Спорт

«Қайраттан» қайтадан ұтылдық

Премьер-Лига

 28 қыркүйек күні өткен 27-турдан соң «Қайрат» суырылып алға шықты. Өзін өкшелеген клубтан 9 ұпай артық жинап алды. Ал «Қайратпен» чемпиондық таласқа түсуге лайықты делінетін командалардың бірі жеңіліске ұшыраса, екіншісі тең ойынға әзер қол жеткізді. Екінші алтылықтағы жағдай тым өзгеше. Үш кездесу де тең аяқталған бұл топта Премьер-Лиганы тастап шығатын клубтар туралы болжам айтуға әлі ертерек сияқты.

«Ақтөбе» бұл турда сырт алаңда ойнады, жеңілді. Рас, өткен жолғыдай 1:7 емес, бар-жоғы 0:2 есебімен ұтылды. Дегенмен, бәрібір «Қайратқа» тағы да үш ұпай «сыйлап» оралды.

Екі таймның басында да ақтөбеліктер бірден шабуылға кіріскенімен соңғы сөзді екі ретте де алматылықтар тартып алды. 21-минутта бұрыштамадан тасталған допты Исаэль голға айналдырса, 53-минутта Бауыржан Исламхан алыстан соққан доп жібек торды тулатып-ақ тастады.

Және тағы екі гол қайраттық футболшылар ойыннан тыс қалғаны себепті есепке алынбады.

Бұған 42-минутта жарақат алып қалуына байланысты сұрмерген Жерар Гоудың алаңды тастап шыққанын, сондай-ақ бұл кездесуге түрлі себептермен «Қайраттың» негізгі жүкті көтеретін ойыншылары Артур Едигарян, Любомир Михалик, Самат Смақов қатыса алмағанын қоссақ, біздің спорттық ұжымымыздың қазіргі ахуалы туралы біржақты байлам жасамасқа амал да жоқ сияқты.

Бұл жолы алматылықтар «Ақтөбеге» өз мәнерінде ойнауға, өз ойларын жүзеге асыруға ешқандай мүмкіндік бермей қойды.

Сөйтіп соңғы үш ойында «Ақтөбе» бар-жоғы 1 гол соғып, 2 ұпай ғана жинаса, «Қайрат» 5 гол соғып, 9 ұпай еншіледі.

«Қайрат»-«Ақтөбе» — 2:0

Гол авторлары: Исаэл, 21-минут (1:0); Бауыржан Исламхан, 53-минут (2:0).

«Ақтөбе» командасынан ескерту қағазын алғандар: Валерий Коробкин, Маркос Пиззелли, Андерсон Сантана, Алексей Мулдаров. «Сары қағаз» «Қайраттың» үш ойыншысына көрсетілді.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Алексей Мулдаров, Тарас Царикаев, Дмитрий Мирошниченко, Маркос Пиззелли, Марат Хайруллин (Тимур Кападзе, 50-минут), Данило Неко, Роберт Арзуманян, Асхат Тағыберген (Павел Шабалин, 52-минут), Валерий Коробкин, Андерсон Сантана (Алексей Антонов, 69-минут).

Кездесуден соң «Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Газзаев көптен бері, бәлкім, алғаш рет қарсыластары күмәнсіз жеңіске ие болғандарын, өз командасы көптеген қателіктер жібергенін ашық айтты. «Гол соғу тым күрделі іске айналып кетті. Тіпті қайта-қайта пасты дұрыс қабылдай алмай жатқан шақта, гол соқпақ түгілі, гол соғуға ыңғайлы сәт ұйымдастырудың өзі мүмкін болмай қалып тұр», — деді ол.

Ал «Қайраттың» бас бапкері Владимир Вайсс қазірге дейінгі ең күрделі кездесу осы болғанын мойындады. Одан әрі: «Жігіттерім жарап тұр. Егер бірінші орында келе жатсаң, ал басқалар сені сол орыннан ығыстырғысы келетін болса, сенің рухың биік, тәртібің темірдей берік болуы керек. Мен командамды осы үшін қадірлеймін. Көбірек гол соғуға да болатын еді, бірақ мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық. Смақовсыз, Михаликсіз, Едигарянсыз ойнадық. Жас футболшыларға мүмкіндік берілді», — деді.

 

*   *   *

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Шахтер»-«Ордабасы» — 2:3

Гол авторлары: Азат Нұрғалиев, 42-минут (0:1); Еркебұлан Тұңғышбаев, 45-минут (0:2); Михрат Топчагич, 61-минут (1:2); Бекзат Бейсенов, 68-минут (1:3); Михрат Топчагич, пенальти, 90+1 минут (2:3).

«Қайсар»-«Астана» — 1:1
Гол авторлары: Антон Землянухин, 58-минут (1:0); Рохер Каньяс, 90+3 минут (1:1).

