Спорт

Тықыр таянған шақ

Премьер-Лига

 20 қыркүйек күні өткен 26-турдың ойындары тықыр таянған шақ жеткенін тағы бір аңғартты. Көш соңында, 12-орында келе жатқан «Спартактың» 9-орындағы «Ертісті» жеңуі немесе чемпиондықтан үміткер «Қайраттың» сырт алаңда 34-минуттан бастап бір ойыншысының аз болуына қарамастан 1:0 есебімен жеңіске жетуі осының айғағы тәрізді. Сонау 1954 жылы құрылған «Қайрат» командасы өзінің 60 жылдық мерейтойына чемпиондық алтын медальды тарту етуге әбден бекінген тәрізді. Әрине, алда әлі «Қайрат» үшін 7 тур, «Ақтөбе» мен «Астана» үшін 8 тур, басқа командалар үшін 6 тур бар. Дегенмен «Қайраттың» ең көп ұпай жинап отырғанын, оған қоса басқаларға қарағанда ең аз ұпай жоғалтып отырғанын және ескермеуге болмайды. Олар «Ақтөбеден» 6 ұпай, «Астанадан» 4 ұпай көп жинап алды.

7000 жанкүйер қолдаған «Ақтөбе» бұл турда өз алаңында «Қайсарды» қабылдады.

Расын айту керек, жерлестеріміз жеңіске жетуге бар күштерін салды. Бірақ маусымның екінші жартысынан басталған сәтсіздік тағы да алдымыздан шықты. Тәп-тәуір ойын өрнегі бар секілді, бірақ тәп-тәуір нәтиже жоқ. Ал үш ұпай иемдену үшін гол соғу керектігі белгілі.

Бұдан бұрынғы ойында, «Шахтермен» кездесу барысында гол соғып, бірақ лезде, қосымша минутта қарымта гол жіберіп алған жерлестеріміз бұл ойында қарсыластар қақпасының жібек торын бір ретке болса да тулата алмады.

Рас, 18-минутта Марат Хайруллин тастаған тамаша пасты дәл қақпа алдында тұрып баспен соққан Дмитрий Мирошниченкоға дәлдік жетіспеді. Одан кейін Маркос Пиззелли соққан доп жібек торды қақпаның сыртынан ғана бүлк еткізді. Сол Пиззелли 30-минутта тепкен доп бағанға тиіп, кері серпілді… Әйтеуір екі тайм бойы жерлестеріміз шабуылдаудан тынбады. Бірақ, әлде бақ шаппады, әлде бап шаппады, әйтеуір, Кирилл Прядкиннің қақпасының құлпы ашылмай қойды.

Бұл ретте қызылордалық қақпашының да, қорғаушылардың да жан сала қимылдағанын атап өткен жөн. Бұған қоса «Қайсардың» футболшылары да есеп ашатын мүмкіндіктерін пайдалана алмай қалғанын ұмытуға болмайды. Мысалы, жас шабуылшы Елжас Алтынбеков біздің ашық қалған қақпаға сырғыта салудың орнына допты тым әуелете теуіп жіберіп, бармақ тістеп қалды.

Сөйтіп, кездесуде еш гол соғылмады.

Бұл нәтиженің «Қайсарға» тиімді болғанына дау жоқ. Олар «Шахтерді» басып озып, «Ордабасыдан» үш ұпай артық жинап, төртінші орынға табан тіреді. «Ақтөбеден» үш-ақ ұпай кемдігі бар.

Ал «Ақтөбе» негізгі қарсыластары болып есептелетін «Қайрат» пен «Астана» тәрізді үш ұпайға қол жеткізе алмай, пұшайман болып қалды.

«Ақтөбе»-«Қайсар» — 0:0

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Алексей Мулдаров, Тарас Царикаев, Дмитрий Мирошниченко, Маркос Пиззелли (Дидар Жалмукан, 78-минут), Марат Хайруллин (Абат Айымбетов, 64-минут), Данило Неко, Валерий Коробкин, Юрий Логвиненко, Андерсон Сантана, Алексей Антонов (Игорь Зенькович, 71-минут).

