Спорт

Ең мықты балуандар ақтөбеде жиналады

Қазақстан Кубогы

2-9 қарашада Ақтөбе қаласындағы «Қоныс» спорт сарайында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Кубогы өтеді. Жарыс қорытындысы бойынша Әлем Кубогына, Азия және әлем чемпионаттарына дайындалып, қатысу үшін Қазақстанның құрама командасы жасақталады.
— Кубок үшін жарысқа барлық облыстардан және Астана, Алматы қалаларынан дәрежесі спорт шеберлігіне кандидаттан төмен емес 8 спортшыдан қатысады, — дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ескендірбек Маханов. — Жарыс грек-рим күресінен Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің чемпион атанғанына 35 жыл толуына арналып отыр.
Айта кету керек, жарыс Халықаралық біріккен күрес стилі федерациясының (UWW) ережелеріне сәйкес үш кілемде (UWW) әр салмақта бір спортшыдан өткізіледі.4 командадан 4 топ құрылады. Топ жеңімпаздары 1-4 орындарды сарапқа салады. Әр топта екінші орын алғандар 5-8 орындар үшін күреседі. Үшінші, төртінші орындар алғандар да осылайша топ құрап, тиісті орындар үшін таласады.
Енді Қазақстан Кубогы жолындағы Ақтөбедегі спорт мерекесінің құрметті қонақтарына назар аударайық. Олар — аты аңызға айналған балуан, Олимпиада ойындарының чемпионы (1980), Әлем чемпионы (1981), Әлем кубогының (1982), Еуропа чемпионатының (1980) күміс жүлдегері, КСРО-ның екі дүркін чемпионы (1975, 1980), КСРО біріншілігінің күміс (1978, 1979), қола (1973, 1977) жүлдегері, КСРО халықтары спартакиадасының чемпионы (1975), КСРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері Жақсылық Үшкемпіров және олимпиадалық ойындардың, әлем, Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, еңбегі сіңген жаттықтырушылар Дәулет Тұрлыханов, Бақтияр Байсейітов, Юрий Мельниченко, Икрам Байрамуков, Георгий Цурцумия, Мейірхан Рахметов, Нұрбақыт Теңізбаев, Таңат Сағындықов, Мәулен Мамыров, Ақжүрек Таңатаров және басқалар. Сондай-ақ олимпиадалық ойындардың екі дүркін чемпионы (1980, 1988 жылдар), әлемнің алты дүркін чемпионы, Еуропа және КСРО біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы Сергей Белоглазов қатысады.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button