Әлеумет

Бұқара

Ізет

ЕЛГЕЗЕК ЭРИК

2004 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен XXI ғасырдың ұлы жобаларының біріне баланған Хромтау – Алтынсарин теміржолы іске қосылғаны белгілі. Іргелі істің бір тармағы – 2005 жылы Әйтеке би стансасы ашылды. Жергілікті халықтан теміржол саласына мамандар  жетіспегендіктен, сырттан келіп жұмыс істеушілер де болды. Мен де дәм-тұз айдап Атырау өңірінен осында келдім. Жергілікті халық бізді жатсынбай, құшақ жая қарсы алды. Үлкені іні, кішісі аға деп сыйлады. Сондай ізеттілік таныта білген інілердің  бірі – Эрик Серікбаев. Қашан көрсең де жайдары, көңілді жүретін, бауырмалдығы да бәзбіреулерге үлгі боларлық Эрик туған бауырымдай болып кетті.

1983 жылы Әйтеке би ауданының Тереңсай ауылында Еламан мен Нағиманың отбасында жетінші бала болып дүниеге келген Эрик, Алланың берген дарыны ма, бар өнерді бойына жинаған жан. Спорттың футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі секілді түрлерін жете меңгерген және қандай да жарыс болмасын басы- қасында жанын салып жүрген Эрикті көреміз. Талай рет байрақты бәсекелерде, дүбірлі додаларда жасындай жарқылдап топ жарғанына жинаған марапаттары мен Алғыс хаттары куә.

2005 жылдан бері Әйтеке би стансасында әскерилендірілген теміржол күзеті қызметінде еңбек ететін жас жолдастарының ортасында сыйлы. Өз ісіне мығым Эрик келген жүк құрамаларын мұқият тексеріп алып, қашан да тиісті жеріне аман-сау жеткізеді.

Бүгінде ол Мая есімді жарымен аяулы анасы Нағиманы қамқорлығына алып, Елнұр атты немере сүйгізіп отыр. Ардақты ана да риза.

Бірде Эрикке: «Қазақы ныспыға мүлде келмейтін Эрик есімін кім еншілетті?» –  дегенімде, ол: «Менің атымды қойған әкем екен. Мен дүниеге келген жылы Герман Демократиялық Республикасындағы басқарушы партия – Герман Коммунистік Партиясының төрағасы болып Эрик Хонеккер сайланыпты. Соның құрметіне қойған»,- деп жауап берді.

Сірә, әке марқұм кенже баласының болашағынан азаматтықтың арда исін сезсе керек. Әке жүрегі алдамапты.

Ерболат БЫТЫҚОВ,

Әйтеке би ауданы,

Комсомол селосы.

Жол

АРҒЫ ЖАҒЫ «ТРАССАНЫҢ», БЕРГІ ЖАҒЫ…

Жол-көлік оқиғаларынан, күнбе-күн беріліп жатқан суық хабарлардан құлақ тұнады. Алынып жатқан шаралардың да есебі жоқ. Бірақ үрлеген сайын өрши түсетін от жалындай апаттың екпіні басылар емес.

Қаланың Заречный елді мекенінің тұрғындары, әсіресе, Орск – Хромтау бағытымен жүйткіген ауыр-жеңіл көліктердің жылдамдығынан аса қауіптенеді. Екі жағы да ел. Бірінде  мекен-жайы болса, екінші бетінде жұмысы, мектебі, баратын жері бар. Ішекше созылған күре жолдың 1-2 жерінде ғана жолаушы жолағы бар. Соның өзінен кесіп өту қияметтің қияметі. Апырым-ай, көліктердің ышқынған жылдамдығы жолақтың қақ алдына тақағанда басылмайтынын қайтерсіз?! Жолаушылардың өту жолағында  әнебір жылы жан тапсырған қарияның не жазығы бар еді? Жауап жоқ. Содан бері де жолақтың маңайында, қиылыс жолдардың бойында талай көлік оқиғалары тіркелді. Күні кеше ғана Заречный маңындағы жолаушылар жолағының бойында екі көлік соғысып, бірінің арты, бірінің алды ұнталып жатыр… Мұндай сойқанды көргенде жолаушылар өтетін жолдың үстінен  аспалы көпір тұрғызса да бөтендігі болмас еді дейсің. Бағдаршам қайда деймісіз? Оны кім қояды? Әйтпесе тым болмаса жылдамдықты азайту белгісін, тіпті, әр жерлерге жылдамдық анықтағышты іліп қойса да болар еді ғой.