Кездесуден соң «Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Газзаев территориялық басымдылықпен, соншама ықыласпен ойнайтын команданың жүз пайыздық мүмкіндіктерді пайдалана алмауы футболшылардың жалынын сөндіріп тастайтынын, оның есесіне солайша әрбір соғылмай қалған гол қарсыластарға ерекше күш қосатынын айтты. «Жоспарланған ұпайға қолымыз жетпей қалды. Ойыншыларға айтарлықтай кінә де таға алмаймын. Команданың соншама ықыласпен ойнағанын көрдіңіздер, жеңіске жеткісі келді, бірақ олай болмай шықты», — деді ол.

Ал «Қайсардың» бас бапкері Дмитрий Огай бірінші кезеңнің нәтижесі бойынша команданың алғашқы алтылыққа енуі футболшыларға күш-қуат қосқанын айтты. Ол, әрине, өз командасы шеберлік жөнінен «Ақтөбемен» теңес алмайтынын, бірақ футбол қай кезде де нақты күннің нәтижесімен сөйлейтінін де ескертуді ұмытпады.

*   *   *

 

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Ордабасы»-«Қайрат» — 0:1

Гол авторы: Исаэл, 72-минут (0:1).

Дөрекілік көрсеткендері үшін жасыл алаңнан қуылғандар: Қайрат Әшірбеков, 35-минут («Ордабасы») — Артур Едигарян, 35-минут; Любомир Михалик («Қайрат»), 35-минут.

«Астана»«Шахтер» 2:0
Гол авторлары: Дмитрий Шомко, 36-минут (1:0); Патрик Твумаси, 48-минут (2:0).

 

Сұрмергендер

 

Мергендер көшін 11 доппен қос шабуылшы — Константин Дудченко («Ертіс») мен Милош Трифунович («Атырау») бастап тұр.

Фокси Кетевоама («Астана») мен Жерар Гоу («Қайрат») 10 голдан соқты.

Біздің мергендеріміз:

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 6 доп (1-еуі пенальтиден соғылды);

Игорь Зенькович (шабуылшы) — 6 доп (2-еуі пенальтиден);

Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 5 доп;

Данило Неко (шабуылшы) — 3;

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 3 (1);

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы), Юрий Логвиненко (қорғаушы), Алексей Антонов (шабуылшы) — 2;

Павел Шабалин (шабуылшы), Тимур Кападзе (жартылай қорғаушы), Валерий Коробкин (жартылай қорғаушы), Андерсон Сантана (қорғаушы), Роберт Арзуманян (қорғаушы) — 1;

1 допты Сигурни Банджар («Тараз») өз қақпасына соғып алды.

 

                                              ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп   

 

1 Қайрат      25       16       3          6          50-21             30       

2 Астана      24       12       9          3          41-17            26     

3 Ақтөбе      24       12       9          3          35-18             24     

4 Қайсар       26       9          10       7          24-25             21

5 Шахтер       26       11       5          10       35-36             20

6 Ордабасы 25       10       5          10       24-29             18

 

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

22-турдан соң екі топқа (1-6 орындар; 7-12 орындар) бөлінер сәтте әр команданың бірінші кезеңде жинаған ұпайы екіге бөлініп, жаңаша есептелгенін еске саламыз.

 

Айырмашылық — 4 ұпай

 

7-12 орындар бәсекесінде 26-турдың ойындары төмендегідей нәтижелермен аяқталды:

«Тобыл»-«Ертіс» — 0:0

84-минутта Захар Коробов («Ертіс») жасыл алаңнан қуылды.

«Спартак»«Жетісу» 3:1

Гол авторлары: Максим Азовский, 6-минут (1:0); Даниел Пеев, 24-минут (2:0); Нманья Йованович, пенальти, 63-минут (3:0); Мерсутдин Ахметович, 90+3 минут (3:1).

62-минутта Тарас Данилюк («Жетісу») екінші рет ескерту қағазын алғандықтан жасыл алаңнан қуылды.

«Тараз»«Атырау» 2:1
Гол авторлары : Олександр Яровенко, 61-минут (1:0); Милош Трифунович, 79-минут (1:1); Тимур Досмағамбетов, 88-минут (2:1).

Бұл турда сырт алаңда ойнаған «Жетісу» да, «Атырау» да жеңіліп қалғандарымен, екеуі де 18 ұпаймен бұрынғы 7-8 орындарын сақтап қалды.

9-10 орын иелері — бірдей 17 ұпайлары бар «Ертіс» пен «Тараз». Павлодарлықтар сырт алаңда тең ойнаса, тараздықтар өз алаңында ұтысқа қол жеткізді.

