«Ақтөбе»-90

ЕРТЕ СӨНГЕН ЖҰЛДЫЗДАР

Ердің жасы елуге де жетпей өмірден өткен әріптестеріміз туралы сөз

 

Тобық ЖАРМАҒАМБЕТОВ

(1934-1973)

 

Байғанин аудандық газетінде белді журналистердің бірі болған ол кейін «Коммунизм жолында» еңбек етеді. Сол кезде алғашқы әдеби туындылары Алматыдан кітап болып шыға бастайды.

Алпысыншы жылдардың орта тұсынан ауа облыстық газеттің сол кезде тұтасып тұрған алдыңғы буын өкілдеріне еркелеп, олардың тағылымды әңгімелерін ынта қойып тыңдап, кейін сол көріністердің бірсыпырасын өзінің әдеби туындыларына арқау еткен жазушының жанкешті еңбегі туралы замандастары құрметпен айтады. Ол өзінің әріптесі, белгілі журналист Төлеміс Меңдіғалиевтің өмірінен «Қызыл ай» атты повесть жазып, қаламгерлік қуатын бір танытқан еді…

 

Әкімжан ОРАЛБАЕВ

(1938-1985)

 

Талантты журналист Әкімжан Оралбаев газетте әдеби қызметкерден редактордың орынбасарына дейінгі жолдан өтті. Ол қай тақырыпты жазса да, оны терең меңгеруімен, өзіндік стилімен оқырманын тартып тұратын. Ойлы адам болатын. Жастарға жанашырлық танытып, ақыл-кеңесін аямайтын. Сөз қадірін білетін. Оның қолынан өткен мақалалар жұтынып шыға келетін.

Бос уақытында әдеби кітаптарды көп оқитын, көп ізденетін. Орыс әдебиетінен аударма жасаумен де шұғылданды.

Редакциядағы мықты шахматшылардың бірі еді. Ақтөбеге келген атақты гроссмейстерлердің бірімен де күш сынасқаны бар.

 

Қуаныш ӘЛЖАНОВ

(1950-1994)

 

Оны қаламдастарының бәрі Қонай деп атайтын. Облыстық газеттегі елгезек, үлкенге де, кішіге де қамқор болып жүретін, адам баласымен тіл табысқыш азамат болатын.

Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірді. Сексенінші жылдарда газеттің ақпарат бөліміне жетекшілік етті. Мекеме-ұйымдарға жедел хабарласып, түрлі тақырыптардағы жаңалық-хабарларды оңтайлы етіп бере қоятын. Сонымен бірге, ол өлең де жазатын.

Редакцияның кәсіподақ жұмысына белсене қатысып, журналистердің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысты.

 

Әлімбай ІЗБАЙ

(1958-2007)

 

Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің 1985 жылғы түлегі Әлімбай шығармашылық еңбек жолын облыстық телерадиокомитетінде бастады. Содан кейін салалық «Болат жол-Стальная магистраль» газетінде қызмет етті. «Ақтөбе» газетіне осындай жолдардан өтіп келді.

Газетте қаламы жүйрік журналист ретінде танылды. Әсіресе, сын-сықақ арнаулы мүйісін қолға алып, жүйелі түрде бере бастады. Қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды сатира тілімен келемеждеп, әзіл-әжуаға кең жол ашты.

Әр жылдарда «Қала тынысы» газетінде редактор, республикалық «Алтын Орда» газетінде тілші болды. Өмір жолы «Ақтөбе» газетінде жүрген кезінде тұйықталды.

 

Әмір ОРАЛБАЙ

(1959-2008)

 

Ол журналистикадағы еңбек жолын қазіргі Мұғалжар аудандық газетінде бастады. Қатардағы әдеби қызметкерден редактордың орынбасары дәрежесіне көтерілді. Сол тұста облыстық газетке шақырылып, ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі болып бекітілді.

Әмір әріптестері арасында еңбекқорлығымен танылды. Іссапарларға шыққанда жолдан оралысымен жедел түрде жазу үстеліне отырып, жазғандарын тап-тұйнақтай етіп тапсырып тастайтын.

Ол фантастикалық әңгімелер жазумен шұғылданды. Сондай-ақ, футболдың жанкүйері еді. Өзі де аяқдопты жақсы көретін.

Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінде аз-кем уақыт бас редактор болды.

Филология ғылымдарының кандидаттығына берілген куәлігі ол өмірден өткен соң келді.

 

Алғашқылардың бірі

 

Облыстық газеттің тоқсан жылдық тарихында әлі де болса ашыла қоймаған ақтаңдақтар бар екендігіне күмән жоқ. Соның бірі туралы бізге Атырау облысында тұратын, ұзақ жыл сол өңірде ұстаздық еткен, бүгінде сексеннің төртеуіне келіп, ұрпақ қызығына бөленіп отырған Роза апа айтып берді.

— Менің әкем Хамит Құрмашев журналист болған, онда да осы облыстық газетте қызмет атқарған, — деп бастады апай әңгімесін. — Менің өзім 1930 жылы дүниеге келгенмін. Ал әкем 1932 жылдың тамыз айында көкірек сырқатынан қайтыс болған.

