Спорт

Ескі жеңілістің жаңа жаңғырығы

Еуропа Лигасы

 Шіркін-ай, Чемпиондар Лигасының 3-ші кезеңінде күшіміз жетіп тұрған румыниялық «Стяуаны» жеңіп кеткенде бұлайша бармақ тістеп отырмас едік. Ең болмағанда қарағандылық «Шахтердің» былтырғы жетістігін қайталар едік.

Ал варшавалық «Легияның» шотландиялық атақты «Селтикті» жалпы нәтиже бойынша 6:1 есебімен жеңгені тегін болмады. Өзімізді өзіміз қанша жұбатсақ та, ойыншыларымыздың қимыл-қозғалысы ешкімнен кем болмағандығын қанша дәлелдесек те, Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіндегі, 21 тамызда өткен бұл ойын қазіргі жағдайымыздың нақты көрсеткіші болды.

Рас, 26-минутта Валерий Коробкин қақпаның ашық тұрған тұсына еппен жылжыта салатын допты әуеге теуіп, сан соғып қалды. Рас, Марат Хайруллин өте байқампаздықпен көлденеңдете тастаған допты жібек торға сүңгіте салатын ешкім болмай қалды.

Мейлі, қарсыластар қақпасына сол екі гол шынымен-ақ соғылғанда ше? Бәрібір «Легия» ұтылмас еді. Сырт алаңда жүргендерін біржола ұмытып, жойдасыз атой салар еді. Кездесуден соң «Легияның» бас бапкері Хеннинг Берг не айтқанын есіңізге түсіріңіз: «…Біз шамамен жеті сәтті әрекет жасадық, яғни көбірек гол соғарлық мүмкіндігіміз де болды. Ал «Ақтөбе» ондай мағыналы екі-ақ мүмкіндікпен шектелді». Дау айту қиын. Ал біздің бапкеріміз Владимир Газзаев: «… Мен ойынға да, ойыншыларымызға да ризамын дей аламын, тек нәтижеге қарным ашады», — деді. Бұл сөзге де дау айту және қиын.

Жігіттеріміздің расында да аянып қалған ештеңесі жоқ, бірақ «Легияның» шеберлік дәрежесі біздің командадан әлдеқайда артық екені көрініп тұрды.

Ақпарат құралдарының бірі бұл жайды «Біздің жігіттер көптеген жағдайда допты қабылдап алуды да, тоқтатуды да, дәлме-дәл пас беруді де, дұрыс соққы жасауды да толық игермегені байқалады, әйтеуір, құр бекер тер төгу, тыпырлап нәтижесіз қимылдай беру дәрежесі жоғарылау қарсыласты жеңу үшін тым жеткіліксіз» деп нақты бейнелеп берді.

Ал қазақстандық футбол эксперті Владимир Гулямхайдаров «Sports.kz» порталына берген сұхбатында «Ақтөбеден» үмітін үзбегенін айтады. «Ақтөбеліктердің шабуыл шебі әлсіз екендігі туралы пікірлермен келісемін. Шабуылшылар алда жүруі қажет, әлдеқалай шоршып түскен доптарға жүгіре берген жөн емес. «Ақтөбеге» мәскеулік «Спартактағы» Артем Дзюба тәрізді форвард керек. Допты күтіп тұратын емес, өзі осыны ұйымдастыратын шабуылшы қажет. Әттең, «Ақтөбеде» гол соғар сәтті сезінгіш форвард жоқ. Бүкіл проблема осыған тіреліп тұр», — дейді ол.

Бұл айтылғандарға қосарымыз көп емес, бір-ақ сөйлем: қалай болғанда да, ең бастысы, бұдан бұрынғы кездесуде жеңуге күшіміз жетіп тұрған «Стяуаны» жеңбегендігіміздің салдары бұл.

«Ақтөбе» (Қазақстан)-«Легия» (Варшава, Польша) — 0:1.

Гол авторы: Дуда, 48-минут (0:1).

73-минутта Валерий Коробкин («Ақтөбе») ескерту қағазын алды.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Алексей Мулдаров, Дмитрий Мирошниченко (Тарас Царикаев, 33-минут), Роберт Арзуманян, Андерсон Сантана, Маркос Пиззелли, Марат Хайруллин (Абат Айымбетов, 66-минут), Асхат Тағыберген, Валерий Коробкин, Данило Неко, Алексей Антонов (Игорь Зенькович, 56-минут).

Бас төреші: Сергей Карасев (Ресей).

21 тамыз. Ақтөбе. Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион.

*   *   *

Ал «Астана» бұл күні өз алаңында Испанияның «Вильярреал» командасын қабылдап, толықтай тізе бүкті.