Ертең тағы оқу жылы басталады, әсіресе, қысқа қарай  бала түгіл, ересектің жолды кесіп өтуі аса қауіпті. Бәрінен де көлік жүргізушілерінің жылдамдықты азайтудың орнына бар даусымен «пебілдетіп», саған қолын кезеп, кіжініп өтетіні тіпті ақылға сыйымсыз. Ана жолақ кімге сызылғанын түсініп ал. Анда-санда жолдың бойында МАИ көлігін көрсек, әкемізді көргендей арқамызды тамға сүйеп қаламыз. Мұндайда күндегі апырып-жапырған көліктер де ілбіп қалады, соны көріп «і-і, бәлем, қалай екен, ал енді өткізбей көрші», – деп аяғыңды сен де санап басып, қыжылыңды басқан боласың. Бірақ қашан да жақсы нәрсенің бас-аяғы бір тұтам ғой. МАИ-дың көзінше «майпаңдап», олар кеткесін қайтадан «сойқандап» жүрген көліктер тағы да қарапайым жүргінші халықты «қайқаңдатып» күнделікті таз қалпына түсіреді…

Құзырлы орындардың құлағына қалаған сырғасы.

Зәуреш БАСЫҒАРАЕВА,

журналист.

Көмек

БЕС ҮЙДІҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ

Қазір аудан орталығы Шұбарқұдық кентінде 37 көп қатарлы тұрғын үй бар. Сол үйлердің бесеуінің канализация желісі істен шығып, көп жылдан бері жертөлесі лас сулар мен қоқыстарға толып қалған болатын. Кент әкімі Н. Қалауовтың айтуынша, ол үйлердің төбесі, жертөлесі, кірер дәлізі ортақ меншік болып саналғандықтан, мәселені шешуде  бюджеттен қаржы бөлінбейді. Бұл туралы еліміздің «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңында қаралмаған.

Дегенмен аудан әкімі Бауыржан Қаниев тұрғындардың бұл тығырықтан шығуына жағдай жасады. Канализация желілері күрделі жөндеуді талап етіп тұрған әлгі бес үйге мұнайшылардың демеушілігімен жиналған 5 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Тұрғындардың жинаған қаржылары  іс істеушілердің еңбекақысына жұмсалып отыр.

Бүгінде екі трактор тіркемесімен көп жылдан бергі қоқыс үйінділері тазартылып жатыр. Енді аудандағы «Көлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жертөледегі лас суларды соруды өз міндетіне алмақ.

М.КЕМЕШОВ,

Темір ауданы.

Мерейтой

АУЫЛ АҚСАҚАЛЫНА ҚҰРМЕТ

Кезінде ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек еткен Едіреш Ысқақұлы бүгінде сексеннің сеңгіріне шықты. Жуырда бадамшалықтар ел құрметіне ие болған ақсақалдың мерейлі жасын атап өтті.

Сұрапыл соғыс жылдарында еңбек жолын бастаған Едіреш ақсақал әуелі кеңшарда мал бағып, кейін теміржол саласында қызмет істейді.  Әке-шешеден ерте айырылған ол жетімдіктің зардабын тарта жүріп, мал дәрігері мамандығын игереді. Қолында табақтай дипломы бар жас маман осылайша ауыл еңбегіне    біржола бет бұрады. Ол бір жылдары Кемпірсай ауылдық кеңесінде хатшы қызметін атқарады. 1953-1968 жылдар аралығында  ауылдың саяси-идеологиялық тәлім-тәрбие жұмысына белсене араласады.  Зейнет жасына шыққанша ақсақал  ұжымшарда басқарма төрағасы, төраға орынбасары, ұжымшар партия ұйымының хатшылығын қоса атқарады. «Октябрь революциясы», Еңбек Қызыл Ту,  «Құрмет белгісі» ордендері мен медальдары – кезінде ол жасаған еңбектің ескерусіз қалмағанының бір белгісі.