55-минутта Рохер Каньяс 11-метрлік айып добын қақпаға енгізе алмады.
Сұрмергендер

 

Мергендер көшін 12 доппен Милош Трифунович («Атырау») бастап тұр.

Біздің мергендеріміз:

 

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 6 доп (1-еуі пенальтиден соғылды);

Игорь Зенькович (шабуылшы) — 6 доп (2-еуі пенальтиден);

Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 5 доп;

Данило Неко (шабуылшы) — 3;

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 3 (1);

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы), Юрий Логвиненко (қорғаушы), Алексей Антонов (шабуылшы) — 2;

Павел Шабалин (шабуылшы), Тимур Кападзе (жартылай қорғаушы), Валерий Коробкин (жартылай қорғаушы), Андерсон Сантана (қорғаушы), Роберт Арзуманян (қорғаушы) — 1;

1 допты Сигурни Банджар («Тараз») өз қақпасына соғып алды.

 

                                              ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ         Т         Ж        Д         Ұп   

 

1 Қайрат       26       17       3          6          52-21  33       

2 Астана       25       12       10       3          42-18  27     

3 Ақтөбе       25       12       9          4          35-20  24     

4 Қайсар        27       9          11       7          25-26  22

5 Ордабасы  26       11       5          10       27-31  21

5 Шахтер       27       11       5          11       37-39  20

 

 

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

22-турдан соң екі топқа (1-6 орындар; 7-12 орындар) бөлінер сәтте әр команданың бірінші кезеңде жинаған ұпайы екіге бөлініп, жаңаша есептелгенін еске саламыз.

 

Тең текетірестер

 

7-12 орындар бәсекесінде 27-турдың барлық ойындары тең есептермен аяқталды:

«Атырау»-«Спартак» — 1:1

Гол авторлары:  Неманьи Йованович, 27-минут (0:1); Милош Трифунович, 28-минут (1:1).

«Жетісу»-«Тобыл» — 0:0

«Ертіс»-«Тараз» — 0:0

Бұл турда барлық командалар да бір ұпайдан ғана олжалағандықтан турнир кестесінде еш өзгеріс болған жоқ.

7-8 орындарды 19 ұпаймен «Жетісу» мен «Атырау» сақтап қалды.

9-10 орын иелері — бірдей 18 ұпайлары бар «Ертіс» пен «Тараз». Бұлардың өзара кездесуі барысында павлодарлықтар өз алаңында тараздықтарды жеңе алмады.

11-12 орындарда бұрынғыша «Тобыл» мен «Спартак». Қостанайлықтар да, семейліктер де бұл турда сырт алаңнан қоржындарына бір ұпайдан салып қайтты. Олардың да ұпайлары бірдей — 14.

Бір ескерерлігі, қазір 7-орын мен 12-орынның аралығын тура өткен турдағыдай әлі де 4 ұпай ғана бөліп тұр. Демек бұл топтан нағыз серкелерді атап көрсету тым қиын екендігін өткен жолы да айтқанбыз.

 

Сараң тур

 

27-тур ойындарында 11 гол, оның ішінде 5 гол бір ойында соғылды, төрт кездесу тең есептермен аяқталды.

Ең көп жанкүйер (10 мың адам) «Қайрат»-«Ақтөбе» кездесуіне жиналды. Бұл кездесу, жалпақ тілмен айтқанда, жанкүйерлердің төбелесімен «айшықталды». Талдықорған мен Атырау стадиондарына 2 мың адамнан ғана жиналды.

«Қайрат» соңғы алты кездесуінде де, соның ішінде өз алаңында өткен соңғы жеті ойында жеңіске жетті.

«Астана» екі таймға жалғанған қосымша уақытта ғана тең ойынға қол жеткізді.

«Шахтер» жетінші тур бойы жеңіске жете алмады, бұл жолы ұтылып қалды.

Қорғаушы Алексей Мулдаров «Ақтөбе» сапында Премьер-Лигадағы 50-ші кездесуін өткізді.

 

Жеке көрсеткіштер

 

«Ақтөбе» өз алаңында 12 кездесу өткізді: 8 рет жеңіп, 4 рет тең ойнады, ұтылған жоқ. 22 гол соқты, өз қақпасына 3 гол енгізді. Сырт алаңда 13 кездесу өткізіп, 4 рет ұтып, 5 рет тең түсті, 4 рет жеңілді. Қарсыластар қақпасына 13 гол соғып, өз қақпасына 17 доп жіберіп алды.

«Шахтер» өз алаңында биылғы чемпионат барысында бірінші рет жеңілді. Өз алаңында еш жеңіліс таппаған команда қазір «Ақтөбе» ғана.

Ал «Қайрат» осы турдан соң өз алаңында ең көп (10 рет) жеңіске ие болған команда атанды.

 

Деректер

 

Қазірге дейін Премьер-Лига командалары арасында 159 кездесу өткізілді.