Бірақ Еуропадағы белгілі командалардың бірінен ұтылғаны үшін «Астанаға» өкпе айту қиын еді. Астаналықтар бұдан бұрынғы 3-ші кезеңде Швецияның «АИК» командасын жеңуі арқылы жанкүйерлерге зор қуаныш сыйлаған. Ал «Вильярреалды» тоқтатарлық шеберлік әзірге бізге бұйырмай тұрғанын көпшілік жақсы біледі. Бұл кездесу «Астана» үшін де, жалпы қазақстандық командалар үшін де кейін пайдаға асыруға боларлық көрнекі сабақтардың бірі болып қалмақ.

«Астана» (Қазақстан)-«Вильярреал» (Испания) — 0:3.

Гол авторлары: Кани, 33-минут (0:1); Дос Сантос, 48-минут (0:2); Гаспар, 84-минут (0:3).
60-минутта Марин Аничич («Астана») екінші рет ескерту қағазын алғаны үшін жасыл алаңнан қуылды.

«Астана» төмендегі құрамда ойнады: Ненад Эрич, Марин Аничич, Абзал Бейсебеков, Евгений Постников, Фокси Кетевоама, Таңат Нөсербаев (Серікжан Мужиков, 80-минут), Георгий Жуков, Эссаме (Твумаси, 57-минут), Дмитрий Шомко, Рохер Каньяс, Бауыржан Жолшиев (Елдос Ахметов, 62-минут).

Бас төреші: Бас Нейхейс (Голландия).
21 тамыз. Астана. «Астана-Арена».

Еуропа Лигасының плей-офф кезеңінің қарымта кездесулері бүгін, 28 тамыз күні Варшава мен Вильярреал қалаларында өткізіледі.  

 

Премьер-Лига

 

АЛАҢ ИЕЛЕРІ ҰТА АЛМАҒАН ТУР

 

Қазақстан Премьер-Лигасының 23-турының ойындары өткені белгілі. Бірақ 1-6 орындарға таласатын топта «Ақтөбе» мен «Астана» қатысатын кездесулер кейінге қалдырылғандықтан бір-ақ ойын өткізілді:

«Шахтер»-«Қайсар» — 0:0.

 

*   *   *

Мергендер көшін 10 доппен Константин Дудченко («Ертіс») бастап тұр.

Біздің мергендеріміз:

Игорь Зенькович (шабуылшы) — 6 доп (2-еуі пенальтиден);

Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 5 доп;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 5 доп (1-еуі пенальтиден соғылды);

Данило Неко (шабуылшы) — 3;

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 3 (1);

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы), Юрий Логвиненко (қорғаушы), Алексей Антонов (шабуылшы) — 2;

Павел Шабалин (шабуылшы), Тимур Кападзе (жартылай қорғаушы), Валерий Коробкин (жартылай қорғаушы), Андерсон Сантана (қорғаушы), Роберт Арзуманян (қорғаушы) — 1;

1 допты Сигурни Банджар («Тараз») өз қақпасына соғып алды.

 

                                             ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп    

 

1 Ақтөбе      22       12       7          3          34-17  22        

2 Қайрат      22       13       3          6          41-20  21     

3 Астана      22       10       9          3          34-17  20     

4 Шахтер       23       11       4          8          33-27  19

5 Ордабасы 22       10       5          7          24-22  18

6 Қайсар       23       8          9          6          23-23  17

 

О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

22-турдан соң екі топқа (1-6 орындар; 7-12 орындар) бөлінер сәтте әр команданың бірінші кезеңде жинаған ұпайы екіге бөлініп, жаңаша есептелгенін еске саламыз. 

*   *   *

7-12 орындар бәсекесінде 23-турдың кездесулері толық өтті.

«Тобыл»-«Атырау» — 1:2

Гол авторлары: Нұрбол Жұмасқалиев, 32-минут (1:0); Айбар Нұрыбеков, 59-минут (1:1); Ренат Абдулин, 67-минут (1:2).

«Ертіс»-«Жетісу» — 1:1

Гол авторлары: Руслан Эсатов, 34-минут (0:1); Игор Бурзанович, 89-минут (1:1).

«Спартак»-«Тараз» — 0:0

*   *   *

 

7-8 орындарды бірдей 15 ұпаймен «Жетісу» мен «Атырау» бөлісіп тұр.

9-10 орындардың иелері — қостанайлық «Тобыл» мен павлодарлық «Ертіс». Бұлардың да ұпайлары бірдей — 13.

11-орында — 11 ұпайы бар «Тараз».

Көш соңындағы семейлік «Спартактың» 8 ұпайы бар.

*   *   *

Ойын кестесі бойынша 24-турда төмендегідей кездесулер өтеді:

1-6 орындар тобы:

29 тамыз, жұма
«Ордабасы» — «Қайсар»
«Қайрат» — «Шахтер»
31 тамыз, жексенбі
«Ақтөбе» — «Астана»

7-12 орындар тобы:

29 тамыз, жұма
«Тараз» — «Жетісу»
«Атырау» — «Ертіс»
«Спартак» — «Тобыл»

 

Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button