Спорт

Саиданың қоласы

Бокс

Жақында ақтөбелік боксшы қыз Саида Хасенова әйелдер арасында өткен «Астана Кубогы — күштілер турнирінен» қола медальмен оралды.
Кейбір себептерге байланысты бұл жолы үшінші орын алып қалғаны болмаса, ол — 64 келі салмақ дәрежесінде еліміздегі ең мықты спортшы. Саида жазғы олимпиадалық ойындар тарихында қазақ қыздарынан лицензияны ең бірінші жеңіп алып, Лондонға барған әзірге жалғыз былғары қолғап шебері. Ол — Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, 2010 жылғы Азия чемпионы, Гуанджоуда өткен Азия ойындарының қола жүлдегері.
Бала кезінен спортқа, оның ішінде жекпе-жек түрлеріне жақын болған Саида каратэден Қазақстанның абсолютті чемпионы атанған. Одан кейін тайбокспен айналысып, онда да жетістіктерге жетті, Әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді. 19 жасынан бері бокспен шұғылдануда.
— Ата-анам да спортты жаны сүйетін жандар, — дейді Саида.
— Әкем кезінде волейбол, баскетбол ойнаған. Ал шешем қысқы спорт түрлерімен айналысқан. Соның да әсері болған шығар.
Бұрын Алматы қаласының атынан сынға түскен боксшы қыз қазір Ақтөбедегі бокс мектебінде жаттығу жасап жүр. Алматыны қалай қиып, Ақтөбеге келдің деген сауалымызға ол: «Мен қаланы емес, Әлімбек Балмағамбетов секілді білікті жаттықтырушыны таңдадым», — деп жауап берді.
— Саида Ақтөбеге келгелі бокспен айналысушы қыздарымыз көбейді, — дейді Ақтөбе бокс мектебінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әлімбек Балмағамбетов. — Саида өте өжет және техникасы жақсы спортшы. Ендігі мақсатымыз — алдағы жылы көктемде өтетін Әлем біріншілігіне дайындалып, биіктен көріну.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button