Мәдениет

Сиқырлы әлемнің суретшісі

Театр

«Алақай» қуыршақ театры десе, алдымен оның директоры әрі бас суретшісі  Әсия Тәжібекқызы бірден есімізге түседі. Қуыршақ театрында сахна суретшінің рөлі режиссерден бір кем емес. Спектакльдің тақырыбына, режиссердің көркемдік  шешімдеріне сай неше түрлі қуыршақтардың эскизін жасау, сахнаны безендіру —  күрделі процесс.  ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Әсия Құрманалина — «Алақайдың» кәсіби  деңгейін өсіру жолында ізденістерге барып жүрген суретші. Биыл облыстық қуыршақ театрына  30 жыл толады, соған орай Әсиядан өнер ордасының достары туралы әңгімелеп беруді өтінген едік.

— Қуыршақ театрына деген қызығушылығыңыз неден басталды?

— Алматыдағы көркемсурет училищесін «сахналық костюмдердің суретшісі» мамандағы бойынша тәмамдап, Ақтөбедегі орыс драма театрына  суретші болып жұмысқа келдім. Театрда Владимир Дубровский деген бас суретші болды. Кейін сол кісі қуыршақ театрына қызметке ауысып кетті. Тоқсаныншы жылдары тарихи отанына қоныс аударды. Кетерінде мені өзінің орнына қуыршақ театрына бас суретшілікке шақырды. «Сурет салу қолымнан келеді ғой,  шамалы жұмыс істеп көрейін» деп осында келдім. Қуыршақ театрының суретшісі болу оңай-оспақ дүние емес екен. Сан түрлі шаруасы бар. Тап-тұйнақтай етіп безендіріп, шағын декорация жасау, қуыршақтарды дайындау дегеніңіз ұшқыр қиялды ғана емес, ұсынақтылықты да талап етеді. Өзім бір шаруаны қолға алсам, кейін сол істегенім үшін ұялмайтындай етіп орындауға жасымнан дағдыланған адаммын. Оның үстіне КСРО тарағаннан кейін  қуыршақ театрына бұрын Харковь, Ленинград қалаларынан  келген режиссерлер де, актерлер де өз елдеріне кеткен, мамандар тапшы, қысылтаяң кез еді.

— Осындай тығырықтан қалай жол таптыңыздар?

— Қуыршақ театрында қолтаңбасы қалған режиссерлердің ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Ленинград өнер институтының түлегі, қуыршақ өнерінің білгірі  Бекболат Пармановты жеке-дара атауға болады. Сол кезде  қуыршақ театрына  жергілікті кадрларды жинақтай бастадық. Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің түлектері Гүлнәр Баймағамбетова, Анар Махамбетова, Қайрат Амантұрлин сияқты жастар жұмысқа келді. «Айлакер түлкішек» деген спектакльді қойдық. Өзім де қуыршақ театрының қыр-сырын біртіндеп түсіне бастадым. Содан бері Бекболат Саттарұлымен әріптестік, достық қарым-қатынасымыз әлі күнге жалғасып келеді. Ол — интеллектісі жоғары,  өз ісіне берілген, адамгершілігі, жауапкершілігі мықты адам. Қуыршақ өнерінен хабары аз актерлерге қуыршақпен қалай жұмыс істеу керектігін үйретті, сахна қозғалысы мен сахна тілінен сабақ берді, олар қойылымнан кейін кәдімгідей өзгерді.

Бекболат Парманов одан кейін «Дала аңызы: Уа, Алдар!» спектаклін қойды. Осы спектакльді Башқұртстанның Уфа, өзіміздің Астана  қаласында өткен театр фестивалінде  этнографиялық безендірілгені  үшін жүлде алды. Бұл спектакльде 30  шақты қуыршақтың түрі жасалды.  Өткен жылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» лиро-эпостық жырының желісімен  Гүлжайнар Қалдина жазған «Сезім жібі» инсценировкасы бойынша спектакль қойды.

— «Алақай» театрының Ресейден шақыратын режиссерлерінің көбін біз де танимыз. Олардың ерекшелігі — бар есі-дерттері қуыршақ өнерінде, бар әңгімесі де соның айналасында.

