Әлеумет

Жұмыспен қамту: бір адым алға

Бүгінде әйтеуір Ақтөбе өңірінде жұмыс істеймін деген дені сау адамға «екі қолға – бір күрек» табылады. Бұған да шүкір. Өйткені, басқа аймақтарда осының өзіне де жете алмай жүрген жайларды көзіміз көрмегенімен, құлағымыз шалады. Мұндай артықшылыққа қол жеткізіп отырған басты нәрсе, ең алдымен экономикамыздың қалыпты түрде дамуы, сондай-ақ жүйелілікпен жаңа жұмыс орындарының ашылуы.

Ақтөбе облысы тұрғындарын жұмыспен қамту жүйесін жетілдіру бойынша шаралар жоспарына сәйкес биылғы жылы жаңадан 12 мың жұмыс орнын ашу көзделген болатын. Сондай-ақ, 10100 жұмыссыз азаматты жұмысқа орналастыру мақсат етіп қойылды. Бұның сыртында 4870 адамды қоғамдық ақылы жұмыстарға жіберу қолға алынды. Кәсіптік білім игеруге 1000 адам қамтылды. Сонымен бірге 370 әлеуметтік жұмысы орны құрылып, 2293 адам есебінен жастар практикасын ұйымдастыру жүзеге асырылды.

«Жол картасы» инвестициялық бағыттары аясында облысымызда 11754,6 млн. теңгемен бағаланатын 241 жобаны жүзеге асыру қарастырылды. Соңғы алынған деректер бойынша, яғни қыркүйектің 1 жұлдызына есептегенде осы аталған қаржының 9569,8 млн. теңгесі игерілді. Осы уақытқа дейін 24200 жаңа жұмыс орны ашылды. 1964 жұмыссыздар мен уақытша бос жүрген адамдар кәсіптік білім алып шықты. Мұның өзі оларға алған мамандығына сәйкес кепілді жаңа жұмысқа тұруына жол ашты.

Көктем басталар қарсаңда осыншама жоспарлар игерілуі қажет екендігі тиісті билік тарапынан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мәлімделгенде, көпшіліктің арасында бұған күмәнмен қараушылар болғаны да жасырын емес-ті. Өйткені, бөлінетін қаржы да, жүзеге асырылмақ шарауалар көлемі де тым ауқымды көрінген.

Енді «балапанды күзде санайтын» уақыт та келді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы берген ресми мәліметтер бойынша 1 қыркүйекке есептегенде жүзеге асыруға қарастырылған 241 жобаның 174-і қазірдің өзінде аяқталып тұр. Егер оны жіліктеп айтар болсақ, алтауы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық обьектілері, жиырма бірі – жол жөндеу, бір жүз қырық бесі – білім беру, екеуі мәдениет салаларын қамтитын жобалар бойынша тарамдалады.

Осындай атқарылған шаралар нәтижесінде жалпы алғандағы және тіркелудегі жұмыссыздық көрсеткіштері біраз өзгеріске ұшырады. Дәлірек айтсақ, биылғы 1 қыркүйекке тіркелген жұмыссыздық көрсеткіші экономикалық еңбекке белсенді тұрғындар санына шаққанда 0,5 пайыз құрады. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда оң жағына ілгерілеуді көрсетеді.

– Облыс әкімшілігі, жұмыс берушілер және кәсіподақтары одағы кеңесі арасындағы жұмысшылардың еңбек құқығын қамтамасыз ету бойынша жасалған өзара ынтымақтастық туралы меморандум нәтижесін беруде, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары А.Жекеев, – мұның өзі аймақтағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды қалыпты ұстауға әсерін тигізуде.

Бүгінгі күнге дейін облысымызда 498 меморандумға қол қойылды. Меморандумға отырған 72 ірі кәсіпорындардағы жұмыспен қамту ахуалы тиісті орындар тарапынан апта сайын қадағаланады.

Аудандарда да тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында біраз шаруалар тындырылды. Басқа өңірлерді айтпағанда, мұны шалғайдағы деп саналатын Ырғыз ауданы мысалынан да анық аңғаруға болады.