Қазір аудандағы Кемпірсай, Жосалы, Қарабұтақ ауылдарына қатынайтын автокөлік жолдарының әлі де пайдаға жарауына бір кездері Едіреш ақсақалдың еңбегі сіңді. Оның мәдениет саласын көркейтуге қатысты жасаған игілікті істері де бүгінгі күні ауылдастарының есінде.

Ауылдастары ұйымдастырған мерекелі шараға халық көп жиналды. Бүгінде көзі тірі үзеңгілес достары мен өзінен тәлім-тәрбие алған шәкірттері қатысқан шарада  Едіреш ақсақал бір жасарып қалғандай болды.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қарғалы ауданы.

Сапар

МАХАББАТ МӘҢГІ ЕРТЕГІ

Газеттің өткен сандарының бірінде «Бұқара» бетінде «Ертең – Айнұрдың туған күні!» атты мақала жарық көрген еді.  Ғашықтар жырларының XXI ғасырдағы жалғасы болып, мәңгілікке жұптарын жазбай аттанған жерлесіміз Айнұр мен тараздық Болат есімін жастар ұмытпауы керек. Айнұрдың нақ туған күнінде Тараз қаласына жолым түсті. Барған күні екі жасқа арналған ескерткішке арнайы тағзым етіп, гүл шоғын қойдым. Айнұр мен Болат жайлы тақтада жазылған мағлұматты түгел оқыдым. Білім жолында жүріп табысқан  қос ғашықтың аққан жұлдыздай ғайып болғаны – орны толмас өкініш… Кейінгі жастар солар жетпеген арманды жалғастырып, еліміздің іргесі берік, қуатының нығаюына еселі еңбегімізді арнасақ деген тілек болды сол жерде. Бәлкім, осы ойды екі жастың рухы жеткізіп тұрған шығар. Ақтөбеде де Айнұр мен Болатқа арналған ескерткіш, мемориалды тақта орнатылса, артық болмас еді. «Өлгендерді еске алған сайын, олар тірілер қатарында» деген нақыл  сөз бар ғой.

Раушан ЖӘНІБЕКҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласы.

Ұрлық

«ШАЛҚАР СУЫНЫҢ» ҚҰРЫҒЫ

Өмірде қилы-қилы оқиғалар көп. Кейде айтушыдан, кейде жазушыдан солардың    бастапқы қалпынан да бояуы қанығырақ болатыны рас. Естіген құлақта жазық жоқ, Света есімді құрбымның әңгімесін қаз қалпында қағазға түсіргенмін. Әлқисса…

– Қазақтың тойы таусылған ба? Қонақтан кеш келіп, төсегімізге құлай-құлай кеттік. Түн ортасы ауа күйеуімнің «су, су…» деп қарлыққан даусынан оянып кеткенім. Бұранның шекені жаратын мұздай суынан ұрттаған да жоқ. Осының «Шалқар» суынан басқаны су демейтіні  де діңкені құртты. Есік алдында шағын дүкеніміз бар еді. Содан әкелмесем, үйдегі таусылыпты.

Дала жым-жырт. Тас қараңғы. Дүкенге беттеген бетім, сілейіп қаттым да қалдым. Есік   жартылай ашық, кілт аузында тұр. «Балалар ұмытып кеткені ме?» деп ішке ентелей кірсем… бүкшиіп отырған сойталдай жігіт әуелі аңырып тұрды да, менің есім кіргенше, зат толы сөмкі-пакеттермен тұра қашты. Қақпаның тарс жабылғанымен қоса шыққан даусым үйдегілерді өре түрегелтті. Қуып бердік. Қашқан ұстата ма? Қатар тұрған қай үйдің шарбағына сүңгіп кеткенін бір құдай білсін? Бірер сағаттан соң таң да атты-ау. Дүкеннен ұрланған заттар мен ақшаны есептедік. Біраз шығын келген. «Шығасыға иесі басшы» деген рас, есіктің аузына кілтті тастап, қақпаны жаппаған өз обалымыз өзімізге деп, балаларды сөгіп жүрмін. Ішің удай ашиды екен.

