Экономика

Шағын кәсіпкерліктің шырайы

Ақтөбеде бизнеске ден қоюшылардың саны жылма-жыл артып келе жатыр

Елбасы Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауларында кәсіпкерлерге қолдау көрсету, олардың ісін алаңсыз дөңгелетуіне жағдай жасау елдің стратегиялық басым бағыттарының бірі екенін ұдайы атап көрсетеді. Соған сәйкес, біздің өңірімізде де өз кәсібін ашуға ынталы азаматтарға жан-жақты жәрдем беріліп келеді. Сала өкілдерінің сөзінше, әсіресе, жастардың арасында бизнес баспалдағының бастауы болып есептелетін шағын кәсіпкерлікті қолай көретіндердің қарасы қалың.

9 айда тіркелгендер — 41 мың

— Бізге өз ісін бастауға ниетті ақтөбеліктер жиі келеді. Шағын және орта бизнесін одан әрі дамытпақ ойы бар, соған қатысты ақыл-кеңес сұрайтындардың да саны аз емес. Соның ішінде ауылдық жерлерде тұратын белсенді, өз кәсібін ашқысы келетін қыз-жігіттердің нөпірі баршылық. Ондайда бөлім мамандары бағыт-бағдар беріп, қолдан келгенше көмегін көрсетеді. Осы бағытта бірталай форумдар, семинар-тренингтер де өткізіліп жүр.
Осы жылдың 9 айына тіркелген шағын және орта бизнес субъектілер саны 41 мыңнан асады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, мұндағы өсім 9,5 пайызға жетіп отыр. Соның ішінде әрекет етуші бизнес өкілдері 33,9 мыңды құрайды. Бұл, сөз жоқ, жақсы көрсеткіш, — дейді Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Анар Даржанова.
Анар Нұрлыбекқызының айтуынша, мемлекеттік «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасына қатысуға ынталы азаматтар көп. Айталық, жыл басталғалы 96 өтініш келіп түскен. Оның 59-ы — банктік несиенің пайыздық мөлшерін субсидиялау бойынша болса, қалғаны кепілдендіруге қатысты екен. «Соның арқасында 2679 бірлік жұмыс орны сақталып қалды, 543 жаңа жұмыс орны ашылды», — дейді ол.
Жалпы, еліміздегі үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болып, «Бизнестің жол картасы — 2020», «Өнімділік — 2020», «Экспорт — 2020», т.б. жобалардың шарапатын көріп жатқандар баршылық.
Сондай-ақ, өңірімізде «Қазақстанда жасалған» деген атаумен түрлі өнімдер шығарып, өз күшімен ғана бизнесін жүргізіп жатқандар да бар.

Кондитерлік дүкеннің қарқыны

Солардың бірі — кәсіпкер Зәуреш Еңсегенқызы. Осыдан 6 жыл бұрын өз ісін бастаған кәсіпорын кондитерлік өнімдерді шығарады. Әу баста шағын ұжыммен — 5 адаммен бизнеске қадам басқан компанияда бүгінде 20-дан астам маман еңбек етеді. 2009 жылдан бері іскер әйел кәсібін кеңейтіп, өзінің өнімдерін сататын 3 дүкен мен дәмхана, сондай-ақ, кондитерлік цехты ашқан. Оның сөзінше, бұл белеске ол қажырлы еңбек һәм үлкен қиындықтардан өтіп барып жеткен.
— Бизнес саласында бұрын-соңды жұмыс істеп көрмеген маған алғашында, әрине, оңай болған жоқ. Әйткенмен апам екеуміз тәуекелге бел буып, ісімізді бастап кеттік. Басында білікті мамандар мен қажетті қондырғылардың жоқтығынан айтарлықтай қиындықтар көрдік. Әрі кондитерлік өнімдерді саудалауға енді кіріскен соң, тұрақты тұтынушыларымыз да болмады. Нарықта өзімізді дәлелдеу үшін, бәсекеге қабілетті екенімізді көрсету мақсатында көп күш-жігерімізді салдық. Мәселен, Германия, Ресей елдерінен, сонымен қатар, өзіміздің орталық қалалардан сарапшы-мамандарды шақырып, қызметкерлерімізге шеберлік сағаттарын ұйымдастырдық. Өзім де «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бойынша білімімді жетілдірдім. Қалада өтетін семинарлардың да тұрақты қатысушысымын, — дейді ол.
Қазіргі таңда кондитерлік цех жүзден астам өнім түрін дайындайды. Осылайша, түрлі тәтті тағамдарымен облыс орталығы мен аудандарды қамтып отырған кәсіпорындағылар келер жылы өндірісі көлемін одан сайын молайту жоспарда барын тілге тиек етеді. Оларды көршілес аймақтарда да сату — ой-мақсаттың бірі.
Мұндағы аспаздар тәттілерді ғана емес, балмұздақ пен тұшпараны дайындауды да қолға алған.
Сонымен бірге, кәсіпорын директоры сөз арасында жыл соңына таман тағы бір дүкенін кеңейтуді мақсат етіп отырғанын, бұл күндері соның жұмыстарын пысықтап жүргенін жеткізді. Демек, бұл тағы бір топ ақтөбелікке «екі қолға — бір күрек» табылады деген сөз.

«Біздерде мынадай бар…»

Рас, кондитерлік цех, онда дайындалған өнімдерді саудалау кез келген облысқа да таңсық емес. Дей тұрғанмен, кәсіпкер тек Ақтөбеде шығарылатын тәтті тағамдардың барын айтады. Мысалы, шоколадпен қапталған жент — біздің төл өніміміз. Осы салаға әбден маманданған әңгімелесушіміздің сөзіне қарағанда, мұндай тәтті тағам Қазақстанның өзге ешбір өлкесінде әзірленбейді екен.
— Бұл тағам түрі осы жылдың жаз мезгілінен бастап дүкен сөрелеріне қойылды. Ерекшелігі сол, оны өзге еш жерден таба алмайсыз. Тағамды ойлап тапқан да, оны жүзеге асырып, тұтынушыларға ұсынатын да өзіміз. Бағасы — 1500 теңге, ал бір құтының салмағы — 300 грамм. Бүгіннің өзінде оған қызығушылық білдіріп, жер-жерден сатып алушылар көп. Ол бізді қуантады, әлбетте, — дейді.
Кәсіпорындағы тағы бір ерекше тағам — «Джелато» балмұздағы. Италиялық технология бойынша жасалатын тәтті өнім, кәсіпкердің сендіруінше, тек Ақтөбеде саудаланады.
Әр 3-4 ай сайын өнімдерді жаңартып тұратынын келтірген ол арнайы тапсырыспен де жұмыс істейтінін, тиісінше жыл өткен сайын келушілердің саны артқанын білдірді. Тәтті өнімдерге деген аталмыш сұранысты түсінуге де болады. Өйткені бұл Ақтөбеде жасалған!

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button