81 рет алаң иелері жеңсе, 33 рет қонақтар басым түсті, 45 ойын тең есептермен аяқталды.

Қақпаларға 370 гол енді. Алаң иелері 237 гол соқса, қонақтар 133 рет мергендік көрсетті. Солайша орта есеппен әр кездесуде 2,33 гол соғылды.

Қазірге дейін ең көп (40 рет) қайталанған есеп — 1:0.

 

Кезекті тур

 

28-турдың ойындары 4 қазан, сенбі күні өтеді.

«Ақтөбе» сырт алаңда «Астанамен» кездеседі.

Бірінші кезеңде астаналықтармен екі рет кездесіп, сырт алаңда 27 сәуір күні 2:1 есебімен (Игорь Зенькович, Марат Хайруллин) жеңіп, 27 маусымда өз алаңымызда тең (1:1) (Валерий Коробкин, «Ақтөбе») ойнағанбыз.

1-6 орындар тобы:

«Шахтер» — «Қайрат»

«Қайсар» — «Ордабасы»

7-12 орындар тобы:

3 қазан, сенбі

«Жетісу» — «Тараз»

4 қазан, жексенбі

«Ертіс» — «Атырау»

«Тобыл» — «Спартак»

 

ТӘРТІП САҚТА, ЖАНКҮЙЕР!

 

Өткен аптада Қазақстан Футбол федерациясы Тәртіптік бақылау комитетінің кезекті отырысы өткізіліп, 26-тур ойындарына қатысты да бірқатар шешімдер қабылданды.

Ақтөбе қаласында өткен кездесуде «Қайсар» командасының бас бапкері Дмитрий Огай техникалық аймақтан асып кеткені үшін, оның үстіне бұл қайталанып отырған тәртіп бұзушылық болғаннан кейін 225 000 теңге айып төлейтін болды.

Ал «Ақтөбе» футбол клубы ойын алаңына жанкүйерлер түрлі заттар лақтырғаны үшін 300 000 теңге айыпқа жығылды.

 

Еуро-2016

 

КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУЛЕР: әуелі Голландия, сосын Чехия

 

10 қазан күні Қазақстан ұлттық құрамасы «Амстердам Аренада» голландиялықтармен ойнайды. Ал 13 қазанда өз алаңымызда, «Астана Аренада» Чехия құрамасын қабылдайды.

Бас бапкер Юрий Красножан кеңейтілген құрама мүшелерінің тізімін жария етті. Олардың арасында бес ақтөбелік футболшы бар. Толық құрам төмендегідей:

Қақпашылар: Владимир Логиновский («Астана»), Александр Мокин («Шахтер»), Стас Покатилов («Шахтер»), Андрей Сидельников («Ақтөбе»);

Қорғаушылар: Ренат Абдулин («Атырау»), Абзал Бейсебеков («Астана»), Илья Воротников («Тараз»), Марк Гурман («Қайрат»), Виктор Дмитренко («Астана»), Александр Киров («Шахтер»), Ермек Қуантаев («Қайрат»), Юрий Логвиненко («Ақтөбе»), Дмитрий Мирошниченко («Ақтөбе»), Ғафур Сүйімбаев («Ордабасы»), Генрих Шмидтгаль («Фортуна»), Дмитрий Шомко («Астана»), Константин Энгель («Ингольштадт»);

Жартылай қорғаушылар: Анатолий Богданов («Тобыл»), Аслан Дарабаев («Қайрат»), Бауыржан Жолшиев («Астана»), Георгий Жуков («Астана»), Бауыржан Исламхан («Қайрат»), Андрей Карпович («Атырау»), Ұлан Қонысбаев («Шахтер»),

Валерий Коробкин («Ақтөбе»), Станислав Лунин («Қайрат»), Азат Нұрғалиев («Ордабасы»), Самат Смақов («Қайрат»), Асхат Тағыберген («Ақтөбе»);

Шабуылшылар: Тоқтар Жаңғылышбай («Шахтер»), Таңат Нөсербаев («Астана»), Сергей Хижниченко («Корона»), Андрей Финонченко («Шахтер»).

Ал Голландия құрамасының бас бапкері Гус Хиддинктің кеңейтілген тізімінде Робин ван Перси («Манчестер Юнайтед», Англия), Арьен Роббен («Бавария», Германия), Клаас Ян Хунтелар («Шальке 04», Германия), Дирк Кюйт («Фенербахче», Түркия), Уэсли Снейдер («Галатасарай», Түркия) тәрізді жұлдыздар бар. Іріктеу додасының бірінші ойынында бұлар Чехиядан жеңіліп қалған болатын. Сол себепті Хиддинктің бұл жолы жасыл алаңға кіл мықтыларды шығармақ ойы бар сияқты.

Біздің құрама 9 қыркүйек күні өз алаңымызда Латвия құрамасымен тең (0:0) ойнағанын еске саламыз.

 

Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button