Кенет көзім есік алдында сайрап жатқан әлгі ұрының ізіне түскені. Шерлок Холмс болып із кеспеймін бе? «Бақсам, бақа екен» дегендей, бақсам, келесі көшедегі ауылдастың баласы боп шықты. Даладағы сәкіде ұйықтап жатқан жерінен тап бастық. Бұлтаруға шамасы келмеді. Заң жүзінде жаза қолдансақ, бірнеше баппен жауапқа тартылатыны аян. Аядық. Затымыз бен ақшамызды қайтарғанына риза болып, «қайтқан малда қайыр бар деумен» үйімізге беттедік.

Отағасының «Шалқар суынан» басқаны су демейтіні мұндай жақсы болар ма?

З. БАҚЫТҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласы.

Шарапат

РУСЛАН ЖӘНЕ ОНЫҢ «КОМАНДАСЫ»

«Ерден ердің несі артық, істеп жүрген ісі артық»  деген сөз бар. Ырғыз аудандық ішкі істер бөлімі бастығының тәрбие және кадр ісі жөніндегі орынбасары Руслан Маханов – кішіпейіл мінезді, атқарған істері жарқырай көрініп жүрген азамат. Алғашқы үш жылда органдағы қызметі үш рет ауысты. Мүмкін, сол кездегі аудандық ішкі істер бөлімінің басшылары құлшынысы бойына теуіп тұрған жігерлі жасты ел тыныштығын қорғау ісінің әр саласында сынап көрмек болған болар.

Әуелі ауданның ең шалғай өңірі – бұрынғы Киров атындағы кеңшар, қазіргі Құмтоғай селолық округіне учаскелік инспектор етіп жіберілді. Бұл бір тентегін тезге өздері салып отыратын, полицияны көп қажет ете бермейтін ауыл еді. Нағыз жұмыс істейтін шағындағы жас инспекторға көп ұзамай әлдеқайда ауырлау посты –  аудандық ішкі істер бөлімінің жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторлығы тапсырылды. Мұнда бір жыл істеп, өзін тек қана жақсы қырынан көрсете білген Русланды басшылық келер жылы жол полициясына автокөлік инспекторы етіп жіберді, осы салада әуелі қатардағы қызметкер, кейін бөлімше бастығы болды.

Бұл кез елде автокөлік азайғанмен, есесіне оның проблемасы көбейген кез еді. Елде жүріп жатқан жекешелендіру кезеңінің бір  тіні МАИ арқылы өтетін. Елді есеңгіретіп кете жаздаған осы жұмыстың әділ жүруіне ат салысу, қаптаған құжаттарды бақылау азаматтың да әділдігіне сын еді. Руслан осы салада 8 жыл абыройлы еңбек етті.

Еліміз тәуелсіздігін алған 1991 жылы еңбек жолын бастағаны бір жағынан жасына байланысты сәйкестік болғанымен, екінші жағынан оны өзі жақсы ырымға балаған. Сол тәуелсіздігімізге 10 жыл толғалы жатқанда жас кадр аудандық ішкі істер бөлімі бастығының тәрбие және кадр ісі  жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Бұл кезде Руслан қызметінен қол үзбей жүріп, Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітіріп алған болатын.

Жігітті жақсы қырынан көрсететін оның бойындағы бастамашылдық қасиет болса керек. Руслан да әрдайым ауданның мәдени-спорттық шараларының басы-қасында жүреді. Тек өзінің полицейлік міндетін атқарушы емес, сол шаралардың ұйымдастырушысы, қатысушысы болып жүреді.