– Биыл бізде 750 жаңа жұмыс орыны ашылды, – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы А.Досекешов, – 487 жұмыссыз адам білім беру, денсаулық, спорт және мәдениет нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге жұмысқа орналастырылды. Екі жүз елудей жергілікті тұрғындардың жол бойында еңбек етіп жүргендері де көңілге қуаныш әкеледі. Ал Ырғыз өңірінен өтетін үлкен жолдың күрделі жөндеуден өтуі алда да жаңадан көптеген жұмыс орындарының, атап айтқанда, көліктерге техникалық қызмет көрсету, жолаушыларға асхана, қонақүй, басқа да жағдайлар жасау қызметін өрістетуге жол ашпақшы.

Сондай-ақ аудандағы жиырма екі мекеме-кәсіпорындардың келісіміне орай 96 әлеуметтік жаңа жұмыс орнына 96 адам жұмысқа алынды. Қажеттіліктерге байланысты жұмыссыз адамдар жаңа мамандықтарды игеріп шықты. Енді олар газбен және электрмен дәнекерлеуші, ағаш шебері, сырлаушы-майлаушы, тас қалаушы, аспазшы, шаштараз болып еңбек  етеді.

Шалқар аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы Дәулетияр Әспеновтың айтуынша, бұл өңірде соңғы бес жылда 2222 тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылып, жалпы жұмыссыздық деңгейі 9,8 пайыздан 6,7 пайызға, ресми тіркелген жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайыздан 0,6 пайызға төмендеген. Қазір шағын кәсіпкерлік субьектілерінде жұмыс істеушілердің саны 8849 адамға жеткен, былтыр олардың қол күшімен өндірілген өнім, көрсетілген қызмет аумағы 9 млрд. 725 млн. 100 мың теңге құраған.

Біз өзіміз келтірген мысалдар арқылы жұмыссыздық мәселесі түгелдей шешілді немесе бір арнаға түсті деп айта алмаймыз. Бұлай айтудың өзі нақ қазіргідей әлемді алаңдатып отырған дағдарысты деп аталатын жағдайда жарасымды болып көрінбеуі де мүмкін. Мәселен, облыс орталығында өздеріне лайықты қызмет ретін келтіре алмай жүрген немесе таңдауына жолықпай жүрген  мұғалімдер, заңгерлер, экономистер аз емес. Оның есесіне кейбір мамандықтар бойынша зәрулік және білінеді.

Осындай молшылыққа қарамастан, облысымызда мұғалімдер кадрларына қардарлық әлі де байқалады. Қазіргі уақытта облыс бойынша 13679 оқытушы еңбек етеді, оның бестен төрті жоғары білімді. Биылғы жылғы тамыз айының басына жалпы алғанда 482 әр түрлі пән ұстаздары жетіспейтіндігі байқалды. Әсіресе, Алға, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау аудандарының шалғайдағы мектептеріне кейбір белгілі бір мамандықтағы жоғары білімді мамандардың аяғы жете бермейді. Бірқатар аудандарға жас мұғалімдерге тұрғын үй, көтерме ақы беріледі. Мұның өзі үлкен өмір жолына енді қадам басқан жас мамандарға нақты қолдау ғана емес, сондай-ақ оларды тұрақты еңбек етуге орнықтырудың айқын бір ықпалды шарасы. Дегенмен, жастарды қала тіршілігі «құрсауынан» босата бермейтін секілді. Әрине, таңдау – әркімнің өз шаруасы.

Қазір жергілікті газеттерді қарай қалсаңыз немесе теледидарды аша қойсаңыз «жұмысшы талап етіледі» деген хабарландыруларды жиі көресіз. Олардың арасында автокөлік жөндеушілер, аспаздар, көлік жүргізушілер, қорықшылар, тіпті бухгалтер-экономистер, бас бухгалтерлерге дейінгі тізімдер көз сүріндіреді. Тіпті шаруа қожалықтарында еңбек ету үшін отбасылы малшылар да шақырылады.

