Білім

Балдырған

Қанатты дос

Пингвин

Пингвин – суда жүзгіш құс. Бір ерекшелігі – басқа құстар тәрізді ұша алмайды, себебі қанаттары кішкентай. Бірақ сол кішкентай қанаты олардың суда шапшаң жүзуіне көмектеседі. Пингвиндер жүзуді ғана емес, сүңгуді де тамаша меңгерген.

Бұл құс көбіне Оңтүстік өңірлерді мекендейді. Империалист пингвиндер Антарктидада көп кездеседі.

Қыста ұрғашы пингвиндер мұз үстіне жұмыртқаларын қалдырып кетеді. Ал олардың серіктері жұмыртқаларды домалатып өз бауырларына қысып, құс болып қанаттанғанша екі айға жуық баптайды.

Біліп жүр

Би әлемі

Әр ұлттың өз биі бар. Және олардың қимыл-қозғалыстары бір-біріне ұқсамайды. Ертеде бидің өзіндік үлгілері, қадамдары болмаған. Адамдар ойша қимыл-қозғалыстар арқылы билеген екен. Ең алғашқы би ережесі осыдан 1500 жыл бұрын Жапонияда пайда болыпты.

Соңғы 200 жылда бидің көптеген түрлері пайда болды. ХІХ ғасырда Еуропа мен Солтүстік Америкада вальс пен жылдам қимылмен қозғалатын батыс билері қалыптасты. Ал 1940-1950 жылдары әлем бойынша рок-н рол билері жарық көрді. Бұл би әлем халықтары арасында кең таралды.

Жалпы, қай елде болмасын мереке ән-жырсыз, бисіз өтпейді. Мәселен, Орталық және Оңтүстік Америка тұрғындарын алайық, олар мейрам сайын карнавал ұйымдастырады екен. Тұрғындары әр мереке сайын көшелерге фантастикалық костюмдер мен түрлі маскалар киіп шығып, би билеп, думанды көңілді өткізеді.

Көлік

Велосипед

Велосипед – екі дөңгелекті жылжымалы көліктің бірі. Ең алғашқы велосипед ХVІІІ ғасырда пайда болды. Бірақ онда жүргізетін педаль болмады. Орындықты бекіту үшін желіге қосылған екі дөңгелектен құралды.

Ал педальды велосипед 1865 жылы пайда болды. Алайда бұл велосипедте  орындықты бекітетін арнайы серіппе салынбағандықтан, ойлы-қырлы жерлерден өту қауіпті болды. 1880 жылы ғана біздің күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрген велосипедтер қолданысқа енді.

Жазғы демалыс

Қызықты күндер

Жазғы демалысымда мен үнемі лагерьлерге барамын. Себебі лагерьлерде жаңа достармен танысып, уақытыңды тиімді өткізесің. Биылғы демалысымда Абай орта мектебіндегі «Дарын» танымдық лагерінде болдым. Үш маусымда арнайы ұйымдастырылған мектеп лагеріне балалар көп келді. Бірінші кезеңде 16 оқушы болды. Біздің тобымызға ылғи өнерлі, білімді, ғылыми жұмыстармен айналысатын балалар жиналыпты. Ал лагерьде бізді Гүлжайнар Жармағамбетова мен Гүлжаһан Бегімбетова апайлар тәрбиелеп, көп нәрселер үйретті.

Лагерьде бір күніміз бір күнімізге ұқсамай, қызықты өтті. Ербол Ашықбев пен Жәмила Қалиева тәрізді тәрбиешілеріміз балалардың әр уақытын қызықты өткізіп, түрлі шаралар ұйымдастырды. «Қандай көркем – туған өлкем» атты саяхатта  табиғат аясын тыныстап, түрлі спорттық ойындар ойнап, суға шомылдық.

Лагерьдің соңғы күнінде бір-бірімізбен қоштасу өте ауыр тиді. Біз лагерьдегі қызықты күндерімізді есте сақтау үшін алау жағып, ән айтып, би биледік. Келесі жылы да барлығымыз осы лагерьде бас қосуға уәде еттік…

Шәрбат ЖАҚСЫҒҰЛ,

Абай атындағы орта мектептің

5-сынып оқушысы.

Темір ауданы.

Ақтөбе – 140

Туған жер

Әр адамның туған жері өзіне ыстық. Туған жердің тау-тасы, сай-саласы, ауасы, тіпті, жүгірген құсы мен ұшқан аңы да ерекше. Мен үшін Ақтөбе – ең сұлу әрі киелі мекен.

Ақтөбе өзінің бай табиғатымен, Елек, Қарғалы өзендерінің тоғысқан жерінде тұрған әсем орнымен, Мұғалжар тауы сілемдерімен, жоғары жарыса өрлеген жасыл желегімен, Есеттей батыр бабамыз жау келе жатқан бағытты алыстан байқап көру үшін арнайы тұрақ қылған Бестамақтағы Қарауыл төбесімен, әр жаз сайын қаладан шыға бере басталатын алтын дәнді егістік алқабымен, өркен жайған өндірісімен, қарыштап дамыған ауыл шаруашылығымен, елдік дәстүрі, ерлік шежіресімен келген қонаққа ерекше әсер қалдырады. Осы жерде талай ғұлама ұл-қыздардың кіндік қаны тамып, тарихта із қалдырды. Айталық, өз еңбегімен танылған сазгер-академик Ахмет Жұбанов, әйгілі тарышы Шығанақ, батыр қызымыз Әлия және басқалар Ақтөбеден шықты.

Ақтөбе қаласы Қазақстанның ең көрікті де сәулетті, мәдени-өндірістік орталығы ретінде әлемге танылды. Оған қаламызда былтыр қыркүйек айында Қазақстан, Ресей басшыларының тікелей қатысуымен өткен экономикалық саммит үлкен себепші болды. Енді біздің қаламызды дүние жүзі халықтары жақсы білетін болады.

Міне, Ақтөбеде туып, Ақтөбеде өскен жас өркен мен үшін бұның барлығы үлкен қуаныш. «Күн сайын құлпырып, болашаққа қол созған туған өлкем – менің мақтанышым, туған қалам – алтын бесігім» деп әлемге жар салғым келеді.

Меруерт БАЙМҰХАНОВА,

№30 мектептің 8-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Оқушының өлеңі

Ақтөбем

Асыл қалам нұр-арайға бөленген,

Таңданумен, таң қалумен келем мен.

Бой көтеріп биіктерден көрініп,

Асқарлардан асарыңа сенем мен.

Ару ҚАРАТАУОВА,

№15 орта мектептің 7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Бетті әзірлеген Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button