2004 жылы Руслан мен сыныптастарының мектеп бітіргендеріне 20 жыл толды. Осыған байланысты Руслан Ырғыздағы сыныптастарын жинап, орталарына ой тастады: «Мектеп бітіргеніміздің 20 жылдығын атап өтейік, кездесу ұйымдастырайық әрі мектебімізге бір лайықты сыйлық жасайық. Біздің мектеп – облыстағы ең алғашқы салынған білім ордаларының бірі. Мектебіміздің негізін Ыбырай Алтынсарин қалаған, алда 125 жылдық мерейтойы келе жатыр. Осы мектептің бір жоқ нәрсесі – хоккей алаңы, соны салып берейік», – деп өз ұсынысын айтты.

Осылайша Руслан өз «командасымен» іске кірісіп кетті. Қаражат жинап, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды.  Олар құбыр, қаңылтырларды жабылып қалған кәсіпорындардан алды. Сөйтіп екі ай мерзімде мектептің үлкен спорт алаңының жанында «Тұлпар – 66» деп аталатын шағын хоккей алаңы пайда болды. Осынау бір игі іс үшін Русланға ұйымдастырушы ретінде аудан әкімі Мирхан Дуанбеков ризашылық білдірді, ата-аналар шын ықыласпен алғыс айтты.

Русланның балалық кезінен серік еткен өнері – спорт. Оның полицейлік мамандықты таңдауына да осы өнермен жастай достасқаны әсер еткені анық.

Мектепте жүргенде бала көңілі спорттың бірнеше түріне құмартты, қыста шаңғы тепті, спортзалға барып волейбол ойнады, күрес секциясына қатысты. Обалы не, спорт жай әуесқойлық болып қалмай, жақсы жетістіктерге де жетіп келеді.

Қазір де волейболдан аудан құрама командасының мүшесі.

Шынын айтсам, Русланмен жақын аралас-құраластығым жоқ. Бірақ соңғы екі-үш айда өзім куә болған азаматтығын айтсам деймін.

Ырғыз бен Ақтөбенің арасы 500 шақырымға жуық, оның 150 шақырымдайы – асфальтталмаған, ойық-шұңқырлары көп, ауыр жол. Бірде осы жолмен Ақтөбеден іссапардан келе жатып, жолда Руслан мен төрт жолдас жігітіне жолықтық. Олар сенбі, жексенбіні пайдаланып Ақтөбеде тұратын бір сыныптастарының қайтыс болған анасына көңіл айтуға бара жатыр екен.

Биыл қыс мезгілінде Ақтөбе қаласында тұратын жақын апайымыз дүниеден өтті. Сүйегін Ырғызға шалының қасына әкеліп жерлейтін болды, қас қылғандай сол күндері ауа райы бұзылып, әлсін-әлсін боран соғып, жол қатынасы қиындап кетті. Сүйек салынған және қайтқан кісінің бала-шағасы, ағайын-туыстары мінген автокөліктердің жолда қалу қаупі туды. Сонда қар тазартатын техника ұйымдастырып, әрі сол трактормен Руслан жолға өзі шықты. Сөйтіп, таңғы 4-те жолаушыларды да, сүйекті де Ырғызға жеткізді. Бұл бір қарағанда күнделікті өмірде кездесіп жататын жай ғана нәрселер сияқты. Тереңірек үңілсек, қазіргідей адамдардың бір-біріне деген жан жылуының тапшылығы асқындап тұрған кезде, Русланның бұл әрекетін биік азаматтықтың үлгісі деуге болады.

Ал жиырма жылға таяу уақыт Ырғыз аудандық ішкі істер бөліміндегі үлгілі еңбегі, жақсы қызметі үшін 2007 жылы желтоқсан айында ҚР Ішкі істер министірлігінің ІІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен, өткен жылғы желтоқсан айында «Үздік қызметі үшін» кеудеге тағатын белгісімен марапатталды.