— Иә, олар — өз кәсіптеріне адал адамдар. Кәсіби шеберлігін ұдайы ұштап отырады. Мысалы, Орынбордағы театр фестивалінде танысқан Геннадий Гипиковпен достығымыздың нәтижесінде 10 спектакль дүниеге келіпті. Геннадий Никитичтің қойылымдары онға жетті дегенде өзіміз де таң қалдық. Ол Тольяттидегі «Дюймовочка» жекеменшік қуыршақ театрының директоры, әулетімен осы өнермен айналысады. Ол кісімен сұхбаттасудың өзі адамды рухани   жағынан байыта түседі. Менің әрі досым, әрі  шығармашылығымды түсінетін әріптесім. Өзі жаны жомарт, керемет актер, қағылез, құдды бала секілді, жүрген жері — мереке. Сахнаға шыққанда жарқырап кетеді.  Ортақ тақырыптарымыз көп. Бекболат Саттарұлымен де, Геннадий Никитичпен де отбасымызбен араласамыз.

— «Алақайдың» тағы бір досы театр сыншысы Ахмеджан Қадыровтың шәкірті екенсіз…

— Алматыдағы көркемсурет училищесінде оқығанымда, Ахмеджан Насырұлы бізге театр тарихынан сабақ берді. Менің театрға деген қызығушылымды оятқан сол кісі. Шетел, орыс әдебиетін оқуға деген ынтамызды арттыратын, лекцияны оқығанда аузымызды ашып қалатынбыз. Соншалықты сөзге шешен, әдемі әзілі қалмайтын, шәкіртінің ынтасын аудартпай қоймайтын педагог. Қай театрда қандай спектакль жүріп жатқанын, қай драматургтың шығармасы екенін сұрағанда, ұятқа қалмас үшін-ақ тырмысып оқитынмын. Осы уақытқа дейін аралас-құраластығымыз үзілген жоқ, қазір телефонмен-ақ театр өнерінде болып жатқан жаңалықтарды бөлісіп отырамыз. Ахмеджан Қадыров «Алақайды» жақсы көреді, кемшілігімізді көрсетіп, әрдайым қамқорлық жасап жүреді.

Сол сияқты біздің театрда өтететін «Ассалаумағалейкүм» атты қуыршақ театрларының халықаралық фестиваліне қазылық жасауға  келген Ресейдің және Израильдің театр режиссері, сыншысы, қуыршақ өнерінің аты аңызға айналған майталманы Виктор Шрайман шеберлік кластарын өткізгенде, спектакльдерді талдағанда өзіміз жаңа бір мектептен өткендей әсерде қалдық. «Алақай» театрын жақсы көремін»,— дей отырып, біздің барлық жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді көрсетіп берді. Осындай өз кәсібінің шеберлері келгенде бір жасап қаламыз. Шабыт береді, жігерлендіреді. Ресейлік режиссер Сергей Балыков қойған «Тізгініңді босат та, құстай самға!» спектаклі де сценографиясы үшін жүлде алды. Сергей Николаевичтің актерлермен жұмыс жасау тәсілі де бөлек. Өзі жуас, біртоға адам. Актерлердіжақсы көреді, әрқайсысының тілін табады. Жүрген жерінде жаймашуақ атмосфера қалыптастырады. Екеуміз бір-бірімізді қас-қабағымыздан түсіністік, суретші ретінде маған да жеңіл болды. Осындай қуыршақ театрының кәнігі мамандарымен бірге жұмыс жасап, үлкен фестивальдарға барып, өздерінің кәсіби шеберлігін шыңдап келе жатқан «Алақайдың «актерлерінің болашағы зор деп ойлаймын.

— «Алақайдың» халықаралық дәрежеде танытқан қойылым — «Ат тұяғын тай басардың» режиссері Евгений Пермяков туралы айта кетсеңіз.

— Бұл қойылым мақтауға бірден  іліге қойған жоқ.  Оны қуыршақ театрының біргірлері  7-8 жылдан кейін ғана мойындады.

Пермяковпен суретші ретінде бір спектакльді қоятын болғандықтан, маған басында өте қиын тиді. Оның кейбір режиссерлік шешімдерін мен қабылдай алмаймын, біздің ұлттық салт-дәстүрлерімізге келіңкіремейді. Әйтеуір жағаласып жүріп, өзімнің ойлағандарымды да жүзеге асыруға тырыстым. Соның нәтижесінде қойылым жақсы шықты. Ол өзінің ұстанымынан айнымайды, спектакльдің  режиссерлік мызғымас конструкциясын жасайды. Жігерімен, сенімімен адамға рух береді. Менің одан үйренгенім де аз емес, біздің театрда салиқалы дүниелерді де сахналауға болатынын осы спектакльден кейін ғана түсіндім.   Рязаньда өткен халықаралық фестивальге біздің театр құрметті қонақ ретінде қатысқан-ды, сол жолы «Ат тұяғын тай басарды»  халық өте жылы қабылдады. Актерлерді сахнаға қайта-қайта шақырды. Сол күні ғана көп сөзге жоқ Евгений маған: «Сенімен жұмыс жасау өте қиын, бірақ қызық», — деді.