Сөз реті келгенде айта кетейік, биылғы көктемде Ойыл ауданында болғанымызда, осында еңбек жәрмеңкесіне қатысқанымыз бар. Сонда тым жақсы айлығы, біршама жағдайы ұсынылған мал бағу шаруасына қайратты жас отбасылы жігіттер аса құлшынына қоймағаны сезілді. Демек, олардың басқа да таңдау реттері болып тұр.

… Ақтөбе қаласының «Шығыс» базарына қарай шығатын күре жол бойында осыдан бірер жыл бұрын жастар топ-топ болып, тоқтай қалған көліктерге елеңдесіп тұратын. Олар қандай жұмыс болса да  талғамай атқарып, бергеніңді ала салатын дәрежеде тұратын. Қазір байқасаңыз, олардың тобы азайған. Оның есесіне сол аз топтағылар кез-келген жұмысқа жалдана бермейді. Олардың көбісі – кәсіби адамдар. Яғни, кез-келген адам атқара алмайтын шаруаларды тындырады және бағаны енді өздері ұсынады. Бір қызығы, олар отыз-қырық мың теңге жалақысы бар тұрақты жұмысқа қызықпайды. Себебі, бұлардың жұмыс күшіне сұраныс бар және тапқан табыстары отбасыларын асырауға толығынан жетеді.

Ең бастысы, сөз басында айтқанымыздай, денсаулығың болса, жұмыс жеткілікті. Ерінбесең болғаны, ертеңгісін еңбек етемін деп шыққан адам кешкісін отбасына еңсесін тік ұстап орала алады.

… Сонымен, биылғы жыл тұрғындарды жұмыспен қамтудың бір адым ілгері басқан кезеңі болды десе де болғандай. Ала жаздай қала көшелеріндегі әлеуметтік жобалар бойынша жұмыс істеушілер, сондай-ақ «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік жол құрылысы бойындағы шаруаға бел шешіп шыққан ауыл адамдары, бұған қоса өз тірліктерін одан әрі дамытқан шағын кәсіпкерлікпен шұғылданушылар жұмыссыздық туралы әңгіме қозғауға ешқандай мүмкіндік бермейді-ау деп ойлайсың кейде.

Жол жаңғырса – жолаушы қуанады

Соңғы уақыттары біздің өңірдің жолдары кәдімгідей ерекше қарқынмен жақсара бастағаны жолға шыққан жолаушының көңілін жадыратады.

Әйтеке би ауданы бағытына сапар шексеңіз, баратын жеріңізге көп қиналмай жететіндігіңізге енді күмәнданбайсыз. Ырғыз қарай бұрылсаңыз да бүгін болмағанымен күні ертең нақ сондай күйді бастан кешетініңізге және сенесіз. Ал Ойылға бағыт ұстау бұрынғыдай басыңызды ауыртпайды. Тіпті Саралжын тұсындағы үлкен көпірден өтіп бара жатқаныңызда осы ауқымды құрылыстың қай уақытта салынып үлгергеніне де таң қаласыз.

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік дәлізінің Ақтөбе жерінен өтуі де осындай оң өзгерістерге игі әсерін тигізіп жатқаны сөзсіз.

Осы ауқымды бағдарлама бойынша Қазақстан территориясында 2309 шақырым қайта жаңғыртуға жататын болса, оның ішінде Ақтөбе облысының территориясы бойынша «Ақтөбе қаласының солтүстік айналымы» жаңа жол құрылысын қоса алғанда 621 шақырым құрайды.

– «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» үлкен жолының пайдалануға берілуі ең алдымен оның бойында орналасқан біздің өңір тұрғындары үшін қай жағынан да тиімділік әкелуде, – дейді «Қазақавтожол» мекемесінің облыстық филиалының бөлім бастығы Ақылбек Еламанов, – сондай-ақ бұл экономикалық тұрғыдан да көптеген оң өзгерістерге негіз қалауда.

2006 жылдан бері жолаушылар осы ұзын жолдың жаңғыртылуын айқын сезіне бастады. Нақ осы кезеңде Ақтөбе қаласынан Қарабұтақ селосына дейін созылған 215 шақырымдық учаске бұрын-соңды болып көрмеген дәрежедегі стандартқа көтерілді.

