Спорт

Ағайындылардың жеңісі

Жақында Түркияның Стамбул қаласында және Ресейде жастар мен жасөспірімдер арасында бокстан өткен халықаралық турнирден ақтөбелік ағайынды спортшылар медальмен оралды.
Қазақстанның бокстан жастар және жасөспірімдер құрамасының мүшелері, спорт шеберлігіне үміткерлер Рай және Рахат Сейтжановтар — Ақтөбе қаласындағы №4 облыстық олимпиада резервтерін даярлайтын балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері.
— Ахмет Камерта атындағы жастар арасында өткен халықаралық турнирге 17 мемлекеттен 210 спортшы қатысты. Турнир Түркияда өтті. 64 келі салмақ дәрежесі бойынша қола медаль иелендім. Жарыс өте тартысты өтті, себебі әр елдің мықты былғары қолғап шеберлері қатысты, — дейді Рай.
Жалпы есеп бойынша турнирдің жеңімпазы Түркия құрамасы болса, 2 алтын, 3 күміс, 2 қола олжалаған қазақстандық құрама II орында, ал III орын өзбек еліне бұйырды.
Райдың інісі Рахат та Ресейде өткен бокстан жасөспірімдер арасындағы бүкілресейлік турнирде 52 келі салмақ дәрежесі бойынша алтын медаль иеленіп, чемпион атанды.
Қос боксшы білікті бапкер Тағыберген Қазихановтың қол астында жаттығады.
— Сейтжановтардың кезекті жеңісі — күнделікті жаттығулардан қалмай, тынымсыз еңбектенулерінің нәтижесі. Екеуінің де техникасы мықты, болашағы зор спортшылар. Алдағы талай байрақты бәсекелерде шәкірттерімнің жеңіс тұғырынан көрінетіндеріне сенімдімін, — дейді Т.Қазиханов.
Қалдыгүл МЫРЗАТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button