспарланып отыр. Қажетті мамандар оқытылып, қымбат жабдықтар орын-орнына қондырылып, өндіріс жүйесін іске қосу ғана қалып тұр.
Бұл жобаның жалпы құны 2,2 миллиард теңге құрайды. Оның 930 миллион теңгесі — жабдықтар, қалғаны — құрылыс салуға жұмсалған шығындар.
Ел игілігі үшін қажетті бұл жобаға негізінен «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы үлкен қолдау көрсетіп, қаржыландырды. Құрылыспен қатар, барлық жабдықтарды лизингпен алуға несие қаржы берді. Сонымен бірге серіктестіктің де өз қаржысы салынды.
Әрине, мемлекет тарапынан да жәрдем көрсетілгенін айту керек. Егер олай болмағанда, мұндай кешеннің бұл өңірден салынуы екіталай еді. Құрылыстың инфрақұрылымы «Жол картасы бизнесі — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылды. Соның арқасында өндіріс орнына және нысанға газ, кәріз, су тартылды. Тек осы бағыттағы жұмыстарға 146 миллион теңге игерілді.
Ет өнімдерін өңдеу кешенінде тікелей 88 адам жұмыс істейтін болады. Әрине, жаңа өндірістің аясында, төңірегінде жанама және талай адам кәсіп табады.
— Аздаған мамандар болмаса, негізінен мұнда алғалықтар жұмыс істейді, — деп кешен директоры қазірден кесіп айтып отыр.

Етті өңдей білу де — өнер

Былайғы сырт адамдар етті өңдеу деген мәселені терең түсіне бермейді. Көп жағдайда күнделікті базарларымызда сойылып, қасапшылар арқылы шабылып, дайындалып, сөрелерге түсетін, сосын тұтынушыға сатылатын етті білеміз біз. Ет саудасының қарабайыр бұл түрі өз арамызда күні бүгінге дейін жарап келді. Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған ендігі жерде бұл тірлік өріссіз. Халықаралық тәжірибеге қарасақ, етті өңдей білу де өнер һәм пайда екен. Қазіргі өңделетін етке қойылатын талап мүлде басқаша. Жаңа ет өңдейтін кешен сол талаптан шығады. Себебі, ол — экспортқа бағыт ұстап, өзінің өндіретін етінің 60 пайызын шетелдерге шығарады.
Рас, алғашқы кезде өңделген етті Ресей Федерациясына жіберуге шарт жасалған. Сосын көрші Қытай еліне жөнелту жөнінде жұмыстар жүріп жатыр.
«Сағатына 15 ірі қара сойып, етін өңдеп үлгеретін кешенге жыл ішінде сонша мал қайдан табылады?» деген сауалымызға мамандар: «Сойылатын малды «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеткізеді. Бұған біздің басымыз ауырмайды» деп жауап берді. Оған жасалған есептері де дайын. Аталған серіктестік бір мезетте 11 мың ірі қараны бордақылауға қояды. Жылына екі мәрте бордақылағанда бұл 22 мың ірі қара болады. Ет өнімдерін өңдеу кешенінің толық қуаты жылына 7200 тонна ет немесе 36 мың ірі қара қажет еткендіктен серіктестік қалған ірі қараны жекелеген асыл тұқымды ірі қара өсіретін шаруашылықтардан қабылдап алып, кешенге өткізеді. Малдың жарақтылығын, сапалылығын бақылау түгелдей «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мойнында. Бұл орайда ет өңдейтін кешеннің Алға қаласының іргесінде және аталған серіктестіктің мал бордақылау алаңдарына жақын орналасуы да артық шығын жасамауға соншалықты қолайлы болып тұр.
Ет өңдейтін кешен ішін аралаған кезде кәсіпорын басшысы Вахтанг Георгиевич неміс жабдығынан тұратын цехтарды түгел көрсетіп, журналистерге қызықты етіп әңгімелеп берді. Әп дегенде, сою қондырғысына малдың өзі кіретін етіп үйлестірілген. Маманның айтуынша, осы жерде халал тәртібі сақталып, ірі қара қолмен бауыздалады. Одан әрі желі жұмыс жасап, бірінен-бірі іліп алып, автоматты түрде жалғасып жүре береді. Бір қондырғы терісін сыпырып, екіншісі ішкі құрылысын, ішек-қарынын бөлшектейді, үшіншісі тұтас етті екіге, төртке бөледі. Тіпті одан әрі бөлшектеп, орамаларға түйіп, саудаға ыңғайлайды. Бір ғажабы, осының бәрін арнайы қондырғылар үзіліссіз жүзеге асырады.
— Етті қандай түрде өңдеу де қолда. Егер сыртқы саудаға шығаратын болсақ, етті түрлі тағамдар жасауға қарай бейімдеп бөлшектеп арнайы орамаларға саламыз. Ал өз өңірімізге, жұртшылығымызға қажетті ет өнімдерін он екі жілікке бөліп, жіліктеп те бере аламыз, — дейді кешен директоры.
Біз бір сөзімізде бұл өндірістің қалдықсыз өнім тұрғысында жұмыс істейтінін айтқанбыз. Расында да солай, мұнда сойылған малдан ештеңе қалмайды, түгелдей қажетке жаратылады. Қан-жыны, аяқ-сирағы, тұяғына дейін өңделеді.

Өнімді жабдықтар өңдейді

Шынын айтсақ, біз мал сойылатын жердің бұл жердегідей тазалығын көзге елестете алмаймыз. Бастан-аяқ кіршіксіз тазалық тәртібі орнатылған. Қасапшының арнаулы таза киім, таза қолмен жұмысқа араласуына, жұмыс аяғында таза шығуына барлық жағдай жасалған. Автаматты қондырғылар арқылы бөлшектеліп, өңделген ет өнімдері көліктерге де арнаулы жүйелер арқылы тиеледі. Мұндағы жұмыс бір ауысымда жүреді.
Бұрын-соңды біз көрмеген жаңа өңдеу кешенінің қысқа уақыттың ішінде салына қалғанына сүйсінбеу мүмкін емес. Алайда кешен басшылары:
— Құрылыс мерізімін ұзатпағанымыз рас. Соның өзінде көп уақытымызды ғимараттың едендері алды. Ол Германиядан алынған арнайы цементтен төселді. Өйткені мынадай қымбат әрі қуатты жабдықтарды сондай берік, мейлінше тегіс арнаулы еденге орнату жаңа өндірістің басты талабы болды. Еденнің құрылысын неміс мамандары жүргізіп, аяқтағаннан кейін де бір ай бойы ешқайсысымызды кіргізбей қойды, — дейді.
Бұл кешен тек бүгінгі күн емес, болашаққа жұмыс істемек. Қазір елімізде шикізат бұғауынан біржола құтылудың, импорт алмастырудың түрлі жолдары қарастырылуда. Осы кешенде өңделген етіміз ғана бәсекеге қабілетті болып, шетелдердің тұтынушыларының талабына сай келіп, еркін өтпек. Сонымен, қымбат қаржыға көптен армандап жүрген осы заманғы өңдеу кешенін тұрғыздық. Ендігі мәселе соған сай жақсы ет беретін асыл тұқымды мал өсіру болмақ. Бір ет, бір май болатын ет өнімдерін шығару да ет өңдеу кешенінің алға қойып отырған шаруасы. Алайда біздің өңірдегі репродуктордан мұндай сапалы ет үш жылдан кейін түсе бастайды. Қазір осы мақсатты тездетуге бағытталған жұмыстар жүріп жатыр. Ұтырын тауып қолға алса, жүзеге аспайтын шаруа жоқ.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button