Жаңалықтар

Сыныптастар

Қарабұтақ-1965

Қарабұтақ орта мектебін 1965 жылы 38 түлек бітіріп еді. Көпшілігі ауылда еңбек етті де, жиі кездесіп, мереке – тойларда бас қосып, қуаныш-қайғыларын бірге бөлісіп тұрды. Содан да болар, бұрынғы жылдарда сыныптастар кездесу өткізуді ескермепті. Таяуда 50 жылдан соң, Ақтөбе қаласында бірінші рет кездесті. Кездесуді ұйымдастыруға Қарабұтақ, кейін Әйтеке би аудандарының әкімшілігінде басшылық қызметтерде болған, белгілі азамат Бақыт Исатаев ұйытқы болды. Кейінгі жылдары отбасы жағдайымен, бала-шағаларының қамымен еліміздің, облысымыздың әр өңіріне көптеп қоныс аударған сыныптастарына хабар салды. Дәріс берген ұлағатты ұстаздарын іздестірді. Олардың көбі әлдеқашан өмірден өтіп кеткен. Бірге бір сыныпта оқығандардың ішінен де 8 бала, 5 қыз бүгінгі күнге жете алмаған. Көңілге медет сол – ұрпақтары бар екен.
—Кездесуге бір кісідей жиналдық деп айта алмаймыз. Денсаулығына байланысты Алматыдан — Мұратбай, Хромтаудан — Жолдыбай келе алмады. Есесіне, хабар жеткен сәтте Алматыдан сыныптастарымыз Әдемі, Жұмагүл, Маруся, Астанадан Әбдіманат келді. Қалғандарымыз облысымыздың әр аудандарынан жиналдық. Ұстаздарымыздың ішінен, сынып жетекшіміз, тарих ғылымдарының кандидаты Кәдірбай Жолдасов ағайдың қатысқанына шүкіршілік етіп, қатты қуандық. Әрқайсымыз өзімізді шәкірт ретінде есеп беріп отырғандай сезіндік, — дейді кездесуді ұйымдастырушылардың бірі.
Осы жерде білетін замандастары ретінде, бұл ұрпақтың есебінің жеңіл болмағанын да айта кетуіміз керек сияқты. Ілгерідегі тар жол, тайғақ кешу заманындай болмағанмен, бұл буын да біраз әуре-сарсаңды бастан кешкенін білетінбіз. Хрущевтың ғұмыры екі –ақ жыл болған онбіржылдық оқу бағдарламасына тап болды. Бұл — баланы бес жасынан оқытатын сол кездегі дамыған шет елдердің тәжірибелеріне әсіре-қызыл еліктеу еді. Ал біздің елімізде жағдай басқаша болатын, міндетті жеті жастың орнына сегіз, тоғыз жаста мектеп табалдырығын аттайтындар кездесетін. Оның үстіне, оқу үлгермеген оқушыны бір сыныпта бірнеше жыл отырғызу тәртібі бар еді. Содан да, онбіржылдықты бітіргендер кемі 18, тіпті 20-21 жасқа келіп қалатын. Мұның әр жағы – қыз бала үшін тұрмысқа шығу болса, жігіттерді, міндетті Отан алдындағы борышын өтеу дейтін кеңес заңымен бекітілген, әскерге алу шарасы күтіп алатын. Ол кезде жай құрамада әскери қызмет өтеу үш жыл, теңізшілер үшін төрт жыл болғанын ұмытпаңыз. Әне, сондай жағдайда, онсыз да онбір жыл оқып кешігіп бітірген орта мектептен кейін білім алуды жалғастыру, институттар мен университеттерде оқу оңай шаруа емес еді.
Біз әңгімелеп отырған қарабұтақтық түлектер де осындай көп уақыт жоғалту күйзелісін басынан кешті. Бірақ соған қарамастан сыныптастардың барлығы дерлік жоғары, арнаулы орта оқу орындарын бітіріп, еңбекке араласты, шаңырақ көтеріп, бала сүйді. Бүгінде жарты ғасырды артқа тастап, зейнеткерлік жастан асып немерелерін қызықтап отырған жағдайлары бар.
Кезінде осы сыныпты бітірген Өтеген, Әбдіжәми үлкен шаруашылықтарды басқарды. Зоотехник Нажмадин, Аманкелді мал шаруашылығында, Амантай, Нұртас, Марат, Баймұхандар техника саласында еңбек етті. Ал Өмірбай мен Әбдіманат жоғары білімді дәрігерлер болса, Мәншүк, Жанайым, Айбала, Күнзира, Төретай, Рахима да медицина саласында үлгілі қызмет атқарды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, Бақыт, Маруся, Жолмұрат, Сафура ұстаздық жолды қалады. Спорт саласының ардагерлері, КСРО спорт шеберлері Зейнолла, Жолдыбай кезінде одақтық, республикалық жарыстарға қатысып, облыстың даңқын шығарды. Кейін спорттың күрес, бокс түрлерінен жаттықтырушы болып, талай шәкірттер тәрбиеледі. Партия-кеңес жұмысында, еліміз тәуелсіздік алған жылдарда мемлекеттік қызметтерде жауапты істер атқарған Мұратбай, Смағұл, есеп-қисап, сауда саласының майталмандары Жарылқасын, Шолпан да сыныптастарының жиі ауызға алып отыратын жақсы құрбылары.
Сыныптастар елу жыл өткізіп барып, Ақтөбе қаласында жолыққан сағынышты кездесу сәттерін сөзбен айтып жеткізе алмайды. Кездесу кезінде көңіл толқытқан жағдайлар аз болмаған. Қалай дегенде де, бір мектепті бітірген құрбылар жетпісті қуысырып көрісіп тұр ғой…
Осы күні олар балалық шақтарын, мектеп қабырғасында өткізген қызықты жылдарын еске алып, қаланың көрікті тарихи жерлерін көп аралады. Әйтеке би, Т.Ахтанов пен Қ.Шаңғытбаев ескертіштері алдында ескерткіш суретке түсті. Қазақстанның тұңғыш Президенті атындағы саябақта болды. «Нұр ғасыр» мешітіне барып, өмірден озған сыныптастары мен ұстаздарын еске алып, оларға құран бағыштады.
Қаланың сәнді жерлеріне жасалған серуен соңында «Бәйтерек» мейрамханасында кең отырып демалды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button