Негізінде Қарабұтақ-Ырғыз бағытындағы 215 шақырымға созылатын автожолды жөндеу жұмыстары 2007 жылы қарқын алған еді. Оған 2010 жылы аяқтау талабы қойылып, 21 117 283 мың теңгенің келісім-шарты жасалған болатын. Мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңімпаз атанған «Иврус» және «Дена Рахсаз Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қазіргі уақытта жұмысты қарқынды жүргізуде.

Ендігі бір ауқымды жұмыс Орынбор бағытында болмақ. Ақтөбе қаласынан Мәртөк селосы арқылы Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі 102 шақырымдық автожолды қалпына келтіру жұмыстары келесі жылы басталып, 2011 жылы толығымен аяқталады деп күтілуде. Биыл осы бағыттың автожолының жобалау-іздестіру жұмыстарын қолға алынды.

2011 жылы «Ақтөбе қаласының солтүстік айналымы» автожолының құрылысы басталады. Ол бір жыл шамасында пайдалануға берілмекші.

Бүгінгі күнгі есеппен қарағанда Ақтөбе облысында республикалық маңыздағы деп есептелетін 2872 шақырым жол барлығы көрінеді.  «Қазақавтожол» мекемесінің облыстық филиалында тұрақты түрде 500 шамасындағы адам еңбек етеді. Маусымдық жұмыстар кезінде оның көбейетіндігі сөзсіз. Ал биылғы жазда жол бойында жалпы көлемі 1700 адам жұмыс істеді. Оның үштен біріне жуығы жол бойында тұратын  жергілікті тұрғындар есебінен шығарылды.

Жергілікті маңызы бар жолдар да жөнделу үстінде. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де болса тиянақтылықты қажетсінеді. Әсіресе, Ақтөбе – Ембі бағытындағы тас жол жолаушылар талабын қанағаттандыра алмай келеді.

Биыл«Жол картасы» бағдарламасы аясында облыста көптеген көлік жолдары қайта  жөндеуден өтіп жатыр. Солардың қатарында «Ақтөбе қалалық жол құрылысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Алға – Есет батыр» автожолына орташа жөндеу жұмыстарын  жүргізуді қолға алды. Бұл бағытта республикалық және жергілікті бюджеттен 261 миллион 800 мың теңге бөлінді. Аталған жол құрылыстарына жергілікті материалдарды пайдалану талабы жүзеге асты. Осы ретте мұндағы құрылыс жұмыстарына «Ақтөбе рудалық емес материалдар комбинаты», «Мұнай-Сервис-ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты отандық тауар өндірушілердің өнімдері пайдаланылды. Ең бастысы – жол салуға қатысты стандарттар өлшемдерін қатаң сақтап, технологияны өз жүйесіне сай қолдану екендігі – жолшылар үшін белгілі талап. Қазіргі уақытта осы талап үдесінен шығуға ұмтылу, сондай-ақ тиісті бақылау орындарының бұл мәселеге жоғары деңгейде қарауы қуанарлық жайт.

Қалай дегенде де жолдарымыз жақсара бастады. Нақ осы күндері Ырғыз өзенінің үстінен өтетін алып көпір пайдалануға беріліп, автожолдың ажары бір кіріп қалды. Енді келесі жылы жол жөндеушілер Арал бағытындағы қиын жолдың келбетін келістірсе, көп проблема шешілмек.

Ал одан да әріге ой жүгіртсек, енді бірер жыл шамасында ақтөбеліктер Батыс Қытайдың Ляньюньган, Чженчжоу, Ланьчжоу, Үрімші, Хоргос елді мекендеріне дейін, Батыста Санкт-Петербургке дейін жол қиындығын көрмей, өз көлігімен жайбарақат жете алатын болады. Ал батыс пен шығысты жалғастыратын алып жолдың Ақтөбе арқылы өтуі өңір экономикасын оң өзгерістерге бастайтыны және сөзсіз.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button