Сербиядағы фестивальде Ербол Исмағұлов осы спектакльдегі Құлыншақ  рөлі үшін «Үздік ер адам рөлі», ал  Әлімжан Ермекбаев «Үздік музыкасы үшін» номинациясын алды.

2012 жылы «Ат тұяғын тай басар» Алматыда өткен бүкіләлемдік қуыршақ театрларының фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алды. 2013 жылы Оралда өткен аймақтық театр фестивалінде «Ең үздік сахна суретшісі» номинациясына ие болды. Грекияда да осы спектакльге қатты қызықты. Ол елден алған әсерімді әлі күнге ұмыта алмаймын. Грекия — қолмен салған суреттей табиғаты көркем ел,  айнала көк,  жасыл, қадам бассаң, гүлмен көмкерілген көше, үйге кезігесің, аяғыңның  асты – көк шөп, ауасы таза, бұл – бізге таңсық болғанымен, оларда қалыпты жай. Пальма, кипаристері көз тартады. Бәрінің де ерекше күтімге алынғаны ерекше сезіледі. Ал жолдары қандай, тақтайдай тегіс!

Грекияға жолымыздың түсуі ойламаған жерден болды. 2006 жылы Болгарияның Пловдив қаласында өткен  халықаралық фестиваль кезінде сол шараның ұйымдастырушыларының бірі, Грекияның Килкис қаласындағы қуыршақ театрының  режиссері әрі директоры Сула Словак ханыммен банкетте жақынырақ танысып қалдық. Тіл білмей-ақ  ым-ишарамен-ақ түсінісуге болады екен, бір-бірімізге көңіліміз құлап, ыстық ықыласымызды білдірдік.  Жаны жайсаң, ақылды Сула Словок  сол жерде бізді өздерінде  өтетін фестивальға шақырды. Сөйтіп, Килкис қаласында өткен фестивальге қатысудың сәті түсті. Жасы жетпіске келіп қалған  режиссер әйелдің өмірге деген құштарлығы, адамдарға деген айрықша ықылас-құрметі бізді таң қалдырды.

— Театрдың тұрақты  репертуарына енген спектакльдерді алыстан ат арытып келген режиссерлер қояды. Сол спектакльдердің санаттан шығып қалатындары бар ма?

— Қуыршақ театрында спектакль қою қиын да күрделі жұмыс, олардың әрқайсысына арнайы декорация, қуыршақтар жасалады. Сондықтан біз мүмкіндігінше барлық спектакльді де сақтауға тырысамыз.

— Орынбордағы фестивальге барғанда «Пьеро» қалалық қуыршақ театрының құдды өз үйіңдей көрінетін берекелі де мерекелі шаңырағына қатты қызықтық. «Алақайдың» сыртқы-ішкі көріністері бүлдіршіндерді еріксіз тартып тұратындай болса екен дейміз.

— Әрине, «Пьеро» да,  Мытищидегі қуыршақ театрының ғимараты да сондай көз тартады. Ішінде буфеті, кафелері бар. Біз де көрген сайын қызығамыз. Өзіміздің театрдың қасбетін менмұндалап тұратындай етіп бояп қойсақ деген ой бар. Театрдың алдына болашақта спектакль кейіпкерлерінің мүсіндері қойылса дейміз.  Сондай-ақ ланшафттық дизайнын жасағымыз келеді. Екінші қабаттан 50 орындық кіші көрермендер залын жасақтау жоспарда бар. Орындықтардан бастап терезеге перде, жерге жаятын кілемге дейін бүлдіршіндердің көңіліне қуаныш сыйлайтындай болса.  Бүлдіршіндерге арналған камералық театр болса дейміз. Барлық мәселені қаржы шешеді. Буфет те ашуға болады.

Әзірге біздің қолымыздан келетіні — театрдың артқы жағындағы алқапты тазалап, гүл егіп қойдық.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button