11-12 орындарда бұрынғыша «Тобыл» мен «Спартак». Өз алаңында тең ойнауға мәжбүр болған қостанайлықтарды чемпионат басталғалы бесінші рет жеңіске жеткен семейліктер ұпай саны жөнінен қуып жетті, қазір екеуінде де 14 ұпай бар.

Бір ескерерлігі, қазір 7-орын мен 12-орынның аралығын 4 ұпай ғана бөліп тұр. Демек, бұл топтан қай команданың суырылып алға шығатынын болжау тым қиын.

 

Тәртіпсіз тур

 

26-тур шамадан тыс «қызуқандылықпен» өткізіліп, 5 футболшы жасыл алаңнан қуылды. «Қайрат» — 2, «Ордабасы» — 1, «Ертіс» — 1, «Жетісу» — 1.

Кездесулерде 10 доп (біреуі — пенальтиден) соғылды. Екі кездесуде есеп ашылған жоқ.

Алғашқы үштікке ілігуге тиістілердің санатында бар «Шахтер» алты тур бойы жеңіске жете алмай келеді.

«Қайрат» осымен соңғы бес кездесуінде де жеңіске жетті, оның үшеуін сырт алаңда ойнады.

 

Жеке көрсеткіштер

 

«Ақтөбе» өз алаңында 12 кездесу өткізді: 8 рет жеңіп, 4 рет тең ойнады, ұтылған жоқ. 22 гол соқты, өз қақпасына 3 гол енгізді. Сырт алаңда 12 кездесу өткізіп, 4 рет ұтып, 5 рет тең түсті, 3 рет жеңілді. Қарсыластар қақпасына 13 гол соғып, өз қақпасына 15 доп жіберіп алды.

Өз алаңында жеңіліс дәмін татпаған тағы бір команда — «Шахтер».

Ал «Спартак» сырт алаңда бірде-бір рет жеңіске жете алған жоқ.

Сырт алаңда ең көп (7 рет) жеңіске жеткен клуб — «Қайрат». Бұлар, сондай-ақ, сырт алаңда ең көп гол соққан команда — 20 доп.

 

Деректер

 

Қазірге дейін Премьер-Лига командалары арасында 153 кездесу өткізілді.

80 рет алаң иелері жеңсе, 32 рет қонақтар басым түсті, 41 ойын тең есептермен аяқталды.

Қақпаларға 359 гол енді. Алаң иелері 231 гол соқса, қонақтар 128 рет мергендік көрсетті. Солайша орта есеппен әр кездесуде 2,35 гол соғылды.

Қазірге дейін ең көп (40 рет) қайталанған есеп — 1:0.

 

Кезекті тур

 

27-турдың ойындары 28 қыркүйек, жексенбі күні өтеді.

«Ақтөбе» сырт алаңда «Қайратпен» кездеседі.

Бірінші кезеңдегі бірінші ойында, 1 мамырда «Қайратты» өз алаңымызда 1:0 есебімен ұтқанымызбен, Алматыдағы кездесуде, 6 маусымда 1:7 есебімен ұтылғанымыз әзір ұмытыла қоймайтын шығар.

1-6 орындар тобы:

«Шахтер» — «Ордабасы»

«Қайсар» — «Астана»

7-12 орындар тобы:

«Ертіс» — «Тараз»

«Жетісу» — «Тобыл»

«Атырау» — «Спартак»

 

 

«АҚТӨБЕ» — ФИНАЛДА!

 

Кеше футболдан Қазақстан Кубогы жолындағы жартылай финалдық кездесулер болып өтті.

«Астана-Арена» стадионында өткен «Астана» мен «Ақтөбе» арасындағы ойынның негізгі бөлігі 1:1 есебімен тең аяқталды. Матчтың 21-минутында Маркос Пиззелли пенальтиден алаң иелерінің қақпасына гол соғып, жерлестерімізді алға шығарды. Ал 41-минутта Таңат Нөсербаев таразы басын теңестірді.

Жеңімпазды анықтау үшін берілген қосымша жарты сағатта да қос команда бірін- бірі ала алмады. Пенальти орындауда жерлестеріміздің бағы жанды, есеп — 4:3. Екі ойынның қорытындысы бойынша «Ақтөбе» финалға шықты.

Енді біздің команда Қарағандыда «Шахтерден» 2:0 есебімен басым түскен «Қайратпен» Кубокты сарапқа салады.

Жерлестерімізге жеңіс тілейміз!

Б.КЕМАЛ.

Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button