Апаның қолында бізге ұсынған деректер — сол уақытта қазанама жарияланған қазақ және орыс тіліндегі газеттер еді. Латын әрпімен жазылған қазақша газетті латын әліпбиін алдымызға қойып отырып, асықпай оқып шығуға тура келді. Сонымен, мынадай мәліметтер алдымыздан шықты.

Қазанамада «Қазақ ауылын социалистік жолмен қайта құруда қалам қуатымен күрес жүргізген жас большевик-журналист Хамит Құрмашев қайтыс болды» делінеді. Одан әрі қаламгердің өмірбаяны беріледі. Біз де сол жолмен жүріп көрелік.

Хамит Құрмашев 1904 жылы Темір ауданына қарасты №28 ауылда дүниеге келеді. Бастапқыда ауыл мектебінен білім алып, сосын Темір жетіжылдық мектебінде оқиды, 1926 жылы Ақтөбе педагогикалық техникумының табалдырығынан аттайды. Осында оқып жүріп, «Кедей» газетіне хабарлар әкеліп тұрады.

Ол 1927 жылы Ақтөбе өлкелік «Кедей» газетіне тілші болып қызметке алынады. Ал 1928 жылдан бастап редакцияның жауапты хатшысы және редактордың орынбасары болып қызмет атқарады.

1930 жылдың тамызында басылым «Кедей» атымен Темір ауданының газетіне айналады да, оның орнына «Алға» газеті шығады. Хамит та бұдан былай Темірге ауысып, сонда қызмет атқара бастайды.

Ол осылайша облыстық газетте үш жылдай қызмет етеді. Жолдастары Хамиттің қолымен көп нәрсе атқарылғанын, оның талантты журналист болғандығын, тіпті жазушылық талабы да байқала бастағанын баян етеді. Хамит Құрмашев Темірде белгілі қаламгер Жиенғали Тілепбергеновпен тұстас еңбек етеді.

1932 жылы «Социалды жолға» айналған облыстық газеттегі әріптестері қоштасу сөзінде: «Хамит! Елеулі ер едің, қара жердің қабатына тасаланғанмен әлі де сені жолдастарың ұмытпас, қош бол» депті.

Биыл Хамит Құрмашевтың туғанына 110 жыл толмақшы. Осы бір ауыз сөзіміз газетіміздің алдыңғы буынында еңбек еткен есімі ардақты атамызға жасаған ізет-тағзымымыздың реті болғай.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.   

 

Тілі кесілмеген тілші

 

Мен басқа салада еңбек етсем де жастайымнан газет-журнал оқуға құштар болдым. Шынын айтсам, оған жетелеп, ықпал еткен Тілеужан Шойғарин ағамыз болды. Біз кездесе қалған уақытта ол ылғи да газетке шыққан мақалалар туралы айтатын, соның ішінде «Коммунизм жолы» газетіне ықыласы ерекше еді. Сөйтсем, ол газеттің «Кедей» уақытынан бергі тілшісі екен.

Оның алғашқы «Анықтама бермейді» деген сын мақаласы газетте 1927 жылы жарияланыпты. Ол кезде темір жол бойында еңбек етеді екен. Осы уақыттан ауыл тілшісі атанады. «Жазықсыз жарылған бас» мақаласы жер бөлісі кезіндегі оқиғаны баяндайды. Кейіннен осы мақаладағы деректерді уездік милиция бөлімі тексеріп, айыптыларды жауапқа тартады. Бұл мақала ауылдағы байлардан зәбір көрген жалшы-кедейлерге сүйеу болады. 1928 жылы «Кедей» газетінен байларды кәмпескелеуге қатысты материал жазуға нұсқау алады. Оны орындайды. «Тілші кім еді, тілін кесу керек» деген әңгіме байлардың арасында шыға бастапты. Осы әңгімені ол маған өзі әңгімелеп берген болатын. «Коллективтендіру кезінде кедейлерді артельге ұйымдастыруда «Кедей» газетінің рөлі де ерекше болды» деп жазды кейін.

Тілеужан аға ұзақ жылдар бойы газетпен байланысын үзген жоқ. Ол «Кедейден» «Коммунизм жолына» дейінгі аралықта тілшілік туын жоғары ұстап, қаламын құрғатпаған адам. Ал негізгі қызметі — 1933 жылы Шалқар аудандық «Социализм туы» газетіне қызметке алынып, содан 1976 жылы кейінгі атауы — «Коммунизм таңынан» құрметті демалысқа шықты.

Атақты сатирик Асқар Тоқмағамбетов кезінде былай деп жазғаны бар:

Шалқардың бір мықтысы Шойғарины,

Әлі де басылмаған сөз жалыны.

Көне архив, көпті көрген шежіресі,

Бар кісі өз өрісі, өз жарығы.

Мереке күнгі тілегім — «Ақтөбенің» тоқсан жылдық тарихында қолтаңбасы қалған Тілеужан аға секілді тілді тілшілер көбейе берсін.

 

Аманқос ӨТЕБАС,

еңбек ардагері.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button