Спорт

Жеңіске лайықпыз ба?

Футбол

 Сенбі күні, 16 тамызда Қазақстан Кубогы үшін сайыстың негізгі сәті жақындап, жартылай финалдық ойындардың бірінші кездесуі өтті.

«Ақтөбе» мен «Астана» бұл текетіресте бір-бірін жеңе алмады. Қысқаша шолып өтер болсақ, 28-минутта «Ақтөбенің» қорғаушылары пас алмасуда жіберген өрескел қателікті шебер пайдаланған астаналық капитан Фокси Кетевоама әдемі гол соқты — 0:1. Бұдан соң ақтөбеліктер есепті теңестіруге тиіс еді. Бірақ оған шамалары жетпеді, қателікке ұрынып жатты, доптан айрылып қала берді.

Екінші таймда «Ақтөбенің» бас бапкері Валерий Газзаев тыңнан екі ойыншыны қосты. Игорь Зенькович пен  Андерсон Сантананың орнына Алексей Антонов пен Тимур Кападзе шықты. Осы алмастырулар, аз да болса, септігін тигізді. 63-минутта Марат Хайруллин Антоновқа пас тастады да, ол көлденеңдете тепкен допты Маркос Пиззелли қалт жібермеді, жібек торды бүлк еткізді — 1:1.

Кездесу осы есеппен аяқталды. Бірінші таймда астаналықтардың, екінші таймда ақтөбеліктердің басым болғаны осы екі голмен бейнеленеді.

Әрине, қарымта кездесуді өз алаңында өткізетін «Астана» үшін бұл есеп тіпті де олқы емес. Ал біз үшін ше?..

Бас бапкер В.Газзев ойын соңынан былай деді: «…Мынаны айтқым келеді, бірінші таймнан соң, 1:0 есебімен жеңіліп жатқан күнде де, біз тең ойыннан гөрі жеңіске лайық едік… Футбол қателіктерден құралады, қателеспейтін ойыншы жоқ. Царикаев, Сантана, Данило, қазір мен кез келген футболшыны айтуыма болады, олар қателескісі келгендіктен қателеспейді, бір жағдайда қарсыласы мәжбүр етеді, басқа да жайлар кезігеді. Әрқайсысының өз себебі бар. Жаттығу процесі мен теориялық сабақтар, міне, осы қателіктерді түзету үшін жүргізіледі ғой».

Бұл таныс әңгіме секілді көрінгені де рас. Сөйтсек, «Стяуамен» болған, 2:2 есебімен аяқталған бірінші кездесуден соң да біздің бас бапкеріміз осыған ұқсас дәлел айтқан екен ғой: «…Иә, қателіктер болды. Бірақ футбол қателіктерден құралады ғой. Біз тер төгеміз, жаттығамыз, теориялық сабақтарда талқылаймыз. Мен ойын мазмұны бойынша жеңіске лайық болдық деп есептеймін».

Дегенмен, екі рет жеңіске лайық болғаннан гөрі бір рет болса да сол жеңіске жеткен дұрыс еді-ау. Бәлкім, үшінші рет, 21 тамызда яғни Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі өз алаңымыздағы ойында сол жеңіске жетерміз.

«Ақтөбе»-«Астана» — 1:1
Гол авторлары: Фокси Кетевоама, 28-минут (0:1); Маркос Пиззелли, 63-минут (1:1).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Тарас Царикаев, Дмитрий Мирошниченко, Маркос Пиззелли, Марат Хайруллин (Абат Айымбетов, 71-минут), Данило Неко, Роберт Арзуманян, Валерий Коробкин, Юрий Логвиненко (капитан), Андерсон Сантана (Роберт Кападзе, 46-минут), Игорь Зенькович (Алексей Антонов, 46-минут).

Өз алаңында ойнаған «Қайрат» бірінші кездесуді сенімді өткізді. «Шахтерді» 2:0 есебімен жеңді.

Алматылықтардың қақпаға қарата соққы жасау жөнінен де (23-8), соққыны қақпаға дәл бағыттауы турасында да (8-2) үстемдік етуі бұлардың жауапты кездесуге мығым дайындықпен келгенін аңғартты. Дегенмен, «Қайраттың» бас бапкері Владимир Вайсс кездесуден соңғы әңгімесінде жеңіске жеткендері қуанышты факті болғанымен, гол соғарлық қаншама мүмкіндіктер пайдаланылмай қалғандықтан, жалпы нәтижеге риза еместігін айтты. Қалай болғанда да, 2:0 тым сырғыма есеп екендігін еске салды.

«Қайрат»-«Шахтер» — 2:0
Гол авторлары:
Сито Риера, 19-минут (1:0); Аслан Дарабаев, 86-минут (2:0).

Екінші рет ескерту қағазын алған Тоқтар Жаңғылышбай 90-минутта жасыл алаңнан қуылды.

Қазақстан Кубогы ойындары жартылай финалының қарымта кездесулері 24 қыркүйек күні Астана мен Қарағанды қалаларында өтеді.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button