Міне, қызметін мінсіз атқарып жүрген, спортта үздік Руслан Маханов ініміз әр ісіне ел риза болып жүрген азамат.

Рахымжан ӨТЕМІС,

Ырғыз ауданы.

Мәселе

Қала әкімінің назарына

1 МИЛЛИОН 200 МЫҢ ТЕҢГЕНІ ҚАЙДАН ТАБАМЫН?..

Жуырда редакцияға Сәрсенғали Сқақұлы есімді ақсақал шағымданып келді. Қарияның қолында бір бума құжаттары бар.

«Мен 2000 жылы қала маңындағы Заречный-2 поселкесінен жер алып, үй салып алдым. Бірақ менің үйімнің орналасқан жері өте ыңғайсыз. Өйткені ауламнан 8 метр қашықтықта сай бар. Сондықтан жеңіл-жүк автокөліктерінің қай түрі де менің ауламмен тақалып өтеді. Үйімде үш немерем бар. Оларды ауламыздың алдымен жүйткіп жүріп жатқан көлік қағып кете ме деп қорқамын. Мен ауламның алдынан автокөліктер заңсыз жүріп жатыр деп ойлаймын. Қазір қаладағы газ шаруашылығы мекемесі ауламның алдына автокөлік өтетін компенсатор орнатып қойды. Қазір бұл жермен көлікпен бірге жаяу жүргіншілер де жүріп жатыр. Компенсаторды үйден алшақ орнату үшін өз қаражатыма сайды тегістеу мақсатында 16 тіркеме топырақ төктірттім.  Осы мәселені айтып, қаладағы газ шаруашылығы мекемесінің табалдырығын тоздырдым. «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Ақтөбе  өндірістік филиалының директоры бұл істі қарамағындағыларға тексертті. Тексеру нәтижесінде мекеме мамандары компенсаторды сайға жылжыту үшін менен бір миллион 200 мың теңге талап етіп отыр. Мен мұндай  көлемді қаражатты қайдан табамын?» – деген сөздер жазылған арызын қария бірнеше мәрте қала әкімі Архимед Мұхамбетовтің атына жолдапты.

Әзірге ақсақал құзырлы органдардан нақты жауап ала алмай отырғанын айтып та қынжылады.

А.ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласы.

Асаба

ТОЙЫҢЫЗДЫ БАҒАЛАҢЫЗ…

Қазақтың қай тойы да асабасыз өтпейді. Көпшілік «тойдың жақсы өтуі асабаға байланысты» деп жатады. Бұл пікірді әбден құптауға болады. Өйткені көп жағдайда асабаның «тағдыры» тойдан кейін талқыға түсіп жатады, яғни келесі тойды басқару үшін бүгінгі тойды көңілді өткізуге тырысу – асабаның міндеті.

Мен де ел аузында мақтауы мен даттауы қатар жүретін асабалардың бірімін. Дегенмен әр кәсіптің өзіндік қиындығы барын да жоққа шығаруға болмайды. Тойға шақырылған қонақтардың уақытында келмей, асаба көңілін алаңдататыны бөлек әңгіме.

Қазір қалада еңселі мейрамханалар бой көтеріп жатыр. Той өткізуге  ыңғайлы, іші кең ғимаратта қонақтар да еркін отырады. Бірақ мұндай мейрамханаларды тұрғызуда ғимарат иесі асаба мен әншілердің жағдайына аса мән бере бермейді. Өйткені зәулім ғимараттың  іші қанша кең болғанымен, музыканың шығу дыбысына арналмайды. Соның әсерінен көпшілікке асаба айтқан әңгімелер жетпей жатады.

Бірде қаланың сондай бір зәулім мейрамханасында той өткізіп, бір аптадан соң ауылдық жерде болатын тойға асабалық жасадым. Қаладағыдай еңселі мейрамханада емес, қолдан жасалған шатыр ішінде ұйымдастырылған тойда әншінің де, асабаның да даусы қонақтарға анық естілді.  Бір қызығы, ауылда өткен тойға бір апта бұрын қаладағы мен басқарған тойдың  иесі шақырылған екен.  Ауыл тойы жоғары деңгейде өтсе керек, әлгі той иесі: «Неге менің тойымды осылай басқармадың? Тойда сенің даусыңды бірі естісе, бірі естімей жатты», – деп ренішін айтқаны бар.

Той арқылы табыс табатынымыз рас. Кейде таныс-тамырлар той басқарту үшін асабаны алдын ала «иемденіп» алады. Яғни той басқарғаның үшін беретін қаражаттың кем дегенде тең жартысын қалтаңа салып қояды. Той-томалақтың бел ортасында жүргесін түрлі жайттар да кездеседі. Бірде Кесімді азаматшаның әкесі жетпіске толатын болып,  той басқарту үшін маған  алдын ала тапсырыс жасап, он мың теңге ақшасын беріп қойды. Оның айтуынша, әкесі кезінде керемет қызмет жасап, қазір ел құрметіне бөленіп отырған жан. Тойдың жақсы өтуі үшін іштей дайындықпен жүрдім. Той болатын күні әлгі әйел: «Әкемнің бір туысы қайтыс болып, туған күн тойлауды кейінге қалдырдық. Он мың теңге ақшамды қайтарып бересіз бе?» – деп телефон тұтқасының ар жағынан солқылдап жыламасы бар ма.  Мен сол күні ақшаны әйелдің үйіне жеткіздім. Бірақ … әйелдің жүзінен мұң емес, маған деген сенбестік байқалып тұрғандай болды. Күдіктеніп, белгілі күні барсам… туған күн тойланып жатыр. Сол кезде: «Туысын өлімге қия салатын бұл қандай адам?» деген қорқынышты ой ойыма оралды.

Қасиетті Рамазан айының басталуына да саусақпен санарлықтай күн қалды. Ораза айында Алла тағала  әлгі әйелдің жүрегіне имандылық ұялатса деп тілеймін.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ,

Ақтөбе қаласы.

Сұрақ-жауап

КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАР ҚАТАРЫНА ЖАТАМЫН БА?

Құрметті «Ақтөбе» газетінің редакциясы!  Мен 7 баланы дүниеге әкелген анамын. Бірақ қазір балаларымның төртеуінің көзі тірі. Келер жылдан бастап 6-7 бала туған аналарды «Алтын алқа», «Күміс алқаға»  ұсынады дегенді естідім. Аудандағы құзырлы органдардың мамандары менің көп балалы ана қатарына жатпайтынымды айтады. Бірақ менің қолымда дүниеден озған балаларымның туу және қайтыс болғандығы жайында құжаттары бар. Мен көп балалы аналардың қатарына жатамын ба?

Раунақ ТАҢАТАРОВА,

Әйтеке би ауданы, Жабасақ ауылы.

Редакциядан: Азаматша Р.Таңатарованың  сауалына орай облыс әкімі аппаратының жетекшісі Константин Петровтың жазбаша жауабы: «1995 жылғы 12 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының наградалар туралы» №2676 Заңы бойынша мемлекеттік наградалармен наградтауды жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Осы Заңның VI   тармағы бойынша: 27-бабы – көп балалы аналарға арналған наградалар мыналар: «Алтын алқа» және «Күміс алқа»; 28-бабы -«Алтын алқа» алқасымен он және одан да көп бала туған және тәрбиелеп өсірген аналар наградталады; 29-бабы – «Күміс алқа» алқасымен сегіз және тоғыз бала туған және тәрбиелеп өсірген аналар сегізінші баласы бір жасқа жеткен және басқа балалары тірі болған ретте наградталады. Аталған Заң 1996 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне еніп, қолданылуда. Егер Заңға ресми түрде өзгерістер енгізілсе, Әйтеке би ауданы Жабасақ ауылының тұрғыны Р.Таңатарованың құжаттарының қайта қаралуына мүмкіндік туады. Бұл жағдайда ол Әйтеке би ауданының әкімдігіне хабарласуы қажет».

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button